Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі өтті. Жиында саяси партия атауы AMANAT деп өзгертілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Тәуелсіздігімізге төнген қатердің бетін қайтардық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар. Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастама көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы партияның келешегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталды.
Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс.
– Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.
– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс. Оның міндеті – жалпы партиялық бағыт беру, әдістемелік және идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелік проблемаларды талдау. Партияға, ең алдымен, сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениеті қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.
– Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікірсайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді партия Төрағасы.
Қ.Тоқаев жақында өңірлерге сапардан оралған Мәжіліс депутаттарының жұмысына да тоқталды.
– Жақында біздің Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапардан оралды. Мен бұл жұмысты бақылап отырдым, олардың қызметінде жаңа стиль, жаңа мазмұн пайда бола бастағанын айта кету керек. Бұл қазірдің өзінде көрінеді. Ресми отырыстар аз болып, сайлаушылармен көбірек тікелей байланыс орнатылды. Депутаттар жергілікті жерлердегі азаматтардың нақты мәселелеріне тереңірек үңіле бастады. Мұндай тәсілді барынша нығайтып, дамыту қажет, – деді партия Төрағасы.
Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партияның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады.
– Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент.
Партия Төрағасы елімізді одан әрі жаңғырту үшін партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелер күн тәртібін әзірлеу үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. Мемлекет басшысы партияластардың ішінен сенімді адамдарды іріктеп, оларды ілгерілету ісін жалғастырған дұрыс деп санайды.
– Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет, – деді Президент.
Президент осы айтылған міндеттерді мейлінше қысқа мерзім ішінде орындау қажет екеніне назар аударды. Партия Төрағасы орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, Amanat – озық ой мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым. Украинада болып жатқан қазіргі жағдайда осы айтылған барлық мәселенің мәні зор.
– Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман татулық артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан, қажет болса, делдалдық қызметтермен қоса, барлық көмек түрлерін көрсетуге дайын.
– Мен Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар отырысын өткіздім. Санкциялық қарсылықтың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында Үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.
Онлайн форматта өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен 399 делегат қатысты. Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі барысында партияның Саяси кеңесінің құрамы өзгерді. Съезд делегаттары партия Саяси кеңесінің құрамынан Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулинді шығару және олардың орнына Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, «Астана» медицина университетінің ректоры Қамалжан Надыров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожинді қабылдау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов өз сөзінде партия жұмысына кешенді талдау жасалып, қоғамдық пікір мен сарапшылардың ұстанымы зерттеліп, аймақтардағы партия мүшелерінің ұсыныстары жиналғанын мәлімдеді.
– Халықты толғандыратын өткір мәселелерге, Nur Otan-ға қатысты қоғамдық сынға жүйелі сараптама жасалды. Адалдық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашықтық – қазіргі таңда қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған басты талабы. Осыған орай, партияны модернизациялау бағдарламасының жоспары дайындалды. Біріншіден, халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру қажет деп санаймыз. Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек. Сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Кейбір кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар тым ұқсас болғандықтан оларды біріктіруді ұсынамыз. Республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады, – деді атқарушы хатшы.
Бұған қоса кеңестердің құрамы да жаңартылады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғалардың тартылатыны айтылды.
– Кеңестер отырыстарын барынша ашық, онлайн форматта өткіземіз. Осылайша, билік, партия мен азаматтық қоғам арасындағы жан-жақты диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастырамыз. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне сервистік-бағдарланған тәсіл енгізілетін болады. Азаматтар берген өтініштерінің орындалу барысын онлайн бақылай алады. Кейіннен партиялық жүйеге интеграцияланған азаматтардың жаңа медиада білдірген шағымдары мен сұрауларына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленетін болады. Қоғамдық қабылдаулардың шалғай елді мекендерге тұрақты бару практикасы енгізіледі. Бұл жұмысқа партиялық актив – Парламент және мәслихат депутаттары, саяси кеңес мүшелері, филиалдардың басшылары тартылады. Бұл халықты барынша бөлігін қамтып, белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Асхат Оралов партияны жаңғырту жоспарының негізгі бағыттарына жергілікті жерлерде партия құрамын нығайту мәселесін қосты.
– Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Қазір олардың саны 4,5 мыңнан асады. Оларды «округтік бастауыш партия ұйымдарын» құру арқылы нығайтуды жоспарлап отырмыз. БПҰ төрағаларының белсенділігін, ұтқырлығын және жауапкершілігін арттыру үшін оларды бағалауды және рейтингін енгізу ұсынылады. Бастауыш партия ұйымдарының бастамаларын қолдау мақсатында жергілікті жерлерде жобаларды іске асыру үшін партиялық жарналардың 20%-ын қайтару тәжірибесін енгізу, – деді партияның атқарушы хатшысы.
Сондай-ақ партия жұмысының барынша ашық болуы сөз болды.
– Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Пилоттық жоба ретінде мәслихаттардағы депутаттардың рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесін жұртшылыққа жария етеміз. Сонымен қатар партияның мобильді қосымшасы іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаға қатысып, өтініш пен ұсыныс, тілектерін қалдыра алады, – деді А.Оралов.
Партияның жастар қанатының жұмысын толықтай қайта жаңғыртудың маңызы туралы айтылды. Партияның атқарушы хатшысы Jas Otan қатарына жастар арасында шын беделі бар нағыз көшбасшыларды тартатынын атап өтті. Сондай-ақ жастарға арналған бірқатар жобаны таныстырды.
– Ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа жобаны ұсынамыз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Одан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі, – деді А.Оралов.
Ол сондай-ақ шығармашыл жас партия мүшелеріне арнап жаңа жоба жүзеге асырылатынын айтты. Жастардың мәселелерін, оның ішінде NEET санатын толғандырған мәселелерді анықтау бойынша кешенді талдаудың жүріп жатқаны белгілі болды. Оның қорытындысы бойынша Jas Otan форумында қабылданатын жаңа жастар бағдарламасы әзірленеді. А.Ораловтың айтуынша, бұл стратегиялық тәсілдер партияны трансформациялау бойынша алға қойған міндеттерді іс жүзінде орындауға мүмкіндік бермек.
Съезде сөз алған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов фракция депутаттары партияның өткен кезектен тыс съезінде айтылған нақты міндеттерді жүзеге асыруға кірісіп кеткенін жеткізді.
– 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында, Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз атап өткен ел дамуының жаңа күн тәртібін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша фракция өз жұмысын Үкіметпен үйлестіріп атқара бастады. Парламент – еліміздің проблемалары, отандастарымыздың үміті мен тілегі айтылып, жариялануға тиіс маңызды қоғамдық-саяси кеңістік. Нақ осы жерде әділ және сындарлы пікірталастар мен жарыссөздер болуы керек. Осыған байланысты жұмыс топтарының қызметі, оның ішінде заң жобаларының өту процесі қайта қаралды. Аса назарды қажет ететін заң жобалары немесе жекелеген нормалар жұртшылықпен өңірлерде алдын ала талқыланатын болады. Мысалы, жақын арада біз тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын қоғамдық талқылауды өткіземіз, онда халықтың әлеуметтік осал топтарының кейбір мәселелері қозғалады, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Е.Қошанов сондай-ақ Мәжілістің ақпараттық ресурсында қаралатын әрбір заң жобасының нормалары бойынша сындарлы ұсыныстар жинауға арналған арнайы жүйе іске қосылатынын мәлімдеді. Неғұрлым ұтымды пікірлер жұмыс топтарының отырыстарында қаралып, талқыланатын болады және заң жобасына түзетулер түрінде енгізілуі мүмкін.
Депутаттардың ерекше назарындағы екінші мәселе партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру екені айтылды.
– Фракция бағдарламаны сапалы заңнамалық тұрғыда сүйемелдеуге және оның орындалу барысын бақылауға жауапты. Бүгінгі таңда 2021 жылға қойылған міндеттердің 80%-ы орындалды. 33 тармақ орындалмады. Мемлекеттік органдардан бағдарламаны түзету бойынша қосымша ұсыныстар түсіп жатыр. Фракция сайлау алдында халыққа берілген міндеттемелер орындалуға тиіс деп есептейді. Бұл мәселе депутаттардың ерекше бақылауында. Бағдарламаны іске асыру барысы туралы ақпарат партия Төрағасына ұсынылатын болады. Сондықтан қажет болған жағдайда бүгінгі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, жекелеген міндеттемелер бойынша нақты өзгерістер енгізу ұсынылады, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы қазір депутаттардың халықпен тығыз байланыс орнатуы алдыңғы орында тұрғанын және фракция өңірлердегі жұмыс форматын қайта қарағанын атап өтті.
– Күні кеше біз өңірлерге барып келдік. Қоғамдық пікір көшбасшыларымен, сарапшылармен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен, сондай-ақ конструктивті оппозиция өкілдерімен кездесулер өтті. Кездесу барысында әлеуметтік қолдау, кедейшілікпен күрес, бағаның өсуі, жұмыспен қамту мәселелері, сондай-ақ тұрғын үй проблемалары жиі көтерілді. Сумен жабдықтау, мелиорация, трансшекаралық өзендер проблемалары да тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл мәселе бойынша сәуір айында Парламенттік тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жергілікті жолдар мәселесі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар өзекті проблемалар көптеген өңірде әлі де шешімін тапқан жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Депутаттар өңірлерді аралап, қоғамдық орындарда, аулаларда, базарларда жастармен, оның ішінде мамандықсыз, жұмыссыз жүрген жастармен әртүрлі форматтағы кездесулер өткізген. Е.Қошановтың айтуынша, депутаттар мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер мен бағдарламалар туралы жастарға егжей-тегжейлі түсіндірме берді, олардың да пікірі назарға алынды.
Мәжіліс Төрағасы депутаттардың қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтармен және олардың туған-туысқандарымен, адвокаттарымен кездесуіне тоқталды.
– Кездесулер барысында олардың арыз-шағымдары тыңдалып, құзырлы органдардың назарына жеткізілді. Бұл мәселе депутаттардың бақылауында болады. Олардың әлеуметтік желілер арқылы халыққа алда болатын сапарлары туралы ақпарат беріп отыруы жұмыстың тиімділігіне оң әсер етті. Соның нәтижесінде біз өңірлерде жұмысты барынша дәл ұйымдастыра алдық және қоғамның сұранысына жедел назар аударып, алдын ала әрекет еттік. Мақсат біреу – сайлаушылармыз көтерген мәселелердің бірде-бірін қараусыз қалдырмау. Заңнамалық реттеуді талап ететін мәселелер депутаттық бастамалар ретінде қаралады, – деді Е.Қошанов.
Алдағы уақытта депутаттардың жекелеген өңірлерде шұғыл мәселе туындаған жағдайда, мән-жайды анықтау үшін жедел іссапарға шығуды практикаға енгізетіні баса айтылды.
Елмен бірге партиямыз да жаңғыруы қажет деген Мәжіліс Төрағасы ұйымның идеологиясын жаңа мазмұнмен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізу керек екенін алға тартты.
– Осы орайда, партиямызға ребрендинг жасап, атауын өзгерткен жөн деп санаймыз. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды, бірқатар ұсыныс айтылды. Пікірлесе келе партиямыз «Аманат» деген атауға лайық деген тоқтамға келдік. Бабаларымыз бізге Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Мыңжылдықтардың ар жағынан бастау алатын бай тарихымызды бүгінге жеткізді. Сондай-ақ елдік мұратымызды, ұлттық мұрамызды, бірліктің, татулықтың даңқты дәстүрін ұрпаққа табыстады. Осы ел мен осы жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп тапсырды. Енді оны біз келер ұрпаққа лайықты аманаттауға тиіспіз. Біз ел бірлігін, халық тұтастығын, ұлттар татулығын, еңбекқорлықты, біліктілікті болашақ замандарға жаңартып, жаңғыртып жеткізуге міндеттіміз. Бұл істе тыңнан түлеген, сындарда шыңдалған партияға жүктелер жауапкершілік салмағы ересен. Біз қашанда бабалар аманатына адал болуымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз. Сондықтан еліміздегі ең басты саяси ұйымның «Аманат» деп аталуы орынды деп ойлаймыз. Осыған орай, бүгінгі съезде Мәжілістегі фракция депутаттары партия атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынып отыр, – деді Е.Қошанов.
Делегаттар партияның модернизациясы тұрғысында айтылған барлық ұсынысты, оның ішінде партияның модернизациялау бағдарламасы, жаңа атауы мен белгісі бойынша ұсыныстарды дауысқа салды. Осылайша, съезд барысында Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгерту туралы шешім қабылданды.
Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек қоғамда айтылып жүрген түрлі пікірге, оның ішінде партияны тарату керек деген сөздерге қатысты көзқарасын білдірді.
– Саясаттанушы ретінде айтарым – мемлекет жүйесі, саяси жүйесінің негізгі элементі, тұтқасы – саяси партия. Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, басты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген партиямыздың осы жылдары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын. Міне, арада 23 жыл өткен соң біз еліміз бен партиямыздың тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрмыз. Бүгін баршамыз көршілес елдер секілді үлкен жолдың қиылысында тұрмыз – біртұтас ұлт ретінде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», әрі қарайғы даму құқығымызды дәлелдейтін кез келді. Жағдай күн санап өзгеруде. Nur Otan партиясы қайтадан түлеп, «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмысымен, өз ісімен үлгі болуға тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді, партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеруі керек, – деді С.Нұрбек.
Мәжіліс депутаты осыған орай бірнеше ұсынысын ортаға салды. Саясат Нұрбектің айтуынша, қоғаммен байланысты, коммуникация жасауды жетілдіріп, «цифрлы демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндігін пайдалану керек. Ол сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдаулар, партия мүшелері мен бастауыш ұйымдарына келіп түскен мәлімет кеңінен пайдаланылмайтынына тоқталды.
– Бұл үшін партия жұмысына Big Data технологиясын енгізу қажет, ол ақпараттық құралдарды бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар қоғам үшін дәл қазір өзекті проблемалар туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға көмектеседі, – деді Мәжіліс депутаты.
Жас депутаттар корпусының мүшесі, Балқаш қаласының мектеп мұғалімі Кристина Шафикова мемлекеттік жастар саясаты туралы заңдағы олқылықтарды сынға алды.
– Бүгінгі ұсынылып жатқан заң жобасы нақты іс-әрекетті емес, ниетті ғана көрсетеді. Заң баршаға түсінікті, қажет болуы керек, талқылаудан өтіп, жастардың өзінен қолдау табуға тиіс. Жас азаматтардың жас өлшемін 35-ке дейін ұзартуды ұсындық. Біздің басты назарымыз NEET санатындағы жастарда. Алайда заң жобасында оның анықтамасы ғана берілген, ол жастармен жұмыс істеудің нақты тетіктері жоқ, – деді К.Шафикова.
Праймеризге қатысып, жастардың атынан қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған ол мәслихаттағы депутаттық қызмет қала тұрғындарының проблемаларын билікке жеткізуге, атап айтқанда жастарға көмектесуге мүмкіндік беретінін айтты.
egemen.kz