дейді «халық жауының баласы» деген атты арқалап, азапты жылдарды бастан кешірген 84 жастағы қария Асхат ХАБИБУЛЛАҰЛЫ,
Отыз жетінің ойраны қазақ халқына орны толмас қасірет әкелгендігі туралы аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. «Халық жауы» атанып, жалған жаладан жапа шегіп, жазықсыз құрбан болған жүздеген, мыңдаған азаматтардың өздері ғана емес, ұрпақтары да 37-нің салқынына ұрынған еді. Есімдері тарих тақтасынан мәңгілік орын алуға лайықты, азаттық аңсаған талай арыс “елім” деп еңіреген қалпы, қазақтың маңдайына сыймай, солақай саясаттың құрбаны болып кете барды.
Төменде сол жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған боздақтардың бірінің артында қалған тұяғымен әңгімелесе отырып, зұлматты жылдардың жанға салған жарасының әлі де жазылмай келе жатқанына тағы бір көз жеткізгендей болдық …
Осыдан бір айдай уақыт бұрын редакциямызға Тарбағатай ауданынан телефон шалған қарт адам өзінің біздің газеттің тұрақты оқырманы екендігін, редакция қызметкерлерімен жолыққысы келетінін айтқан еді. 84 жастағы өзін Асхат Хабибуллаұлы деп таныстырған қарияға таяу күндері сол өңірге іссапарға баратынымызды, сол кезде міндетті түрде өзім іздеп тауып алатынымды жеткізген болатынмын. «Семей таңы» газетінің Тарбағатай ауданындағы күндері кезінде қарияға берген уәдем бойынша Қарасу ауылына Асхат ағаны арнайы іздеп бардым. Алдын ала сол өңірдегі меншікті тілшімізбен хабарласып, келетінімізді естіп отырған қария бізді есік алдынан күтіп алды.
Нәубет жылдары жазықсыз ұсталып, «халық жауы» атанып кеткен боздақтарды еске алғанда аймағымызда ескере жүретін бір есім бар. Ол сол бір зобалаң жылдардың жазықсыз құрбаны бол-ған Хабибулла Әлімбайұлы Бозанов. Жазықсыз жапа шеккен арыс туралы жалпы жұрт түгілі, жерлестері де көп біле бермейді. Артында қалған тұяғы, арқа сүйер асқар тауынан ерте айырылып, әке мейіріне шөліркеумен өткен балалық шақты бастан кешірген, «халық жауының баласы» деген атақтан аз тепіреш көрмеген Асхат ақсақал тағдыры тәлкекке түскен әкесі жайлы әңгімелеп берген еді.
{jcomments on}Бүгін сексеннің төртеуіне келген Тарбағатай ауданына қарасты, Қарасу ауылының тұрғыны Асхат Хабибуллаұлы әкесінен небары 4 жасында қалды. Бірақ, көзін көрген үлкендерден естуінше әкесі Хабибулла Бозанов қылшылдаған жас кезінен зеректігімен, әділдікті ту етіп ұстаған қайсарлығымен көзге түскен азамат болған. Әкесі туралы әңгіме басталғанда көзіне жас алып, бір сәт үнсіз отырып қалған ақсақал:
— Сол бір азапты жылдар жүрекке салған жара әлі жазылар емес. Менің әкем – Хабибулла Әлімбайұлы Бозанов халықтың жауы емес, келешек ұрпақтың қамын ойлаған нағыз халықтың жанашыры болған, сол кездің өзінде Қазақ елінің Тәуелсіз мемлекет болуын аңсаған, Қазақстан егемендігін алып дербес ел болса,сол елді қазақ азаматтары басқарса деп армандаған Алаш белсенділерінің бірі болған,- деп бастады әңгімесін, Асхат аға, — Әкем 1898 жылы Зайсан ауданына қарасты қазіргі Қарабұлақ ауылынан 20 шақырым жердегі Базан ауылында маусым айында дүниеге келген екен. Оның әкесі Әлімбай Бозанов, өз заманындағы бақуатты азамат болған, ал анасы Апиза да дәулетті әулеттің, Қайранбай қажының қызы. Руымыз – Төртуыл, оның ішінде Ақболат, Ақболаттың Қодағайынан тарағанбыз. Ол кезде орыс ұлтының өкілдері Зайсанға көптеп қоныстанған уақыт болғандықтан, қазақ балаларын орысша оқуға тез қабылдаған екен. Содан әкем 1905 жылы Зайсандағы орыс мектебінің табалдырығын аттаған. 1912 жылы 7 сыныпты бітіріп, бай балаларын оқытқан. Одан кейін Омбыдағы гимназияда оқып, онда заң, құрылыс, ел басқару ісі саласындағы мамандықтарды меңгеріп, үздік бітіріп шығады.
Ал, 1917 жылы қайта үкімет орнаған уақытта Зайсанға келіп, судьяның мәслихатшысы (заседатель) болып жұмысқа орналасады. 1919 жылы Ақжарға болыстыққа, жер мен жесір дауларын шешуге соттың судьясы болып тағайындалады. Ол кезде Ақжарда бірен-саран ноғай-орыс ұлттарының өкілдері болған-тұғын. Сол сияқты Шақаманның ұрпақтары мекен еткен аз ғана аласа үйлері болған. Онда сот ісіне ыңғайлы мекен болмайды. Бірде Меңдібай есімді ноғай:
-Бозанов, сізге ең жайлы орын дайындадық. Шеткі Қарасудың бойы толған ноғайлар. Сонда Зарип Абдолұлы деген диірменші бар, ауқатты адам. Үш киіз үй мен 6 бөлмелі там үйдің қожайыны. Екі әйелі мен жалғыз қызы бар, — дейді. Содан әкем сол жерге орналасып, үйдің екі бөлмесін жалға алады. Елдімекендегі ел-жұртты жақсы танитын Өтептен Әбділдәбек болыстың ұлы Айтмұхамбетті, Мөңкеұлы Әмірғазыны, Шақаманнан Смағұл Майөнерұлы сияқты азаматтарды сотқа көмекші және сот кеңесшісі етіп алған екен.
Сол Зарип Абдолұлының жалғыз қызы Гүлсім мен әкем бір –бірін ұнатып,1920 жылы екеуі отбасын құрады. Анам Зайсанда орысша 7 кластық білім алған, көзі ашық, сауатты қыз болған.Үйленгеннен кейінгі келесі жылы үлкен ағам дүниеге келеді. Содан кейін 1925 жылы әкем Өскемен қаласына уездік милицияға тергеуші болып ауысады. Ал, 1929 жылы М.Калинин Семейге келіп, ет комбинатының орнын белгілегенде бас маман болып, сол жерге қызметке ауысып барады. Сөйтіп, Семейде Ахмет Төлегенов (қазақтың бұлбұл дауысты әншісі-Бибігүл Төлегенованың әкесі), Дүйсебай Есенжолов, Сәбит Дөнентаевтармен бірігіп, алғашқы Алашорда ұйымын құрады да, оны ары қарай жалғастыруға үлкен күш жұмсайды. Мен 1931 жылдың мамыр айында Семейде туғанмын (Ертістің оң жағында). Менің кіндік шешем Дүйсебай Есенжоловтың әйелі Майнұр екен. Дүйсебай Есенжолов аймағымызда алғашқы мектеп ашу ісіне, Семей драма театрының ашылуына үлес қосқан адамдардың бірі. Қызы — Есенжолова Роза Дүйсебайқызы – республикалық дәрежеде жоғары лауазымды қызмет атқарған алғашқы қазақ қыздарының бірі. Еңбек жолын 1943 жылы, 16 жасында сол кездегі «Екпінді», қазіргі сіздердің «Семей таңы» газеттеріңізде әдеби қызметкерліктен бастаған Роза 1959-1974 жылдары–Қаз. ССР-і халық ағарту министрінің орынбасары қызметтерін атқар- ған. Екінші қызы жазушы Медеу Сәрсекенің жолдасы, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Клара Есенжолова, Роза да Клара да бұл күндері дүниеден қайтты. Мұны айтып отырған себебім, әкеден-ерте айырылып, мейріміне шөлдеп өскендіктен болар, әкеме қатысты кез келген дерек, ол кісімен сыйлас, туыс болған адамдар мен үшін балалық шақтың белгісіндей ыстық. Әкесі халқын жақсы көргені үшін «халық жауы» деп жазықсыз жазаланып, көзін ашқаннан жаудың баласы деген шеттету мен қоғамның түрткісін көріп, өздері іштен қылмыскер болып туғандай, жоғары жаққа жалтақтап, айтар ойын айта алмай, амалсыздың күйін кешкен адамдар болса менің көңіл күйімді дұрыс түсінер деген үміттемін.
Содан әкемді Алашорда ісіне басшылық жасау үшін, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргеновтердің ұйымдастыруымен Қарқаралы қаласына жол-құрылыс ісін сылтау етіп, 1935 жылы министрлік қызметке ауыстырған-ды. Ол кезде ағайым 14 жаста болса, Күлзифа әпкем 10, ал, мен 4 жаста екенмін. Сонда барған соң әкем Алаш партиясының тапсырмасымен Қызылорда, Шымкент, Атырау, Қарағандыға барып, жол құрылысы жұмысын жалғастырады. 1937 жылы біз Қарқаралы қаласында Бәйге төбе деген жерде тұрдық. (Төбенің күн бас жағы болуы керек.) Есімде қалғаны Берік деген бала,тағы да басқа көп балалар бар бәріміз құмда ойнап жүргенбіз. Мамырдың аяқ кезі болатын. Әпкем келіп, мені үйге ертіп әкетті. Үйге кірсек, әжем мен анам жылап отыр екен, Ағам терезе алдында тұрып бір қағазды оқып болды да бізге қарады. Мен төрт жастағы кішкентай баламын ғой. Тамағымды ішіп отырғанмын. Сөйтсем әкемді ұстап алып кетіпті. Үйдің ішін тінткен кезде байқатпай әкем шұлығының ішіне хат тастап кеткен екен. Хатта: «Сендер үйді тастап, Қарқаралы өзенінің бойындағы ағаш көпірдің маңайына барып, отырыңдар. Ол жаққа кір жууға барған сияқты болып барып, кететіндеріңді ешкім-ге сездірмеңдер. Үйдің есігін жаппаңдар. Степан (Степан деген шопыры болған) күн батқанда сол жерге барып, сендерді алып кетеді» деп жазылған. Сонымен қатар, хатта анама: «Қолға түссең, Сәкен Сейфуллиндердің әйелдері сияқты қамауға алынасың. Содан өмір бойы босай алмай қаласың. Сондықтан, айтылған уақыттан кешікпеңдер» деп ескерткен екен. Тағы да басқа бірдеңелерді жазыпты. Баламын ғой, көп нәрсе есте қалмады.Содан әпкем менің қолымнан жетектеп өзенге қарай кеттік. Өзенге барған соң мен ұйықтап қалыппын. Қараңғыда көлікке отырдық. Анам мен әпкем, әжем қорапқа жайғастық. Түн қараңғылығын жамылып, Алланың жазуы ма, адамның зорлығы ма, әйтеуір, иен далада қалған қаңғыбас күшіктерше Шығысқа қарай жол тарттық. Бақытты тұрмысымыз шайқалып, міне, сол күннен бастап, «халық жауының» ұрпағы атанып шыға келдік. Сөйтіп, “Қош, Қарқаралы” деп, түнделетіп елден қашып, басымызға бұлт үйірілгенін сезгендіктен аман қалудың амалын қарастырып жолға шыққан едік.Ол кезде «халық жауының» қамыты кигізілгендердің әйелі мен балалары да жазасыз қалмайтынын естіп жататынбыз…
Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, — деген атақты Мәди ақынның мұң-зарын 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, қайғы-қасіретке ұрынған біз де қайталағанбыз. Ал, әкемізді сол кеткеннен кейін көрген жоқпыз.
— Сол уақыттағы сіздің әкеңіз сияқты халқының ардақты азаматтарының әйелдері «КарЛаг»-қа, «АЛЖИР»-ге айдалып, адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген ғой…
Менің Анам — сүйегі асыл, мықты адам,
Талай рет жай түссе де ықпаған…
Бар кезде де — сыртқа сыры шықпаған,
Тар кезде де — қабағын бір шытпаған
Қалмасын деп, қиналғанын мен көріп,
Ол жылады — оңашада желге еріп.
Сол күндегі ол көтерген зіл-батпан
Тауға түссе қалар еді-ау езіліп, —
деп ақын айтқандай, анаңыздың иығына түскен ауыртпалықты бала болсаңыз да сіз де бөлістіңіз ғой. Қиындықты көп көрдіңіздер ме? Анаңыз туралы айтсаңыз…
— Екі күн жүріп, Тарбағатайға нағашы ата-әжеміз Зарип пен Ажарға келдік. Өткен күнде белгі жоқ дейді ғой, неге болмасын, есте қалған оқиғалар да, жүрекке түскен жара да көп-ақ. Нағашым Зарип Жетіарал деген жердегі бай татар еді, диірмені болды. «Халық жауының» әйелі мен балаларына қолдау болмаса, өздігінен өмір сүру оңай болсын ба?Нағашыларымыз ауқатты тұрғандықтан тұрмыста қиындық көрген жоқпыз, аш- жалаңаш болған жоқпыз. Оқуымызға да жағдай жасады. Оқуымыз демекші, «халық жауының баласы» атанып, көзге түрткі болмасын дегендіктен де болар, әйтеуір нағашым сыртқы жұрттан әкемнің тар жол, тайғақ кешуде жүргенін құпия ұстауға тырысып, болашағымызға кедергі болмасын деген болар,тегімізді де Зарипов деп ауыстырып тастады. Тұйық деген жерде орыс мектебінде Зарипов болып оқып,кейіннен ғана өз тегіме ауыстым. 1952 жылы мен 10 сыныпты бітірген соң, қиын кезде пана болған нағашы атам дүние салды. Өзім кірпіш құйып, зиратын тұрғыздым.
1961 жылы ардақты анам мен нағашы әжем Ажар дүние салды. Аналарды арулап жерледік. Екеуінің де зиратын тұрғызып, мәрмәр тастан ескерткіш қойдым.
«Халық жауының баласы» деген жұрттың сөзі сүйектен өтіп, жігерімізді жасытатын, әкемнің халқының жауы емес, жанашыры болғанын дәлелдей алмай іштен тынатынмын… Сұрапыл соғыстың да ауыртпашылығын көрдік. Содан 1952 жылы 21 жасымда «Абай» атындағы орта мектепті бітірдім. Сабақты жақсы оқыдым. 8 жыл орысша, ал, қалған 2 жылды қазақша бітірдім. 1952 жылы алғаш ашылған Семейдің зоовет- институтына оқуға түстім. Онда әкемнің туысы Дүйсебай Есенжоловтың үйінде тұрдым. Бір күні Нұрғалиев деген оқу орынының басшысы мені өзіне шақырып алды да:
-Әкең қайда?-деп сұрады. Мен:
-Соғыста қаза тапты,-дедім. Ол кісі маған:
-Соғыста қаза тапқан жоқ қой, білеміз …-деп бетіме қарады да қолыма қалам мен қағаз берді:
-Өз еркіңмен оқудан шығуға өтініш жаз,-деді.
Амал нешік,сөйтіп, өзіміздің арызымызға байланысты «халық жауының» 11 баласы ( 7 орыс, 4 қазақ ) сол оқу орнынан кеткен едік. Одан кейін әскер қатарына аттандым. Украинаның Черкасскі, Белоруссияның Каминск-Подольск, Брестте кейін 1 жыл Германияның Франкфурт қаласында штабта жазушы, азық-түлік қоймасының меңгерушісі болдым. Содан 1955-1958 жылдары аралығында Қарасуда МЖС-та, 1958 жылдан кейін ондаған жыл Қарасу совхозында жүргізуші болып еңбек еттім.
«Халық жауының баласы» деген қара таңба біздің тағдырымызға талай кедергілерін келтіргенін жасырмаймын. Зайсандағы Шіліктінің ар жағында совсемторг, ортақ сауда деген жерде әкемнің қарындасы Бижамал мен жездем Момыкенов Әмірғазы тұрды. 1922 жылы туған ағам Уәшты сол апа-жездеміз қолына алған екен. 1939 жылы Шапақ және Бірлік колхоздары бірігеді. Ағам Уәш Шіліктіде жұмыс істеп жүргенде, 1941 жылдың 4 қазанында колхоздың астығы өртенеді. Сол кезде колхоз бастығы болған Сүлейменов Әбдірахман деген адам Қайырбек, Қажыбай, Тоқабаев Балтабек сияқты азаматтар өртеді, ұйымдастырушы «халық жауының баласы» Уәш деп менің ағамды 2 жыл уақытша изоляторға қаматып, кейіннен 10 жылға тағы сот шешімі шығып, жиыны 12 жылға жазықсыз сотталып кете барды. Нағыз өрт салған адам кінәсін мойындағанына қарамастан бір топ жазықсыз азаматтар бас бостандығынан ұзақ жылға айырылды. Сотталғандардың бәрі ағайындас адамдар болатын. Ағайым 1951 жылы елге оралып, содан кейін үйленді. Балалы — шағалы болды. Өкінішке орай, ағаймен бірге жазықсыз сотталған басқа азаматтар сол кеткеннен елге оралмады… Тағдырлары жұмбақ қалпында қалды.
1956 жылы адал жарымды жолықтырып, отбасын құрдым. Әйелім Күлжамал өте ақылды, адамға мейірімді, парасатты жан еді. Бірге өмір сүрген отбасылық ғұмырымызда бір дауыс көтергенін естімеппін. Тату-тәтті, бақытты отбасылық өмір сүріп, балаларымызға түгелдей жоғары білім бердік, ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, немере, шөбере сүйдік. Әйелім он төрт құрсақ көтерді, оның он екісін аман тәрбиелеп өсірдік. Сегіз ұл, төрт қызымның барлығы оқыған, жоғары білімді. Сегіз келін түсіріп, Алматы, Орал, Петропавл, Павлодар, Алтай, Тарбағатай өңірлерімен құда болып отырған жайым бар. Алланың жазуымен 60 жыл отасқан жан-жарым екі жыл бұрын, 2012 жылы өмірден өтті.
Қазіргі таңда әкем және әкем сияқты мыңдаған арыстар аңсап, армандап көре алмай кеткен Қазақстанның Тәуелсіздігін алғанын, егеменді ел болғанын көргеніме шүкір деймін. 84 жасқа келдім. Тәуелсіз мемлекеттің азаматтарын тәрбиелеп отырмын. Ұрпағым да атасы аңсаған, азаттығын алған Мәңгілік еліне, Отанына адал қызмет етуде.
Әкелеріміз аңсаған азаттықтың ақ таңы да атты-ау.Бірақ әкемнің соңғы өмірінің қайда өтіп, қайда жерленгенін әлі күнге біле алмай, арманда келемін. Осы жағдайларды айтып, 1990 жылы Қарағанды облыстық прокуратурасына хат жазып жібергенмін, олардан Қарағанды Бас прокуратурасы үштігінің айыптау қорытындысын алдым. Бірақ қай жерге жерленгені жайлы еш дерек жоқ екен.Содан бері міне, 25 жыл бойы әкемнің жерленген жерін іздеп,сұрастырумен келемін. Өткен жылы ҚР ҰҚК-нің хатыма жіберген жауабын алдым. Онда әкем РСФСР-дің Қылмыстық істер Кодексінің 58-ші бабының 7-ші тармағы бойынша айыпталып, атуға үкім шығарылғандықтан, «ондай айыпталғандардың жерленген жері табылмайды» дегенге келтіріпті. Арманым – әкемнің жерленген жерін тауып, басына атын жазып, тас орнату. Қазақ халқының Тәуелсіздігі жолында 39 жасында құрбан болған әкемнің жатқан жерін көріп, басына тағзым ету – ғұмыр бойы орындалмай келе жатқан арманым. Артындағы ұрпағына аталарының жатқан жерін көрсетуді де өзімнің перзенттік борышым деп санаймын,-деп аяқтады, Асхат аға әңгімесін.
Автордан: Асхат ағаның жүрісі ширақ, бойы тіп-тік, өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді екен:
-84 жасқа Сіз сияқты еңкеймей, қартаймай, қалай әдемі жетуге болар екен?-деп сұрадым.
-Зиянды әдеттерден аулақ болдым. Салауатты өмір салтын ұстанып, 12 жастан еңбекке араластым. Саналы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еттім. Тәубе, балаларым ол үмітімді ақтады. Менің бір түйгенім, балаңа тұлға деп қарап, сыйлап тәрбиелесең, қартайғанда сол алдыңнан қайтады екен,- деді.
Уақыттың аз екендігін айтып, қанша асыққанымызбен қария:
-Сонау Семейден келіп, Төртуылдың бір ақсақалының шаңырағынан құрауыз шықты деген ұят емес пе,- деп үйге өзі бастап келіп, дайындап қойған дастархандағы дәмге отырғызған. Ақсақалмен аз тілдессек те сөзінен, жүріс тұрысынан тектілікті байқау қиын емес еді. «Халық жауы» деген жалған айыптаудың құрбаны болған әкесі туралы айтқанда бір қарағанда емендей берік ақсақал егіліп отырды. 37-ші жылдары әйгілі 58-ші баппен сотталған саяси тұтқындардың барлығы да талантты, білімді, халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу нағыз зиялылары болған ғой. Асхат аға әңгімесін бастаған бетте асылдың бір сынығымен, тектінің бір тұяғымен кездесіп отырғанымды бірден түсініп, әр сөзін қалт жібермеуге тырысқан едім. Бүгін Асхат Хабибуллаұлы айтқан сол естелікті еш өзгеріссіз, қаз-қалыпында назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.
Риза МОЛДАШЕВА,
“Семей таңы”
olor:b�o»;sH�9 �A nguage:EN-US’>. Олардың айтуынша, мұнда бос уақытты тиімді өткізуге, түрлі үйірмелерге баруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, бас қосқан білімді өрендер өрелі ойларын ортаға салып, пікір алмаса алады.
Әйгерім Сәрсенғали,
«Семей таңы»