О л кеңес өкіметі шығарып тұрған газеттерге белсене араласа бастайды. Қолына қалам алған жас Әуезовті
қазақ даласында сол кезде қалыптасқан
ахуал түрлі тақырыптарға жетелейді.
Оны бірде әйел теңдігі жайы толғантса,
енді бірде оқу-ағарту, мәдениет ісі
терең ойлантады. Қазақ зиялылары,
ғылым негіздері, саясат, шет жұрттар
өмірі, баспасөз, әдебиет мәселелері
де шығармашылық арқауына айналды.
Профессор Рымғали Нұрғалиевтің айтуынша, «Болашақ дария тебіреністі,
шырқау терең, қайратты ойдан хабар
бергендей, жас таланттың алғашқы сапары байлау мен пікірді ашық, жарып айтуды талап ететін публицистикадан басталады». Жалпы, «Қазақ тілі» газетінде
жарияланған мақалаларынан өткеннің
асыл қасиеттерін бойына сіңірген, ел
болашағына алаңдаған, ұлт қамын
ойлаған публицистің қоғамдық-саяси
көзқарасы айқын аңғарылады.
1919 жылы 1 желтоқсан айында
Семей қаласында Кеңес өкіметі қайта
орнады, губерниялық революциялық
комитеті құрылды. Сол кезден бастап
М.Әуезов Семей губерниялық жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері.
1920 жылы ақпан айынан бастап бөлім
меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің ресми
шығарушысы болып тағайындалды.
1920-1922 жылдары «Қазақ
тілі» газетінде М.Әуезовтің «Қазақ
оқығандарына ашық хат», «Бүгінгі зор
міндет», «Егінге дайындалыңдар»,
«Мадиярға жауап», «Сот», «Қазақ
қызметкерлерінің міндеті», «Қазақ
бөлімдері туралы» сынды қоғамдықсаяси мәні зор мақалалары жарияланды.
Публицистік даярлығы күшті М.Әуезов
«Қазақ тіліндегі» қызметіне тез төселді,
«Абай» журналында, «Сарыарқа» газетінде мақалалары жарияланып, ойын
дәл жеткізуге әбден машықтанған оған
газет редакциясын басқару қиынға
түспеді. Тек үлкен айырмасы — журналист қаламынан шыққан мақалалар коммунистік идеология қалыбымен өлшенуі
тиіс еді.
О қу-ағарту саласына байланысты мақалаларына тоқталсақ,
«Қазақ тілі» газетінде оқу-ағарту
мәселесіне айрықша көңіл бөлген
жандардың бірі Мұхтар Әуезов еді. Ол
ағарту ісін сырттай уағыздап қоймай,
қолдап кірісті. Өзі оқытушы-педагог болып қызмет атқарды. Кеңес өкіметі
орнаған жерлерде ашылып жатқан
мектептер жабдығын жасау, ана тілін,
әдебиетін үйрету, оқу құралдарымен
қамтамасыз ету сияқты өзекті істерге белсене араласты. «Россияның ішіндегі көбігі аспанға атып жүз толғанып,
бұлқынып жатқан революция толқыны
дүние жүзіндегі еңбекшілерді құлданған
патшалықтардың бәрінің жүз жылдап құрған құлдық қорғандарын іргесімен теңселтіп, жапсарын ашып, жігін
үлкейтіп тұрғаны әркімге мәлім… Бүгінгі
күні кешегі қараңғы құлдық күннің күңгірт
жүзді қожасы — жуандардың басына келетін ауыр күннің қаһарлы бұлттарын
Россия жуандарының төбесіне заман
желі айдап келіп тұр», — деп басталатын «Қазақ оқығандарына ашық хатына» қанаушылықтың жойылатынына
сенім білдіреді. Жазушы қазақ арасында Россиядағыдай тап қайшылығы, тап
күресі болған жоқ деп түсінген. Оны да
ешбір бүкпесіз, жасырмай: «Бұл күнге
шейін бар қазақтың баласында бірақ түрлі құлдықтың ноқтасы болатын.
Бірінен-бірінің қара үзіп, артып кеткен
еш жері жоқ. Бәрінің көргені де өгейлік,
жетімдік. Әсіресе оқығандарының бой
жазып кең отырған күні бұл күнге шейін
болған жоқ. Қашан болса күні қысылу,
бұғып, қорқу болатын», — деп жазады.
«Жұрт кең заманнан пайдаланып, тиісті
сыбағамды жырып алып қаламын десе,
ауыр заманда бейнет, қиын жұмыста
бар қайратын салып келіп, мақсаты
іске асатын күні, еңбегінің жемісін оратын күні қашып кетуінің не мағынасы
бар? Бұл шалалық елдік сезімнің әлі
күнге басшы мен деп жүрген оқығанның
өз бойына сіңбегендік»,- деп, қазақ
оқығандарының намысын оятарлық
өткір сөздер айтады. Автор оларды
жаңа өкіметтің қызметіне етене араласып, қазақтың мұң-мұқтажын өтеу үшін
аянбай еңбек етуге шақырады: «Қазіргі
заман қазақтың баласына келіп тұрған
әрі қиын, әрі пайдалы жайлы заман…
елдің қамын жеген оқыған азаматтар не
қылса да қолынан келген шарасын істеп,
осы өкіметтің арасына кіріп, қазақтың
есесін әперіп қалатын уақыты келді
деп білеміз»,- деген ойын ашып айтады. Қазақ оқығандарының қысылтаяңды
осы шақта елі үшін қызмет етуін міндетті санады, қала мекемелерін тоздырып,
тіл білместіктен ішкі зар-мұңын жеткізе алмай жүрген қазақтың күйін баяндайды. «Егер қазақ оқығандары кеңес
өкіметінің қабағынан қорқып, қашса, айтатын сөзіміз осы: оқығанның қызметке
кіруіне керек. Ел шақырып отыр.
Қазақтың қамын жейтін оқыған болса, қашқаны болсын, қашпағаны болсын, қырда бос жүргеннің бәрі де келуі
керек». Әуезовтің бұл хатында қазақ
оқығандарының ұлт-азаттық қозғалысы
бағытындағы іс-әрекеттері баса айтылып, олардың кейбіреулері еңбекшілерді
қанаушы жуандардың қолжаулығы болып отырғандығы жете еленбейді. Бірақ
Әуезов мұнда мұнтаздай таза болды деп бір жақты бағалаудан да аулақ.
Сонымен қатар Әуезов сол кездегі
басқаша түсініктегі топтардың бар екенін
теріске шығармайды. Тек мақаланың негізгі мақсаты оқығандарды қызметке
тарту болғандықтан, оларды саралап,
топқа бөліп жатпай-ақ: «Құр елдің мұңы
тыңдалмайтын, бірен-саран кісінің ғана
басына жайлы, ат езу келген заманда ғана
оны істеймін деп, анығында еш нәрсені
істей алмай, шағулы заман келгенде
қашып жүрсек, елдің қамы деген сөзді
айтып не керек», — деп оқығандардың
өзіне ой тастайды. Бұл мақала Семей
губерниялық «Қазақ тілі» газетінің 1920
жылғы 5 ақпан күнгі 15-санында жарияланды. Басқа мақалаларында М.Әуезов
осы ойын тарата дамытып, халықтың
күнделікті күнкөріс қажеттілігіне байланысты шаруашылық, өндіріс, қолөнер
кәсібі сияқты тірліктерді де жан-жақты
сөз етіп, солардың ішінде елдің келешек өсу жолына негіз болатын, ертеңге
жалғасар бағыт-бетін айқындауға
ұмтылады. Қалың жұртшылық «өз
аманшылығын сақтап, мемлекет халін,
көпшіліктің халін ескермейтінін», азға
малданып, өзінен арғыны, ертеңгі күнін
кеңінен ойламайтынын, ал кейбір «елдің
қамын жегіш пысықтардың» жаңа өкімет
ісіндегі уақытша қиындықтары мен жекежарым кемшіліктеріне көлденең сыншы
болып жүргендігіне қынжылады. Қолдап,
көмектесіп, «елді мәдениетке жеткізіп, ағарту, өнер-білім құралдандыру
дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілту» сияқты тірліктерге бар күш-жігерді жұмылдыру керек. Ал бұл бағыттағы бүгінгі зор міндет
— оқу ісі, алдымен, бірінші кезекте соны
дұрыс жолға қою керек деп біледі автор.
«Бүгінгі зор міндет» деген мақаласы
«Қазақ тілі» газетінің 1920 жылғы 31-ші
желтоқсан күнгі санында жарияланған.
М.Әуезов: «Кеңес өкіметінің заңынша
оқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі
екенін іске араласқан кісінің бәрі де
біледі. Ескі өкіметтің шашбауын көтерген
оқытушылар да жаңаша оқу жолындағы
кеңшілікті көріп, әбден риза болып отыр.
Жә, оқу ісіне өкіметтің істеп отырған
қызметі, беріп отырған кеңшілігі қайсы?
Бұған дәлел: Орыс, қазақ, кедей, бай,
жас-кәрінің арасындағы надандықты
құрту істеліп отырған қызметтер (ликвидация безграмотности). Бұл — жалпы
мемлекеттің қолданып отырған ісі. Енді
қазақ ішіндегі оқу ісіне келейік. Қазіргі
күнде губерниялық оқу бөлімінің жасап
отырған жобасы бойынша, келесі жазда қазақ ішінен 300-ден аса мектептер
салынбақшы. Тегінде, іс қылуға көңілі бар
жігіттердің бұл жұмыстарға ықыласын
салу — борышы. Бүгінгі күндердің зор міндеті осылар», — деп жаза келіп, жаңа өмір,
жаңа құрылысқа қол жеткізудің үлкен бір
жолы оқу-ағарту ісі екендігін баса айтады. Өткір сын айтып, көпшілікке ой тастайды. Елге шынымен жаны ашитын
азаматтардың халықтық іске қолғабысын
тигізуі қажет екенін айтады. Автор
кеңес өкіметінің оқу ісін аса жоғары
бағалап, қадірлейтінін және оның бұл
артықшылығына «жауларының да қол
қойып» отырғанын айтады. «Бірталай
жылдан бері қарай қазақ оқығандары
қалада тұрып, бас қосып, елді ағарту жолына қызмет қылар десе де, әлі күнге бір
қалада қазақ халқына арналып салынған
бір мектеп, бір клуб жоқ», — деп, автор
қазақ оқығандарының керенаулыққа салынып келгенін, әлі де беріле дұрыс
қызмет жасамай отырғанын сынап, кеңес
өкіметінің осы бағытта белгіленген шараларын және олардың маңызын нақты
мысалдармен баяндап өтеді.
Ж аңа бағытқа, жаңа құрылысқа
бет алған елге аса қажет
мәселенің бірі оқу ісі десе, екіншісі —
отырықшылыққа айналу. Яғни «Қазақ
көпшілігін қойып, қала болса, мәдениет
тез орнар еді»,- дейді. Ал үшіншісі —
қолөнер кәсібін меңгеру. «Үшінші: осы
күнде қыр қазағы бұрынғы қаладан
алынатын ұсақ нәрселердің бәріне
де мұқтаж. Мәселен, қыр елдерінің
мұқтаждары: бұл, былғары, ыдыс-аяқ.
Егер қазақ ыдыс-аяқты өзі істеп, шекпенін тез тоқып алып отыратын болса, онан
артық олжа бар ма», — дейді М.Әуезов.
Жазушы мәдениетке қол жеткізудің
үлкен бір жолы осы деп қарайды. «Осы
айтылған үш түрлі іске күш салып, көңіл
бөлсе, талай пайдалы көрікті істер
шығаруға болады. Тегінде, іс қылуға
көңілі бар жігіттердің бұл жұмыстарға
ықыласын салу – борышы. Бүгінгі секілді күндердің зор міндеті осылар», — деп
баса айтады.
1921 жылдың ақпанының аяқ шенінде Халық ағарту институтының қазақ
бөлімі ашылады. Ә.Сембаев 1919-1920
жылдардағы Халық ағарту ісі жөніндегі
зерттеуінде: «Семейде қысқа мерзімді
педагогика курсы ашылды, онда 67 орыс
мұғалімі, 90 қазақ мұғалімі оқыды. Курстың
программасы оқушылардың Кеңес еңбек
мектебінің принциптерімен таныстыруды
көздеді» деген түйін жасайды.
Қазақ мамандарының жетімсіздігіне қарамай, тасы қаланған институттың
қазақ бөлімінде оқу сабақтары орыс
тілінде жүрді. Аты қазақша, заты орысша бұл оқу орны жайында Әуезов
«Қазақ тілі» газетінің 1921 жылдың 17
наурызындағы санында «Қазақ институты» атты мақаласын жариялайды. Онда
қазақ бөлімінің үлкен күшпен ашылып, сапалы білім беретін мұғалімдердің, тиісті
оқулықтардың жоғынан оқыту пәндерінің
уакытша орыс тілінде жүргізілетіндігі
айтылады. Мәселенің мәнін түсіндіре
келе автор мұғалімдердің ісін де сынай өтеді: «Мұғалім қылып сыйланатын
оқығандарымыз да, оқушыларымыз да
кызметтерінің бір иығын саясатқа сүйеп
жүр. Жалғыз оқу жұмысымен тұрған жоқ.
Сондықтан оқыту оқулықтарының да
тұрлауы болмайтын болды. Оқуға белгіленген уақыттың жартысы оқылмай
өтетін болды. Оқушылардың көп уакыты бос жүріспен рәсуа болатын болды»,-
деп, орыс тілін енгізуге себеп болған жайды баяндайды. Кеңес өкіметі орнаған
алғашқы жылдардың өзінде-ақ қазақ тіліне деген немқұрайлылық орын алды. Тіпті
қазақ әдебиеті сабағының өзі орыс тілінде
жүргізілді. Осындай себептерге байланысты М.Әуезов институттың соңғы курсында жүрсе де қазақ бөлімінің төменгі, негізгі және даярлық курстарына дәріс береді.
Институттың қазақ бөлімін ашуда дәріс
беретін білікті мамандардың жоғы үлкен
қиындық тудырады.
«Қазақ қызметкерлерінің міндеті»
атты мақаласы «Қазақ тілі» газетінің 1921
жылғы 14 қаңтарындағы 115 санында
жарияланған. Бұл мақаласында оқыған
азаматтарды белсене іске жұмысуға
шақырады. Олардың мақсаты «елді
мәдениетке жеткізіп, оқу-ағарту, өнербілім таратып, құралдандыру, дүниенің
халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп,
ішінен жетілдіру» деп ұғады. Бұл міндеттерді мойнына алмаған қызметкерлер
қазақ азаматы емес, ел қамын ойламайды деген тұжырымға келеді. Автор алдымен «қазақ халқы аса маңызды автономияны қашан аламыз, теңдігіміз
қашан тиеді, ел қатарына қашан кіреміз?» сынды ірі де сүбелі мәселелерді
көтере келе, соларға қол жеткізудің жолдарын қарастырады. Оқу жұмысының
қолға алынбай жатқандығын, не қалада,
не қырда мектеп үйі жоқтығын, қазақ
жігіттерінің қолөнерді үйренуінің жолға
койылмағандығын айтып, «Бүгінгі
зор міндет» мақаласында ұсынған
шараларының орындалмай отырғанына
күйінеді. Ілгеріректе айтылған ойларын әрі қарай өрбітеді. Осы мақалада
Әуезов баспасөз туралы да сыни пікір
айтады: «Кіндік үкіметтің тілі болып
отырған газеттерді алсақ, олардың бетінен жарытымды хабар алуға болмайды. Жазылған сөздің көбі түпсіз терең
мәселеге арналады. Бүгінгі күнде үнемі
жоқ, ұзақ қиял, шұбатылған жобаға арналады. Кіндік үкіметтің ішінен күткен
хабарын ала алмаған кісілер аздан соң
оқуға да көңілсіз тартады. Терең пікір,
ұзақ сөздердің орны бар, егер сонымен қатар іс істеліп отырса. Әйтпесе
«мың сіз-бізден бір шыж-быж» деушілерге айтар дауымыз да қалмайды».
Сонымен қатар мақаланың соңын былай
қорытады: «Мінекей, осы сөздерді айтып келгендегі менің ойымдағы пікірім:
қазіргі уақыттағы барлық күшті де,
уақытты да, сөзді де бүгінгі күнге өнетін
оқу жұмысына, шаруа жұмысына салу
керек. Түбінде қазақ жұртының басынан әлденеше өзгерістер өтер. Бірақ іс
басында жүрген азаматтардың сол замандардан белгі болып қалмауы ұят.
Қолдан іс келетін заманда елдің бір тілегін орындай алмауы — ұят іс. Істейтін
уақытты сөзбен өткізсек, қараңғы
елдің алдындағы міндетімізді сөз деп
ұққанымыз, одан басқа жауапқа орын
да қалмайды». М.Әуезов жаңа орнаған
Кеңес үкіметі қызметтерінде жүріп-ақ,
қазақ үшін пайдалы қызмет атқаруға болады деген бағыт ұстанған. Сол ойын
басқа оқығандарға да жеткізуге тырысады. Әрбір публицистік шығармасынан
ақыл-кеңес сұраған халыққа жанашыр,
ұлт қамын ойлаған адал азамат бейнесін
көреміз.
Мұхтар Әуезов «Әдебиет ескілігін
жинаушыларға» атты мақаласында
«Халық әдебиеті туралы» атты
мақаласындағы пікірін толықтыра түседі.
Семей губаткомының газеті «Қазақ
тілінің» 1925 жылғы сәуірдегі қырқыншы
санындағы бұл мақаласы соңында автор
аты-жөнін жазбай, «Кирпедтехникум»
деп жазған екен. Мақаланы кирилл әрпіне
түсіріп, баспаға қайта жариялаған ғалым
Қ.Мұхамедханов: «Әдебиет ескілігін
жинаушыларға» деген мақаланы 1965
жылы оқып танысқан едім. Сонда осы
мақаланы жазған адам Мұхтар Әуезов
екендігіне ешбір күмәнім болған жоқ»,-
деп, Әуезовтің жазу стилін танып,
оның 1925 жылы Кирпедтехникумда
қызмет етіп, әдебиет үлгілерін жинаумен айналысқанын басшылыққа
алады. Әуезов «Әдебиет ескілігін
жинаушыларға» атты мақаласында:
«Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрып, көпшіліктің мүлкі қылып
беру жалғыз ғана әдебиетті сүйетін
қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру
болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ
тілінің қалыптасып, нығайып, өзіне біткен көркі мен күшін жинау үшін керек»,- деп, әдебиет үлгілерін жинаудың
маңыздылығын айтады. М.Әуезовтің
бұл еңбегі бүгін тәуелсіз Қазақстан
болған кезімізде өз ұлттық әдебиет, тарихи мұраларымызды түгендеу үшін өте
маңызды.
Б ұл іс оқи біліп, жаза білген бар
қазақ баласының міндеті. Бұл жолда ең алдыңғы тілекті ел ішінде ескі сөзді
білетін кәрі кұлақтарға айтамыз дей келе,
Кирпедтехникумның 100 шәкіртіне ауыз
әдебиеті үлгілерін жинау жөніндегі нұсқау
берілгенінен құлағдар еткен. Ел ішінде кең тарап, көп айтылатын батырлар
жыры, ақындар айтысы, шешендік сөздер,
тарихи өлеңдер, әр рудың шежіресі,
хандық дәуірді белгілейтін әңгімелерді,
яғни әдеби-тарихи маңызы бар ұлттық
құндылықтарды жинауды ұсынады.
Жазушы мұндай ұсыныс-пікір жариялап,
құрғақ сөзбен ғана шектелмейді, іргелі
істің басы-қасында жүріп, ауыл арасында
жиналған үлгілерді сұрыптай, таңдай отыра араға ұзақ уақыт салмай «Әдебиет тарихы» атты көлемді де құнды еңбек жазады.
Жазушы өзіндік ой түйіндеулерін, пікір,
көзқарас, кеңестерін «Халық әдебиеті
туралы» (1924), «Қазақ әдебиетінің
қазіргі дәуірі» (1922), «Әдебиет
ескілігін жинаушыларға» (1925) сынды мақалаларында білдіріп, өзі редакциясында қызмет еткен «Таң» журналында ел арасынан жиналған ертегі,
аңыздар жөнінде, ескілікте тарихта болып, аты аңызға айналып кеткен ұлттық
батырлар, сал-серілер, бақсылар, ақынжыраулар жөніндегі құнды деректерді жариялап отырды. Бұл жүйелі зерттеуі, фольклорлық нұсқауларды жинаудағы
ерен еңбегі «Әдебиет тарихы» (1927) атты
еңбегінде тұжырымдалды.
М.Әуезов фольклор саласында
ұшан-теңіз еңбек етті, қазақ фольклористикасы ғылымының нығайып, бекуіне орасан зор үлес қосты. Әдебиетшіғалым Ә.Молдаханов: «М.О.Әуезовтің
ұзақ жылғы жемісті әдеби-ғылыми
мұрасына зер салып, көңіл бөлетін
болсақ, оның екі үлкен арнасы
зерттеушілердің назарын ерекше аударады. Біріншісі — абайтанушылығы, екіншісі – фольклортанушылығы»,- деп, ұлы
тұлғаның фольклор саласындағы ерен
еңбегін жоғары бағалайды. М.Әуезовтің
ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастыруы, толымды ғылыми зерттеу жүргізуі,
қызғыштай қорып, қамқорлық жасауы — халық игілігі үшін жасалған ерен
еңбегінің бір көрінісі. М. Әуезовтің ауыз
әдебиеті саласындағы еңбегі баспасөз
бетіндегі мақалалар мен «Әдебиет тарихы» атты еңбегімен шектелген жоқ.
Ш аруашылыққа және заңға байланысты жазылған мақалаларына
тоқталсақ, «Қазақ тілі» газетінің 1921
жылғы 18 ақпанындағы нөмірінде жарық
көрген «Егінге дайындалыңдар» мақаласы
оның экономикалық тақырыпқа да қалам
тербегендігін айғақтайды. Көтеретін
мәселелеріне қарай, шақырар үндеу,
айтар ойына қарай шығарма жанрлық
жағынан проблемалық бас мақалаға
келіңкірейді. Өйткені мұнда сол кезде «ел
алдында тұрған елеулі міндетті қалай
шешу керек?», «Ол үшін не істеу керек?»
деген секілді сауалдарға нақты жауап та
беріледі. Бас мақаланың бастауындағы
«Қазіргі күнде егін саламын деген елдер
кез келген жерден тұқымдық астық, соқасайман таба алмайтындықтан һәм ендігі
егін салушылар үкімет көмегінсіз іс істей
алмайтындықтан, Семейдің губерниялық
жер бөлімінде келесі жаздың шаруасына
істеліп жатқан қамдарын барлық оқушыға
да һәм егінші елдерге де білдірмекшіміз»
деген жолдардан-ақ автор не жайында сөз
болатындығы туралы бірден емеурін танытады. Бұдан әрі автор губерниялық жер
бөлімінің қаулысымен, оның мазмұнымен
таныстырады. Көрсетілген мәжеден
артық егін салған елдерге «айрықша сый
есебінде бұл, шай, ұн секілді нәрселер»
көмек ретінде берілетіндігін айтып өтіп,
көпшілікті материалдық тұрғыдан ынталандыра түседі. Сондай-ақ жер бөліміне
келіп түскен тұқым мен соқа-сайманның
көп бөлігі қазақ халқына берілетіндігін
баса ескертіп айтады. Қазақ ұлтының
өкілдеріне егіншілікке бой ұсынып,
отырықшылыққа үйрену үшін қол қусырып
бос отырмай, қаракетке көшу керектігіне назар аудартады. Егінге дайындалу хақындағы осындай мәселелерді
қорғай отырып, Мұхаң жергілікті мекенжайлардағы оқыған азаматтардың, қазақ
бөлімі қызметкерлерінің алдына бірнеше
міндеттер қояды. Ол міндеттер мыналар:
«Бірінші, егін турасындағы жол-жобамен түгел танысып, посевкомдармен тізе
қосып іс қылу.
Екінші, ел-елге осының жайын ерте
күннен құлақтандырып, тұқымды, соқаны
қалайша алудың жөнін ұқтыру…
Үшінші, қай ел не нәрсе алды, соны
біліп тұру…
Төртінші, қалаларда қызмет қылатын
жігіттердің бәрі де осы жұмысқа жұмылып
іс шығару.
Бесінші, егін жайындағы жұмыстардың
реті қандай болып отыр, соны губерниялық
қазақ бөліміне білдіріп отыру.
Алтыншы, газетке сөз жазатын жолдастардан сұрайтын өтінішіміз: әсіресе осы
айтылған егін жұмысы қай ретте болып
отыр, қандай жақсылық, қандай кемшіліктері бар, соларды білдіріп отырсаңыздар
екен.
Б ұдан былай сондай хабарларға
газет бетінен кең орын берілетін
болады. Бүгінгі күнде біздің ең маңызды
мәселе деп отырғанымыз — осы».
Міне, осы сөйлемдерден аңғаратын бір
жайт — Мұхтар Омарханұлы губерниялық
атқару комитетінің, губерниялық қазақ
бөлімінің жұмыстарын белсене жүргізумен
қатар, газет ісіне үлкен мән бере қараған.
Баспасөздің ұйымдастырушылық функциясына ден қойған. Әрі іс жүзінде соны
атқара да білген. Заң қызметкері ретінде
М. Әуезов халықтың саяси сауатын ашу
мақсатында заң, сот ісіне арналған бірер
мақаласын жариялайды. Мәселен, 1921
жылдың 12 қаңтарында «Қазақ тілінің»
114 санында жарияланған «Сот» атты
мақаласы, өкінішке орай, біздің қолымызға
толық мәтінінде тиген жоқ, басы 113-санында жарияланған екен. Газеттің ол
саны сақталмаған. Мақаласында автор сот жүйесінің негізін, міндетін, мінезін түсіндіруді мақсат етеді. Әуезовтің
«Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 5 ақпан
күні жариялаған «Жалпы жарлық» атты
мақаласында да тікелей заң саласына
қатысты мәселе көтерілген. Мақалада
қазақ съезінің қаулысын әзірге қолданбай
тұра тұру сұралады. Семей губерниясы 1921 жылдың жазына дейін Сібір
ревкомының қарамағында болғандықтан,
қазақтың кіндік өкіметі орналасқан
Орынбор қаулы бұйрықтарының орындалуына шектеу қойылған еді. «Бұдан
кейін қалың мал турасында ол қаулыны
қолданбау керек. Әзірге қолдануға ерте,
ал закон болса заң комиссариатының
шығуы керек»,- деп, оның ресми түрде
күшіне енбегенін де ескертеді.
М. Әуезов «Қазақ тілі» газетінде жарияланған әр мақаласы — саясикоғамдық өмірдің шынайы көрінісі.
Оның «Қазақ бөлімдері туралы»
атты мақаласында қазақтың сарыла күткен көп арманының бірінің орындалуы жайында айтылады. Қазақ
автономиясының дүниеге келуімен қазақ
бөлімдерінің ашылып жатқанын айтып,
ол бөлімдердің міндетіне, атқаратын
қызметіне тоқталады. 1919 жылдың
желтоқсанында қазақтар ісімен айналысатын бұратаналық бөлімше кейіннен жылдың маусымында қырғыз бөлімі
болып өзгертілген еді. Арыз арқалап
жұмысын айта барған қазақтың сөзін
ұқтыра алмай аңырып жүрген жайын
баяндай келе, енді қазақ бөлімінің
іске араласуынан бұл кемшіліктердің
түзелетініне шек келтірмейді.
Семей губерниясы Сібірдің
құрамынан ажырағаннан кейін ғана ел
мүддесі үшін біршама істер жүргізіле
бастады. Жалпы, мақалада қазақтың
мақсат-мүддесін қорғап, оған пайда
келтірер іс жүргізуші бөлімнің қызметі
жайында егжей-тегжейлі баяндалады. Басқару орындарында кілең
орыстардың отырып, қазақты шеткері
ысырғаны «… біз жоғарыда айттық, осы
күні солардың басында отырған орыс
деп. Олардың қазақ жұртына қызмет
қыламын деуіне мүмкін емес. Біренсаранының қызмет қыламын деген көңілі
боп қалса да, қолдарынан еш нәрсе келмейді» деген жолдардан аңғарылады.
Бұл — бүкпесіз шындық. Оңды-солды
заң шығарып, қазақтың жерінде отырып,
сол қазақты көзге ілмеу Кеңес билігінің
алғашқы жылдарының өзінде-ақ көрініс
берген. Автор бұл бөлімдерді халыққа
таныстырумен қатар, қазақ бөлімдерінің
алдындағы міндеті мен арыз арқалап
қалаға келген қыр қазағының міндетін де
көрсетіп берді.
Әлеуметтік тақырыптағы
мақалаларына келер болсақ, Кеңес
үкіметінің жергілікті орындарда жүргізіп
отырған күнделікті іс-шараларын
халыққа мәлім етіп, еңбекшілерді белсене іске кірісуге шақыру мақсатында
жазылған сондай шығармалардың
бірі — «Қазақстан елшілерінің хабары» «Қазақ тілі» газетінде 1924 жылы
жарияланды. Бұл туынды жанрлық
жағынан корреспонденцияға келеді.
«Баспахананың жұмысы уақытша тоқтап
қалғандықтан, газетіміз мезгілінде
шыға алмай, елшілер хабарының көбі
кешеңдеп қалды. Құлағын түріп отырған
елдің көбі күнбе-күн күтіп отырған
хабарларының көбін қызу үстінде есіте алмай, дағдарып қалды. Сондықтан
хабарлардың қызулы кезі өтіңкіресе де,
ел құлағына естілуі қажет болған хабарларды қорытып жазбақшымыз» деген шығарма бастауынан-ақ оның корреспонденция екендігін байқауға болады.
«Корреспонденция негізінде бір немесе әлденеше фактілер тобы жатады, ол жазылып отырған оқиғалар мен
құбылыстарға қорытынды жасап, баға
береді немесе «Корреспонденция хабарлау сарынынан гөрі, фактіні талдау,
оны баяндау, одан бір белгілі қорытынды
жасау басым келеді… Ол оқиғаны я фактіні хабарлаудан гөрі мәселе көтеруді, …
жақсы істі бұқараға кең таратуды негізгі мақсат етеді… Корреспондендия талдау мен жинақтаудың негізінде жазылады» деген теориялық айқындамалар
жоғарыдағы тұжырымдарымыздың
дұрыстығын айғақтайды.
Корреспонденциядағы: «Семей облысы екі шегіне уақытша Бұқтарма уезін
қосып, түгелімен Қазақстанға қосылатын
болады.
А қмола облысындағы даулы жер — Омбы уезінің шегі,
оның кесігін Мәскеу айтады, одан басқа
уездер түгелімен Қазақстанға қарайды,
губерниялық кіндігі Қызылжар болады»
дейді» — осы сияқты жекелеген фактілердің
басы қосылып, жинақталады. Сол арқылы
автор тарапынан Қазақстан шекарасы туралы ауқымды мәселелер қозғалады.
Қазақ елінің бостандығы жайлы ойлар да
аракідік бой көрсетеді.
Сөйтіп, «Қазақ тілі» газетінің беттерінде жарияланған публицистикалық
шығармалары Мұхтар Әуезов ойөрісінің өсіп, қоғамдық-саяси көзқарасы
көкжиегінің кеңейе түскендігін көрсететін
туындылар екендігіне ешкім шүбә келтірмесе керек.
«Қазақ тілі» газетінде Мадияр деген
автордың (бұл — Міржақып Дулатовтың
бүркеніш аты) «Қазақ елі қорлықта» деген мақаласында өкімет адамдарының
жөн-жосықсыз іс-әрекеттері сөз болып, «Қазаққа барар жер, басар таудың
қайда екенін білмедік» деп мұң шаққан
екен. Сол кездің өзінде М. Әуезов
газеттің 1922 жылы 14 қазанда шыққан
№83 санында «Мадиярға жауап» деген мақала жариялап, онда: «Өкімет
жұмысын реттеу деген бір күн яки бір
ай ішінде бола қоятын емес, «көш жүре
түзеледі» деген. Ел аралап жүргендегі
бірлі-жарым бұзақылықтарды көріп,
бүтін қазақ елін қорлық-зорлықта деп
жылай беруге болмайды. Осындай
бұзақылықтың қайтсе қойылатын шарасын табу керек», — дей келіп, одан
әрі өкімет атынан: «…Мұңыңды шақпа,
қимылдама деп отырған үкіметтің жоқ
екеніне, қазаққа жаны ашығансыған
пысықтардың кім екеніне көз жіберіп,
қолыңдағы заң-құқығыңды — правоңды
кім де болса аямай, қорғанбай іске асыру керек», — деп ел арасындағы бірлі-жарым бұзақылықтардан құтылудың шарасын ұсынып, оған кімнің болса да
атсалысуы керек екенін айтады. Ал бұл
жай Әуезовтің сол кездегі қоғамдық
көзқарас, бағытынан дұрыс мағлұмат
берері сөзсіз. Бірақ әлі беті қайтып,
тауы шағылмаған жас қайраткердің
бұл сенімі, үміті ұзаққа созылмады.
Жаңа өкіметтің өктем саясаты күнненкүнге үдеп, ұлғая түсті. Сондықтан да
дәл сол жылы қараша айының соңына
қарай М. Әуезов қолындағы билік, мансап қызметтерін өз еркімен қалдырып,
сол кездегі Түркістан Республикасының
астанасы Ташкент қаласына кетеді. Сол
үшін жазушыны «…партиялық тәртіпті
бұзғаны және ұлтшылдығы үшін» деп
кінәлап, партия қатарынан шығарып
жібереді. Бұл жөнінде ол кейінгі жазған
өмірбаянында және қамауда отырып тергеушілерге берген жауаптары
мен жазбаша мәліметтерінде айтқан
болатын: «Жасыратыны жоқ, барша
қабілетімді жазушы болуға арналу керек
деп жас күнімнен армандадым, алғашқы
пьесаларымның қуанышы сол арманды
қанаттандыра түсті. Партия қатарынан
кеткеннен бастап саясатқа мүлдем
селқос болдым, сол 1923-1924 жылдардан бастап-ақ саясатпен айналыспауға
бел будым… Былайғы өмірімді
әдебиетке, педагогтік, ғылымдық жолға
арнағанды ақыл көрдім. Бұл жолы
қызықтырып әкеткені ғажайып, өзгедей
қызық бар деп ойламадым», — деп жазған
екен.
Көлемді де кесек туындылар жазған
жазушының стильдік-композициялық,
формалық, тілдік шеберлігінің бастауы
да шығармашылық жолының алғашқы
кезеңінде жазылған публицистикалық
шығармаларында жатқандығына көз
жеткіздік. Заңғар жазушы М:Әуезовтің
ел мүддесі жолындағы еңбегі, ұрпаққа
қалдырған мұрасы ешқашан өлмек емес.
Д.Е.ОСПАНОВА,
Семей қаласы
«Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін», – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Креативті индустрияны дамыту – мемлекеттік саясаттың басым...
Толығырақ...Details