Апта басында Семейге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келіп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен әуежайдағы жөндеу жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы артынша РК-1 жылу қазандығына, Жедел медициналық жәрдем ауруханасына, Қарағайлы ықшам ауданына, Қазақ инновациялық гуманитралық-заң университетіне, Қайнар колледжіне, Электротехникалық колледжге, сондай-ақ Ақсай ықшам ауданына, «СемАз» және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС фирмаларына барды.
2016 жылы басталған Семей әуежайының жөндеу жұмыстары биылғы жылдың шілде айында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ үш айға созылған сот процесі құрылысты белгіленген мерзімде бітіруге кедергі болған. Мердігер компания «Терезе» ЖШС-нің директоры Лұқбек Тұмашиновтың айтуынша, бөлінген 10 млрд-тан аса қаражаттың бүгінде игерілгені — 9 млрд. теңге. Қазіргі күні ұзындығы 3 шақырымнан асатын ұшып — қону жолағының, диспетчер бөлімшесінің, апаттық — құтқарушы қызмет станциясының және әуежай шатырының құрылыс жұмыстары тамамдалған. Ал қалыңдығы 46 см-ге жететін ұшақ тұрағына асфальт төсеу әлі жалғасуда.
Қыркүйек айының соңында немесе қазан айының басында әуежай толығымен жолаушылар игілігіне қайта беріледі деп жоспарланып отыр. Мердігер компания әуежайдың сыртқы ғимаратын әйнекпен көмкеру үшін аймақ басшысынан қосымша 100 млн. теңге қаражат қарастыруды өтінді.
— Семей әуежайын заманауи ұшу алаңына айналдыру үшін бюджеттен 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлдік. Енді 100 млн. теңге үшін сараңдық танытпаспыз. Жоба дайын болса, ақша да табылады. Бүгін кешке дейін жаңа жобаны ұсынуларыңызды сұраймын. Жөндеу жұмыстарынан кейін Семей әуежайы шығыстағы ең үздік ұшу алаңдарының біріне айналады,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Лұқбек Тұмашиновтың айтуынша, ғимарат ішкі және халықаралық рейстерге арналған екі залға бөлінеді. Сондай-ақ ол әуежайға жүк терминалдарының да қойылатынын хабарлады.
— Өткен жылғы сапарында аймақ басшысы ғимараттың салқын екенін байқап, жылу жүйесін жаңарту үшін қосымша қаржы қарастырған болатын. Әуежайдың шатыры осы талаптарға сәйкес ауыстырылып, су мен жылу жүйелері жаңартылды. Жертөлеге жиналған жер асты суларын ретке келтіру жұмыстары да аяқталуға жақын,- дейді мердігер компания басшысы Лұқбек Тұмашинов.
Әуежайдағы сапарынан кейін облыс әкімі Даниал Ахметов РК-1 жылу қазандығына келіп, алдымен журналистерден ыстық су жайын сұрады. Мәселенің шешімі табылғанына көз жеткізген соң облыс әкімі атқарылып жатқан шаруалар барысын пысықтады.
РК-1 жылу қазандығын кеңейту және қалыпқа келтіру үшін бюджеттен 11 706, 313 млн. теңге бөлініпті. Жоба 2012 — 2017 жылдар аралығында үш кезеңде жүзеге асады деп жоспарланған. Мұндағы жұмыстарды тамамдау үшін биылғы жылы бюджеттен қосымша 322, 143 млн. теңге бөлінген. Жылу қазандығын желіге қосу үшін тағы 200 млн. теңге қажеттігін айтқан «Теплокоммунэнерго» МКК директорының орынбасары Расылқан Жолдасовқа облыс әкімі тез арада құзырлы мекемелерге өтініш беруді тапсырып, тиісті қаражатты бөлетінін айтты.
— 1997 жылдан бері Семейде болмаған ыстық су мәселесі бір жолға қойылып, қаладағы тұрғын үйлердің 90 пайызы қамтылды. Осылайша, біз семейліктер алдындағы міндеттеріміз бен уәделерімізді орындап келе жатырмыз. Енді РК-3 жылу қазандығын қалыпқа келтіруіміз қажет. Қыркүйек айында екінші кезеңдегі жобаның сметалық құжаттары дайын болады,- деді аймақ басшысы.
Төрт кезеңнен тұратын РК-3 жылу қазандығын кеңейту және жөндеу жұмыстары Қарағайлы ықшам ауданындағы тұрғын үйлерді жылумен қамту үшін қажет. 2017 жылы басталған бірінші кезең бойынша атқарылуы тиісті шаруалар биылғы жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Бұл бағытта 2017 жылы бюджеттен 497, 707 млн., ал 2018 жылы 101, 971 млн. теңге бөлініпті.
Облыс әкімі аялдаған келесі нысан Семей Жедел медициналық жәрдем ауруханасы болды. Облыс әкімінің айтуынша, тура алты айдан соң бұл ауруханада елімізде бұрын-соңды болмаған бірегей гибридті ота залы ашылады. Бұл ота залы жүрек-қан тамырлары және инсульт ауруларын емдеуге және науқас диагнозын тез арада анықтауға мүмкіндік бермек. Жедел көмек көрсетуге оңтайлы болу үшін гибридті зал аурухананың бірінші қабатында орналаспақ. Сондай-ақ осы мекемеде жуық арада политравма және ортопедия орталығы жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Жобаны Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты мен Семейдегі мемлекеттік медицина университеті бірлесіп жүзеге асырмақ.
— Семей Жедел медициналық жәрдем ауруханасында Қазақстандағы алғашқы гибридті ота залын ашамыз. Мұндағы 6 операциялық блогтың біреуі травматология институтымен бірге жұмыс істейтін болады. Таяуда Семей қаласы да, Өскемен секілді, елдегі алдыңғы қатарлы медицина орталықтарының біріне айналады. Мен бұған сенімдімін және асыра сілтеп айтып отырған жоқпын. Әр жыл сайын 60-80 дәрігерді Еуропада оқытамыз. Биылғы жылдың екінші жарты жылдығында және келесі жылдың бірінші жарты жылдығында аймақтағы аудандар мен қалалардағы барлық бас дәрігерлер 3-6 ай мерзімінде Еуропа елдері — Англия, Польша, Францияда білім алатын болады. Осылайша, адам капиталының сапасын арттыруға баса көңіл бөлеміз. Әр жыл сайын 2400 дәрігер мен медбике Семей мемлекеттік медицина университетінде қайта даярлаудан өтеді. Енді олар бір рет білім алып, оны өмір бойына қолдану қағидатына емес, өмір бойы білім алу қағидатына сүйенетін болады. Біздің дәрігерлер осы өмірлік маңызы бар қозғалыстың алғашқы қатысушылары болып отыр,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Облыс әкімінің айтуынша, елдегі медицина саласының ең үздік құрал-жабдықтары Шығыс Қазақстан облысында екен. Қазіргі күні аймақтағы медицина мекемелерін заманауи жабдықтармен қамтуға 17 млрд. теңге бөлінсе, ендігі жылы қосымша 6 млрд. теңге қарастырылмақшы.
— Біздің басты мақсатымыз — тек ауруханаларды жабдықтау емес. Адам капиталы да соған сәйкес болуы шарт. Сіздерді алдымен 3 айға, екі жылдан кейін жарты жылға оқуға жібереміз. Бір жылдан кейін, ауруханаларды жабдықтауды аяқтаған соң, сіздердің алған білімдеріңіз ескіріп қалады. Сондықтан әрдайым білімді жетілдіріп отыру – заманның талабы. Гибридті ота залының дәрігерлері сол деңгейге сай болулары қажет. Әр күн сайын ағылшын тілін оқыңыздар. Біз сонда ғана Елбасы алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, кенжелеп қалған медицинамызды көтереміз. Өкінішке орай, кеңестік кездегі медициналық жүйе бізде әлі өзгерген жоқ. Университеттегі оқыту бағдарламалары да артта қалып қойғанын мойындауымыз керек. Министрлік келешекте бұл жүйеге өзгерістер енгізеді деп ойлаймын. Тек сол кезде елдегі медицина саласы Президент пен Қазақстан халқы талаптарын орындай алатын мүмкіндіктерге ие болады,- деді Даниал Кенжетайұлы студенттерге арнаған сөзінде.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов аймақ басшысын науқастарды ауру деңгейіне байланысты сұрыптауға арналған триаж жүйесімен таныстырды. Сондай-ақ ШҚО-да денсаулық сақтау саласын дамытудың үш жылдық жоспары жүйелі түрде орындалып жатқанын тілге тиек етіп, дәрігерлердің біліктілігін көтеруге баса көңіл бөлініп, 2018 жылы бұл мақсатта бюджеттен 1 млрд. теңге жұмсалғанын айтты.
Семей Жедел медициналық жәрдем ауруханасынан соң аймақ басшысы Қарағайлы ықшам ауданына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа ауданда «Ертіс» ӘКК» АҚ және «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған алғашқы үйлер пайдалануға беріле бастапты. Жыл аяғына дейін ондаған көп қабатты баспана семейліктердің игілігіне жарамақ.
Сондай-ақ осы ауданда «Абай Арена» кешені салынып жатқаны белгілі. Кешеннің шатырын аймақ басшысы байрағымыздың түсімен сәйкестендіру жайлы ұсынысын айтты.
— «Абай Арена» шатырының түсі Туымыздың түсімен бірдей болса деген ұсынысым бар. Жуық арада бұл Семейдің ең көрнекті нысандарының біріне айналады. Бір жылдан кейін қалалықтар бос уақытын өткізу үшін осында келіп, спортпен шұғылданатынына күмән келтірмеймін. Ерекше сәулетті кешен халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға да қабілетті болады,- деді аймақ басшысы.
Жобалық құны 19 млрд. теңгені құрайтын кешеннің жалпы ауданы 34 мың шаршы метрге жуықтайды деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «Фирма «Азия» ЖШС айналысып жатыр. 5 мың орынға шақталған «Абай Аренаның» ашылуы өткеннен кейін, шаһарда салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатары артады деген пікірлер де жиі айтылуда. Осы орайда айта кетейік, өткен жылдың соңында басталған құрылыс жұмыстары 2019 жылдың желтоқсан айында тамамдалмақшы. Осы күнге дейін кешенде 4 млрд. теңгені құрайтын құрылыс нысандары бой көтерсе, биылғы жылы тағы 8 млрд. теңге бөлінген.
Сондай-ақ осы ауданда әуенді түрлі — түсті субұрқақ салынатыны туралы сол күнгі сапарында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті. Ол әзірге Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Абай Арена» кешені аралығында орналасады деп күтілуде.
Осыдан кейін аймақ басшысы Ақсай ықшам ауданына соғып, мұнда салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Семейде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді салумен «Сәт-Транс» ЖШС, «Өркен» ЖШС және Семей Асбест-Цемент бұйымдары зауыттары айналысуда. Жеке тұрғын үйлер шаһардағы 10 ауданда — Ақсай, Ұшақтар, Комсомол, Суық бұлақ, Жарқын, Бобровка, Ақ қайың, Жібек жолы, Кіші Ақтөбе және Степной кенттерінде — бой көтермек. 2017 — 2021 жылдар аралығында алғашқы тұрғын үйлер Ақсай, Ұшақтар, Комсомол аудандарында салынады.
Ақсай ықшам ауданында жеке тұрғын үйлерді салу үшін 60 жер телімі бөлінсе, оның 50-і жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ аясында қолжетімді болатын бұл баспаналардың шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгені құрап отыр. Қазір аталмыш ауданда алғашқы үш үйдің құрылыс жұмыстары аяқталған.
Сондай-ақ аймақ басшысы сол күні «СемАЗ» және «Daewoo Bus Kazakhstan» зауыттарын аралап, жергілікті өндіріс орындарының бүгінгі жай-күйіне қанық болды.
Шығыс Қазақстан елдегі ауыл шаруашылығы өркендеген өңірлердің бірі екені рас. Сондықтан өндіріске қажетті ауыл шаруашылығы техникалары мен көліктерін шет мемлекеттерден немесе өзге қалалардан тасымай, өзімізден сатып алғанымыз ләзім. Аймақ басшысының айтуынша, осы мақсатта «СемАЗ» ЖШС-де алты операцияны орындай алатын егістік кешенінің өндірісін ұйымдастыру көзделуде.
— Жаңа техникалар бәсекеге қабілетті болуы үшін арнайы жоба дайындап шығару ойымызда бар. Үкімет бізді қолдайды деп ойлаймын. Бірақ ол үшін бұл саланың нағыз шеберіне айналуымыз керек. Отандық нарықта қазақстандық өнімнің көрсеткіші 40-60 пайыздан кем болмауы қажет. Осы бағытта жұмыс істемейміз,— деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы облыстың аталмыш зауыттан автобустар сатып алуға ниетті екенін де айтты. Бұл бағытта Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен бағдарлама әзірленіп, автобустарды тек шығысқа ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарына да шығару жоспарда барын айтады облыс әкімі.
Газетіміздің өткен санында биылғы оқу жылында ШҚО-ның 272 мектебінде робототехника кабинеттері ашылатынын айтқан едік. Бұл орайда педагогтер мен оқушыларды қайта даярлауға арналған жаңа оқыту бағдарламалары қажет екені даусыз. Осы мақсатта өз жобаларын ұсынған шаһардағы оқу орындары арасынан аймақ басшысы Электротехникалық колледждің мүмкіндігін жоғары бағалады.
Аталмыш колледж қабырғасында 2013 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және жаңа технологияларды игеруге бейім жандар үшін халықаралық ресурстық орталық ашылыпты. Сонымен қатар жарты жылдан бері мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ІТ — орталығы іске қосылған. Колледждің Ыбырай Алтынсарин атындағы қорының арқасында бүгінде ниет білдірген кез келген қала тұрғынына орталыққа келіп, тегін білім алуына мүмкіндік туып отыр. Колледж директоры Азат Сарпековтің айтуынша, орталықтан білім алушы ең үлкен студент 67-де болса, ең жасы 15-те. Мамандығы мен жасына қарамастан, орталықтың студенттері жарнама, мехатроника, робототехника, электронды кітап жасау, веб-сайт құрастыру сынды әртүрлі бағыттар бойынша колледж қабырғасында жабдықталған арнайы өндіріс орнында тәжірибе жинақтауда.
Электротехникалық колледж ұжымының Абу-Дабиде өткен халықаралық «WorldSkills» жобасында 150 елдің арасынан 23-орынды, ал Қазақстанда бірінші орынды иеленгенін айта кеткен жөн. Жаңашыл оқу орнында шетелден келіп оқитын студенттер қатары да артып келеді екен.
Сондай-ақ колледж директоры Азат Сарпеков аймақ басшысын тұрғындарға үйін смартфон арқылы басқаруға мүмкіндік беретін «Smart house» («Ақылды қала») жобасымен таныстырды.
Аймақ басшысы Семейдегі сапарын Титова, 142 мекенжайындағы жатақхананы аралаумен түйіндеді. Жеке инвестор есебінен сатылып алынып жөндеуден өткен бұл жатақхана мемлекеттік — жекеменшік әріптестік аясында Қалматаев атындағы мемлекеттік медицина колледжі студенттеріне берілмекші. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған интернаттың бірнеше жылдан бері бос тұрған бұл ғимаратын жеке кәсіпкер Дайырхан Досқұжанов осыдан бір жыл бұрын сатып алып, күрделі жөндеуден өткізген. Төрт қабатты ғимараттың су, жылу, электр жүйелері мен шатыры ауыстырылып, жаңа терезелер орнатылған. 116 бөлмеден тұратын жатақхана 350 орынға шақталған.
— Елбасы тапсырмасына сәйкес, жатақхана тапшылығын шешу мәселесін назардан тыс қалдырған жоқпыз. Семейде де бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Шаһарда кем дегенде 11 жатақхана салынуы керек. Электротехникалық колледж жатақханасының құрылыс жұмыстары тамамдалуға жақын. Қазір Қалматаев атындағы медициналық колледж студенттерін жатақханамен қамтуды қарастырудамыз. Осылайша, 1 қыркүйекке дейін Семейде 800 адамға арналған 2 жатақхана пайдалануға беріледі. Қалған 9 жатақхананың құрылысы үшін жер телімдері бөлінді, құрылыс жұмыстары таяуда басталады,- деді Даниал Ахметов.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»