Кеше, 19 қаңтар күні, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семей қаласында болды. Аймақ басшысы «СемАЗ» автокөлік құрастыру зауытының және медициналық жиһаздар мен жабдықтар шығаратын «Терра Вита» ЖШС-нің жұмысымен танысып, Перинаталдық орталықтың шетелде біліктіліктерін арттырып келген мамандарымен кездесті. Семей мемлекеттік медицина университетінде болашақ ақ халатты абзал жандармен жүздескен Даниал Кенжетайұлы әкімдікте Семей қаласын абаттандыру мен Қарағайлы ықшам ауданының жобасымен танысты.
Облыс басшысы сапарын «СемАЗ» автокөлік құрастыру зауытынан бастады. 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт бүгінде шығыс өңіріндегі ғана емес, жалпы республикадағы ірі көлік құрастырушылардың көш басында тұр. Кәсіпорын 5 бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Беларусь» тракторының 8 түрін, 25 тоннаға дейін жүк тасымалдауға қабілетті «Shacman» ауыр жүк тасымалдаушы көлігін, «Орал» жүк көлігін, «Foton» маркалы шағын жүк машиналарын және жүк тасуға арналған «ГАЗел» шығаруда. Кәсіпорын жылына 3500 дана көлік шығаруға қауқарлы. Көлік құрастыруға қажетті детальдар мен шикізат Ресей, Қытай және Белоруссиядан әкелінеді. Бүгінгі күні нарықта өз орнын айқындап алған кәсіпорын қысылтаяң кезеңде тұралап қалмай, тапсырыс бойынша жұмысын жандандырып отырғандығын кәсіпорын директоры Әсемхан Досқожанов айтып өтті. Тракторлар «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингі арқылы саудаланса, «Орал» жүк көлігі әскери құрылымдарға, Ұлттық гвардияның сұраныстары бойынша әзірленеді екен.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан Даниал Ахметов:
— Қазір әлем өзгерді. Бүгінгі таңда автокөлік құрастыру ісі жеңілдетілген. Мысалы, қозғалтқышты Жапониядан, басқару тетігін өзге елден алып, бірегей сападағы, жоғары санатты әмбебап көліктерді құрастыруға болады. Өзге елдерде кішкентай зауыттар өте қымбат көліктерді құрастырып жатады. Сіздерге де біртіндеп жоғары санаттағы автокөліктер шығаруға мамандану керек. Оған міндетті түрде сұраныс көп болады,- деп атап өтті.
Даниал Ахметов жұмысымен танысқан екінші нысан — «Терра Вита» ЖШС. 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын медициналық жиһаз бен медициналық құрылғылардың 300-ге жуық түрін шығаруға мамандандырылған. Бизнес саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар серіктестік басшысы Насихат Исабаеваның айтуынша, «Терра Вита» бұл бағытта жұмыс істеп отырған облыстағы жалғыз кәсіпорын екен.
— Бұрын медикаменттермен айналыстық, одан кейін медициналық жабдықтармен жұмыс жасадық. Алғашқыда кереуеттер, науқастарды тасымалдайтын арбалар және өзге жабдықтар шығардық. Уақыт өте келе, өндіріс көлемі ұлғайып, мүмкіндігіміз арта түсті. 2010 жылдан бері жоғарғы бөлігі, бел ортасы бүгілетін, реттелетін функционалды кереуеттер жасай бастадық,- деген Н.Исабаева білікті әрі жоғары дәрежелі медицина мамандарымен бірлесе отырып еңбек етіп жатқандарына тоқталды.
Заман ағымына сай жаңа технологияларды игеруге бейімделген кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта да тың идеяларымен ерекшелене бермек.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, функционалды кереуеттер шығаруға лицензия алу жоспарларында бар көрінеді. Мәселен, кереуеттің жатын бөлігіндегі металдың орнына арнайы материал төселмек. Мұндай кереуеттер еліміздің оңтүстігінде тек бір ғана кәсіпорында шығарылатын көрінеді. Сонымен қатар бұған дейін өзге елдерден тасымалданып келген құрғататын шкафтар да енді өзімізде шығарылатын болды.
— Құрғататын шкафтарды да шығарып жатырмыз. Ол елімізде өндірілмегендіктен, өзге елдерден сатылып алынып отырған. Оған қоса күйік шалған науқастарға арналған кереуеттерді шығаруды қолға аламыз, қазіргі таңда жоспарымыз пысықталып жатыр,- деген Насихат Исабаева өздері үнемі шетелде болып, жинақтаған тәжірибелерін кәсіпорында жүзеге асыратындарын айтады.
«Терра Вита» ЖШС өнімдерін ШҚО емдеу орталықтары мен білім беру мекемелері, перинаталдық орталықтар, аймақтағы сұлулық салондары тұтынып отыр. Яғни, өнімге деген сұраныс жоғары. Медицинаға мамандандырылған мекемемен танысқан Даниал Кенжетайұлы мұндай жаңашылдыққа бағытталған, отандық өнімді шығаруға ниетті кәсіпорындарға қолдау болатынын атап өтіп, жеңілдетілген 8 пайыздық несие арқылы кәсіпті кеңейтуге кеңес берді.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын Перинаталдық орталықта жалғастырып, орталық дәрігерлерімен және шетелде білім алып келген мамандармен тілдесті. Семей мемлекеттік медицина университетін бітіріп, Перинаталдық орталықта 2010 жылдан бастап қызмет ететін жас мамандардың бірі — Асхат Мәулетханұлы. Ол облыс бойынша Лондон қаласында біліктіліктерін арттырған 12 жас маманның қатарында.
— Лондондағы және біздің еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы стандарттар сәйкес келеді. Десе де ағылшын дәрігерлерінің қолданатын әдістері мен технологиялары ерекше әсер етті. Елімізге келген соң сол тектес қондырғыларға тапсырыс беріп, мемлекеттің көмегімен қол жеткіздік. Ол медициналық қондырғы әйелдердегі қан кету ауруларының алдын алуға, уақтылы, сапалы түрде диагностика жасауға және қан кетудің себептерін анықтауға мүмкіндік береді,- деп атап өткен Асхат Мәулетханұлы алдағы уақытта сапалы еңбек ететіндіктеріне сенім білдірді.
Жасыратыны жоқ, дамыған елдермен салыстырғанда, білім тұрғысынан отандық медицинаның кенжелеп келе жатқандығына қынжылыс білдірген облыс әкімі алдағы уақытта аймақ бойынша 150 дәрігер шетелде біліктіліктерін арттыратынына тоқталды.
— Мойындауымыз керек, біз медициналық технологиялардан қалып қалдық. Сондықтан 150 адамды шетелге оқуға жібереміз. Тәжірибедегідей, жас мамандар емес, бұл жолы барлық мамандықтардан құралған бригада барады. Яғни бөлім басшылары қызметкерлерімен бірге баруға міндеттеледі,- деген Даниал Кенжетайұлы дәрігерлер өзге елге он күнге немесе бір айға емес, толыққанды тәжірибе жинақтап қайту үшін кем дегенде жарты жылға баратынын атап өтті. Сондай-ақ ағылшын тілінің базасы мамандардың басым көпшілігінде төмен дәрежеде екенін ескерген облыс басшысы тілді үйрену, терминдерді меңгеру мәселесі жөнінде ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ғалия Жуаспаеваға арнайы тапсырма жүктеді. Перинаталдық орталықтың алдағы уақытта жақсы жетістіктерге жетуі керектігін меңзеді.
— 500-700 грамм салмақта туған балалар өмір сүріп кететін жағдайға жетуіміз керек. Бұл Еуропа елдерінде қалыпты жағдай болса, біздің елімізде олай емес. Неге өзге елдердегі сияқты 700 грамм салмақпен өмірге келген сәби біздің елімізде де адам болып кетпейді? Қондырғылар жеткілікті болса, мәселенің шешімі қайда? Ол білімде,- деген Даниал Кенжетайұлы балалар дәрігерлерінің мықты базасын құру керектігін баса айтты.
Жоспар бойынша оқуға 50 бала дәрігері, 50 онкологиялық аурулар дәрігері, 50 қан айналым жүйесінің мамандары — жалпы жиыны 150 дәрігер жіберілмек. Басты мақсат – әлемдік бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту және шақалақ өліміне жол бермеу.
Облыс басшысының сапары Семей қалалық медицина университетінде болашақ дәрігерлермен жүздесуімен жалғасын тапты. Білім ордасының ректоры Төлебай Рахыпбеков қазіргі таңда бес мыңға жуық болашақ дәрігерлер білім алатын жеткізіп, үш тілде білім беру жағы жетілдіріліп жатқанынан хабардар етті.
Ректордың айтуынша, қазіргі таңда жалпы медицина, стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау сынды 3 факультетте 1- курстан бастап 7 — курсқа дейін білім беру ағылшын тілінде жүргізіледі. Яғни барлық пәндер ағылшын тілінде өтеді. Магистратура да үш тіл бойынша оқытылады. Ағылшын топтарындағылар үшін жеңілдіктер де қарастырылған екен.
Жалпы медицина факультетінің 3- курс студенті Ақбота Алдажарова өзінің үш тілде білім алып жатқанын және ағылшын тобында оқығаны үшін үстеме ынталандыру шәкіртақысын алатынын ризашылықпен жеткізді. Сонымен қоса ол шетелден білім алып келуді көздейтінін де жасырмады. Сондай-ақ докторантурада, резидентурада білім алып жүрген студенттер өздерінің АҚШ-қа барып бірнеше мәрте біліктіліктерін арттырғандықтарын да айтты.
Кездесу барысында Д.Ахметов:
— ШҚО бойынша басты мәселе – балалар аурулары мен өлімі, онкологиялық аурулар және қан айналым жүйесі аурулары. Ендігі мәселе – медициналық университет базасын дәрігерлердің біліктіліктерін арттыруға қолдану. Біліктілікті арттыру бойынша бағдарлама даярланып жатыр, ол 3 кезеңнен тұрады,- деп атап өтті облыс әкімі.
Таратып айтсақ, алғашқы кезең — ардагер дәрігерлердің тәжірибесін меңгеру, екіншісі – дәрігерлерді жарты жылға әлемдік медицинада біліктіліктерін арттыруға жіберу және соңғысы – екі-үш жылдан соң әлемдік деңгейдегі ақ халаттыларды елімізге шақырып, тәжірибе алмасу. Жалпы, жақын болашақта медициналық орталық қалыптастыру.
Университет ректоры Төлебай Рахыпбеков өз кезегінде университет оқытушылары әрдайым дәрігерлердің ағылшын тілінен базалық білімін дамытуға атсалысатындығын мәлімдеді.
Бұдан кейін Даниал Кенжетайұлы Семей қалалық әкімдігінде Қарағайлы ықшам ауданында салынатын автотұрақты, автокөлік жүретін жолдарды кеңейтуге, осы ауданда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның қатысуымен салынатын тұрғын үйлер жайында, шаһарды көркейту мен көріктендіру бағытындағы биылғы жылы атқарылатын жұмыстарға, №1 ЖЭО-ның және РК-1 қазандығының жаңғырту жұмыстарының аяқталуына, Семейде салынатын «Абай Арена» мәдени – спорттық кешенінің бірегей жобасына арналған жиын өткізді. Өңірдің БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында облыс әкімі әсіресе Қарағайлы ықшам ауданының жаңартылған жобасына баса мән берді.
— Семейде бірсыпыра жұмыс атқарылып жатыр. Семейдің тарихында болмаған бірқатар ауқымды жобалар бар. Оның ішінде Қарағайлы ықшам ауданында салынатын «Абай Аренаны» ерекше атап өткен жөн. Бұл жаңа ықшам ауданды көріктендіре түседі. Бұл кешеннің сапасы халықаралық талаптарға сай болады. Қарағайлыда абаттандыру жұмысы мүлдем басқа бағытта болады. Бір сөзбен айтқанда, Семейда өмір сүру сапасы басқаша болады,- деді аймақ басшысы.
Биыл бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайында шаһарды абаттандыру бағытындағы жұмыстармен таныстырған қала әкімі Ермак Сәлімов айтып өтті.
— Интернационал, Б.Момышұлы, Ертіс жағалауындағы Шмидт, Абай көшелері биыл орташа жөндеуден өтеді. Бұл бағытқа бюджеттен 1 млрд. 100 млн. теңге қарастырылып отыр. Өткен жылы бұл бағытқа 740 млн. теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар биыл 200 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары, яғни шұңқырларды жамау жоспарлануда,- деп атап өтті қала әкімі.
Биыл да Семей қаласын абаттандыру қарқынды жүзеге асады деп күтілуде. Әсіресе қаланың орталық келбеті көркейе түспек. Өткен жылы Ертіс жағалауында басталған абаттандыру биыл аяқталады. Оған қосымша қала қазынасынан 348 млн. теңге бөлініп отыр. Қабанбай батыр ескерткішін және оның айналасын да ретке келтіру биылғы жылдың еншісінде екен. Қаланың сол жағалауында да биыл біраз жұмыстар атқарылатын тәрізді. Мұхтар Әуезов ескерткіші, жазушының 120 жылдығына орай, жөндеуден өтеді. М.Дулатов көшесінің қиылысынан Ә.Найманбаев көшесінің қиылысына дейінгі аралықты қамтып жатқан Ленин көшесін болашақта «Тәуелсіздік» деп атау жоспарланып, дәл осы жерді арбат жасау ойластырылуда.
— Жақында Семей қаласында ШҚО әкімдігінің көшпелі отырысын өткіземіз. Кеңейтілген отырыста Семей қаласының алдағы үш жылдағы дамуын жан – жақты талқылайтын боламыз. Бүгінгі іссапар барысын түйіндейтін болсам, мұнда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Қосымша қаржы бөлініп, Қарағайлы ықшам ауданында тұрғын үйлер бой көтереді. Алда үлкен жаңалықтар бар. Оны кезі келгенде бөлісеміз. Жалпы, қаланың келбетті болуы үшін қажетті ресурстар жеткілікті. Жылу мәселесі оң шешімін табуда. Қазір РК-3 және №1 ЖЭО-да соңғы жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар аяқталса, Семейде жылудан мәселе болмайды,- деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,
«Семей таңы»