«Ежелден жері де бай, елі де бай, атағы аспандаған Тарбағатай» деп ақындар жырға қосқан Тарбағатай өңірі – төрт түлік малы мыңғырған, егіні қырда жайқалған, экономикалық-әлеуметтік даму деңгейі жағынан облысымыздағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Міне, осы ауданға еңбек жолын ветеринариялық учаскенің меңгерушісі болып бастап, уақыт өте келе ел басқару дәрежесіне дейін көтерілген азамат Серікқазы Құсайынұлы Садуақасовтың әкім болып қызметке келгеніне бір жылдың жүзі болыпты. Бір жыл, былай қарағанда, айтарлықтай көп уақыт емес, бірақ жұмыс істеймін деген адам үшін бұл аз уақыт емес. Осы өткен бір жылда өңірді одан әрі дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Аудан басшысымен бұл жолғы сұхбатымыз осы сауал төңірегінде болды.
— Серікқазы Құсайынұлы, бір жыл көп те емес, аз да емес, осы уақыт ішінде, өзіңіздің сөзіңізбен айтқанда, не істелді, не қойды? Әңгімені алдымен ауданның дәстүрлі шаруашылық жұмыстарынан бастасақ. Қандай маңызды жетістіктерді атап бере аласыз?
— Былтырғы жыл Тарбағатай ауданы үшін әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсіммен сипатталды. Аудандық бюджеттің меншікті кірістер көлемі артығымен орындалып, өсім 104 пайыздан асып түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі артты. Ауданның мал шаруашылығы тұрақты дамып, мал басының аман сақталуы қамтамасыз етілді. Ірі қара, қой, жылқы малы әжептәуір көбейді. Аудан бойынша 700-ге жуық шаруа қожалығы тіркеліп, төрт түлік малды тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілді. Сол арқылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың қатары толықты.
Ауданға мемлекеттік бағдарламалар негізінде бес жүз елу бас ірі қара малы және шетелден бір мың екі жүз бас асыл тұқымды ірі қара мал, сегіз мыңнан астам ұсақ мал сатылып алынды. Жайылымдарды суландыру, техникалар алу, ауыл шаруашылығы саласына тартылған қаржыны игеру өндіріс тиімділігін арттыра түсті. Егіншілік саласында атқарылған жұмыстар да тиісті жемісін берді. Дәнді дақылдар дер кезінде орылып, қоймаға құйылды, картоп, көкөніс, бақша өнімдері, мал азықтық жүгері, көп жылдық шөп күткендегідей өнім берді. Мал қыстату науқанына жақсы әзірлік жасалып, қыстама ойдағыдай өтті. Көктемгі мал төлдету науқаны да ойдағыдай ұйымдастырылып жатыр.
— Жаңа ортаға келіп жұмыс бастаудың өзіндік ерекшелігі болады ғой. Бөтен ел, бөтен жерде жұмыс істеу алғашында қиындық тудырмады ма?
— Әрине, қиындықтар кездесті. Барлық жұмыстың кілті қаржыға келіп тіреледі емес пе. Қазан айында облысымыздың әкімі Даниал Кенжетайұлының қабылдауында болдым. Ауданның жағдайына түсіністікпен қарап, тиісті қаржы бөлгізді. Қаражатты орын-орнымен жұмсаудың арқасында көптеген проблема шешімін тапты. Нәтижесінде жаңа жылды қарызсыз бастауға мүмкіндік алдық. Бүгінгі күні өз ақшамыз өзімізде. Қаржыны заңдылығына сәйкес пайдаланып, игілікті іске жұмсасақ, соның өзі үлкен жұмыс қой.
Тарбағатай жерін мекендеген халықтың еңбекшілдігі, ақ көңілі, бауырмалдығы, бір-біріне деген сыйластығы тәнті етті. Мені қуантқаны жатсынбай, жатырқамай, жылы қабылдағаны болды. Үржар ауданы орыс пен қазақ аралас қоныстанған жер ғой. Сондықтан болар, ондағы салт-дәстүр сәл де болса өзгешелеу. Әр адам өз елі, өз жері үшін жанын сала жұмыс істейді. Соны көрдім. Бұл жердің халқы өз орталарынан суырылып шыққан азаматтарын қатты құрметтейді екен. Таза көңілмен, шын пейілмен жұмыс істесең, халық лайықты бағасын береді ғой. Әзірге «Әй, сен сондай екенсің» деген сөзді әлі ешкімнен естіген жоқпын. Алға қойған мақсатым – халыққа ашық болып, адал қызмет ету, көпшілікпен ортақ тіл табысу, еңбек ұйымдастыруда дұрыс бағыт-бағдар беру. Басшы ретіндегі басты міндетім – ауданның экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту.
— Төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер қойылғанымен, ауданымызда өндіріс тоқтаған жоқ қой? Мал бағылып, егін егіліп жатыр. Солай емес пе?
— Өндіріс тоқтаған жоқ. Өндіріс саласы тоқтауға тиіс емес. Азық-түлік дүкендері сияқты ауыл шаруашылық техникаларының қосымша бөлшектері сатылатын орындар, жанармай құю бекеттері да бұрынғы қалпында жұмыс істеп тұр. Біздің ауданға жеңілдікпен 265 тонна жанармай бөлінген, соның тең жартысына жуығын жеткізіп алып, шаруашылықтарға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөліп беріп жатырмыз.
Егістіктің көлемі былтыр 12 мың гектар болса, биыл оны ұлғайтып, 16 мың гектарға жеткізуді межеледік. Өткен жылдан бері көп жылдық шөптің таңдаулы тұқымдарын егуді қолға алдық. Егістік көлемін арттырудың бірден-бір тәсілі ретінде егін егуге талаптанғандарға суармалы алқаптан жер телімдерін бөліп беру ісі жолға қойылды. Жобалар жасап, конкурстар өткізуге биыл он миллион теңге қаржы бөлдік. Қазір бірінші жоба аяқталды. Тілек білдіргендер 265 адам еді, биылғы жылы 80 адамға берілетін болды. Жерді осы күні жастар көп алып жатыр. Қалалардан көшіп келіп, жермен жұмыс істеуге, егін егуге, мал өсіруге ниеттілер бар.
— Былтыр бір жиында: «Бұл не болып барады өзі, зоотехникпен зоотехникше, агрономмен агрономша сөйлесе алмадық қой»,- деп қалдыңыз ғой. Оны біз осы саладағы мамандардың кәсіби деңгейіне, маман ретінде өз бетінше жаңалыққа талпынып, ғылыми ізденіспен жұмыс істей алмауына байланысты ренжіп айтқан пікірі деп түсінген едік. Шындығында солай ғой?
— Оны мен агрономдарымыздың кәсіби міндетіне немқұрайлы қарағанын көріп кейіген кезде айтқаным ғой. Өздері нені біледі, соны істеп жүре берген ғой. Агроном жылда не егетінін, қалай егетінін, оның тиімділігі қалай болатынын бағамдап, жұмыс жоспарын жасауы керек. Қандай өнім алады, тұқым сақтауы қалай болады? Осындай негізгі шаруаларға көңіл бөлмеген соң іс алға баса ма?
Егіншілік – ең пайдалы кәсіп. Соны жергілікті ағайындарымыз әлі де болса жете түсінбей келе жатқан сияқты.
— Неге олай дейсіз?
— Олай дейтінім, мысалы оңтүстіктен келген ағайындар жер өңдеп, бақша өсіріп, тұрмыстарын түзеп алды. Миллиондап табыс тауып жатыр. Мал шаруашылығында да шеттен келгендер табыс табу жағынан алда тұр. Шеттен көшіп келген қандастарымыз аз жылда алты жүз, жеті жүз бас қой жинап алды. Ол қайдан келді? Еңбектеніп, маңдай терін төгіп жүріп тапты. Соны ойлағанда тұрғындардың көбі әлі де болса табыс табудың жолын білмейтін сияқты көрінеді. Негізі, жерді пайдаланса, жерден өнім өндірсе, халықтың тұрмыс деңгейі жылдам көтеріліп кетер еді. Біздің өндірісіміз жерге байланысты болып тұр ғой. Мысалы, ақтық шөп шауып, бүкіл даланы шаңдатып шығамыз. Оның орнына соған житняк ексе, болмаса аздап көп жылдық шөп ексе, өнім өндіруге кететін шығын екі-үш есе төмен болады ғой. Екі – үш есе көп өнім алады. Егінді де солай істесек, халыққа соны жеткізе білсек деймін ғой. Мысалы, бұрынғы совхоз кезінде бірнеше мыңдаған гектар жерге егін егілді ғой. Ол кезде малдың басы да көп болды. Қазір ауданда мал басы аз деп айта алмаймын. Дегенмен сол кездегі технологияны, еңбек ұйымдастыруды қалпына келтірсе деп ойлайсың. Агрономдарымыз жермен жұмыс істеуге халықты жұмылдырып, қызықтыра білсе деген ой ғой менікі.
— Өткенде «Семей таңы» газетіне «Тоқанның диірмені» деген мақала жарияланды. Оны бұрынғы Ақсуат ауданының алғашқы әкімдерінің бірі болған Ермұхамбет Рахымжанов жазған. Мақала авторы кезінде сол ауылдағы совхозда бас инженер болып жұмыс істепті. Тоқан Тілеуов екеуі диірменді іске қосқан ғой. Жекешелендірудің өтпелі кезеңінде қазіргі Кұмкөл жерінде ауыл адамдарының қалай егін еккені, өсірген бидайды ауылдағы Тоқанның диірменіне тарттырып, өздерін ұнмен қамтамасыз еткені, қалай жол тауып шыққаны жайлы айтылады. Сол істі қайта жаңғыртса…
— Ол мақаланы оқыдым. Менің де ойым сол ғой. Жерге еңкейіп, тер төксе, халық байыса дейміз. Тағы да қайталап айтам, көбіміздің жермен жұмыс істегіміз келмейді. Мәселе сонда болып тұр. Жастарымыздың көбі қолындағы бес-он бас малына қарап отыра бергенді жақсы көреді. Жерден өнім өндіруге құлшынбайды.
— Егін егіңдер дейміз. Оны орып алатын техника аз ғой…
— Оныңыз рас. Техника тапшы екені шындық. Дегенмен де коммуналдық шаруашылықтарда аз да болса техника бар ғой. «Енисей» деген комбайн да бар Ақжарда. Күтім болмағандықтан бұзылып қалған. Оны жөндетіп қойдық. Биыл сол комбайнды ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы халықтың еккен егінін жеңілдікпен орып, жинап беруге пайдалансақ деген ойымыз бар. Халық егін егуге қалыптаса бастаса, ойланып көреміз. Техника болған соң халыққа пайдасы тиіп, өзін-өзі ақтауы керек.
— Жаңа бір сөзіңізде мал төлдету науқаны туралы айтып қалдыңыз…
— Иә. Кеше өзім тау жаққа барып келдім. «Көкжыра» өндірістік кооперативінде мал төлдетіліп жатыр. Соны көріп қайттым. Өткен жылы онда он төрт мың бас қой ғылыми әдіспен қолдан ұрықтандырылған болатын. Осы кооперативтегі қозылар мен меншіктегі малдардан туған қозыларды салыстырсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. Карантин аяқталғаннан кейін аудан бойыншы үлкен бір семинар өткізіп, малды ғылыми жолмен өсірудің артықшылығын көпшікке таныстырып, басқаларға үлгі етіп көрсететін боламыз.
— Жайлауды пайдалану, малды кең өріске шығару бұрынғыдай болатын шығар?
— Әрине, жазда жайлаудың мүмкіндігін пайдаланбай болмайды. Ауылдардан мал табындарын шығарып жатырмыз. Бойдақ малды бөлек бағу, сауын сиырларды ғана қолда алып қалу ісі бұрынғысынша жалғаса береді.
— Серікқазы Құсайынұлы, Сіздің ерте тұрып ауыл аралап, ел тіршілігімен танысатыныңызды тұрғындар жақсы біледі…
— Ерте тұру менде қалыптасқан дәстүр. Таңғы таза ауамен тыныстап, ауылды аралаймын. Ауыл адамдары ақырындап малдарын өріске шығара бастайды. Үлкендер кездессе, әңгімеміз жарасып қалады. Мысалы, абыз ақсақалдардың бірі Төлуғазы аға жасы сексеннен асқанына қарамастан ерте тұрады, өмірден көргені, тәжірибесі мол, өнегелі әңгімесі көп. Соңғы кезде ол кісіні көп көрмейтін болдым, шықпай жүр. Енді мен таңертең ерте велосипедпен жүруге көштім. Ауылдың таңғы тіршілігі қалай басталатынын көріп жүрмін. Біреу қорадағы малына қарау үшін ерте тұрып қимылдайды. Енді біреулер асықпайды. Өріске мал шығару да солай. Біреу сиырын далаға ерте айдап тастайды, енді біреу жай қозғалады. Мал кезекпен бағылмайды. Соның салдарынан малдың ұрлануы, қараусыз болғандықтан батпаққа түсіп кетуі сияқты жағдайлар орын алады.
— Ауыл ортасындағы арыққа су жіберу қолға алынған еді. Бұл мәселенің шешімі қалай балмақ?
— Ондай мәселенің болғаны рас. Ол кезде суды тұрақты бере алмадық. Ақсуаттың жоғарғы жағындағы қызылсу қаптайтын аймақты бекіткенде ұсақ арықтар жабылып қалды.
Бұл жұмыс тазалық айлығы аяқталысымен қайта қолға алынады. Ауыл әкімі Ғалымжан Нұғиевқа тапсырма берілді. Ауылдың қай көшелерімен арық өтетіні анықталып, бәрі зерттеледі, тұрғындардың бау-бақшасын ағын сумен суаруына жағдай жасайтын боламыз. Бұл — жалғыз Ақсуатқа ғана емес, ауданымыздаң көптеген елді мекендеріне де қатысты мәселе. Әр округтің әкімдері ауыл ішіндегі арықтарда су ағып жатуын қадағалайтын болады.
— Ауданды дамыту бойынша нақты қандай істер жоспарланып отыр?
— Тарбағатай ауданының 2020 — 2024 жылдарға арналған кешенді даму жоспары дайындалған. Осы кешенді жоспар 5 бөлімнен тұрады: агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту; туризмді дамыту; инфрақұрылымдық даму; әлеуметтік саланы дамыту. Жалпы алғанда, алдағы жылдар Тарбағатай ауданы үшін де жарқын даму жылдары болады деп сенімді түрде айтуға болады.
— Ауданда мал ұрлығы тыйылмай тұрған сияқты ғой. Ауылдардағы өзіңіздің есептік кездесулеріңізде де бірқатар азаматтар осы жағдайды мәселе етіп көтерді.
— Мал ұрлығы бойынша кейінгі 3 жылды алып саралайтын болсақ, бұл көрсеткіш аудан көлемінде жедел іздестіру мен алдын алу бойынша жүргізіліп отырған кешенді шаралардың арқасында жылдан – жылға азайып келеді. Мысалы, 2018 жылы 36 мал ұрлығына қатысты қылмыс жасалған болса, 2019 жылы 16 қылмыстық іс тіркеліпті, биыл жыл басынан бері тек осындай 2 оқиға орын алды. Мал ұрлығының басым көпшілігі тұрғындардың өздерінің малдарына ие болмай, жаз шыға далаға қараусыз, иесіз жіберуінің салдарынан болады. Бұл жағдай тұрғындармен кездесу жиындарында үнемі айтылып жүр. Мал жоғалмау үшін оған ие болып, бағу керек. Бұл мәселенің шешімі сол.
Мал ұрлығының алдын алу бойынша әрбір учаскелік полиция инспекторлары халықпен кездесіп, ауылдарда мал бағымын ұйымдастыруды бір жүйеге келтіру жөнінде ай сайын түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар өткізіледі. Ауылдық округте иесіз жүрген малдарды қамайтын он тоғыз айып тұрақ ұйымдастырылған, үй жануарларын ұстау ережелерін бұзғаны үшін елуден астам хаттама толтырылып, мал иелеріне ескертулер жасалды. Сонымен қатар мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудан көлемінде «Мал ұрлығы», «Соғым» жедел іс-шаралары ұйымдастырылып, жылжымалы мобильдік топтармен бекеттер қойылған. Мал ұрлығын болдырмау шараларының бірі — ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру бағыты бойынша да ауылдық округтер әкімдерімен және ветеринария мамандарымен бірлескен жұмыстар жүргізу жолға қойылған.
— Аудан халқы «Ақбұлақ» бағдарламасының игілігін көріп отыр ма?
— Өкінішке орай, барлығы емес. Биылғы жылы аудандағы 60 ауылдық елді мекеннің 45-і, немесе 75 пайызы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл Ойшілік ауылдық округіндегі Ақжал, Айнабастау, Кіндікті ауылдық округіндегі Алғабас, сонымен қатар Қарасу ауылдық округіндегі Жолқұрылыс ауылдарында су ұңғымаларын бұрғылау, блок-модульды станциялар орнату жоспарланып отыр.
Ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы «Екпін ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту», «Ақмектеп ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы», «Маңырақ ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту» жобалары бойынша нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.
— Шағын және орта бизнестің даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?
— Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың іс–шара жоспарына сай, өткен жылы ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шаруашылықтарын кеңейтіп, мүліктерін жаңартуға және сауда орындарын жасақтауға қолайлы жағдайлар жасалды.
Аудан бойынша 3300-ден астам шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Өткен жылы жаңадан сегіз сауда дүкені, екі қоғамдық тамақтану орны, үш шағын наубайхана іске қосылды. Жалпы, кәсіпкерлік саласы бойынша 40-қа жуық жұмыс орындары ашылды. Ақсуат, Ақжар және Тұғыл ауылдарында ауданның барлық тауар өндірушілерінің қатысуымен жиырмадан аса жәрмеңке өткізіліп, жергілікті жерде өндірілген өнімдер негізгі саудадағы бағадан он — он бес пайыз төмендетіліп, халыққа қолжетімді бағада саудаланды.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бірыңғай бағдарламасы бойынша «Бота» ЖШС 58,7 млн теңгенің техникасын алып, 5,6 млн теңгенің субсидиясына қол жеткізсе, «Інжу» шаруа қожалығы «Даму» қорынан мал шаруашылығы үшін 3,5 млн теңге несие алып, бағдарлама арқылы 1 млн 700 мың теңгенің кепілдендіру қаржысына ие болды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
— Денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін не істеліп жатыр?
— Медициналық қызметтің сапасы, әрине, дәрігерлердің біліктілігіне және ауруханалар мен емханалардың заманауи жабдықтармен жабдықталуына тікелей байланысты. Соңғы жылдары мамандардың тапшылығы қатты сезілетіндігі рас. Көптеген медицина қызметкерлері зейнеткерлікке шықты. Олардың орнын басатын мамандармен толыққанша біраз уақытты өткіздік. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан оң реформалардың арқасында дәрігерлер қағазбастылықтан құтылып, науқасты мұқият емдеуге кірісті десек, артық айтқандығымыз болмас. Дәрігерлердің жалақыларының кезең-кезеңмен өсірілуі де медицина сапасына оң әсер етіп келеді. 2019 жылы аудандық ауруханаларға жаңадан медициналық жабдықтар, заманауи анализаторлар алынды. Жас мамандардың білімін үздіксіз жетілдіру мәселесі де назарымда. Биылғы жылы алты дәрігерді шетелде оқыту жоспарланып отыр. Басқа да дәрігерлерді білімін жетілдіру курстарынан өткізудің жылдық жоспары жасалып, бекітілген.
Аудандық орталық және ауданаралық аурухана мамандары өткен жылы 47 адамға жоғары мамандандырылған кардиохирургия, ортопедия сияқты медициналық көмек көрсетті. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде Тарбағатай аудандық орталық ауруханасы мен ауданаралық ауруханада халыққа кезек күттірмей шұғыл медициналық көмек көрсететін қабылдау бөлімшелері ашылды. Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында «Дамумед» мобильді қосымшасы енгізіліп, аудан жұртшылығы медициналық қызмет түрлерін алудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізді.
— Дәрігерлеріміздің біліктілігін арттыру назардан тыс қалмаған шығар?
— Бізде бұл салада маман тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып келеді. Жыл ішінде аудандық ауруханаға екі терапевт, бір педиатр, бір хирург, бір стоматолог мамандары, ауданаралық ауруханаға бір жас маман — педиатр келіп, қызмет атқаруда. Жас дәрігерлердің ауылды жерде тұрақтап қалуы үшін әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй және көтерме жәрдемақы берілді. Қазіргі таңда ауданымызға акушер-гинеколог, педиатр, сәулелі диагностика дәрігері, психиатр мамандары жетіспейді. Мамандарды ауданға жұмысқа шақыру үшін медициналық жоғары оқу орындарына сұраныс жасаймыз және бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз.
— Қазір интернетсіз, ұялы байланыссыз шаруа бітпейді. Қашықтықтан білім беру тағы бар. Осы орайда Тарбағатайдағы жағдай туралы не айтар едіңіз?
— Интернет желісіне қол жеткізу білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуге жол ашады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатқаны баршаға мәлім. Соған байланысты елді мекендерді интернет қызметтерімен қамтуға байланысты жоспарлы жұмыстар біздің ауданымызда да жүргізілуде.
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің ауылда кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша өткен Үкімет отырысында берген тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың аяғына дейін тұрғындарының саны 250-ден асатын 880 ауылдық елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылатыны жайлы айтылған болатын. Олардың қатарында біздің ауданның Қызылкесік, Үштөбе, Кіндікті, Жаңаауыл ауылдары да бар.
— Есіңізде болар, Үштөбе ауылындағы кездесуде тұрғындар «Ақшасын уақтылы төлеп отырсақ та телефон жиі-жиі өшіп қала береді, мұнда орнатылған станцияның күші жетпейтін көрінеді, керек кезде телефонды пайдалана алмай жатамыз, интернет пен ұялы байланыс деген не екенін мүлдем білмейміз» деген мазмұнда шағымдарын айтып, сұрақ қойып еді, осы мәселе қалай шешіліп жатыр?
— Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардағы халықтың телефон байланысы мен интернет желісіне қатысты мәселесін шешу мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында Шығыс өндірістік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ермек Қуанышбековке интернет желісі мен «Altel» ұялы байланысын орнатуға ықпал жасау туралы ұсыныс жасалып, осы бағытта келіссөздер жүргізілуде.
— Тарбағатайлықтардың орындалмай келе жатқан бір арманы көгілдір отынға қол жеткізу екенін жақсы білесіз. Осы жайлы айта кетсеңіз…
— Ауданның 8 ауылына (Тұғыл, Ақжар, Жаңатілеу, Қарасу, Қабанбай, Ақмектеп, Шолақорда, Ақсуат) магистралды газ құбыры желілерін тартуға жобалаушы ұйым — «КАТЭК» ЖШС (Өскемен қаласы) тарапынан «Сарыбұлақ — Ақсуат» бағытында жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл жобаның жүзеге асырылуы уақыт еншісінде.
— Журналистердің сұхбаттың соңында әңгімелесушіге қоятын бірер дәстүрлі сұрағы болады. Ең бір қуанған кезіңіз бен аса бір ренжіген кезіңізді еске түсіріңізші…
— Қуанған кездер көп қой. Халық мәселе етіп көтерген әрбір проблеманың шешімі табылып жатса, сол халықпен бірге қуанасың. Көптің тілегі орындалғандағы қуаныштың орны бөлек. Былтыр, мысалы, Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік балуандар бәсекесі жоғары деңгейде өтті, бұл ауқымды шараны бірнеше мыңнан астам адам келіп тамашалады. Көгілдір экран арқылы дүние жүзіне көрсетілді. 140 шақырымдық аламан бәйге мен «Туған жерге туыңды тік» халықаралық ақындар айтысы бірге өткізілді. Соның бәрі қуаныш. Ал енді екінші сұрағыңызға келсек, өмір болған соң ренішсіз болмайды ғой. Ренішті еске түсірмей, қуанған шақтарымызды айтып жүре берейік дегім келеді. Қуаныш көп болсын!
— Әңгімеңізге рақмет, Серікқазы Құсайынұлы, жұмысыңызға тек сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Хамза СӘТИЕВ, «Семей таңы»{jcomments off}