23 қараша, сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Зайырлы қоғамда ұлттық және рухани құндылықтарды нығайтудағы ақсақалдардың рөлі» тақырыбында Семей өңірі ақсақалдарының форумы өтті. Форумға «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов, ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай және облыстық «Халифа Алтай» мешіті жанындағы ақсақалдар өкілдері, Абай, Жарма, Аягөз, Үржар аудандарының ақсақалдары, имамдар, қоғамдық бірлестіктер, этномәдени, жастар орталықтарының басшылары, мемлекеттік органдар қызметкерлері қатысты.
Зайырлы мемлекетіміздегі ұлттық және рухани құндылықтарымызды ұлықтау, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту, оны ұрпақ жадына орнықтырып, санасына сіңіру, дініміз бен дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсаты көзделген шараны Шығыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы мен Семей қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды.
Алғашқы сөз кезегін алған «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Семей төрінде ел ағалары мен абыз ақсақалдардың басын қосып, ақсақалдар форумын өткізуді жөн көргендіктерін атап өтті. Әнуарбек Мұхтарханұлы шараның мақсаты мен міндетіне тоқталып, зайырлы қоғамдағы ахуалдан ақпарат берді.
— Мемлекет дамуының идеологиялық негізі болып табылатын зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Гуманистік құндылықтар, ар-ождан бостандығы, дүниетанымдық еркіндік, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігі – осының бәрі «зайырлылық» ұғымының аясына кіреді. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Сондықтан зайырлылық тұрғысынан алғанда, дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.
Баршаңызға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырланып кетті. Дін мен дәстүр үндескенде, дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Біздің ұлттық және рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы,- деп атап өткен Ә.Мұхтарханов ұлттық және рухани құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде үлкен маңызға ие болып отырғандығын жеткізді.
Радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын, сондықтан да ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылатындығын мәлім еткен ол кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы ішкі тұрақтылықты әлсіретуге күш салатынын баса айтты.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханұлы дүниенің екінші бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам дінін таңдап, ұлт діні етіп қабылдауы бүгінгі қазақ, кешегі түркінің өркениетті ел ретінде жасаған таңдауы болғандығын, ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін ислам діні екендігін алға тартты. Осы дініміздің іргесін шайқау, «әрі тарт та, бері тарт» әрекеттер, халықтың, әсіресе жастардың бір бөлігін біртұтас сенімінен айыру, жалған құндылықтарға бұрмалау әрекеттері радикалды діни ағымдар жақтаушылары тарапынан толассыз жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.
— Үшінші мыңжылдыққа қадам басқан кезеңде, жас мемлекетіміз алдында патриотизм, азаматтық парыз, ұлттық құндылықтар мен ар-ождан және жалпы адами қасиеттерді сақтап қалу, қоғамда тағатты діни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитет қалыптастыру мәселесі өткір тұр. Қай заманда, қай қоғамда болмасын адамзат баласы өз ұрпағының бойына борыш, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік негіздерді қалыптастырған. Күнделікті тұрмысын рухани-адамгершілік тағылыммен ұштастыра білген. Ал, керісінше, адамның адамгершілік негіздері болмаса, ол еркінен, өмірлік бағдарынан тез айырылып, тағдырдың ойыншығына немесе басқа бір дүниенің құрбанына айналған. Ондаған, жүздеген нашақорлар, маскүнемдер, қаңғыбастар, қамқорсыз қалған балалар, жетімдер, радикалды діни ағымдардың жетегінде жүргендер – бүгінгі күннің шындығы,- деді Ә.Мұхтарханов. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қытайлықтар ұлы қытай қорғанымен, италиялықтар сазды әуенімен таң қалдырса, қазақ халқы ұлттық құндылықтары мен бай тілін мақтан етеді» деген сөзін мысалға келтіріп, өзге ел алдында өзімізді танытуға мүмкіндік беретін тіліміз бен дініміз, діліміз екендігін де айтты. — Бүгінгі жаһандану үрдісінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және рухани құндылықтарымызды нығайтуда, жоғары руханиятты өскелең буынның санасына сіңіріп, жүрегіне жеткізуде ел ағаларының, сіздердің, алар орындарыңыз ерекше. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Рухани-парасаттылық құндылықтарын сақтап-сабақтастырып отыратын ақсақалдардың беделі мен рөліне негізделген патриархалды жанұя ұлттық сананы орнықтыруда ерекше маңызды болған. Ұлттық тарихтың әлеміне өзінің жасымен де, басымен де бір табан жуық тұратын дана көкірек қарттардың беделіне шек келтірілмеген. Ұлттық рухты сақтауда ақсақалдар институтының орасан жағымды рөлінің болғанын тіпті жиырмасыншы ғасырда да қазақтардың бүтін бір ұрпағының сезінгені анық»,– деп жазған болатын,- деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Әнуарбек Мұхтарханұлының айтуынша, зайырлы қоғамда ақсақалдар билігі әлеуметтік қауымды ұйымдастыру институты болып табылатыны сөзсіз. Ең бастысы, қоғамның демографиялық даму үрдісіне сай, ақсақалдар ұрпақтар мен аға буын өкілдері арасындағы өзара рухани байланыстың және әдет-ғұрып пен салт-жоралардың дәнекері қызметін атқаратыны анық.
Соған орай, басқосуда ұлттық және рухани құндылықтарды және адамгершілік қасиеттерді нығайтуға қатысты адамзат қоғамына тән өзгермейтін құндылықтар мен ақиқаттар, ұстанымдар, ізгілік қағидаттар жөнінде, ұлттық мәдениет, үйлесім мен бірлік, салт-дәстүр, халық тағылымдары, рухани жетілу төңірегінде келелі ойлар мен тұшымды ұсыныстар айтылды.
Сөз кезегін алған Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов шоқтығы биік форум ұйымдастырылып отырғанын мәлімдеп, ақсақалдар әрдайым құрмет пен қошеметке лайық деген пікірін білдірді.
— Бүгін Семейде орны бөлек форум өтуде. Қазақ халқы қашанда ақсақалға үлкен құрметпен қараған. Қазынаға балап, бата сұраған. Құрмет көрсетіп, төрін берген. Біз Сіздерді мақтан етеміз! Ақыл айтып, жол көрсету – келешектің қамы. Жастарымыз ата жолын бағалап, аманатты ақтауға міндетті. Бізге дәстүрді сақтап, аталы сөзге тоқтап, баталы іске жұмылу керек. Бұл баршамызға ортақ,- деп ой білдірген Ермак Бидахметұлы Тәуелсіздік күні құрметіне өтіп жатқан форумға сәттілік тілеп, Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған жерде бірлік болсын деген ақжарма тілегін жеткізді.
Содан соң Семей қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақовтың жуырда Астана қаласына барып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғанын мәлімдеген Ермак Бидахметұлы «Еңбек ардагері» медалін Амантай Айтмырзаұлына табыстады.
Мерейлі сәттен соң шарада тұшымды ойлар айтылып, форум жұмысы ары қарай жалғасты. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин баяндама жасап, өз сөзінде мұндай форумдардың аса қажет екендігін айтып өтіп, қоғамдағы ата мен әкенің рөліне тоқталды.
— Қай заманды алсақ та, ата, әке – ақылшы, бағыт беруші. Көне мемлекеттерде болсын, сақ, ғұн қоғамында болсын патриархалдық басым болған, билеуші мен қара халықты бітістіріп, табыстырып отырған аузы дуалы ақсақалдар болған,- деген Амантай Исаұлы тарихтың қатпарлы беттеріне бойлап, кешегі мен бүгінгі күнді жалғады.
Шара аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат Қуанышұлы Алтыбайға сөз берілді. Имам ақсақалдар әрдайым жастардың бағыт-бағдары болатындығын айтып, бүгінгі діни ахуалдың жай-күйіне тоқталды.
— Ақсақалдарымыздың, батагөй қарияларымыздың атқаратын рөлі орасан зор. Өзімізге «Ақсақал деген кім?» деп сауал тастап, сөздің астарына үңілсек, Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатын қарт — шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған. Ал бүгінгінің ақсақалы қандай? Үй-іші, бала-шағасы мен ауыл-аймақ, ел ішіне қадірі бар ма? Жасыратыны жоқ, ата сақалы аузына түссе де, аталы сөз айта алмай, кешегі өткеннің бүгінге пайдалысы мен зиянын танымай, абырой, бедел қосудың орнына, жастық шаққа жарасатын, бірақ жасы ұлғайғанға сыйымсыз мінез қосып алды. Мұндай қарттың сақалы кімге қадірлі?- деген Мақсат Қуанышұлы ел арасында бата бере алмайтын қарттардың да бар екендігін айтты.
Десе де бірлі-жарым жан үшін көпке топырақ шашуға болмайды. Аузы дуалы абыз ақсақалдар жоқ емес біздің қоғамда. Олар бүгінгі буынға бағыт – бағдар беруші.
— Ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, ұрпағының болашағына алаңдайтын, тарихтан сыр шертіп отыратын ақылы дария жандар бар. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында, ақсақалдар, сіздер, ұрпағыңызға бір бата жаттатсаңыз, рухани байлық сыйлағаныңыз, егер де немереңіздің қолынан жетектеп домбыра не қобыз үйірмесіне апарсаңыз, ұлттық өнерге үлес қосқаныңыз. Зайырлы қоғамда ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына сіңірмесек, қазақи құндылықтарды болашақта тек тарихтан оқуымыз ғажап емес,- деп, тәрбие отбасынан басталатындығын тілге тиек еткен Мақсат қажы Алтыбай әрбір жан ұлттық болмысымызды бағалауы керек деген пікірін айтты.
Ақсақалдар Алла үйінің төрінде отырып жұма намазға келген өрендерге ақылын айтса, жат ағымдардың жетегіне еруге бейім жастардың діни сауатын ашуға, қайырымдылық пен мейірімділіктен алыстап бара жатқан ұрпақты кішіпейілділік пен бауырмалдыққа тәрбиелеуге атсалысса деген тілегін жеткізді. Бұл форумның аса маңызды екендігін атап өткен Мақсат қажы Алтыбай абыз ақсақалдардың үнемі абырой асқарынан көрінулеріне тілектестігін білдірді.
Ақылды дариялар атынан сөз алған Абай ауданы Қарауыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбаев, Жарма ауданы Қалбатау ауылының Абай атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Тұрғазы Бөлкенов, Аягөз аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Әлібек Сәрсенбаев, Үржар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Ақжолтай Етекбаевтар форумды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, аға буын өкілдері ретінде үнемі жас өрендерге ақыл-кеңестерін, ақ баталарын беруден жалықпайтындықтарын мәлім етті.
Форумға қатысушылар бүгінгі таңдағы ұлттық және рухани құндылықтар, ұлттық дүниетанымдар, ұстанымдар, қағидаттар мәселелерін талқыға сала отырып, мыналарды атап өтті:
Біріншіден, форумға қатысушылар мемлекеттік идеологияның негізгі ұғымдары ретінде «зайырлылық» және «жоғары руханият» ұғымдары мектеп қабырғасынан бастап балалар мен жасөспірімдердің санасына сіңірілуі қажет екендігін тұжырымдады.
Екіншіден, жастардың дінге қызығушылығы таза діни емес, рухани ізденістерден туындайтындығын ескере отырып, олардың рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында, тарих пен мәдениет тереңдете оқытылып, біртұтас «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына қызмет етуі қажет, бұл жастардың рухани әлемін байытып, ой-өрісін кеңейтуге, таным деңгейін жоғарылатуға әсер етеді деген пікір білдірді.
Үшіншіден, ұрпақтар сұхбаты мен сабақтастығына баса назар аудару қажет. Бұл ересектер мен жастар арасында өзара сенім мен сыйластықтың қалыптасуына, дәстүрлі құндылықтардың бір буыннан екінші буынға өзгеріссіз, тікелей берілуіне, сол арқылы рухани — діни танымдық қайшылықтардың алдын алуға септігін тигізеді деп топшылады. Төртіншіден, діни сауаттылықты арттыру шараларының мазмұнын жетілдіріп, дәстүрлі рухани құндылықтар мен діни танымды жаңғырту қажет. Мұсылмандық рухани-адамгершілік және өнегелілік құндылықтарымен астас екенін таныта отырып, шетін көзқарастың шынайы дінге жат екенін жастар санасына орнықтыру қажет екендігін алға тартты.
Бесіншіден, қазіргі әлеуметтік және діни ахуал жағдайында отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жаңғырту, ата-ана тәрбиесін күшейту қажет. Ата-аналардың, орта буын өкілдерінің балалардың дүниетанымы мен құндылықтық бағдарларының дұрыс қалыптасуына көмектесуі керек. Әйел — ананың бала тәрбиесімен тікелей айналысуына жағдай туғызу қажеттігін баса айтты.
Алтыншыдан, дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту және рухани тәрбие шаралары аясында толерантты мінезді дамыту қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Кеңпейілділік, бейбітсүйгіштік, дарқандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттерді өскелең буын санасына сіңіру қажет деп санап, қарар қабылдады.
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,
«Семей таңы»