Кез келген елді әлем жұртшылығы ірі тұлғалары арқылы танитыны белгілі. Қазақ елінің тарихында лайықты орын иеленген дара тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі – ұлы ақын Абай Құнанбаев. Халқымыздың хакім Абайға деген құрметі ерекше. Оған дәлел ретінде Абайдың 100 жылдық, 125 жылдық және 150 жылдық мерейтойларын атасақ та жеткілікті. Абайдың мерейтойлары халқымыздың басын біріктіріп қана қойған жоқ, қазақтың бас ақынының қадір-қасиетін де айшықтай түскені белгілі. Ақынның мерейтойлары өткен жылдар бүгінде тарих парақтарына айналды. Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ұлы ақынның құрметіне орай осыған дейін өткізілген мерейтойларға тоқталуды жөн көрдік.
Хакімнің 100 жылдық тойында
Абайдың ең алғашқы мерейтойын — 100 жылдығын атап өту сонау соғыс жылдарында қолға алынып, ақынның жүзге толуына бір жыл қалғанда дайындық басталған болатын. Архив деректеріне сүйенсек, 1944 жылы 15 тамызда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов «Абай» кинофильмін түсіру үшін №458-ші қаулы шығарған. Міне, осылайша, халқымыздың біртуар ұлы Нұртас Оңдасынов Абайдың 100 жылдығын ұйымдастыруды алғаш болып қолға алған еді.
Ал 1945 жылы, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі уақытта Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына байланысты жазушы Әди Шәріпов өзінің «Көргенім, көңіліме түйгенім» деп аталатын естелігінде былай деп жазады: «Тамыз айының аяқ кезі. Бүкіл халық көңілді. Кеудесін айрықша ашып тастап, жайбарақат жүрген жастар. Бүкіл қала халқы Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесіне дайындалып әбігер. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Облыстардан, туысқан республикалардан, Мәскеуден, Ленинградтан келуде. Мерекеге арналған кеш Опера және балет театрының үйінде өтті. Ол кешке Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, екінші хатшысы Ж.Шаяхметов, Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшелері, мәдениет, қоғам ұйымдарының, өндіріс орындарының өкілдері қатысты. Кештен кейін белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен үлкен концерт болды.
Абай тойына Семей облысының Аягөз, Шұбартау, Абыралы, Новопокровка, т.б. аудандарына Қарауылда өтетін тойға өз киіз үйлеріңмен, сойыс малдарыңмен, сауылатын биелеріңмен келіңдер деп нұсқау бердік, Қарағанды облысының Қарқаралы, Қу және басқа аудандары да қатысты. Тойға 33-тен астам мәдени-қоғам қайраткерлері барды. Басқа елдерден келген қонақтар да бар. Солардың арасында М.Әуезов, Ш.Жиенқұлова, А.Тоқмағамбетов, Е.Ысмайлов, К.Бай-сейітова, Қ.Жандарбеков т.б. болды. Қонақтардан Кариев, Жирмунский, Әбдрахманов, халық ақындары Орынбай, Үмбетәлі, Нартай бар. Той кезінде тәртіп болсын. Оны облыс басшыларына да айттық. Сонда кешке Қазақстан үкіметінің атынан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов қонақ күтетін үйде дастарқан даярлатқан. Алматыдан бір топ қонақтармен бірге қонақтарға арналған вагонмен Қажымұқан Мұңайтпасовтың өзі және жас әйелі, алты жасар баласы бірге барды. Cемейге жеткенде Қажымұқан ақсақалды отбасымен қос қабатты қонақ үйдің жеке бөлмесіне орналастырдық. Ол кісіге Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының «МК» жеңіл мәшинесі бекітіліп берілді. Барған күні облыстық театрда Абайдың жүз жылдығына арналған салтанатты жиналыс болды. Алматыдан келген өнер қайраткерлері соңында үлкен ойын-сауық кешін өткізді.
Ұлы Абайдың 100 жылдық дүбірлі тойы 1945 жылы Абай ауданында өткен-ді. Тойды өткізу жөніндегі республика бойынша құрылған комиссияның төрағасы болып сол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Әди Шәріпов, облыстық комиссияның төрағасы болып Семейдегі Абай мұражайының директоры Қайым Мұхамедханов бекітілген. Ол күндер бүгінде естеліктерге, тарихқа айналды.
Әди Шәріпов өз естелігінде тойда ат бәйгесі, балуандар күресінен басқа, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу секілді қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, түні бойы алтыбақан тебілгені, жастардың ән-думаны, ойын-сауығы таң атқанша созылғаны туралы жазған. Осы тойға барған Қажымұқанға қонақ үйінен бөлме дайындап, төсек салған екен. Бірақ оған палуан сыймай, жата алмайтын болғандықтан, төрге бірнеше көрпені қатар төсеп, жұмсақтап жер төсек дайындапты.
Тойдағы палуандар күресіне әр аймақтан мықты жігіттер дайындалып барған. Ол туралы бас балуандық жүлдені иеленген Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауданынан барған Дәулен (1908-1950 жж.) есімді палуан өз естелігінде: «Абай ауданында бас палуандыққа дайындалған адамды бір жыл бойына күтіп-баптап, әр жұма сайын шынықтырып әкелген көрінеді. Тұлғасы еңгезердей өте үлкен адам екен. Бас балуандыққа шығарда шынжырлап, шынжырдың екі жағын қарш-қарш шайнап тұрған балуанға белдесуге шығуға ешкімнің де батылы бармапты. Не де болса нар тәуекел деп, бас палуандыққа мен шықтым. Бас палуанға әкелген еңгезердей қара дәуді шынжырдан босатып қоя бергенде жерден бір уыс топырақты маған қарай шашып жіберіп, тұра жүгірген кезде, мен де аллалап тұра ұмтылып белдескенімде, адам ала алмастай көрінген қара дәу өзінің қалай түскенін білмей қалды. Мені қалың көпшілік үстіне көтеріп алып, құрмет көрсетіп жатыр. Қуаныштарында шек жоқ болған. Тойға келген Қажымұқанның жасы ұлғайған кезі екен, балуанға түскен жоқ, сырттан балуандардың күресін бақылады. Күресіп жатқандарға қарап отырып: «Ой, бәрекелді-ай, олай болмағаны дұрыс болмады, былай ету керек еді», — деп қызынып, жанкүйерлік көрсетіп отырды. Сол кісінің сол көрінісінің өзі маған бір ерекше сезім әкелгендей болады. Мен ол уақытта 37 жаста едім. Күрестің қорытындысында бас палуанға лайықтаған кілем жабылған түйені Қажекеңе тарту етіп, батасын алған едім. Сөйтіп, күрестен бірінші орынды иеленіп, менің даңқымды бір көтеріп тастаған осы ұлы Абайдың 100 жылдық тойы еді», — деп баяндаған екен.
«Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойына әзірлік жөніндегі ойлар» — Мұхтар Әуезовтің 1940 жылы Ә.Тәжібаевпен бірге жазған мақаласы. Онда Абайдың 100 жылдық мерейтойына әзірлік және ақын есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде 3 түрлі шараны жүзеге асыру ұсынылған: біріншіден, Абайдың өмірі мен қызметіне қатысты орындарды қалпына келтіріп, жаңаларын салу; екіншіден, ақынның өмір сүрген дәуірі мен коғамдық-шығармашылық қызметін сипаттайтын мәдени-ғылыми мекемелер, мәдени көркем өнер ғимараттарын салу, ғылыми-көркем фильмдер мен опералық-музыкалық туындылар жасау; үшіншіден, Абай мұраларын игеру мен насихаттау жөніндегі ғылыми-зерттеу, әдеби-сын жұмыстарын жүзеге асыру. Авторлар ұлы ақынның академиялық толық жинағын шығаруға ерекше көңіл бөлген.
Абайдың 125 жылдығында
Абайдың 125 жылдық мерейтойы да 100 жылдықтан кем өткен жоқ. Ол жайында аталмыш тойдың куәгері, халықаралық «Абай Құнанбаев» қоғамдық қорының президенті, Абай ауданының Құрметті азаматы Отантай Кәріпжанов былай деп пікір білдіреді:
«Абай атамыздың 125 жылдық тойы қалай жүргізілгенін, оның басы-қасында болғандықтан, біршама білемін деп айта аламын. Ол кезде мен облыстық мәдениет басқармасының аға инспекторы қызметін атқарып жүрген кезім. Абай ауданының сол кездегі бірінші хатшысы Х.Матаев ағамызды мазалаған маңызды мәселе – алдағы 1970 жылы болатын Абайдың 125 жылдық тойының таяп қалғандығы еді. Хафиз аға Алматыға барса, Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы шетелге сапар шегіп кеткен екен. Содан кейін Министрлер Советінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің көмекшісі Құтжанов Оразбен танысып, екеуінің елім деп еңбектенулерінің арқасында Үкіметтің 29 сәуір 1971 жылғы Абай ауданының экономикасы мен мәдениетін дамытуға бағытталған қаулысы қабылданады және оның орындалуын Ораз өзі бақылауына алады. Нәтижесінде Абай ауданында көптеген әлеуметтік-мәдени құрылыстар бой түзейді. Жоғарғы кернеудегі электр жүйесі тартылып, Семей – Қарауыл тас жолы салыныпты. Барлық совхоздарға типтік жобамен орта мектеп, жатақханалар, ауруханалар мен мәдениет үйлері, кинозалдары және көптеген тұрғын үйлер бой көтерген екен.
Ең маңыздысы, той қарсаңында Үкімет қаулысының пәрменімен ең алдымен Жидебайдағы Абай қыстауы ақынның өзі салғызған алғашқы үлгі-жобасы негізінде жергілікті материалдармен жаңартылып, қайта жөнделеді. Мұражайдың ішіндегі экспонаттар толықтырылып, қайта жүйеленді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары Молдабек Жанболатов жанын салып, бар ынтасымен жұмыс жасады. Ол Абай үйінде бұрын қызметші болған Бәшейдің Мұхтары мен Қатпаның әйелі Мақыпқа барып жолығады. Солардан сұрастырып, ақылдаса отырып, кейіннен жасалған өзгерістерді анықтап, үйдің негізгі үлгі-жобасын сызып, қағазға түсірген болатын.
Облыстық атқару комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары А. Кайсақанов құрылыс басына күнара келіп, кейде басына қона жатып басқарып, мұражайдың көрікті, әдемі, сонымен қатар шынайы, Абайдың тірі кезіндегідей безендірілуіне назар аударды. Ал Қарауылда әйгілі мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың авторлығымен Абайдың граниттен жасалған ескерткіші орнатылған еді.
«Той болады» деген ұранмен ауданда талай шара жүзеге асты. Соның бірі – Абай мерекесіне әдейі арналып жасалған сегіз қанат қазақ үй. Бұл үйдің жобасының авторы және жасалуын ұйымдастырушы да жоғарыда аталған қазақ өнерінің білгірі – Молдабек Жанболатов.
Сонымен, Абайдың 125 жылдық тойы ең алдымен Алматыда, Семейде 30-31 мамырда Абай ауданында жалғасты. Бұдан кейін аудан орталығы Қарауыл ауылындағы үлкен алаңда тойға арналған мерекелік жиналыс басталып кетті. Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев алаңда тұрған халыққа Москвадан, Ленинградтан, одақтас республикалардан және Қазақстанның әр жерінен келген қонақтарды таныстырғаннан кейін өзі басқарып отырған Абай ауданының экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайлары жөнінен хабарлама жасады.
Мерекеге арналған салтанатты жиын аяқталысымен іле-шала Қазақстанның халық ақыны Шәкір Әбенов бастаған ақындар айтыстың жалынын қыздырды. Бұл күні кешкі уақытта Қарауыл аспанында қалықтаған Абайдың әндері мен «Қаламқас» ән-би ансамблінің концерті түннің бір уағына дейін толастамай жалғасып жатты. Ал ертеңінде, 31 мамыр күні Қарауыл төбенің терістік жақ бетінде арнайы жабдықталып безендірілген алаңда сағат 10-да той басталып кетті. Мұнда алғашқы рет 1967 жылы М.О.Әуезовтің 70 жылдық тойы өткізілген болатын. Оның айналысы 20-30 шақырымға созылып жатқан мидай жазық. Алла тағала әдейі жасап қойғандай табиғи ипподром және дала амфитеатрында төбенің терістік батыс жағындағы көкмайса, бетегелі бетте жантайып жатып, бауырында болып жатқан ұлттық ойындарды көріп, микрофон арқылы айтылған сөзді анық естуге болады. Табиғаттың тамашасын тойға келген қонақтар өз көздерімен көріп, таңғалысты.
Алдымен Қарауыл төбенің бетінде 300 адамнан тұратын төрт дауысты хор Абайдың «Айттым, сәлем Қаламқасы» мен жергілікті композитор Арғынбек Ахметжановтың «Абай ұрпақтарының үні» атты шығармасын орындады. Бұл қонақтарға елдің әнұраны сияқты әсер етті. Бұдан кейін халық алдынан М. Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша театрландырылған шеру өтті. Кілем жайылған жүк машинасы бортының үстінде тұрған әртіске қарап, жұрт тірі Абайды көргендей әсерге бөленді. Осы көріністен кейін іле-шала ат бәйгелері басталып кетті. Ұлттық жарыстың жауапты, ең қызықты түріне сол кезде елге сыйлы азаматтар, бұл күнде марқұм болған Үйсімбаев Сүлеймен мен Сәдуақасов Жұманбек басшылық жасады. Ең алдымен жорға жарысы болды. 12 шақырымдық бәйгеде Шығыс Қазақстанның Орлик атты жорғасы бірінші орын алды. Ал 20 шақырымдық жарыста тағы да осы Шығыс Қазақстан облысының Орел деп аталатын сәйгүлігі бірінші орынды иеленді. 30 шақырымдық бәйгегеден Абай ауданының Арқалық күреңі бірінші келді. Жарыстың қорытындысында 15 атқа бәйге берілді. Ат жарысы кезінде бір мезгілде палуан күресі де жүріп жатты. Абай тойының бас палуандығын саржалдық азамат, марқұм Қайырбек Дүрмекбаев қарсыластарының бар-лығын қирата жығып, жеңіп алды.
Қорытып айтқанда, Абайдың 125 жылдық тойы есте қаларлықтай, кейінгі толқынға сабақ боларлықтай дәрежеде дүркіреп өткен еді»,- деп пікір білдіреді.
Жалпы, Абайдың 125 жылдығы керемет өткен еді. Сол тойдағы болған жайттар әлі күнге дейін ел ішінде аңыз болып айтылады. Мысалы, сол тойға Бауыржан Момышұлының қатысқаны, аламан бәйгедегі Бошай Кітапбаевтың аттарының шабысы, атақты айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың:
Туғызған Шыңғыс Мамайды,
Туғызған Шыңғыс Абайды,
Одан кейін туғызған,
Мұхтардай Гималайды,
Енді, халқым, не дейсің,
Туғыз дейсің бе Құдайды, —
деген суырыпсалма өлең жолдары, басқа да көптеген оқиғалар халықтың есінде қалған.
Тәуелсіздік таңындағы 150 жылдық той
Хакімнің 150 жылдығы ерекше леппен өткені күні кешегі естеліктерден белгілі.
Мерейтойға дайындық жұмыстары жөніндегі Қазақстан Орталық партия комитеті мен Қазақстан үкіметінің біріккен қаулысы 1990 жылдың 22 ақпанында қабылданғанына қарап, осынау тойға даярлық барысы аттай бес жыл бұрын басталғанын бағамдауға болады. Тойдың дайындық жұмыстарын, ұйымдастырылуын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өз назарына алуы Ұлы тойдың дүркіреп өтуіне, мәдени маңыздылығының айрықша жоғары болуына ықпал етті.
Ал, жалпы, үкімет деңгейінде қабылданған қаулыда Абай, Шәкәрім жерленген Жидебай мен заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің туған жері Бөріліні көріктендіру, тарихи-мәдени мемлекеттік қорық құру, Ұлы Абайдың, ғұлама Шәкәрімнің кесенелерін салу, Семей-Қарауыл күре жолын жөндеу, Семей қаласы мен Абай ауданының орталығын абаттандыру сынды шаралар реті жазылған болатын.
1995 жыл елде Абай жылы болып жарияланды. Ұлы ақынның 150 жылдығы кең ауқымда атап өтілді. Маңызды шаралардың барлығы: шахмат турнирлері, спорт жарыстары, концерттер мен фестивальдар және Абай есімімен аталған шыңға шығу осы бастамамен өтті. Мерейтой Алматы және Семей қалаларындағы бұқаралық шаралармен қорытындыланды. Бұл той тәуелсіз Қазақстанда өткен ең ауқымды шара болды. Елімізге 25 елден мемлекет басшылары мен премьер-министрлері бастаған делегаттар келді. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен Абай күніне дүние жүзі үлкен маңыз берді. Оған республикадан ресми топ пен өнер қайраткерлерінің делегациясы қатысып, қазақ елінің ұлттық қолөнері мен көркемсурет туындыларының көрмесі, республикамызға танымал өнер тарландарының концерті ұйымдастырылды. Сол заман тұрғысынан қарастырсақ, мұндай шараларды өткізу жас мемлекетке оңайға түскен жоқ.
Осылайша, Еуропа төрінде де атап өтілген дүбірлі той тамыз айында Семей жерінде, Қарауылда жалғасын тапты. Тамыздың 10-ы күні ұлы баба есіміндегі музыкалық-драма театрында салтанатты жиналыс өтті. Салтанатты кештің соңында Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сахнаға көтеріліп, Семей еліне арнаған ыстық ықыласын, өз басын бүгін толқытқан ауқымды мәселелер жайында халқымен сырласқандай тебірене сөйлеген. «Абай — қазақ елінің бойтұмары, ары мен намысы»,– деді. Салтанатты жиынға келген құрметті қонақтардың ішінде аса жоғары мәртебелі ЮНЕСКО-ның бас директоры Фредерико Майор, Татарстан Республикасының Президенті Минтемир Шаймиев, т.б. көптеген жоғары лауазымды меймандар болды. Аталмыш шара барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз өкілеттілігінің алғашқы жылдарында тұңғыш рет көлемді түрде баяндама жасап, Абай хакімнің мәдени-рухани мұрасы туралы кеңінен баяндады.
Мерейтой жылы ақынның туған жерінде мемлекеттік тарихи-мәдени мемориалдық кешен ашылды, ал Қырғызстан, Ресей, Түркия, Қытай, Франция және Украинада қазақ ақынына арналған шаралар өткізілді. Дана кемеңгердің мерейтойы Қазақстанда ғана емес, Париж, Анкара, Дели мен Бейжіңде, Каир мен Будапеште аталып өтті.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы қазақ халқы бұрын-соңды көрмеген биік деңгейде өтті. Абай тойының ұлағаты мол болғаны анық.
Қуаныш Жолымбет, «Семей таңы» {jcomments off}