Нұрымбет Сақтағановтың Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына 25 мамырда төрт ай болады. Төрт ай бір қарағанда көп уақыт та емес. Алайда жаңа әкімнің Семейдегі қызметінің қарбаласқа толы болғаны көзі қарақты оқырманның назарынан тыс қалмаса керек… Бос уақытының тапшылығына қарамастан 20 сәуір күні Нұрымбет Аманұлы БАҚ өкілдерімен кездесуге уақыт тауып, биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Қала әкімі алдымен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып өтті.
— 2021 жыл атаулы даталарға толы. Соның ішінде ең бастысы және маңыздысы — тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Бұл кезең — өткенді саралап, болашаққа нық қадам бастайтын кез.
Әлемге тараған індет салдары бізді де айналып өтпеді. Коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында шектеу шаралары жалғасуда. Дегенмен аталған жағдайлардың күрделілігіне қарамастан ағымдағы жылдың 4 айында қала экономикасының негізгі көрсеткіштерінде айтарлықтай өсу динамикасы байқалады, — деді қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Дегенмен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 4,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда 16,1%-ға азайып отыр.
— Өндіріс көлемінің төмендеуі «Прииртышская бройлер құс фабрикасы» ЖШС-нің сою алаңын және құс өсіруге арналған ғимараттарды қайта құруы есебінен құс еті өндірісінің төмендеуімен тікелей байланысты,- деді қала әкімі.
Шаһар басшысы атап өткендей, өткен жылы көппәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үй (4-уі жалдамалы, 5-уі кредиттік, 9-ы коммерциялық) пайдалануға беріліп, 1133 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Олардың ішінде 78 пәтер көпбалалы отбасына, 44 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, 26 пәтер балалар үйінің түлектеріне берілген.
Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің бастамасымен Комсомол кентінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Аталған ауданда алғашқы 10 жеке тұрғын үй салынып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді. Биылғы жылы мұнда жалпы ауданы 11 мың шаршы метр болатын 125 үй салу жоспарда бар. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін қалада 64 пәтерлі 1 жалдамалы үй және 981 пәтерлі 14 кредиттік үй пайдалануға берілмекші. Биылғы жылдың өзінде жыл басынан бері 54 азамат баспанамен қамтылыпты. Оның ішінде 11 пәтер кілті жетім балаларға, 36 пәтер көп балалы отбасыларға, 7 пәтер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға табысталған. Мамыр айының соңына дейін тағы 72 отбасы баспаналы болады.
— Өмір сүруге қолайлы жағдай жасаудың басты шарттарының бірі — инженерлік, коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын жақсарту. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ең маңызды міндеттердің бірі — тұрғындарды таза ауыз сумен қамту көлемін арттыру. Осы мақсатта біз биылғы жылы Шақаман және Абыралы ауылдарында сумен жабдықтау желілерінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Ал Жазық, Таңат, Баженово және Клементьевка ауылдарында блокты-модульдік станциялар орнатылады. Біздің алдымызда 2025 жылға қарай аймақтың барлық тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір 9 су құбыры желілерін салу және қайта жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Атап айтқанда Березовский, Шаған, Восход, Бобровка, Восточный кенттерінде, Зағиптар қоғамы, Красный Кордон, Алматы (Дальняя ауданы), Әуежай-Аягөз көшелерінде, (Юность ауданы), сондай-ақ 7 ауылда (Алғабас, Гранитное, Ақбұлақ, Половинки, Мұрат, Талица және Приречное) аталған бағыттағы жұмыстар жүргізілетін болады,- деді Нұрымбет Аманұлы.
Пресс-конференция барысында Нұрымбет Сақтағанов қалада жаңа ЖЭО-3 (жылу электр орталығы) салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
— ЖЭО-3 құрылысына қатысты көптеген сұрақтар бар. Бұл жоба жүзеге асырылады. Біз қазір жаңа ЖЭО-3 құрылысына қаржы салуға дайын сенімді инвесторларды іздеудеміз. Бұрын 140 гектар жер телімін алғысы келген бір инвестор болған. Ол өзінің бизнес-жоспарында кірістер мен шығыстар туралы қаржылық бөлімді көрсетпеген болып шықты. Инвестор жай ғана жер телімін алуды жоспарлаған. Жаңа ЖЭО-3 құрылысы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бірақ алдымен инвестор табуымыз керек. Қазір тек 2015 жылға арналған техникалық-экономикалық негіздеме бар. Инвестор тапқан кезде құжат түзетіледі. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптама жасалады. Бұл 4-5 жыл уақытты алуы мүмкін. Сондықтан қазіргі қазандықтарды жөндеуді жалғастырамыз, — деді Н.Сақтағанов.
Қазір барлық 17 қазандықта бақылау күшейтіліп, көмір ұрлауды болдырмау үшін бейнебақылау орнатылуда. Барлық тиімсіз келісімшарттар тоқтатылған.
— Жылумен жабдықтау нысандарына қатысты тиісті шаралар қабылданды. Барлық 17 қазандықта бақылау күшейтіліп, көмір ұрлауды болдырмау үшін бейнебақылау орнатылуда. Барлық тиімсіз келісімшарттар тоқтатылды. ЖЭО-1 және РК-3 қазандықтарында қайта жөндеу жұмыстары аяқталуда. Жұмыс режимі бойынша қысқа мерзімді іс-шаралар жүргізіліп, ұсыныстар берілгеннен кейін бұл қазандықтарда 16 МВт энергия өндіріліп жатыр. Бұл болашақта 700 миллион теңге кіріс әкеледі. Қазір барлық ірі қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде,- деді Нұрымбет Аманұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, қаланы тұрақты түрде жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін ағымдағы жылдың бюджеті есебінен 2 млрд. теңге бөлінген.
— Бұл бізге «Орталық», «Ғаббасов», «103-103А», «35 квартал», «Зооветинститут» қазандықтары мен Физкультурная — Би Боранбай көшелеріндегі жылу желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Келесі жылыту маусымына жақсы дайындалуымыз керек,- деді Нұрымбет Аманұлы.
Биылғы жылы 11 көше жолын орташа жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 451 миллион теңге, облыстық бюджеттен миллиард теңге бөлінген. Жолдарды жөндеуге қарастырылған қаражат көлемі ұлғайып келеді. Қала әкімі әсіресе, тұрғындар көп шағымданатын Әуезов даңғылы орташа жөндеуден өтетінін айтты.
— Азаматтарға жайлы жағдай жасаудың басты шарттарының бірі — инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту. Биылғы жылы 11 көше жолын орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 451 миллион теңге, облыстық бюджеттен миллиард теңге бөлінді. Біз Әуезов даңғылы бойындағы жолды орташа жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Былтыр жолдардағы ағымдағы жөндеу жұмыстары 21 мың шаршы метрді қамтыса, биыл 30 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Қалада топырақты жолдар өте көп. Біз оларға қиыршық тас сеуіп, грейдерлейміз. Келесі жылдан бастап облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша қаржыландыру көлемін үш есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. Сондықтан 2025 жылға қарай қала көшелерінің көп бөлігі асфальтбетонмен жабылады деп ойлаймын,- деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қазіргі таңда қалада ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кетті. Чехов, Аймауытов, Щорса, Орталық, Ибраев, Қозбағаров көшелерінде жалпы ауданы 3420 м2 құрайтын жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар ескі көпірге де ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ұшақтар, Водный, Восход, Комсомол, Степной және Ақсай кенттерінің негшізгі көшелерін қалпына келтіру (грейдерлеу) жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен 131,2 млн. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар Семей-Қайнар тас жолының 62 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Семейде қуаттылығы жылына 100,0 мың тонна болатын сұрыптау желісін орнатылапды. Жуырда грециялық өндіруші Sabo S.A. компаниясымен осы желіні жеткізу үшін келісім жасалынды. Сұрыптау желісін тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта жер учаскесі дайындалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ал тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу бойынша Жол картасы 2020 жылдың ақпан айында қосылған болатын. Нұрымбет Аманұлының айтуынша, бүгінгі таңда Семей қаласына жол картасы бойынша «Оператор РОП» ЖШС әр түрлі типтегі 1600 контейнер және 6 арнайы көлік жеткізген.
— Қазіргі күні 6 бірлік техника, 1050 тор және 538 қоңырау тәрізді контейнер
«Семей-тазалық» ЖШС-не тапсырылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірге жасалған жол картасы бойынша тиісті орындарға қойылуда. Жақын күндері барлық контейнерлер орналастырылады. Тамыз айының соңында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында сұрыптау желісін іске қосу жоспарлануда,- деді қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетерлігі, биыл қалада тұрғындар мен жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» фото-бейнежазба және бейнеталдау жүйесін енгізу жоспарлануда. Осы мақсатта мемлекеттік-жеке-меншік әріптестік аясында Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы жеке инвестор «Көркем-Телеком» мекемесімен бірлесіп қаланың 68 көшесіне 616 бейнекамера орнатпақ.
— «Сергек» бейнеталдау жүйесі қоғамдық тәртіпті қадағалауға үлкен мүмкіндік береді. Бейнебақылаудың көмегімен енді белгіленбеген орынға қоқыс тастағандарды енді оңай табатын боламыз. Қалада жыл сайын үлкен мөлшерде бей-берекет тасталған қоқыс шығарылады. Сенбілік басталғалы бері түрлі қала ішінен 560 Камаз қоқыс шығарылды. Қазір жаңа контейнерлер орнатып жатырмыз. Көпқабатты үйлердің ауласында оларға арналып арнайы алаң жабдықталады. Ескілерін қала шетіндегі аудандарға жөнелтеміз. — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Семейліктер үшін көктемде Ертіс өзені суының тасуы – өзекті мәселе. Қала әкімі бұдан бұлай мұндай қауіп туындамайды деп сендірді.
— Биыл облыстық бюджеттен Бейбітшілік, Смычка, Затон және Мирный аудандарындағы Ертіс өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарына қаржы бөлінді. Келесі жылы су басу қаупі мәселесі туындамайды деп ойлаймын,- деді Н.Сақтағанов.
Шаһар басшысы Семейге қарасты ауылдық округтердің де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Қалада 12 ауылдық окург, екі бұрынғы аудан орталығы бар. Оның ішінде Қайнар ауылдық округі бұрынғы аудан орталығы мәртебесіне ие. 2021-2024 жылдарға арналған Қайнар ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында биылғы жылы ауылда жолдарды жөндеу, жарықтандыру, мектеп пен Мәдениет үйін жаңарту, жаңа дене-шынықтыру-сақықтыру кешенін салу, сонымен қатар «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Приречное ауылында жалпы сомасы 315 миллион теңгені құрайтын 3 жобаны жүзеге асыру — көшелерді орташа жөндеу, жарықтандыру, Мәдениет үйін қайта жаңарту жоспарлануда.
— Білім саласына келетін болсақ, Шығыс (1200 орын) және Степной (300 орын) кенттерінде мектеп салынып жатыр. Жыл соңына екі мектеп те пайдалануға беріледі. Сонымен қатар келер жылы Қарағалы ықшамауданында 1200 орынға арналған жаңа мектеп құрылыс басталады,- деді Н.Сақтағанов.
Қала әкімі төрт айда атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндаған соң, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Тілшілер ескі көпірді, жолдарды жөндеу, қала тазалығы, көгалдандыру, қоғамдық көлік, жарықтандыру, сумен қамту сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Нұрымбет Аманұлы ескі көпірдің орнына 2024 жылға қарай жаңасы салынатынын, қазіргі көпір жаяу жүргіншілер мен велосипед көпіріне айналатынын айтты.
— Бастапқыда ескі көпірдің тіректерін қалдырып, аралық құрылысты ауыстыру жоспарланған болатын. Бірақ тіректердің су астындағы бөлігін қарау кезінде көпірдің жүк көтергіштігі мен қызмет ету мерзіміне әсер ететін ақаулар анықталды. Сондықтан жақын маңайдан жаңа көпір салу туралы шешім қабылдадық. Жаңа көпірдің бірінші және екінші бағыттарында екі жолақтан болады. Ал ескі көпір жаяу жүргіншілер көпіріне айналады. Сондай-ақ онда велосипед жолы және жылу желілері орнатылады. Жылу желілері арқылы сол жағалаудан оң жағалауға жылу қосылатын болады. Бұл бойынша жоба әзірленді, қазір сараптамадан өтуде. Сараптама дайын болғаннан кейін біз республикаға өтінім жібереміз. Мүмкін биыл көпірді қалпына келтіруді бастаймыз,- деді қала әкімі.
Ал жаңа көпірдің құрылысы екі жылға созылып, 2024 жылға қарай пайдалануға берілмек. Сонымен қатар қазір жапондық компания аспалы көпірдегі жол жабындысына зерттеу жүргізуде. Нәтижесінде қажетті шаралар қабылданып, жуық арада асфальтбетон жабындысы жөнделетін болады.
Нұрымбет Аманұлы Семейдегі көгалдандыру жұмыстары жайлы тілші сұрағына жауап берді. Шаһар басшысының айтуынша, бүгінгі күні қалада 500 қарағай отырғызылған. Жақын арада 200 шырша жеткізіледі.
— Семейде көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Әрине, қаламыз бұдан да артығына лайық. Біз табиғатты қорғау ұйымдарының басқармаларымен келісімшарттарға отырдық. Күзде 5000 көшет алып, қала айналасына отырғызуды жоспарлап отырмыз. Біз көшеттерді жылына екі рет – көктемде және күзде аламыз. Келесі жылға қарай қалада көгалдандыру жұмыстары өз нәтижесін береді деген ойдамын,- деп қорытындылады әкім.
«Семейде жағажай салу мәселесі жылда кейінге қалдырылып келе жатыр. Соның салдарынан жаз маусымында Ертіс өзеніне батып кетіп жатқан адамдар туралы қайғылы хабарды жиі естиміз. Жағажай қашан салынады?» деген сауалға Нұрымбет Сақтағанов жағажайды сол жағалауға орналастыру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
— Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Жағажай сол жағалаудағы Мелькомбинат аумағында орналастын болады. Қазір тиісті органдарда құжаттамасы келісіліп жатыр, — деді Н.Сақтағанов.
«Келген қонақтар өзге қалаларға қарағанда Семейдің қараңғылау екенін айтады. Шаһарды жарықтандыру мәселесі қалай шешілмек?» – деген сұраққа қала әкімі 2020 жылы қала көшелеріндегі жарықтандыру желілерін қайта жаңарту үшін 395 млн. теңгеге алғашқы үлгілері сатып алынғанын, Бозтаев, Қабанбай батыр, оң және сол жағалаудағы айналма жол айырықтарында 926 бірлік шам ауыстырылған жеткізді. Аталған бағыттағы жұмыстар қаланың басқа көшелерінде жүргізілетін болады.
— Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен биыл Семей қаласының энергетикалық даму бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Қазіргі күні Семейде 8250 жарық нүктесі бар. Осы көрсеткішті кемінде 15-17 мыңға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Демек, 2025 жылға қарай шаһарымыздың жарықтандырылуы Қарағанды, Өскемен қалаларынан кем болмайды, — деді Н.Сақтағанов.
Жиын барысында көптен бері есігіне қара құлып салынған Орталық саябақтағы құрылыс жұмыстары да сөз болды.
— 2019 жылы құрылыс жұмыстарына жабылған Орталық саябақ әлі күнге дейін түрлі себептермен халық игілігіне берілмей келеді. Мердігермен келісімшарт бойынша 1 маусымға барлығы аяқталуға тиіс. Сондықтан 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінде нысан ашылады. Құқық қорғау органдары өз тарапынан құрылыс жұмыстарында орын алған заң бұзушылықтарды анықтауда,- деді Н.Сақтағанов.
Пресс-конференция соңында қала басшысы жұмыстардың барлығы қаланың Кешенді даму жоспары аясында жүргізіліп жатқанын айтты.
— Әрине, шешімін табуға тиіс мәселелер әлі де бар. Қаланың шеткі аймақтарын дамыту, қала тазалығы, жол мәселесі, жолаушылар тасымалы сынды бірқатар өзекті сұрақтар біздің жіті назарымызда. Олардың барлығын біртіндеп шешетін боламыз. Оған уақыт пен қаржы керек. Біз, бәріне тек береке-бірлігіміздің, ауызбірлік пен ынтымағымыздың арқасында қол жеткіземіз. Оған сіздердің қолдауларыңыз қажет. Себебі, ел келешегі – баршамызға ортақ!- деді жиынды қорытындылаған Нұрымбет Сақтағанов.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»