Семей қаласының бүгінгі әкімі Бақытжан Кәкенқажыұлы Байахметовтің қызметке кіріскеніне де үш айдай уақыт болыпты. Аптаның сәрсенбісінде қала әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосты. Әкімдікте емес, қаладағы өнердің қасиетті қара шаңырағы Абай атындағы музыкалық-драма театры ғимаратында. Әкімнің «галстуксыз форматтағы» кездесуінде БАҚ өкілдері Семейдің бүгінгі тыныс –тіршілігіндегі түйткілді тақырыптар мен оларды жақсарту жайлы ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
Соңғы екі жылға жуық уақыттан бері онлайн байланыспен шектеліп қалған тілшілер қауымының бірін–бірі сағынысып қалғандары байқалады... Қашанда қоғамдық өмірдің бел ортасында жүретін журналистер әкіммен байырғы достарша тілдесті. Әкім журналистерді, журналистер әкімді тыңдады…
Жеке бастың қамын күйттеген өтініш болған жоқ. Әкімнің жеке басына қатысты сауал да қойылмады.
Сонымен, әріптестеріміз тарапынан қандай мәселелер көтерілді?
Семейдің бүгінгі әлеуметтік–экономикалық даму жағдайы. Көгалдандыру. Тарихи қаланың архитектуралық келбеті. Жарықтандыру. Жыл басынан бері сөз болған қоғамдық көлік жұмысы. Қоқыс тасумен айналысатын мекемелердің жұмысы… Екі сағатқа созылған кездесуде шамамен 40 сауал қойылды.
Көгалдандыру жұмысына қатысты қойылған сауалға орай, Бақытжан Кәкенқажыұлы журналистердің тарапынан Семейдің жасыл желекке оранған деп айтуға келмейтіні жайлы пікіріне қосылатынын жасырмады. Қала көшелеріне көшеттерді таңдап, талғап отырғызу қажеттігін құптады. Шырша, қарағай тұқымдастармен ғана шектелмей, сая болар көлеңкесі бар, сән берер жапырағы жайқалған ағаштар қала көшелеріне көрік берсе деген ұсынысты құптады.
Ал айтыла-айтыла жауыр болған қоғамдық көлік мәселесі бүгінгі таңда реттеліп қалғаны да шындық. Бүгінгі таңда жүзден аса автобус жолаушы тасымалымен айналысса, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің тікелей тапсырмасымен 25 автобус мектеп оқушыларын тасу жұмысымен айналысуда. Алдағы уақытта бұл жұмысты жақсарта түсу мәселесі билік назарында екендігі де айтылды.
Айтпақшы, көгалдандыру мәселесі сөз болғанда, Бейбітшілік аралы жайлы да айтылмай қалған жоқ. Бақытжан Кәкенқажыұлы аралды Өскемен қаласындағы «Самал» саябағының үлгісімен демалыс аймағын жасау жоспарымен де бөлісті. Тілшілер қауымы тарапынан жылдар бойы айтылып, шешімін таппай келе жатқан жағажай мәселесі бұл кездесуде де ұмыт қалмады. Қала әкімі бұл орайда өзінің тарапынан әзірше ешқандай уәде бере алмайтынын, алайда мәселеге тереңірек үңіліп, қандай да бір жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Жарықтандыру мәселесі қала басшысының өзінің де ерекше назарында тұрғанын байқадық. Бұл тақырыпта қойылған сауалға кібіртіктемей, жедел де тұшымды жауап берді. Бүгінгі таңда қала бойынша 32 көшені жарықтандыру жұмысы қолға алынуда екен. «Бұл Даниал Кенжетайұлының да ерекше назарында»,- дейді қала басшысы.
Сондай-ақ Абыралы өңіріне қызметке барған жас мамандар мен қоғамның қолдауды қажет ететін топтарына баспана салу, шаруа қожалықтарының базарға сатуға шығарылатын өнімдерінің алыпсатарлардың қолында кететіндігінен ет бағасының шарықтап кетуіне қатысты сауалдар да болды. Бақытжан Кәкенқажыұлы бұл мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Қала әкімі Семейдегі қоқыс қалдықтарын таситын 8 мекеменің жұмысына көңілі толмайтынын, алдағы уақытта осы іспен айналысушылар санын көбейту арқылы бәсекелестік орта қалыптастырып, сапаға қол жеткізу жайлы ойын да жасырмады.
Кездесуде модератор қызметін атқарған — есімі республика халқына жақсы таныс белгілі журналист Бауыржан Айтқазин. Бақытжан Кәкенқажұлы өзінің жұмысында ашықтықты басты бағыт етіп ұстайтынын, БАҚ өкілдерінің де халыққа ақиқатты жеткізуі қажет екендігін айтып өтті.
«Галстуксыз» еркін пікір алмасу түрінде өткен кездесу шынайы жауаптармен ғана емес, көкейдегі ұсыныстардың да еркін айтылуымен ерекшеленді.
РИЗА АСАНҚЫЗЫ