Бүгінгі Аягөз ауданы — қоғамдық өміріміздің барлық саласында да қарыштап дамудың өзіндік үлгісін көрсетіп келе жатқан, өндірісі де, шаруашылығы да өрге басқан өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілген халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар да нәтижелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл ретте өткен жыл аягөздіктер үшін тың тартуларға, айрықша жаңалықтарға толы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Аягөз ауданында қадау-қадау шаралар жүзеге асырылғанымен, карантиндік шектеулер жағдайында атқарылған істердің жөні бір бөлек. Өткен жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған тұрғын үймен қамту ісі өңірде қарқынды жүргізілді, сондай-ақ өндіріс пен мал басын арттыруда да оң өзгерістер орын алды. Осы орайда атқарылған істер мен таяу болашаққа жоспарлары жайында Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақовтан арнайы сұхбат алған едік.
— Сейілбек Абұйырұлы, Сіз Аягөз ауданының әкімі қызметіне елімізде карантиндік шектеулер енгізілген ең бір күрделі кезеңде келдіңіз. Пандемияға байланысты қашықтықтан жұмыс жүргіздіңіздер. Осы жағдайдың жұмыс сапасына әсері болды ма? Өткен жылды қалай аяқтадыңыздар?
— Барлығымызға белгілі, әлемді дүрліктірген пандемия біздің ауданды да айналып өткен жоқ. Өткен жылдың маусым айынан бастап барлығы 657 адам дертке шалдықса, соның ішінде алты адам, өкінішке орай, бақилық болды. Қазіргі таңда ем қабылдап жатқандар да бар.
Жалпы, әлемдік індетке қарсы күреске барлық аудан тұрғындары атсалысты деп айтуға болады. Әсіресе медицина, полиция қызметкерлерінің, волонтерлер мен кәсіпкерлердің еңбегі зор. Шынын айту керек, пандемияның алғашқы толқынында ауданда COVID-19 дертіне көп адам шалдығып, облыс көлемінде алғашқы үштікте тұрдық. Облыс әкімінің бастамасымен осал тұстарымызды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қолданғанның нәтижесінде бүгінгі күні жағдай тұрақталды.
Қашықтықтан жұмыс жүргізудің де өз қиындықтары болды. Алайда, пандемияға қарамастан, жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсы деңгейде.
Аягөздіктер өткен жылды, қиындықтарға төтеп бере отырып, табысты қорытындылады деуге негіз бар. Әсіресе ауданның экономикалық әлеуетін арттыруда, әлеуметтік саланы жақсартуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алдық. Атап айтсақ, негізгі көрсеткіш саналатын өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 172383,4 млн. теңгені құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама артты. Яғни, қаржылай кіріс те ұлғайды.
Бір атап өтер жайт, соңғы жылдарда ауданымыз бойынша тау-кен өнеркәсібінің өндірістегі үлесі әлдеқайда артып келе жатыр. Бұл орайда, сөзіміз дәлелді болуы үшін, сандарды сөйлетуге тура келеді. Аталмыш сала бойынша өндіріс көлемі алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен алғанда 9811,4 млн. теңгеге артып отыр. Яғни, өсу қарқыны жүз пайыздан асты. Аудандағы жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде сала бойынша көрсеткіш биыл да ұлғая түседі деген үміттеміз. Оған мүмкіндігіміз де жеткілікті.
Ауданымыз бойынша өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі де артып, одан түсетін таза пайданың көлемі ұлғайып отыр. Бұл сала бойынша да өсу қарқынын жоғарылата алдық.
Ауданның экономикалық тұрғыда дамуында негізгі тірек саналатын ауыл шаруашылығы саласына тоқталмай кетуге болмайды. Өнімнің жалпы көлемі өткен жылы 34895,9 млн. теңге құрап, өсу қарқыны 113,1 пайызға жетіп отыр. Карантиндік шектеулер жағдайында бұл, әлбетте, елеулі көрсеткіш саналады десек, қателеспейміз.
Өткен жылы, әсіресе, ірі қара малының саны айтарлықтай артты. Оның ішінде жылқы түлігі мен мүйізді ірі қараның үлесі біршама жоғары. Яғни, аягөздік шаруалардың осы түлік түрлерін өсіруге, асылдандыруға елеулі түрде ден қойғанын аңғаруға болады. Сол сияқты Аягөз өңірі үшін өсіруге өте қолайлы саналатын қой-ешкінің басы да артып отыр. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді игерудің нәтижесінде жүзеге асып отыр деп білеміз.
Ата кәсібіміз саналатын мал шаруашылығы аягөздіктер үшін негізгі табыс көзі екендігін жоғарыда айтып өттік. Яғни, төрт түліктен алынатын өнім көлемін арттыру — қазіргі күннің талабы. Өткен жылы тірі салмақтағы ет өндірісі 832,3 тоннаға артқанын айта кету орынды. Сол тәрізді сүт өндіруде де ілгерілеушілік жоғары болып отыр. Бұл жетістіктерге жергілікті шаруалардың жыл бойғы ерен еңбегінің, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалынып отырған қолдаудың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.
— Соңғы жылдары Аягөз ауданы көлемінде, әсіресе Аягөз қаласында құрылыс саласының қарқын алып келе жатқанын байқаймыз…
— Иә, пікіріңіз орынды. Облыс әкімі Даниал Ахметов әсіресе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар мен көп балалы жанұяларды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үйлер салуды алдыңғы кезекке қойған болатын. Бұл мақсатта карантиндік шектеулерге қарамастан біршама жұмыстар жүзеге асырылды. Мысал ретінде тоқтала кетейін, өткен жылы ауданымыз бойынша атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 50585,1 млн. теңгені құрап, өсу қарқыны жүз пайыздан асты. Яғни, ауданымызда жалпы көлемі 25 376 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырмалы түрде алғанда әлдеқайда жоғары болып отыр.
Жалпы, «Құрылыс – өңірдің экономикалық барометрі» деген қалыптасқан қағида бар. Осы тұжырымға сүйенсек, Аягөз ауданының әлеуметтік-экономикалық қуаттылығы біртіндеп артып келе жатыр деуге толықтай негіз бар. Айта кетерлігі, бұл бағыттағы жұмыстарды биылғы жылы да өз мәнінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, алдағы уақыттарда да қоныс тойын тойлайтын отбасылар саны арта түспек.
— Аудан бойынша жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
— Жергілікті халықты жұмыспен қамту — күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл орайда айта кетсек, өткен жылы жүзеге асырылған бірқатар шаралардың нәтижесінде қазіргі таңда ауданымыз бойынша жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субьектілерінің саны 136-ға артты. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметке сәйкес, ауданымызда есепте тұрған жұмыссыздардың саны да біршама қысқарып, жаңадан 373 жұмыс орны ашылды. Өткен жылдың басынан бері 1608 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жалпы, бұл бағытта әлі де болса жұмыс жүргізу қажет. Тұрғылықты халықты жұмыспен қамту, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту атқарушы биліктің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
— «Біз біргеміз!» атты республикалық акция қиын сәтте халықтың бірлігін сынақтан өткізді. Бұл орайда аягөздіктердің белсенділігі қалай болды?
— Сауалыңыз орынды. Бірден айта кетейін, қазіргі таңда Аягөз ауданында волонтерлер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Еріктілер қатарына қосылуға ынта білдірген жастар саны да артуда. Қазіргі таңда ауданымызға қарасты барлық білім беру мекемелерінде 37 еріктілер тобы жұмыс істеуде. Бұл өте үлкен күш.
Осы орайда аудан әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының бастамасымен белсенді жастардың жұмыстары үйлестірілуде. Бәлкім, соның нәтижесінде болар, қазіргі күні ауданымыздағы еріктілер саны 860 адамға жетті. Әрі олардың қатары күннен күнге көбеюде.
Өткен жылдың басынан Bizbirgеmiz акциясы аясында ауданның белсенді азаматтары, оның ішінде кәсіпкерлер, жастар, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жекелеген ұжымдар мен мекемелер басшылары жүзден астам іс-шараға қатысып, денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық құралдар тапсырды. Сол уақыттары аса қажет болған өкпені жасанды желдету аппараттары сатылып алынды. Мұнымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек, азық-түліктей көмек көрсетілсе, ерікті жастар жалғыз басты аналарымыз бен қарттарымыздың тұрмысына қолғабыс жасады.
Сөз орайында айта кеткен жөн болар, Bizbirgеmiz жалпыұлттық жобасын іске асыруда белсенділік танытқан волонтерлер арасында онлайн-конкурс ұйымдастырылған болатын. Осы байқаудың нәтижесінде «Ең үздік волонтерлік топ», «Пандемиямен күресте белсенділік көрсеткен волонтер», «Жылдың ең үздік волонтері» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, Еріктілер жылының қорытындысында бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарымды табыстадым.
Еріктілердің еңбегі, әлбетте, бағалауға, марапаттауға лайық деп білемін. Алдағы уақытта да волонтерлерге жан-жақты қолдау жасап, ауданымызда еріктілер қозғалысын дамыта беретін боламыз.
— Таяуда аудан халқы алдында алғашқы есебіңізді бердіңіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ерекше назарда ұстап отыр. Бұл орайда биліктің халыққа жақын болуы аса маңызды деп ойлаймыз. Өзіңіз халыққа жақын басшылардың қатарынансыз ба?
— «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған негізгі, аса маңызды бағыттардың бірі. Осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар аштым. Аталған парақшаларда тұрақты түрде аудан тұрғындарын атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, оған қоса жазылған пікір, ұсыныстар және жеке хабарламаларға жауап жолдап, ұдайы назарымда ұстап келемін. Келіп түскен өтініш, шағымдар бойынша жұмыстар жүргізу мақсатында тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар беріп отырамын.
Жалпы, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуда әлеуметтік желілердің маңызы зор екендігі күннен-күнге дәлелденіп келеді. Бұл орайда аягөздіктерді өте белсенді деуге болады. Қаланың тазалығы, абаттандырылуы, ауыз су, жылумен қамту және өзге де мәселелерге биліктің назарын аударып, жеке парақшамда пікір қалдырып отыратын жерлестерімді туған өлкелерінің патриоттары дер едім.
Сөз орайында айта кетейін, ашық диалог алаңында халықпен кері байланыс орнату қағидасын ұстана отырып, аудан тұрғындарына есеп беру кездесуімді жуырда онлайн форматында Zoom платформасы және әлеуметтік желілер арқылы өткіздім. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жолданған сауалдар мен айтылған пікірлерге жауаптар берілді. Аягөздіктердің көтерген мәселелері мен өтініштерін алдағы уақыттағы жұмысымда назарымда ұстайтын боламын.
— Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы ауылдық елді мекендерді дамытуға айрықша мән беретіні белгілі. Аягөз ауданында шалғайда орын тепкен елді мекендер көп қой. Биылғы жылы қандай жұмыстар межеленіп отыр?
— Иә, өткен жылы ауданымызда Даниал Кенжетайұлының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жобалар іске асырылды. Соның нәтижесінде абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары жандана түсті. Аягөз қаласының 11 көшесіне толықтай асфальт төселді. Мердігер компаниялармен меморандум жасалып, қосымша екі көшеге асфальт, тағы жеті көшеге құм төсеу жұмыстары сәтімен іске асырылып, межелі мерзім ішінде аяқталды.
Сонымен қатар Шұбартау өңірі мен шалғайдағы шағын ауылдар да назардан тыс қалмайтынын айта кету керек. Мысалы, Ақтоғай және Қосағаш ауылдарының көшелеріне жалпы көлемі 126 млн теңгеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың көңілінен шықты, сапасы да жоғары деңгейде.
Дегенмен мұнымен тоқтап қалмай, әлі де болса жұмыс қарқынын арттыру міндеті тұр. Ағымдағы жылы, тұрғындардың өтініштеріне орай, Аягөз қаласының тағы 12 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді межелеп отырмыз. Жаңа көше, Терешкова, Қошқарбаев, Жүнісов, Жолдасовтар, Кудерин, Маяковский, Нұғыманов, Аққожа би, Ғаббасов, Молдагулова, 7 кварталдағы көше қиылыстары қалыпқа келтірілмек. Мұнымен қатар, тағы да жеті көшеге тас-құм төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жалпы, қала көшелерін жөндеуден өткізу, көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары мен саябақтарын абаттандыру мақсатында биылғы жылы да жоспарлы жұмыстар жүргізуді көздеп отырмыз. Аталмыш бағыттағы жұмыстар негізінен жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып жүргізілмек. Осылайша, қаламыздағы талай уақыттан бері шешімін таппаған көптеген мәселелерге соңғы жылдары нүкте қойылуда.
Өткен жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданымызға қарасты Ақтоғай кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген болатын. Бұл әсіресе жастар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты түрде шұғылдануына жол ашады. Сонымен қатар, аталған нысанның пайдалануға берілуі 20-дан астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.
Жалпы, биылғы жұмыстарға тоқталар болсақ, ағымдағы жылы Аягөз қаласындағы Шакенов көшесінің бойынан салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобалық — сметалық құжаттары әзірленуде. Жүзу бассейнін салу бойынша құжаттар әзірленіп, облыстық бюджетке сұраныс жіберілді. Сәтін салса аталмыш жобалар нақты іске асырылады деген сенімдеміз. Мұның барлығы аудан халқының спортпен тұрақты айналысуына, денсаулықтарын нығайтуға жасалып отырған мүмкіндік.
Ауыл халқын алаңдататын басты мәселе ауыз су десем, қателеспеспін. Бұл мәселені шешу үшін де көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, Ақшәулі ауылында су бөгеті құрылысын және су құбыры желілері салынып, қазіргі уақытта ауыз су халыққа тәулік бойы берілуде.
Сол тәрізді «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы Мамырсу ауылдық округінің Батпақ елді мекенінде, Ақши, Айғыз, Баршатас, Емелтау, Нарын, Сарыарқа, Тарбағатай және Бидайық, Қосағаш, Мәдениет ауылдарындағы орталықтандырылған су жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындарға ауыз судың үзіліссіз берілуіне қол жеткіздік.
Бұған қоса өткен жылы облыстық бюджет есебінен Ақтүбек, Аққілет, Қопа, Қарабұлақ және Желдіқара елді мекендеріне блокты-модульді станциялар орнатылды.
Сонымен қатар, мердігер компаниялардың жауапсыздығынан Ай және Қопа ауылдарында аяқталмай қалған су бөгеті құрылысын және су құбыры желілерін салу жұмыстарын жалғастыру мақсатында қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Биылғы жылы Аягөз қаласының 37 көшесінде ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілетін болады. Ағымдағы жылы қаланың Солтүстік мөлтек ауданындағы 167 тұрғын үйді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құны 103 млн. теңгені құрайтын жоба іске асырылмақ.
Ал Шұбартау өңірінедегі Байқошкар және Қорық ауылдарында су бөгеті құрылысын және су құбыры желілерін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясымен келісілді. Қазіргі таңда бұл жоба сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ, биылғы жылы жылы Ай, Ақтас, Биесимас, Ортаарал, Ақшоқы және Ескенебұлағы елді мекендерінде блокты-модульдік станцияларын орнату көзделіп отыр. Бұл жоспарымызды жүзеге асырар болсақ, ауданымыздағы ауыз суға зәру елді мекендер санын біршама азайтар еді.
Биыл сонымен қатар облыс әкімі Даниал Ахметовтің бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Шұбартау ауданының орталығы болған Баршатас ауылдық округінде де көптеген жобалар қолға алынбақ. Осыған орай ағымдағы жылдың қаңтар айының соңында ШҚО әкімінің орынбасары С.Нұрбаев, 18 ақпан күні облыстық мәслихат хатшысы Д.Рыпаков бастаған арнайы топ — білім, мәдениет, денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, Аягөз ауданына іс-сапармен келген болатын. Қазіргі таңда аталған тапсырма аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
— Мал басын арттыру мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайлы айтып өтсеңіз…
— Ауыл шаруашылығы — материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Ол халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жер көлемі жөнінен шығыстағы ірі аудан саналатын Аягөз өңірінде бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Атап айтсақ, Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі уақытта барлығы 2 млрд 509 млн 600 мың теңгенің қаржысы тартылды. Оның ішінде қайтарымсыз қаржы субсидияның да көлемі аса жоғары болып отыр. Яғни, жергілікті шаруалар жанды қолдауға ие.
Мәселен, 62 шаруа құрылымдары 579 млн. 200 мың теңгеге ауыл шаруашылық техникаларын алды. Бұл ретте ауданымызға жаңадан 57 трактор, бір тиегіш және 67 өзге де техника келді.
Сонымен қатар «Жайылымдарды суғару» бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» несиелеу бағдарламасы да іске асырылуда. Соның нәтижесінде, яғни шаруаларға қаржылай қолдау көрсетудің арқасында мал басы еселеп өсіп келеді. Мәселен, «Аягөз несие» серіктестігі арқылы «Іскер», «Агробизнес», «Агротехника» бағдарламалары аясында ауданымыздағы мал өсіруді кәсіп еткен азаматтар жалпы 284 млн. 500 мың теңгенің шағын несиесін алды. Бұл тараптағы жұмыстар биылғы жылы да өз мәнінде жүргізілетін болады.
— Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бөлігін баспанамен қамту – күн тақырыбында тұрған мәселелердің бірі. Аягөз ауданында бүгінгі күнге дейін осы орайда қандай жұмыстар атқарылды? Үй кезегінде қанша адам тұр?
— Аудан орталығы Аягөз қаласында соңғы елу жылдың көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрған жанұялар мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында жұмыстар жүргізілген жоқ десем, артық айтқандық болмас.
Өткен жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Аягөз қаласындағы бес қабатты 60 пәтерлі екі тұрғын үй және облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған көп балалы аз қамтылған отбасыларға арналған «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы аясында бой көтерген екі пәтерлі он тұрғын үй өз иелерін тапты. Аталған баспаналарды қолданысқа беру арқылы кезекте тұрған 1162 адамның 140-ын тұрғын үймен қамтыдық.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін тұрғын үй салу жұмыстары биыл да жандана түсетін болады. Ағымдағы жылы екі бес қабатты 60 пәтерлі, сондай-ақ «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы аясында және «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ арқылы несиелік тұрғын үйлер салу көзделіп отыр.
— Ауылдық елді мекендерді ғаламтормен және ұялы байланыспен қамтуда аудан бойынша өткен жылы біршама жұмыстар жүргізілгеніне куәміз. Биыл қандай шаралар атқарылмақ?
— Иә, Аягөз ауданын интернетпен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар басталған болатын. Өткен жылы қарқын алған шараны биыл да жалғастырамыз.
Мәселен, мобильді операторлармен келіссөздер жүргізіліп, биылғы жылдың өзінде ауданымызға қарасты Малкелді және Байқошқар ауылдық окургтерінде 4G, Тарбағатай, Майлин, Мыңбұлақ ауылдық округтерінде 3G интернет желісі тартылды. Сондай-ақ Қарағаш және Емелтау ауылдарында байланыс құрылғылары орнатылуда.
«Транстелеком» АҚ мекемесімен келісе отырып, Тарлаулы ауылының әкімшілік ғимараттарынан бөлек, қосымша осы ауылдың 80-ге жуық тұрғыны жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Бұл әсіресе қашықтан оқып жатқан мектеп оқушылары мен ұстаздар үшін тиімді болды.
Қазіргі уақытта Аягөз ауданы бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Байқошқар, Малкелді, Мәдениет, Өркен, Айғыз, Нарын ауылдық оркругтері «Қазақтелеком» АҚ-ның оптикалы талшықты интернет желісіне қосылды. Интернетке қосылу жылдамдығы 10-50 мегабит/сек дейін жетеді.
Сонымен қатар, шалғай ауылдарда электронды мемлекеттік қызметтер көрсету орталықтары іске қосылуда. Өткен жылы Қосағаш, Бидайық, Мәдениет, Айғыз, Тарбағатай ауылдарында заман талабына сай Электронды мемлекеттік қызметтер көрсету орталықтары іске қосылды. Орташа есеппен орталық арқылы ай сайын 120 дан астам электронды қызмет көрсетіледі. Осындай электронды мемлекеттік қызметтер көрсету орталықтары Ақтоғай кенті, Баршатас, Ақши ауылдарында бар. Алдағы уақытта өңірдегі Ақшәулі, Өркен және Сарыарқа ауылдарынан ашу жоспарлануда. Бұл ауыл тұрғындарына үлкен көмек болар еді.
— Мектептерде қашықтан білім беру қалай жүргізілуде? Аудандағы мектеп бітіруші түлектердің 2020 жылғы ҰБТ-дағы көрсеткіштері қандай?
— Карантиндік шектеулер жағдайында, сапалы білім берумен қатар, ұстаздар мен балалар денсаулығы да назарымызда болды. Ауданымыздың білім беру мекемелері қашықтықтан оқытуды жүйелі жүзеге асыру мақсатында тиімді жұмыстар жүргізді. Қазіргі шектеу шараларына байланысты ауданымыздағы барлық білім беру мекемелері «DarynOnline», «OnlineMektep.org» білім беру интернет платформаларымен арнайы келісімшартқа отырған. Сол тәрізді әр пән бойынша өткізілетін білім сайыстары да қашықтықтан ұйымдастырылуда.
Өткен жылы өңірімізде 673 оқушы мектеп бітіріп, оның 92%-ы ҰБТ-ға қатысты. Нәтиже жаман емес. Дегенмен аудан ұстаздары білім сапасын арттыру бағытында әлі де жұмыс жүргізуі тиіс.
Бүгінгі күні көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға облыс әкімінің қолдауымен арнайы компьютерлер берілді. Республикалық және облыстық бюджет есебінен де компьютерлер мен планшеттер, модем-роутерлер алынған болатын.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы оқушылар мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан демеуші кәсіпкерлерімізге де алғыс айтамын.
Биылғы оқу жылында ауданымыздағы білім беру мекемелері толықтай жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағалануда.
— Сұхбатымыздың соңында коронавирус инфекциясының алдын алуда Аягөз ауданында атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып өтсеңіз. Елімізде өткен айда бастау алған вакцинациялау науқанына дайындық барысы қандай?
— Қазіргі таңда ауданымыздағы медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі өте жоғары, қосымша қажетті құрал-жабдақтар алдық. Дәл қазіргі күні, әсіресе, коронавирус инфекциясын емдеуде мұқтаждық жоқ. Қажетті төсек мониторлары, инфузиялық сорғы, рентген, ӨЖЖ аппараттары мен оттегі концентраторлары және медициналық функционалдық төсек, пульсоксиметрлер жеткілікті.
Бұл шаралардың сыртында арнайы мобильді бригадалардың саны да арттырылды. Медициналық көліктеріміз де жеткілікті. Ал, дәрілік препараттардың 30 күндік қоры бар.
Жалпы ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу маңызды екендігі белгілі. Қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз етуде мобильді мониторингтік топтардың жұмысын ерекше атар едім. Аягөз ауданы бойынша жеті мобильді топ құрылған. Мобильді топтар аудандағы кәсіпкерлік нысандарға, қоғамдық көліктерге жиі рейд жүргізеді. Аягөз қаласынан алты бағытқа жүретін қоғамдық көліктер де үнемі тексерілуде. Аудан тұрғындарын қауіпті індеттен сақтандыру мақсатында құрылған мониторингтік топтар, дәрігерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлері халықты карантиндік талаптарды орындауға шақырып, ескертулерін әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап келеді.
Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді міндеттеді. Ел Президенті педагогтер мен оқушылардың, студенттердің өзара іс-қимылына, оқу процесін қашықтықтан ұйымдастыруға қатысты тапсырмалар берді. Аталған тапсырмалар аясында тиісті жұмыс атқарылуда. Соның нәтижесінде болар, ауданымыздағы коронавирус сырқатын жұқтырған науқастар саны уақыт өткен сайын азайып келеді.
«Бақыт қайда барасың дегенде, ынтымағы ұйыған ортаға барамын» депті ғой. Кемел келешек пен жарқын болашақтың бастауы тұрақтылық пен береке-бірлікте екенін мұнан артық түсіндіру мүмкін емес. Өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар ауқымды. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Президентіміз мерейтой жылында әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажеттігін айтқан еді. Осы ретте қолға алынатын жобалар да аз емес, биылғы жылы да халықтың тұрмысын түзетуге мән беретін боламыз. Жұмыс нәтижелі болуы үшін аудан тұрғындары алдағы уақытта да аға-бауырдай береке-бірлікпен еңбек етуі қажет.
— Сұхбатыңызға рақмет! Ел игілігі жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз. Аягөз ауданы көркейе берсін!{jcomments off}