Семей медицина университеті — тек еліміз бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған бірегей білім ордасы. Халық денсаулығын сақтау мен нығайту ісінде білікті мамандар даярлауда алдыңғы шептен табылатын университет соңғы жылдары әлемдік стандарттарға сай жаңашылдықтарға көшуде. Соның нәтижесінде білім беру мен ғылыми жұмыстар және клиника бойынша қызмет сапасы да айтарлықтай артып отыр. Осы орайда медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы дәрігер, аталмыш білім ордасының ректоры Ерсін Тұрсынханұлы Жүнісовпен сұхбаттасқан едік.
— Ерсін Тұрсынханұлы, ең алдымен Семей медицина университетінде соңғы кезеңдерде қолға алынған жаңашылдықтарға тоқталып өтсеңіз…
— Бүгінде еліміз бойынша денсаулық сақтау саласына бірқатар жаңашылдықтар енгізіліп, халық денсаулығын нығайтуда мемлекеттік маңыздағы стратегиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Біздің университетіміз де осы бағытта бірқатар тиімділігі жоғары шараларды қолға алып, нәтижелі түрде жүзеге асырып жатыр.
Жалпы, бірінші кезекте айта кетер болсақ, Семей медициналық университеті — өзіндік бай тарихы, мазмұнды қызмет жолы бар іргелі жоғары оқу орны. Бұл білім ордасында медицина, ілім, ғылым және клиника қатар көрініс тапқан.
Еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Қазақстанның жоғары оқу орындары ұлттық білім беру стратегиясы аясында әлемдік технологияларға арқа сүйеуі керектігін баса атап көрсеткен болатын. Бұл ретте Назарбаев Университетін мысалға алсақ жеткілікті. Ал «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айқын басымдық берілген тапсырмалар аясында бізге де мейлінше сапалы қызмет көрсету міндеті туындап тұр. Яғни адами ресурстарды дамыту мақсатында жаңашыл бағытта жұмыс жүргізіп, соны жетістіктерге қол жеткізуіміз керек. Бұл орайда біз «Денсаулық» бағдарламасы бойынша алғашқы кезекте маман даярлау ісіне мән береміз. Сонымен қатар білім беру ісін дамытуда әлемдік деңгейдегі заманауи технологияларға арқа сүйейміз. Яғни мемлекеттік болсын, салалық болсын бағдарламалар мен стратегиялар бойынша біздің университетіміз барынша нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Бүгінде біз заманауи технологияларды сәтті түрде енгізу мен жас мамандарға сапалы білім беруде өзіміздің стратегиялық әріптестерімізді басып оздық. Өзімізге жүктелген көптеген тапсырмаларды да толықтай орындадық. Атап айтсақ, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілік деңгейін арттыруда, жаңа оқу бағдарламалары бойынша жұмыс жүргізуде соңғы жылдары жақсы нәтижелерге қол жеткіздік.
Жалпы, бүінгі таңда денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық тұрғыда қызмет көрсету тек біздің еліміз бойынша ғана емес, күллі әлемде аса өзекті саналатын мәселелердің қатарына жататыны белгілі. Бұл ретте өмір сүру жасын ұлғайту сынды аса маңызды міндетті атап өтсек жеткілікті. Ал оны жүзеге асыру медицина саласының мамандарына жүктелгені түсінікті. Яғни, біз бүгінгі таңда студенттерді заманауи технологиялар бойынша лайықты маман ретінде даярлап шығарсақ, олар өз алдарына қойылған міндеттемелерді сәтімен жүзеге асырып, тұрғындардың денсаулығын нығайтуда елеулі жетістіктерге жетсе, оның нәтижесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында да айқын көрініс табар еді. Атап айтсақ, онкологиялық аурулар, ана мен бала өлімі, мүгедектік сынды проблемалар азаятын еді. Біздің оқу ордамыз бүгінде осы мәселелерді шешу жолында қарқынды жұмыс жүргізуде.
— Семей медицина университеті қазіргі күндері жаңа халықаралық стандарттар бойынша білім беруге көшкенін білеміз. Бұл қаншалықты тиімді?
— Иә, бүгінде Семей мемлекеттік университеті әлемнің ең озық саналатын 47 университетімен бірлесіп ғылым, білім беру, клиникалық технологиялар саласында тығыз әріптестік аясында жұмыстар жүргізуде. Осы орайда біз әлем бойынша тек халықаралық рейтингте үздік саналған оқу орындарына ғана таңдау жасаған болатынбыз.
Солардың бірі — Анкара қаласында орналасқан Башкент түрік университеті. Бұл — QS рейтингілік тобындағы үздік 200 оқу орнының қатарына енген әйгілі білім ордасы.
Аталған университетпен біз 2017 жылдан бастап бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бір бұл емес, сонымен қатар біз Хиросима және Нагасаки университеттерімен де ұзақ жылдардан бері әріптестік аясында жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте біздің оқу орнындағы дәрігерлер даярлау ісіне, яғни магистратура мен докторантура мамандарын әзірлеуге осы оқу орындарының да қосып келе жатқан өзіндік үлестері бар екенін айта кету орынды.
Мұнымен қатар біз АҚШ университеттерімен де бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Атап айтсақ, Сент-Луис университетінің профессорлары бізге жиі келіп, студенттерімізге дәрістер оқиды. Сонымен қатар біздің көптеген студенттеріміз ол жақта білімдерін шыңдайды.
Бұдан өзге Оңтүстік Корея, Израиль, Германия, Италия және басқа да көптеген шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік шеңберінде іс-шаралар жүргіземіз. Міне, осындай достық пейілдегі қарым-қатынас аясында 2019-2020 оқу жылында «Швейцар каталогы» атты жаңа оқу бағдарламасын енгіздік. Бұл біздің еліміз үшін жаңашылдық болғанымен, Түркияның 45 медициналық оқу орындарында жүзеге асырылады екен. Бүгінгі таңда бұл бағыт бойынша менің орынбасарым Сердар Фазыл Гюрель жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ визитинг аясында Башкент университетінің профессорлары біздің профессорлық-оқытушылық құраммен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Ал осы мәселеге кеңірек тоқталсақ, біз бүгінде әлемдік деңгейдегі жаңашыл стандарттар аясында студенттер даярлауға көштік. Ол үшін оқытушыларымыз арнайы даярлықтан өткен болатын. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекетіміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту ісі университет клиникалары мен госпитальдары арқылы өтуі керектігі сан мәрте айтылған болатын. Бұл ретте біздің университетіміздің 500 орындық өз ауруханасы бар екенін айта кетуге болады. Оның 330 орыны балаларға, 270-і ересектерге арналған. Бұл білім беру мен ғылымды және клиниканы қатар ұштастыруға мол мүмкіндік беретінін айта кеткім келеді.
Аталмыш шара жаңаша білім беруде де тиімді болып тұр. Мәселен, облыс орталығы Өскемен қаласынан қосымша филиал аштық. Онда ауруханамыз бар. Сол тәрізді Павлодар қаласында да филиалымыз бар. Онда да бір аурухананы қарамағымызға алуды жоспарлап отырмыз.
— Ерсін Тұрсынханұлы, Сіз басқаратын білім ордасында студенттердің ғылыммен айналысуы қаншалықты деңгейде жолға қойылған?
— Иә, сөз орайында тағы бір айта кетерлігі, біздің студенттеріміз бірінші курстан бастап ғылыммен айналыса алады. Бұл ретте «студент және ғылым» ұстанымы басшылыққа алынады. Болашақ дәрігерлер жаңашыл болуы қажет. Цифрлық технология дамып жатыр. Цифрлық медицинаның негізін тәртіп құрайды. Олар бүгінде ауруханаларда жаңа форматта жұмыс істеуге даяр. Себебі олар сақтандыру медицинасының негіздерін жақсы біледі. Бұл сала еліміз бойынша қолданысқа жаңадан енгізіліп жатыр.
Тағы бір маңызды жайт, біз тек өз ісін шебер меңгерген мамандарды ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық қырына қанық ел патриоттарын да тәрбиелеп жатырмыз. Жастарға идеологиялық тұрғыдан тәрбие берудің маңыздылығы аса зор.
Біздің студенттеріміз қоғамдық өмірде де мейлінше белсенді. «Жайдарман» және еріктілер клубтарына қатысып, түрлі ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізеді. Мәселен, Абай поэзиясымен танысып, оны психолог, антрополог ретінде ғылыми тұрғыдан да қарастырады.
Сонымен қатар «Студенттен студентке» атты қоғамдық жұмыстар бар. Бұл ретте жоғары курстың студенттері төменгі курс студенттеріне жәрдем көрсетіп, қамқорлық жасайды.
Сондай-ақ 9-11 сыныптардың оқушыларына сұрыптау жүргіземіз. Себебі дәрігер болатын адамды ерте бастан анықтау, тану өте маңызды.
1995 жылдан бастап шетелдік жастарды қабылдаудамыз. Қазіргі күні сабақтар үш тілде жүргізіледі. Әлемнің жеті мемлекетінен келген 600-ден аса шетелдік студенттер білім алуда. Біз бұл ретте тоқтап қалмай, әлі де болса географиялық кеңістікті кеңейтуге ден қойып отырмыз. Мәселен, биылғы жылдан бастап Түркия елінен студенттер қабылданды. Біздің университеттің дипломы әлемдік стандарттарға толығымен сай келетіндіктен, түрік елінде де қызығушылық туғызып отыр.
Оқу орнымыздың басты ерекше-ліктерінің бірі — біздегі профессорлық-оқытушылық құрам міндетті түрде мықты педагог, білікті ғалым және клиницист. Біз үшін бұл өте маңызды. Себебі осы арқылы адами ресурсты дамыта отырып, мамандарды жаңашыл бағытта жұмыс істеуге баулимыз. Қазіргі таңда университет оқытушыларының орташа жасы 40 жас екен. Яғни жұмыс істеуге жастар келіп жатыр деген сөз. Осы орайда мотивация беру үшін оларға қосымша ақы төлеуді енгіздік. Университетімізде экономикалық теңгерім бар. Үнемделген қаражатты жалақыны көтеруге жұмсаймыз. Мәселен, 2018 жылы жалақы 40 пайызға жоғарыласа, өткен 2019 жылы 26 пайызға артты. Биылғы жылы да жалақыны көтеруді көздеп отырмыз. Ал мұның барлығы өз кезегінде ұжым мүшелері үшін үлкен стимул екені анық.
— Университеттеріңізге қатыс-ты соңғы жаңалықтардың бірі акционерлік қоғам болып құры-лыпсыздар. Басқарудың бұл түрі несімен ерекшеленеді?
— Иә, басқарудың жаңа түріне көшкенімізге аса көп болған жоқ. Акционерлік қоғам болып құрылдық. Бізде корпоративті басқару жүйесі бар. Яғни бюджеттен бастап жаңа бастамаларды іске асырудың барлығы да осы басқару жүйесі бойынша бірлесе отырып шешіледі. Мұнымен қатар тәуелсіз комиссия құрылып, жұмыс жүргізеді. Бұл — корпоративтік басқару жүйесінің жаңа элементтері. Біз бұл бағытта 2,5 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте ректор мен оның орынбасары ұжым алдында, студенттер мен қоғам алдында өздерінің атқарған қызметтері бойынша жыл соңында есеп береді. Корпоративті басқарудың басты ұстанымы – транспарентті университет құру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Біз жемқорлықтың алдын алу үшін 11 бағыт бойынша арнайы тұжырымдама әзірледік. Қазіргі күні осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
— Халықаралық деңгейдегі жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…
— Бүгінде біз халықаралық гранттарға қатысамыз, төрт ірі жобаны жүзеге асыру үстіндеміз. Осы ретте жастардың талабын ұштай отырып, олардың бастамаларына да қолдау білдіріп келеміз. Мәселен, қазіргі таңда студенттеріміз 7 ғылыми жоба бойынша жұмыстар жүргізуде. Атап өтерлігі, оның үшеуі халықаралық деңгейде. Бұл шара ғылыммен айналысқысы келетін жастар үшін мейлінше тиімді. Біздің алға қойып отырған басты мақсаттарымыздың бірі әлемдік деңгейдегі үздік 500 университеттің қатарына ену болып отыр.
Бүгінгі таңда университетіміздің алға қойған басымдықтары айқын. Соның бірі Қазақстанның денсаулық сақтау саласын жақсартуда, жоғарыда айтып өткенімдей, ғылым мен білім беруді нақты іс жүзінде ұштастыру. Осы орайда арнайы команда құрып, аудандарға да жиі шығып тұрамыз. Профессорларымыз, жергілікті тұрғындарға кеңес берумен қатар, ауылдық жерлердегі медицина саласының мамандарына арнайы семинарлар өткізеді. Осылайша, біз клиникалар бойынша болашақ дәрігерлер даярлауда арнайы стратегиямен жұмыс жүргізуді алғашқы болып бастадық. Яғни интернатура мен резидентура өкілдерін тәжірибе жинақтап қайту үшін ауылдағы ауруханаларға жібереміз. Бір есептен, болашақ дәрігерлер тәжірибе жинақтап қана қоймайды, келешекте жұмыс орнын тауып, ауылдық жерлердегі маман тапшылығын жоюға да септігін тигізеді.
Сонымен қатар қазіргі күндері әлемдік стандартқа жататын шұғыл медицина дәрігерлерін де даярлау ісін қолға алдық. Қазақстан бойынша тұңғыш рет жаңа форматтағы дәрігерлерді даярлау ісін осылайша қолға алдық. Бұл ел үкіметінің бізге 2016 жылы жүктеген тапсырмасы болатын. Сондай-ақ денсаулық саласын университетімізге халықаралық стандарттарды енгізе отырып дамыту да міндеттелген болатын.
Ал шұғыл медицинаны енгізу үшін бірінші кезекте дәрігерлерді даярлау қажет. Кеңес дәуірі тұсында, ТМД елдерінде мұндай маман болған жоқ. Бұл — қабылдау бөлімінде арнайы әзірленген әмбебап дәрігерлер отыратын америкалық, еуропалық формат.
Мұнымен қоса қабылдауға келіп түскен науқастарды жағдайларына қарай ауыр, орташа және амбулаторлық деп сұрыптайтын 3Н арнайы стандарты да қолданылады. Бұл да бізге жүктелген негізгі міндеттердің бірі болатын. Осы ретте біз бүкіл Қазақстан көлемінде қабылдау бөлімінің жаңа функциялық дизайны бойынша ғылыми-әдістемелік орталық болып саналамыз.
«Театр – киім ілгіштен басталады» дегендей, аурухана қабылдау бөлімінен басталады. Бүкіл еліміз халықаралық деңгейдегі жаңа стандартқа сай қабылдау бөлімін жасақтар шақта барлық дизайнерлер біздің университетімізбен кеңеседі. Бұл — мемлекеттің біздің оқу орнымызға үлкен сенім білдіріп отырғанын көрсетеді.
Сондықтан да студенттерді қазіргі күннен бастап жаңа қызмет түріне мейлінше бейімдеп оқытудың маңызы зор. Жаңа форматқа орай, біз кафедра базасынан арнайы алаң аштық. Ол орыннан жасанды қабылдау бөлімін әзірледік. Мұндай орын еліміздің барлық ауруханаларында болуы тиіс. Яғни жаңа форматта жұмыс істей алатын дәрігер келген бетте бірден, автоматты түрде халықаралық стандарттар талабына сай жұмыс істей беруі керек деген сөз.
Бұл бағыттағы жаңашылдықтар Қазақстан бойынша тұңғыш рет қолға алынып отыр. Соның ішінде біз алғашқы болып енгізіп отырмыз. Еліміздің барлық дәрігерлері бізге, Семейге келіп, біліктіліктерін жоғарылатып, қайта даярлау мен төрт айлық қайта даярлаудан өтіп, арнайы маман ретінде сертификат ала алады. Яғни жаңашылдыққа сай қабылдау бөлімінің немесе санавиация дәрігері атана алады.
— Жаңа жобалар жайында сөз өрбітсек…
— Оқу орны тарапынан қолға алынып жатқан жаңа жобалар қатары аз емес. Соның ішінде ең маңыздыларының бірі — бүкіл Қазақстан бойынша біздің университетке ядролық медицинаны енгізу тапсырмасы жүктелген болатын. Айта кетерлігі, ТМД елдері бойынша мұндай мамандық иелері мүлде жоқ деуге болады. Біз бұл бағытта биыл екінші жыл қатарынан жұмыс жүргізіп жатырмыз. Енді шамалы уақыттан кейін бүкіл Қазақстан бойынша алғаш рет ядролық медицина резидентурасын қолданысқа енгізетін боламыз. Өздеріңіз білетіндей, ядролық медицинаны дамытуға толық мүмкіндік бар. Арнайы ғимарат та тұрғызылған. Міне, сол база негізінде жаңа формат қалыптастырып, дәрігерлер даярлауға мүмкіндігіміз мол деп білемін.
Сонымен қатар тыңнан қолға алынған аталмыш бағыт бойынша бізге Жапония, Түркия, АҚШ сынды елдердегі халықаралық деңгейдегі әріптестеріміз үлкен қолдау білдіруде.
Жоғарыда атап өткен шұғыл медицина бойынша былтырғы жылы алғаш рет 18 резидент қабылданды. Аталмыш бағытта еліміздегі бірде-бір медициналық жоғары оқу орны резиденттер даярламайды. Біз тұңғыш болып іргелі жұмыстарды қолға алдық. Осы орайда айта кетсек, денсаулық сақтау министрлігі тек біздің университетті ғана таңдап алыпты.
Айта кетерлігі, бұл 18 резидент тек біздің оқу орнымыздан ғана емес, стратегиялық әріптестерімізден де білім ала алады. Бүгінде олардың төртеуі Түркияға жарты жылға білімдерін жетілдіруге кетті. Сол тәрізді қалған 14-і де алдағы уақыттарда халықаралық деңгейдегі даярлықтан өтетін болады.
Әріптестік аясында жапондық достарымыз осымен үшінші жыл қатарынан шұғыл медицина бойынша арнайы грант бөліп келеді. Өткен жылы төрт адам қабылданған болатын. Ал биылғы жылы бес орын бөліп отыр. Соның аясында қазіргі күні байқау жүріп жатыр. Яғни, қорытындылай айтсақ, біздің университетіміз әлемдік деңгейдегі денсаулық сақтау саласында халықаралық деңгейдегі маңызды шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте біз жаңа мамандықтар мен жаңа форматтағы оқу бағдарламасын қолданысқа енгізе отырып, жоғары медициналық білім беру мен ғылым және клиниканың драйверіне айналып отырмыз.
— Студент жастардың қоғамдық жұмыстар бойынша белсенділіктері қандай деңгейде?
— Әлбетте, өңір халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілік аясында да біз қол жеткізген жетістіктер өте көп. Бұл орайда студенттер арасындағы еріктілер қозғалысының белсенділігін атап өтсек те жеткілікті. Біз ел Президенті биылғы жылды Еріктілер жылы деп жарияламай тұрып-ақ бүкіл Қазақстан бойынша еріктілер қозғалысын алғашқы болып құрдық. 2018 жылы менің бастамаммен студенттер университет жанынан еріктілер қозғалысын құрған болатын. Олар бүгінгі таңда қала бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Әсіресе қарттар үйі мен балалар үйіне үлкен көмек беруде. Сонымен қатар түрлі іс-шараларға, әртүрлі бағыттағы акцияларға да атсалысады. Атап айтсақ, шылым шегудің зияндылығы, нашақорлықтан сақтандыру, артериялық гипертония мен инсульт профилактикасы бойынша акциялар өткізді.
Демалыс күндері студенттеріміз ірі сауда орындарына барып, ондағы адамдардың қан қысымын өлшеп, диабет ауруының алдын алу бойынша да акциялар өткізеді.
Сол сияқты қылқанжапырақты орманымыздың тағдыры да біз үшін басты орында тұр. Осымен екінші жыл қатарынан барша студенттер қауымымен бірге барып, жылыжай көшеттерін отырғызамыз. Мәселен, өткен жылы 5 мың түп көшет, оның алдында төрт мың түп жасыл өскін отырғыздық. Яғни орманшылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргіземіз.
Сол тәрізді елімізде орын алған әрбір төтенше жағдай мен апаттарға да мүмкіндігінше көмек көрсетіп, қайырымдылық қолын созу да игі дәстүрімізге айналған. Мәселен, Арыс қаласында қайғылы апат орын алған кезде бес миллион теңге шамасында қаражат жинадық, яғни бір күндік жалақымызды аудардық.
Ал Аягөз қаласында көктемгі тасқын су салдарынан болған апат кезінде көмекке төрт миллион теңгедей қаражат ұсындық.
Бір бұл емес, мұның сыртында біздің студенттеріміз бен профессорлық-оқытушылық құрам жиі-жиі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Жиналған қаржыны, әдетте, мұқтаж отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға жұмсаймыз.
Сонымен қатар экономиялық теңгерім бойынша үнемделген қаражаттан 2017 жылдан бастап әке-шешелері жоқ студенттерге киім-кешек алуға, жол шығынын өтеуге, жатақханада тұру ақысын төлеуге қаржы бөлеміз. Сондай-ақ әлеуметтік бағытта көмек көрсетіп, қолдау жасап тұрамыз.
Десек те біз үшін сабақ үлгерімі алдыңғы кезекте тұрады. Мен күн сайын студенттермен кездесулер өткіземін. Кафедраларды аралау тұрақты дағдыға айналған. Бұл бақылау емес, айтып өткенімдей, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамға шын пейілден қалтқысыз қызмет ету арқылы еңбекке қолайлы орта қалыптастыру – біздің міндетіміз. Мұндай кездесулерде студенттер қауымы өткен семестрдің нәтижелері туралы талқылап, өз ойларын білдіреді. Жалпы, еркін пікірсайыс форматындағы кездесулер студенттерге де, университет әкімшілігіне де оқу процесінің ерекшеліктерін жақсы түсінуге және туындаған мәселелерді шешуге көмектеседі.
— Жоғарыдағы бір сөзіңізде артық шығындарға жол бермеу, ашықтық жайында сөз қозғап едіңіз. Бұл бағыттағы шаралар да шетелдік стандарттарға сай жүзеге асырыла ма?
— Бұл орайда тағы бір айта кетерлігі, бізде шағын жиһаз цехы мен тігін цехы және жылыжай бар. Сонымен қатар мобильді жөндеу бригадасын да аштық. Олар барлық кафедраларды аралап, профессорлық-оқытушылық құрам үшін қолайлы жағдай қалыптасуын қадағалап отарады, қажет кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте атқарылатын жұмыстар көп. Себебі ғимаратымыздың салынғанына биыл 66 жыл болады.
Басшылықтың басты міндеттерінің бірі қызмет етуге ыңғайлы орын әзірлеу екені белгілі. Сол себептен де арнайы құрылған бригада екі жылдан бері белсенді түрде жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, байқағандарыңыздай, бізде үнемге негізделген ұқыпты өндіріс қолданысқа енгізілген. Бұл — жапониялық жүйе. Оқу ғимараты ескі болғанымен, күтіп ұстау арқылы сақтауға тырысамыз.
Шетелдердегі университеттерді қарасаңыз, басым көпшілігі ғасырлар бойы жасап келе жатыр. Ешкім күреп тастамайды, мезгілінде жөндеу жүргізіп, күтіп ұстайды.
Мұның сыртында біз студенттер қауымын да ұқыптылыққа тәрбиелеп, жатақхана мен оқу ғимараттарындағы мүліктерді сақтауға баулимыз. Себебі бұл жер — ғылым мен білімнің және клиниканың ордасы. Сондықтан да біз БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіземіз. Журналистер қауымына әрдайым ашықпыз. Егер де орынды сын айтылса, біз конструктивті түрде диалог жүргізіп, мәселені бірлесіп шешуге әзірміз. Ал орынсыз сынға нақты түсіндіру жүргіземіз. Мәселен, өткен жылы компьютер тінтуіріне қатысты студенттердің оқудан шығарылғаны жөнінде әлеуметтік желілерде мүлде негізсіз, объективті емес сын да айтылды. Рас, ректор да, оның командасы да «Жемқорлықсыз университет» аясында жұмыс жүргізген соң, жұрттың барлығының көңілінен шыға бермейсің. Заң аясында жұмыс жүргізуді талап еткеніміз үшін бізге өкпелілер де болуы мүмкін ғой.
Әйтсе де жетістіктеріміз, жоғарыда айтып өткенімдей, аса жоғары. Мәселен, күні кеше ғана үндістандық студент түлектерден қуанышты хабар алдық. Олар өз елдеріндегі ішкі емтиханды толықтай тапсырыпты. 30 студент алдыңғы кезекте сынақтан мүлде сүрінбей өткен. Бұл — шетелдік студенттер арасындағы өте жоғары көрсеткіш. Оның үстіне біз Үндістандағы жоғары оқу орындары ассоциациясының құрамындамыз.
Мен осы қызметке келген кезде қазандықтың жылу құбыры үшін айына миллион теңгедей ақы төлейтінбіз. Себебі ол бөтеннің жерінде тұр. Ал бізге жалақыны жоғарылату үшін шығындарды жабу керек болды. Сондықтан да қалыптасқан жағдайды жан-жақты талқыладық. Біздің экономистер жұмыс жүргізді. Менің өзімнің де экономика ғылымы бойынша жоғары білімім бар. АҚШ-та денсаулық сақтау менеджменті бойынша білім алғанмын. Осылайша, біз түрлі нұсқаларды қарастыра келе негізсіз шығындарға жол бермеуді ұйғардық. Сөйтіп, айтылған жердің қожайынын іздестірдік. Не себептен біз өз құбырымыз үшін неге ай сайын миллион теңге төлейтінімізді сұрадық. Сөйлесе отырып, өзара келіссөзге шақырдық. Анықталғандай, біздің жеріміз арқылы оның жоғары вольтты электр желісі өтеді екен. Біз оған «егер бізден құбыр үшін миллион теңге алатын болсаң, онда біз өз жерімізден өтетін электр желісі үшін 1,5 млн теңге төлеуді талап етеміз. Немесе келісе отырып, құбыр қызметі үшін төлемақы алмайсыз» деген шарт қойдық. Нәтижесінде ол жердің иесі бізден ақы алудан бас тартты. Осылайша, біз жылына 12 млн теңгенің қаражатын үнемдеуге қол жеткіздік. Жалпы, мұндай мысалдар қатары өте көп.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…
— Өткен жылы біз радиациялық медицина және экология ғылыми зерттеу институтымен біріктік. Бұл шара Елбасының бес инстутуционалдық реформасы аясында жүзеге асырылған болатын. Себебі мемлекет үшін моноинститутты қамтамасыз ету біршама күрделі. Қайта ол университетпен бірге дамып, өркендеуі тиіс.
Біз үшін, дәрігерлер қауымы үшін адам өмірі мен денсаулығынан артық бағалы құндылық жоқ. Сондықтанда болар, ғылыми зерттеу институты бізбен қосыла отырып, дамудың жаңа қырына көтерілді. Біз тек аталмыш ғылым ордасын сақтап қана қоймай, ол үшін қаражат бөлдік, жөндеу жұмыстарын да жүргіздік. Мәселен, өткен жылы 100 млн теңге бөлген болатынбыз.
Семей қаласына келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полигоннан зардап шеккендерді әлеуметтік және денсаулық сақтау тұрғысынан оңалту шараларының маңыздылығын баса атап өткен болатын. Сондықтан да ғылыми зерттеу институты жұмыс жасап жатыр және әлі де аталмыш бағытта жұмыс жүргізетін болады.
Институт ұжымы үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, консультативтік-диагностикалық орталығы №9 емханада орналасқан болатын. Жөндеу жасалынып, құрылғылар сатылып алынғаннан кейін олар өз орындарына көшуде.
Зертханалық жұмыстар жүргізудің тиімділігін арттыру үшін лабораторияны жаңалап жатырмыз. Стационар тұрақты жұмыс істеп тұр. Жаңадан қабылдау бөлімін ашуды да жоспарлап отырмыз.
Қорыта айтқанда, ғылыми зерттеу институтының қызметі біз үшін маңызды саналады. Ал қазіргі таңда радиациялық қауіпсіздікті зерттеп, жаңа биіктерге көтерілген аталмыш институт бүкіл Қазақстанның экологиялық мәселелерін зерттеуге кірісуде. Ал бұрындары олар тек Павлодар облысы мен Семей өңіріндегі сынақ полигонының ықпалын зерттеуді нысанасына алса, бүгінгі таңда мүмкіндіктер аясын біршама кеңейтіп отыр. Атап айтсақ, ластанған экологияның адам ағзасына теріс әсеріне тосқауыл қоюдың жаңа ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік іс-шараларын әзірлеу міндеттері тұр.
Сол тәрізді Арал теңізінің проблемалары мен мұнай-газ өндірісінің, Орталық Қазақстандағы уран шахталарының қоршаған ортаға әсері, оңтүстіктегі топырақ эрозиясы сынды талдау мен зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер бар екендігін ескерсек, ғылыми зерттеу институтының қажіттілігі де, мүмкіндігі де аса жоғары екенін түсінуге болады.
— Сұхбатыңыз үшін көп рақмет, қызметтеріңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ, «Семей таңы»{jcomments off}