Назарбаев Университетінде (НУ) елорда күнін атап өту аясында онлайн режімде ЖОО түлектерінің, студенттердің, зерттеушілер мен ғалымдардың форумы өтті. Форумның ашылуында университет президенті Шигео Катсу соңғы 10 жыл ішіндегі дамудың негізгі кезеңдері жайлы әңгімеледі және НУ-дың 2030 жылға дейін бекітілген стратегиясына сәйкес негізгі векторлар мен міндеттерді айқындады.
Форумда Елбасының университетті Еуразияның жүрегіндегі жаңа әлемдік деңгейдегі білім орталығы ретінде қалыптастыру туралы ұлы идеясын іске асырып жатқан, қоғамның жаңа буынын ұсынатын Назарбаев Университетінің түлектері сөз сөйледі. Осы ретте Катсу мырзамен еліміздегі ең маңызды академиялық жобаның дамуын сипаттайтын сұхбат ұсынылып отыр.
15 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев Астана қаласында әлемдік деңгейдегі жаңа университет құру жайлы идея ұсынды, қазіргі таңда бұл университет Орталық Азия және Шығыс Еуропа аймағындағы көшбасшы ЖОО қатарына кірді. Бұл сұхбатта Назарбаев Университетінің бүгінгі таңда қандай екенін, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы атқаратын рөлін, Елбасының ең басты құндылық – елдің адами капиталын қалыптастырудағы бастамалары баяндалады. Осы идеяның табысты жүзеге асырылуы Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсудың басшылығымен академиктер мен менеджерлердің халықаралық тобының күн сайынғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде атқарылуда.
– Құрметті Катсу мырза, бүгінгі таңда Назарбаев Университеті халықаралық деңгейде кеңінен танымал. Дегенмен де университеттің қазіргі мәртебесі мен жетістіктерін әңгімелеуден бұрын, бәрінің қалай басталғанын еске алсақ деймін. Осындай жобаны іске қосу қажеттілігі неліктен туындады?
– Білесіз бе, шын мәнінде тәуелсіз және өркендеуші мемлекетті құру өз еліне лайықты азаматтар және экономика мен қоғамды дамыту үшін халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті адамдарға байланысты. Қазақстанның орталығында әлемдік санаттағы жоғары оқу мекемесін құру жөнінде тарихи маңызды бастама жасап, өзінің ой-танымының тереңдігін, көрегендігін танытқан. Елбасы – қадамдарын ондаған жылға алға ойластыратын адам.
Егер қазақ халқының тарихына, оның ішінде ислам мен көшпенділік кезеңдеріне тереңірек үңілетін болсаңыз, білім берудің негізгі жүйесі кеңестік кезеңде қалыптасқанын, кейіннен бұл білімнің экономика, ғылым және қоғамда өзінің ізін қалдырғанын көресіз. Ол уақытта қазақстандық экономика Кеңес Одағының бір бөлігі болды. Сол себепті толықтырушы және тиісінше тәуелді құрылым ретінде қалыптастырылды. Білімнің жағдайы да дәл солай еді. Кеңестік кезеңнен шыққан соң, нағыз егемендіктің негіздерін өзгертпесе дамуы тығырыққа тіреліп, құлдырайтыны сөзсіз еді. Ал әлем аса жоғарғы қарқынмен түрленуін жалғастырып жатқан еді.
Заманауи, қарқынды дамып жатқан экономиканы қалыптастыру үшін Қазақстанды әлемдік экономикаға қосу қажет еді, өз кезегінде бұл танымды өзгертуді, өз жолы мен артықшылықтарын іздеуді, бәсекеге қабілеттілігі жоғары әлемде өз биігімізді табуды қажет етті. Білімді адамдарыңыз болмаса, бұны істеу мүмкін емес, ал білімді адамдарды дайындау үшін жоғары деңгейде дамыған білім беру жүйесі қажет. Сәйкесінше, Қазақстанның білім беру саласына серпіліс алып келетін локомотив керек болды.
10 жыл бұрын мен Дүниежүзілік банктің вице-президенті болған едім. Бұл мекемедегі 30 жылдық жұмысымның барысында қаржы секторы мен басқа секторларды реформалау бойынша жобаларды, Азия, Африка және Еуропа елдеріндегі ең ірі инфрақұрылымдық және білім беру жобаларын, оның ішінде Қытайдағы банктік жүйе реформасын басқардым. Сондықтан, менің Елбасы Н.Назарбаевпен алғашқы кездесулерім әлдеқайда ертеректе және Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы жобаларына, жекелей алғанда жаңа Ұлы Жібек жолының – Қытайдан Еуропаға жолдың құрылысына қатысты болған еді.
Астана қаласында ортақ кездесулерімізде, Еуропа елдерінің Тони Блэр және басқа да басшыларының қатысуы барысында да кездестік. Елбасы жайлы алғаш қалыптасқан пікірім есімде. Мен Елбасын Еуропаның жас басшыларына Таяу Шығыстағы саясат жайлы жол нұсқайтын дана, көреген кісі ретінде қабылдадым. Меніңше, дәл сол кезде Елбасы кең ауқымдағы мәселелер бойынша кездесулерге шақыра отырып, маған назар аударды, кейіннен Астанада жаңа университетті басқару ұсынысы түсті.
Әрине, сол уақыттағы Қазақстандағы жалпы білім беру жүйесіндегі жағдайды ескерсек, мен үшін бұл оңай шешім болмады. Дегенмен Орталық Азия мен Шығыс Еуропа аумағында үздік практикалар мен стандарттарды енгізу жолымен реформалау идеясының өзі қызықтырған еді.
Бұл ұсынысқа бірнеше ай ойландым. Кейіннен Камбоджада болған кезімде, желтоқсан айында мені Астана қаласына кездесуге шақырды. Суық ауа райында елордаға Тайландтан сатып алған жұп-жұқа пальтомен, қолғаппен келгенім әлі есімде. Атқарылатын жұмыстың ауқымы, Елбасы негізін қалаған әлемдік деңгейдегі университеттің міндеті мен қағидаттары мені таңғалдырды.
Қазақстанға көшу шешімі түпкілікті болды, бұл жерде негізгі рөлді Президент Назарбаевтың жеке қолдауы атқарды. Елбасы әрбір күрделі кезеңдерде университеттің дамуын талқылау үшін кездесулер өткізді. Осы жұмыс және оның миссиясы мені Тұңғыш Президенттің жақтасы етіп қана қоймай, оны ізет тұтушылар қатарына да қосты. Себебі мен де мемлекетті өркендетудің негізі ретінде Қазақстандағы білім беру жүйесін дамыту бойынша көзқарастар мен құндылықтарды бөлісетін едім.
Елге сол кезеңдерге тән болған жемқорлық фактілерімен жиі бетпе-бет келетін институттарда емес, нақты академиялық еңбектеріне, жетістіктеріне сай бағалаған институттарда білім алған дарынды жастардың жаңа буыны керек еді.
Жас қазақстандықтарға өз елінде халықаралық деңгейдегі білім мен дағдылар алу керек болды. Осылайша Астана дамыған әлемнің академиялық картасында өз орнын табатын еді.
Бұл стратегия Қазақстанның ресурстарды экспорттауға тәуелділігін азайту үшін ондаған жылдар алға бағытталған және ең жоғары құндылық – адамдардың білімі мен ой-өрісіне бағдарланған еді. Елбасының оқыған, дарынды жастардың шетел асып кететін мемлекеттен ең дарынды жастарды тартатын магнит мәртебесіне өту ойына сәйкес, НУ-дың 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленді.
– Осы жоғары мақсаттар мен миссияға қол жеткізуде бетпе-бет келген қиындықтар болды ма? Сіз үшін ең қиыны не болды?
– Иә, дұрыс айтасыз, жобаны жүзеге асыру осыншама қысқа уақыт аралығында мүмкін болмас еді. Сол себепті бюрократиялық кедергілерден өту үшін бізге Назарбаев Университетінің мәртебесі жайлы толықтай жаңа заң құрастыруға және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін академиялық еркіндік алу қажет болды.
Әрбір жаңа сын-тегеурін құрып жатқан дүниеміздің негіздерін бұзуы мүмкін еді, Елбасының бізге әрдайым қолдау көрсетуі арманды шындыққа айналдырды. Университет дамуының әрбір кезеңінде Президент Назарбаев ынталандырып отырды, оның жеке құндылықтары мен НУ дамуына қатысты ұшқыр ойлары мені шабыттандырды. Жылына екі рет жеке кездесу өткізіп, кездесу барысында айтылған жоспарлардың орындалғанын тексеріп, ненің қажет екендігін сұрап, шешімдер қабылдады. Сондай-ақ артықшылығы бар мәселелерді белгілеп отырды.
Бірде ол НУ-ға өз атын беру оның бастамасы еместігін айтты. Алайда мемлекеттің мүддесі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде жаңа ЖОО миссиясын алға жылжыту өз келісімін беруге мәжбүрледі. Бұл миссия расында күрделі еді – жаңа ұрпақтың танымын, көзқарасын кеңестік кезең бекітіп кеткен клишеден тәуелсіз Қазақстанның және жас қазақстандықтар өзінің маңызды және лайықты орнын алуы тиіс қарқынды дамып жатқан әлемнің талаптарына жауап беретін жаңа әдіс-тәсілдерге ауыстыру қажет болды. Бұның барлығы қазақ мәдениетінің бірегейлігін сақтай отырып, Қазақстанға ең үздік академиялық білімді және ноу-хауды енгізудің барысында мүмкін болды.
– Енді ең басты сұраққа келер болсақ, 10 жылда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, Елбасы белгілеген миссияны жүзеге асырудың қазіргі кезеңін сипаттап берсеңіз.
– Назарбаев Университеті 2010 жылы Кэмбридж (Cambridge), Дьюк (Duke), Пенн (Penn), Лондон университеттік колледжі, оның ішінде Берклидегі Лоуренс атындағы ұлттық зертхана және Питсбург медициналық орталығы секілді әлемдік деңгейдегі 30 жетекші университетпен ынтымақтастықта құрылған. Біз инженерия және цифрлық ғылымдар, тау-кен ісі және геология, медицина, гуманитарлық ғылымдар, бизнес, мемлекеттік саясат және білім бойынша НУ мектептерін ашып, басты академиялық облыстарды қамтыдық.
Батыс стандарты бойынша сертификатталған 58 мемлекеттен келген профессорлар мен оқытушылар оқытатын 22 жоғары білім бағдарламасы, магистр дәрежесінің 30 бағдарламасы іске қосылды. Біз 5 мыңға жуық ғылыми жарияланымдар шығардық, оның үштен бір бөлігі әлемнің топ 10 жетекші ғылыми журналдарына келеді. Бұл ретте материалдарымызға сілтемелер орташа әлемдік деңгейден шамамен 35%-ға жоғары. Бүгінгі таңда Назарбаев Университетіне Батыс Еуропа мен Ресейдің жетекші университеттері сілтеме жасайды, НУ құрамына Цинхуа Университеті (Қытай), Сеул Университеті, Сауд королінің Университеті, Сингапур Ұлттық университеті, Токио университеті кіретін Азия Университеттерінің альянсын басқарады.
Назарбаев Университеті түлектердің алты буынын шығарып үлгерді, олардың жалпы саны 6 800 адамнан асады. Алдағы уақытқа белгілеген стратегиямыздың шеңберінде НУ-да алдағы төрт жылда 9-10%-ға және 2030 жылға дейін 12-15%-ға жетуі тиіс халықаралық студенттер санын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Студенттердің жалпы саны 2025 жылға дейін қазіргі 6 мыңнан 8 мыңға дейін және 2030 жылға дейін 10 мыңға ұлғаятын болады.
Бүкіл әлемнен студенттерді жұмылдыра отырып, көршілеріміз – Қырғызстанға, Өзбекстанға, Ресейге және басқаларға ерекше назар аударамыз. Осылайша оларға үздік академиялық практикаға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, келешек кооперация үшін негіздер қалыптастырамыз. Елбасының сапалы білім арқылы өсіп-өркендеу жайлы ойын достарымыз бен көршілеріміз құптайды, бұл өте маңызды.
Назарбаев Университетінің бүгінгі таңдағы құрылымы жайлы айтып кеткім келеді. НУ миссиясы – қазақстандық білім беру жүйесін реформалау үшін, сондай-ақ ЖОО базасында зерттеулерді дамыту, ғылым саласына коммерцияландырудың заманауи практикасын енгізу және өнеркәсіптің өзекті қажеттіліктеріне қызмет көрсету пайдасына жоғары білім беру жүйесінің локомотивіне және негізгі үлгісіне айналу. Егер Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткісі келсе, мемлекет өзінің ІЖӨ-нің 2,5%-дан көбін зерттеуге бағыттауы тиіс. Қазақстандағы осы көрсеткіштің ағымдағы мәні ІЖӨ-нің 0,2%-дан төмен. 2025 жылға қарай Қазақстан осы көрсеткішті ІЖӨ 1%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, осы тұста НУ ұйымының экожүйесімен бөлісу және зерттеулерді экономикаға жіберу үшін әзірленген және толықтай дайын шешімдері бар.
НУ бизнесті дамытуда, коммерцияландыру және өнертабыстарды патенттеуде зерттеушілерге көмек көрсете отырып, инновациялар мен технология жөніндегі өз тобының негізін қалады. Форумдар және Серіктестік бағдарламаларын өткізу арқылы бүкіл қазақстандық ЖОО-мен тәжірибемізбен бөлісеміз – НУ жыл сайын 1500-дан астам қатысушылар қатысатын 50-дей іс-шара өткізеді. Осы уақытқа дейін біздің студенттер мен зерттеулер 100-ден астам жобаны іске қосып, халықаралық тараптан шамамен 1 млн доллар алды, 25 жобаны өзіміз қаржыландырып, 83 патент алдық.
НУ инновациялық кластері зерттеу орталықтарын, технопаркті, бизнес-инкубаторды, коммерцияландыру кеңсесін және стартаптар мен зерттеушілерге олардың инновацияларын қолдануға мүмкіндік бере отырып, тікелей қаржыландыруды қоса алғанда, сараптамаға көмектесе отырып, экожүйені қалыптастыратын басқа бөлімшелерді қамтиды.
– Әрі қарай не болмақ және НУ үшін қандай да бір тәуекелдер бар ма?
– Маңызды сәт уақытқа байланысты. Академиялық сала өзінің болмысы бойынша мұнай-газ саласының өнеркәсіптік кәсіпорындарынан және басқа өндірістерден қатты ерекшеленеді. Қазақстанда адамдар жылдам нәтижелер парадигмасында ойланып үйренген, алайда білім беру, зерттеулер және ғылым саласы даму үшін көп уақытты қажет етеді. Мысалы, бізбен ынтымақтас Ли Куан Ю университетіне көшбасшы позицияларға жету үшін 60 жыл керек болды, Шанхай университетінің тарихы 100 жылға, ал Еуропалық университеттер тарихы – ғасырларға созылады.
НУ-да 10 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктер аз емес, алайда сын-тегеуріндердің барлығы әлі алда, бұл ең бір күрделі кезең болмақ. Бүгінгі таңда НУ оқу бағдарламаларын және университетті халықаралық аккредиттеу арқылы НУ жетістіктерін әлемдік деңгейде мойындату керек. Бұл өте маңызды әрі күрделі міндет, бұл НУ-дың даму стратегиясында белгіленген және осы бағытта жетекші америкалық агенттіктермен жұмыс істей отырып, ресурстарымызды жұмылдырудамыз.
– Бұл неліктен маңызды?
– НУ-дың ғылыми және академиялық жетістіктерін халықаралық аккредиттеу арқылы бекітусіз Назарбаев Университетін бүкіл әлем мойындайтын және құрметтейтін халықаралық деңгейдегі ЖОО-ға айналдыру миссиясы мен арманын іске асыру тәуекелдерді талап етеді. Бағдарламалардың жоғары аккредитациясы үздік ғалымдарды, профессорларды, зерттеушілер мен студенттерді жұмылдыратын болады. Әлемнің 7 млрд халқының шеңберінде 19 млн халқы бар Қазақстан жаһандық және бәсекеге қабілетті болуы тиіс.
Екіншіден, НУ-да ең үздік әлемдік практиканы пайдалану арқылы университеттің Қазақстанның басқа ЖОО үшін жол ашуы және негізгі үлгісіне айналуы жайлы сөз қозғалып отыр. Мемлекет алдында тұрған экономикалық міндеттерді шешу үшін оған алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті білімді адамдардың жаңа буынын қалыптастыру керек. Осылай ғана орнықты әрі ұзақ мерзімді өркендеуге қол жеткіземіз. НУ жастарының дәл осындай жаңа буынын қалыптастыруды Елбасы өзі бастап, басқарған болатын.
Қазір жүргізіліп жатқан зерттеулердің, лабораториялар жұмысының және біздің орталықтарымыздың инновацияларының, патенттерінің нәтижесінде 2030 жылға қарай біз әлемнің топ 200 үздік зерттеушілік университеттерінің қатарына кірген кезде, бүкіл әлем Назарбаев Университетінің керемет жаңалықтарын көретін болады – барлық осы нәтижелер бүкіл адамзат ауқымында қолданылатын болады. Қазақстанның экономикалық прогрессін орнықты ету өте маңызды және Назарбаев Университетінің тарихи рөлі қазірдің өзінде Қазақстанның үздік халықаралық және ұлттық компанияларында жұмыс атқарып жатқан НУ түлектері мен жас ғалымдарының арқасында бекітілетін болады. Бұл буын – Назарбаевтың жаңа буыны Назарбаев Университетінің оқытушылық құрамының еңбегінің арқасында Елбасының ұлы ойларының жалғастырушылары екендігін мақтан тұтатын ең дарынды жастардан құралады. Дәл осы жастар Қазақстанның болашақтағы өсіп-өркендеуінің көшбасшылары мен қозғаушы күші болады.
Осы маңызды үдерістің бір бөлігі екендігімді мақтан тұтамын және Елбасы идеяларын іске асыру үшін барлық білімім мен тәжірибемді қолданып жатырмын», деп қорытындылады Шигео Катсу.
Сұхбаттан кейін Назарбаев Университетінде білім алған түлектермен сөйлесіп, олардың ағымдағы жағдайы және атқарып жатқан лауазымдары Университеттің бастапқы идеясы мен миссиясына қаншалықты сәйкес келетініне көз жеткізбек болдық. Жұмыстың нәтижелілігі жайлы пайым жасау үшін тым аз уақыт өткеніне қарамастан, НУ дипломдарын 2015 жылы алғаш табыстаған сәттен бастап 6 мыңнан астам түлектер шықты, оқыту сапасы жайлы алғашқы тұжырымдар жасау үшін бұл жеткілікті уақыт аралығы деп есептейміз.
НУ деректеріне сәйкес, Назарбаев Университетінің түлектерін Amazon, Apple, BMW, Facebook және тағы басқа жетекші батыс компанияларында кездестіре аласыз, алайда олардың 80%-дан көбі Қазақстанның бизнес, қаржы, ғылым және АТ секілді экономиканың негізгі өнеркәсіптік секторларында жұмыс істеуде. Жұмыс берушілер арасында NCOC, TCO, ERG, Elektrovoz Zauyty, үлкен төрттік және тағы басқа флагмандар бар. Тағы бір қызықты жайт, әрбір бесінші түлек магистратура мен аспирантурада білімін жалғастыру жөнінде шешім қабылдап, қазіргі уақытта НУ-да және әлемнің басқа танымал университеттерінде зерттеулер жүргізуде немесе жаңа бизнес бастап үлгерді. Олардың пікірлерімен де бөлісейік.
Бауыржан Оспан (2016 жылғы түлек – Робототехника): «Назарбаев Университеті 2012 жылы дайындық курсындағы студент болған кезімнің өзінде қажетті дағдылар мен білімді берді. Астанада әлемдік деңгейдегі университеттің негізін қалаған Елбасының арқасында бүкіл әлем бойынша әріптестерімнің арасында бәсекеге қабілеттілігі жоғары маман болдым. НУ-дың берген білім деңгейінің жоғарылығы соншалық, Лондон Университетінде бар-жоғары екі апта ішінде лаборатория сарапшысынан жоба басшысы деңгейіне дейін көтерілдім. Бүгінгі таңда мен Қазпошта, BI Group, Самұрық Қазына, НУ және тағы басқа да жетекші кәсіпорындар түріндегі клиенттік базасы бар Қазақстанның робототехника жөніндегі ең үздік компанияның негізін қаладым».
Ғалым Батимбетов (2015 жылғы түлек) Aqua Point деп аталатын компанияның негізін қалады, суды тазалаудың бірегей технологияларын патенттеді, өндірісті іске қосты және дүниежүзі бойынша 130-дан астам ұлттық және халықаралық компанияларда су тазалау жабдығын қолдануда. «Елбасының арқасында менің өмірім түбегейлі өзгерді, маған бәсекеге қабілетті халықаралық нарықта бизнесті бастауға және сәтті түрде дамытуға мүмкіндік берді. Бірінші Президентіміздің құндылықтары мен ой-танымы менің жаңа кәсіпорнымның және бүкіл ұжымның РНҚ-на тереңдеп енді» дейді Ғалым.
Жас болса да, түлектердің басым көпшілігі қазақстандықтарға ақысы жоғары жұмыстарды ұсынуда. Олардың арасында жыл сайынғы айналымы 1 млн доллардан асатын және 55 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған, дұрыс тамақтану тағамдарын өндіру жөнінде жобаны іске қосқан Аян Биримжан бар. «Мен үшін бұл жай ғана бизнес емес, сонымен қатар Елбасының дені сау және әл-ауқаты жоғары халық өмір сүретін гүлденген әрі заманауи Қазақстанды құру жөніндегі ойларын іске асыру. НУ болмаса, менің өмірім мүлдем басқаша қалыптасар еді», деп Аян бизнесін бастауға түрткі болған себеп жайлы баяндады.
Студенттердің басым көпшілігі Назарбаев Университетінің құндылықтарын алға жылжыта отырып, академиялық мансаптарын жалғастырды. Мәселен, бар-жоғы үш жыл бұрын НУ-ды тәмамдаған Лаура Карабасова Ақтөбе университетінің вице-президенті қызметіне тағайындалды және Дүниежүзілік банктің халықаралық жобаларында үштілді білім беру саласындағы жетекші сарапшы ретінде зерттеуші қызметін атқаруда және Елбасы бастамашылық жасаған Қазақстанды әлемдік экономикаға интеграциялау жүйесін халықаралық деңгейде дамытуда.
2019 жылғы түлек Камилла Роллан жетекші әлемдік Кембридж университетінде аспирантурада оқуын жалғастыруда және Қазақстанға оралғаннан кейін алған білімімен елімізде бөлісетін болады. «Мен үшін үздік біліммен бөлісу – Назарбаев Университетін ашқан кездегі Тұңғыш Президентіміздің асқақ арманы мен ойларын жүзеге асыру. Сонымен қатар мен мүгедектігі бар адамдарды оқытуға бағытталған «Барлығына арналған білім» жобасының негізін қаладым.
«Тұңғыш Президентіміздің көрегендігі мен даналығы Назарбаев Университетінің қағидаттарының негізін қалап, миссиясын қалыптастырды, мұнда оқытушылық құрамның арқасында Елбасының ойлары мен көзқарасы өмірлік позициямыздың негізіне айналды» деді «Самұрық Қазына» басқармасының төрағасы, Назарбаев Университетін ең алғашқылардың бірі болып 2015 жылға тәмамдаған Алмасадам Сәтқалиев.
Мақсаттарға жету үшін білім көп уақытты, күш-жігерді және шыдамдылықты талап етеді, алайда ең үлкен және күтілетін нәтижелерге алып келеді. Назарбаев Университеті Елбасы бекітіп берген миссияны сәтті түрде жүзеге асырып жатыр және оның ұшқыр ойлары, көзқарасы студенттерге ең үздік профессорлар мен студенттерді жұмылдыратын білім беру процесі арқылы беріледі. НУ түлектері жаңа буын – Назарбаев буыны 2.0. Табысты және өркендеуші Қазақстанды қалыптастыру үшін бұл буын мықты білім мен мақсат-мұраттарға.
Назарбаев Университетінің профессорлық және басқарушылық құрамы Елбасы белгілеген міндеттердің бәрін сәтті түрде шешуде және жақын арада НУ бағдарламалар мен университеттің өзі халықаралық аккредиттеуді алуы тиіс. Бұл ретте, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан зерттеулер Елбасының тарихи шешімдерін жүзеге асырып, Назарбаев Университетінің әлемдік санаттағы ЖОО ретіндегі беделін нығайтады.
Әңгімелескен
Қуат РАХМЕТУЛЛА