22 ақпан, сәрсенбі күні Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің халық алдындағы есебі өтті. Есептік кездесуде облыс әкімі өткен жылдың қорытындысына ғана емес, биылғы жылы жүзеге асырылатын басты бағыттарға да кеңінен тоқталып, халық көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Айта кетейік, облыс әкімінің есептік кездесуі онлайн режімде көрсетілді.
Даниал Ахметов өткен 2016 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін айтулы қоғамдық-саяси, әлеуметтік маңыздағы оқиғалармен, айшықты мәдени-бұқаралық іс-шаралармен ерекшеленген жыл болғанын атап өтті. Ағымдағы жылы өңір экономикасын дамытудың перспективалары, басты міндеттері аймақ басшысы есебінің негізгі арқауына айналды.
Аймақ басшысы өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларын оңды серпінмен аяқтағанын, жалпы өңірлік өнім 2,6 трлн. теңгеге бағаланғанын айта келе, өткен жылы барлық деңгейдегі бюджеттерге облыстан 340 млрд. теңге аударылғанын, ал орташа айлық еңбекақы көлемі 2016 жылы 15%-ға артып, 119 мың теңгені құрағанын атап өтті.
— Жергілікті атқарушы органдар қызметі ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының бес негізгі басымдығын іске асыруға негізделетін болады. Елбасы еліміздің жаңа замандағы ғаламдық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсім моделін құру тапсырмасын қойды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясына сәйкес қойылған мақсаттарға жету үшін ғаламдық технологиялық өзгерістермен байланысты жаңа өсім көздері қажет.
Өндірістегі инновациялық жаңғыртуды ғылыммен байланыссыз елестету мүмкін емес. Облыстың ірі кәсіпорындары техникалық университетпен бірлесіп, 8 млрд.теңгеге 10 ғылыми-зерттеу жобаларын енгізу бойынша жұмысты бастады. Олар металдардың тереңдетілген қайта өндірілуін ғана емес, сондай-ақ толығымен жаңа жоғары технологиялық өндірістер құруды қарастырады. Атап айтқанда, титан, тантал бұйымдары мен медицина және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жоғары өткізгіш сымдар өндіруге қатысты бірегей жобалар туралы айтылады,- деді Даниал Ахметов.
Облыс басшысы агроөнеркәсіп кешенінде ұсақ тауарлық шаруашылықтарды дамыту мен жоғары тиімді экспортқа бағдарланған өндірістерді ұйымдастыру негізгі бағыт болып айқындалғанын, осыған орай сүт және сүт өнімдері өндірісін одан әрі ұлғайту үшін облыста сүт-тауарлы фермаларын салу және қайта жаңарту арқылы қуаттылығын ұлғайтуға қатысты жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Даниал Ахметов өткен жылы облыс аумағында 23 тауарлы-сүт фермасы мен 50 сүт қабылдау пункті құрылғанына тоқталды. Алайда оның 70 пайызы жеке қосалқы шаруа қожалықтарының есебінде тұр екен. Осы көрсетілген нәтижеге қарағанда, сүт өндірушілердің үштен бір бөлігі ғана толық әлеуетін пайдаланған. Ағымдағы жылы сүт өңдеуші кәсіпорындар қуаттылық жүктемесін 42-ден 60 пайызға ұлғайтуға, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарға әлеуетін толық пайдалануға және табыстарын ұлғайтуға мүмкіндік беріледі.
— 2017 жылы өңірімізде 18 сүт-тауарлы ферманың құрылысы қайтадан жарақтандырылып, халықаралық талаптарға сәйкестендірілмек. Қайтадан жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде 60 ТСФ және 60 сүт қабылдау пункті ашылады,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Қазір тұрғындар арасында сүт қабылдау пункттері мен қайта өңдеуші кәсіпорындар базасында жеке үй шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіру жөнінде ұйымдастыру-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал жеке қосалқы шаруашылықтарда мал тұқымын асылдандыру үшін шағын несиелендіру жүйесі арқылы тұрғындар асыл тұқымды мал сатып алуға мүмкіндік алды.
Өңірде суарылатын жерлерді одан әрі кеңейту және олардың сумен қамтылуын жоғарылатуға байланысты да тиісті жұмыс атқарылуда. Айталық, 2017-2018 жылдары Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан және Жарма аудандарында 7 апатты су шаруашылығы нысандары бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған. Оларды іске асыру елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, 30 мыңнан астам гектар аудандағы суарылатын жерлердің сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік бермек. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қажетті қаржы қаражаттары да бөлінген.
Даниал Кенжетайұлы өз есебінде мемлекеттік — жекеменшік әріптестік бойынша жұмыстардың да жалғасатынын баяндады. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде түрлі сатыда 129,6 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылуда екен. Нақтырақ айтар болсақ, 6,7 млрд. теңгеге 11 балабақша құрылысы жобасына қол қойылған. Сонымен қатар ағымдағы жылы Өскемен көп салалы аурухана және Семей қаласында балалар ауруханасы бойынша және Зырян қаласында қазандықты қайта жаңартуға қатысты конкурс жариялау жоспарланған.
Шырайлы шығыс жерінде демалыс аймақтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Осыған орай, Үржар ауданындағы айдынды Алакөлдің жағалауын абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту жоспарланса, Ұлан ауданындағы Сібе көлі жағалауында абаттандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Ел экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету екені рас. Осыған байланысты 2017 жылы пайдалануға барлығы 356,9 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарлаған. Оның ішінде жалпы ауданы 256 мың шаршы метр 37 көп қабатты үй, соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жалпы ауданы 120 мың шаршы метр 22 көп қабатты үй бар. Бұған қоса биыл 27 әлеуметтік нысан, соның ішінде 17 ауыспалы және 10 жаңа нысан салу жоспарланған екен. Бұдан бөлек өңірімізде 6 мектеп пен балабақша құрылысы аяқталып, 5 мектеп құрылысы басталмақ. Облыста денсаулық сақтау мен дене шынықтыру және спорт саласында тиісті жұмыстар жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында Семей қаласындағы «Abay Arena» мәдени-спорт кешенін инженерлік желімен қамту жоспарланған.
— Облыс басшылығы тұрғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсімін 15-20 пайызға қамтуға әзір. Осы жылы Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үйді пайдалануға беру 2015 жылға қарағанда 7%-ға өсіп, 340 мың шаршы метрді құрады. Биыл нәтиже бұдан да жоғары болады. 2016 жылы облыста 707 жалдамалы пәтер және жергілікті атқару органдарының несиелеу есебінен салынған 769 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар өткен жылы тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 25,8 млрд. теңгені құрады. Ал биыл облыста жалпы ауданы 721,7 мың шаршы метр болатын 116 көп пәтерлі үй салынады. Олардың жартысы – өткен жылдан ауысатын нысандар. 2017 жылы пайдалануға барлығы 356,9 мың шаршы метр тұрғын үйді енгізу жоспарланып отыр. Ғимараттардың басым бөлігі көп қабатты үйлер, соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жалпы ауданы 120 мың шаршы метр болатын 22 көп қабатты үй бар. Біз ары қарай тұрғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсімін 15-20 пайызға қамтып отыруға дайынбыз. Ерекше назар жекеменшік тұрғын үй құрылысына бөлінетін болады, өйткені ол тұрғындардың негізгі бөлігі үшін барынша қолжетімді. Жекеменшік тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникацияларды тарту жалғасады. Шағын аудандарға бірыңғай сәулет стилін беру үшін үйлердің типтік жобалары әзірленеді. Ниет білдіргендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы займ ала алады. Сонымен қатар Өскемен қаласында 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы құрылысы жалғасады. Мұнымен қоса аймақ басшылығы облыс орталығында гемотологиялық орталық құрылысын бастауды жоспарлауда,- деді әлеуметтік салада атқарылған жұмыстармен таныстырған аймақ басшысы.
Осыдан кейін денсаулық сақтау саласына тоқталған облыс әкімі Даниал Ахметов ағымдағы жылы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық қамтуға облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінгенін, медицина қызметкерлерін заманауи технологияларды меңгеруге оқытуға да баса назар аударылып отырғанын атап өтті.
— Өткен жылы медициналық кадрларды даярлау және оқытудың пилотты жобасы енгізілді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Өскемен мен Семей қалаларының 12 акушер-гинекологі Ұлыбританияның үздік клиникаларына 6 айлық курстарға жіберілді. Осы топтардағы дәрігерлерді оқыту тәжірибесі ауруханалардың медициналық персоналын кәсіби ағылшын тіліне оқыту және шетелдік клиникаларға мультидисциплинарлық командаларды, яғни бөлім меңгерушісін бригадалармен бірге оқытуға жіберу қажеттігін көрсетіп отыр,- деген Даниал Кенжетайұлы ағымдағы жылы медициналық кадрларды даярлау және оқытудың үш жылдық кешенді бағдарламасы енгізілетінін, оған облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінетінін жеткізді.
Аймақ басшысының есебінен кейін тұрғындар облыс әкіміне өз сұрақтарын қойып, тұшымды әрі нақты жауаптар алды. Тұрғындарды әлеуметтік нысандардың құрылысы, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерінің жағдайы кеңінен толғандырады. Таза ауыз су, денсаулық сақтау жүйесі мен азық-түлік бағасы да назардан тыс қалған жоқ.
Нақтырақ айтар болсақ, Зырян ауданы шаруа қожалықтарының атынан сөз алған аудан тұрғыны күнбағыс дақылын өңдейтін зауыттың керектігін жеткізді. Аймақ басшысы облыста күнбағыс майын өңдейтін зауыттың салынатынынан, бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті. Ал Аягөз ауданының тұрғыны Саят Ибраев Аягөз қаласындағы №4 және К.Бозтаев атындағы мектептерде оқушылар үш ауысымда білім алып жатқанын, осыған орай ауданда жаңадан салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы қашан аяқталатынын сұрады.
— Өткен жылы мен екі мәрте Аягөзде болдым. Бүгінгі күні ол жерде 600 орындық мектептің құрылысын бастадық. Енді екі айдан кейін тағы бір 600 орындық мектептің құрылысын бастаймыз. Сонда бір жарым жылдан кейін Аягөздегі барлық мектептер бір ауысымда жұмыс істейтін болады. Жалпы, Аягөз ауданында көп жұмыстар атқарылды. Тек қана ауыз су мәселесін шешуге 4 млрд. теңге бөліп отырмыз. Содан кейін жол мәселесін шешеміз. Бір көңілге қонымды дүние айтайын. Аягөзде болғанымда қуанып қалдым. Өйткені онда Португалиядан келген инвесторды көрдім. Осыған қарап әкімшілік қалай жұмыс істеп жүргенін көруге болады. Инвестор 60 пәтерлі тұрғын үй салып жатыр екен. Бұл өте қуанышты жағдай,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Ал Күршім ауданының тұрғыны Бауыржан Әмренов Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы мәселесінің шешімін сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы, мәселе өткен жылы көтерілгеннен кейін, біраз жұмыстар атқарылғанын, оған қаржы да бөлініп, қазір құрылыс жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, алдағы екі айдың ішінде құрылыс жобасының сметалық құжаттары толықтай әзірленіп, жұмыстар басталады.
— Қазір бұл жобаға облыстық бюджеттен 2 млрд. теңге бөлініп отыр. Бірақ ол жетпейді. Өйткені жобаның жалпы құны 20 млрд. теңгеден астам. Сол себептен біз Еуропалық қайта құру және даму банкімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Құжаттар әзір болғаннан кейін, жұмысты жалғастырамыз,- деді Даниал Ахметов.
Бұдан кейін Семей қаласы тұрғындары атынан сөз алған Зульфия Жамалтдинова қалада Ертіс өзені арқылы өтетін кәріз дюкері жылдар бойы үлкен мәселеге айналып келе жатқанын, аталған мәселенің қашан оң шешілетінін сұрады. Өз сөзінде Даниал Ахметов Семей қаласындағы дюкерге қатысты мәселенің шешімі соңғы екі жылда табылмай келе жатқанын, жалпы жобаның 980 млн. теңге болатынын, жұмыстар келер жылы басталатынын атап өтті.
Есептік кездесуде жол жөндеу мәселесі де сөз болды. Абай ауданы Қарауыл ауылының тұрғыны Семей – Қарауыл тас жолын жөндеуге көмек сұрады. Аймақ басшысы ағымдағы жылы облыстың жолдарын жөндеуге 300 млн. теңге бөлінгенін, аталған қаржы жетпеген жағдайда, тағы да қарастырылатынын атап өтті.
Осы ретте айта кетсек. Биыл да бірінші кезекте өңірдегі облыстық және республикалық жолдарды жөндеуге басымдық берілмек. Былтырғыдай, жолдарды қалпына келтіру жұмыстары алдымен орта жөндеуге бағытталады. Жалпы алғанда, бүгінде облысымыздағы жолдардың 76,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. 2016 жылы жалпы ұзақтығы 389 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына асфальт төселген, оның 221 шақырымы – облыстық маңыздағы жолдар. Әсіресе жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдардың қалпына келтірілуі тұрғындар үшін жақсы жаңалық болғаны рас. Оның ішінде Алакөл көліне апаратын, сондай-ақ Өскемен қаласынан «Нұртау» шаңғы базасына дейінгі жолдар, сонымен қатар Күршім-Қалжыр, Өскемен-Тарғын-Самар, Бородулиха-Шемонайха бағыттарындағы трассалар жөндеуден өтті. Бұған қоса Аягөз қаласы мен Ақсуат ауылы аралығындағы 78 шақырымды құрайтын жол учаскесінде және Сібе көлдеріне апаратын тас жолда орта жөндеу жүргізілді.
2017 жылы 175 шақырымға жуық республикалық жолдар орта жөндеумен қамтылмақ. Аймақ басшысы бұл мақсатқа 3,5 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Сондай-ақ 190 шақырымды құрайтын облыстық жолдарды қалпына келтіруге 3,8 миллиард теңге жұмсалмақ. Облыста Омбы-Майқапшағай автомобиль жолының Орталық — Шығыс дәлізін реконструкциялау жұмыстары да жалғасуда. Биыл аталмыш трассаның 166 шақырымды құрайтын бес учаскесіндегі жолдарды жөндеуге 15,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Эксим Банкінің қаржысы есебінен Алматы-Өскемен бағытындағы 102 шақырымдық жол учаскесін қалпына келтіру де күн тәртібінде.
Жалпы, өткен жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көңілге қонымды. Облыстың елді мекендерінде ашылып жатқан кәсіпорындар, салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар мұның айқын дәлелі болса керек. Бұл ретте Даниал Ахметовтің бастамасымен әр салада жүйелі жобалар жүзеге асып жатқанын көруге болады. Есептік кездесуде тұрғындар тарапынан облыс әкіміне жеке бастың емес, қоғамға қажетті ортақ мәселелер көтерілгенін де айта кету керек.
Кездесуді қорытындылаған Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында атқарылатын жұмыстар Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының аясында жүзеге асатынын атап өтті.
Сурет Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінен алынды.
Асан МЫРЗАХАН, «Семей таңы»