"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

БАЛЫҚ БАЙЛЫҚ КӨЗІНЕ АЙНАЛА МА?

Журналистік сараптама

27.09.2022
БАЛЫҚ БАЙЛЫҚ КӨЗІНЕ АЙНАЛА МА?

Фото: Ашық көздерден

52
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Бүгінде ел экономикасын алға сүйрейтін сала көп. Тек көзін таба білсек, мемлекеттің алға жылжуына айтарлықтай сеп болары анық. Сондай салалардың бірі – балық шаруашылығы. Мамандардың айтуынша, Қазақстан – балық қорына бай. Каспий теңізін қоспаған күннің өзінде елдегі су тоғандарының жалпы ауданы 5 млн гектарға жуықтайды екен.

Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан. Мәселен, өткен ғасырдың 70-ші жылдары балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 111 мың тоннадан асқан көрінеді. Соның нәтижесінде мыңдаған адам осы салада тұрақты жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып, табысты еңбек еткен. Ал қазіргі таңда біз балық шаруашылығының осы мүмкіндігін  пайдалана алып отырмыз ба?

Ләйла НАУАН,
«Семей таңы»

 

Бұл саланың қыр-сырын білетін мамандардың сөзіне қарағанда, өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап, экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығы, жете көңіл бөлінбегендіктен, әжептеуір құлдырауға ұшыраған және бүгінде оның салдарынан әлі де толықтай арыла қоймаған. «Қазір елімізде өндірілетін балықтың көлемі өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы көрсеткіштің жартысын да қамтымайды. Бұған кезінде балық дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты белгілейтін бағдарламаның әзірленбеуі де әсер етті», – дейді сарапшылар. Олардың пайымынша, балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы саланың қалыптасуына белгілі бір деңгейде қозғау салғанымен, бұл үрдіс одан әрі жалғасын таппаған. Бұдан кейін 2007-2015 жылдарға жоспарланған балық шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы да толық іске аспай, оның күші Үкімет қаулысымен мерзімінен бұрын жойылған. Дегенмен еліміздің бұл сала бойынша экспорттық әлеуеті жоғары. Қазақстанда балық өсіру мен балық аулауды қарқынды түрде дамытуға барлық қолайлы жағдай бар.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, бүгінде балық өнеркәсібінің негізгі түрлері – балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу. 2019 жылғы көрсеткіш бойынша, елдегі балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құраған. Жалпы, жыл сайын балық аулауға 45 мың тонна, балық өсіруге 7,4 мың тонна, импортқа 43,5 мың тонна өнімнен келеді екен. Импорттың негізгі үлесі мұхит балығы мен теңіз өнімдеріне тиесілі. Қазақстанға мұхит балығы мен теңіз өнімдері, оның ішінде майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады. Сонымен қатар еліміз жыл сайын шамамен 60 млн доллар болатын қаражатқа 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тоннаға жуық балық өнімдерін экспорттайды. Негізінен, өзге мемлекеттерге балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық еті экспортталады. Мәселен, көксерке еті Еуропалық одақ елдерінде, атап айтсақ Германия мен Нидерландыда қазақстандық бренд болып саналса,  Ресей, Украина, Литва, Қытай сынды мемлекеттерге көп жағдайда, қақталған-сүрленген балық өнімі экспортталады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін маңызды әлеуетті нарықтардың бар екенін де атап өткен жөн.

Арнайы статистикалық зерттеулер бойынша, Қазақстан жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын елдердің қатарында тұр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіге де жетпейтін көрінеді. Ал көршілес Ресей жан басына – 23 келі, Қытай – 45 келі, Испания – 100 келi, Жапония  72 келі балық және теңіз өнімдерін тұтынады. Демек, тек қана шекара маңындағы аймақтарды ескерген күннің өзінде елдегі балық өнімдерінің экспорттық әлеуеті 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Осы орайда, Мемлекет басшысы 2020 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан еді. Соның нәтижесінде былтыр Үкіметтің қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Ендеше, бұл салада ілгерілеушілік байқала ма?

 

Қанша инвестиция құйылады?

 

2021 жылдың 8 қаңтарында Үкімет қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты балық шаруашылығы комитеті құрылды. Мамандардың айтуынша, саланың жеке ведомствоға біріктірілуі Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл комитеттің алдында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына жол ашатын саланы қолдау аясын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын атқару міндеттері тұр.

Комитет төрағасы Нариман Жүнісовтің айтуынша, Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өсірілетін балық көлемі едәуір  ұлғайған. «Өсірілетін балық көлемін 2020 жылғы 9 мың тоннадан 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін арттыру міндеті қойылды. Балық өсіру көлемін ұлғайту оған қолайлы су қоймаларын пайдалану, сондай-ақ жаңа өнеркәсіптік балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатқа келтіру есебінен жоспарлануда», – дейді маман. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай 1283 жаңа балық шаруашылығы құрылып, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 288 шаруашылықтың балық өсіру көлемі ұлғаймақ. «Осы мақсаттарға 10 жыл ішінде 340 миллиард теңге жеке инвестиция мен мемлекеттік бюджеттен 200 миллиард теңгеге жуық қаражат тарту көзделуде», – дейді Нариман Жүнісов бұл турасында.

Жалпы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, 2020 жылы су қоймаларына бағалы балықтың 125,8 миллионға тарта түрі жіберілген. Балықтардың тіршілік ету ортасы мен уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2018-2020 жылдар аралығында Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген, ал бұл аталған өзендердегі балық аулауды 2018 жылмен салыстырғанда 30 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берген. 2021 жылы еліміздегі жұмыс істеп тұрған балық шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық, оның ішінде 8 мың тоннаға жуық тауарлы балық өсірілген.

 

Қандай өзгерістер енгізілді?

 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Мәселен, 2021 жылы балық шаруашылығына қатысты қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілген. «Балық шаруашылығы су қоймаларын кәсіптік балық аулаудан балық өсіруге көшіру ережесі бекітілді. Қазақстанда балық шаруашылығына бөлінген үш мыңға жуық тауарлы су қоймалары бар. Бұл жерде біз тауарлы балық өсірудің жандануына мүмкіндік береміз. Балық өсіру бойынша келісім үлгісі бекітіліп, осы келісімшартты жасау мерзімі 49 жылға дейін ұзартылды. Яғни, инвесторға берілген су қоймасы ұзақ мерзімге бекітілді. Сондай-ақ даму жоспары аясында балық өсірушілерге қойылатын шектен тыс талаптар жойылып, тек өнім өндіруді ұлғайту талабы ғана қалды. Бизнес субъектілері ауыл шаруашылығы алқаптарында балық өсіру шаруашылығын салу кезінде келтірілген шығынды өтеуден босатылды. Су қорғау аймағында балық шаруашылығын орналастыруға қойылған шектеулер алынып тасталды. Балық шаруашылығын дамыту жоспары шеңберінде жобалық- сметалық құжаттаманы әзірлеуге қойылатын талаптар, су тоғандары мен бассейндерді салу кезінде құжаттандыру және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу талабы алынып тасталды. Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау шаралары да бар», – дейді бұл туралы комитет төрағасының орынбасары Алмаз Асылбеков.

Қазіргі мемлекеттік қолдау шараларына, яғни жем-шөп құнының 30 пайызын субсидиялауға және балық шаруашылығына техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалған инвестиция құнының 25 пайызын өтеуге құнның 50 пайызына дейінгі субсидиялардың жаңа түрлері – балық қорын, дәрі-дәрмек пен бағалы балық түрлерін сатып алуға және күтіп-баптауға жұмсалатын шығындар қосылған. «Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда балық өсіруге, осы кәсіппен айналысуға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Балық өнімдерін тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескерсек, балық шаруашылығы субъектілерінің, инвесторлардың және барлық мүдделі кәсіпкерлердің балық өсірумен айналысуға толық мүмкіндігі бар», – дейді Алмаз Асылбеков.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметі бойынша, балықты жасанды өсірумен қатар, балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау және көбейту шаралары, әсіресе браконьерлікпен күрес және балық шаруашылығын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 2021 жылы мемлекеттік инспекторлар 1800-ге жуық әкімшілік құқық бұзу фактісін анықтап, 23,2 миллион теңге айыппұл салған.

Жалпы Қазақстанда кәсіптік балық аулаумен айналысатын субъектілерге қолайлы жағдай жасау бойынша заңнамалық деңгейде шаралар қабылданып жатқанын айрықша атап өткен жөн. Мәселен, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемнің орнына тоқсан сайынғы төлем енгізілген, жеңімпазды анықтаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік беретін аукцион өткізуді көздейтін балық шаруашылығы су айдындарын бекіту тетігі өзгерген. Бұған қоса, квоталарды бөлу қағидаларынан «көп қор жинасаңыз – көп квота аласыз» қағидатына көшу бөлігіне өзгерістер енгізіліп, балық аулауға тыйым салуды кейінге қалдыру тәртібі жеңілдетілген.

 

«Өзен жағалағанның өзегі талмас»

 

Келісе отыра бастаған әрбір істе бір қайыр болары анық. Осы орайда биыл елімізде «Балық шаруашылығы: бүгіні мен болашағы» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылып, оған балық шаруашылығы саласының мамандары, сондай-ақ Польша, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар және осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатысты. Жиын барысында олар балық шаруашылығындағы тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған қолдау шаралары мен жеке инвесторлар арқылы балық көлемін арттыру мәселелерін қозғады. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанда өсірілетін балық көлемі жоспарланған 12,8 мың тоннаның орнына 14,9 мың тоннаны құраған. «Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық», – дейді сала мамандары.

Конференция аясында сөз алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмаз Асылбеков балық шаруашылығын дамытудың өсу нүктесі балық өсіру екеніне тоқталды. «Әлемде кәсіптік балық аулаудан  акваөсіруді дамытуға көшу үрдісі бар. Қазақстан бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Біз бизнес пен инвесторлар тарапынан жаңа шаруа қожалықтарының құрылып жатқанын, осы арқылы балық өсіруге қызығушылықтың барын байқап отырмыз. Қазақстан өз өнімдерін әлемнің 36 еліне экспорттайды. Дегенмен импорт экспорттан асып түседі. Бұған елге мұхит, теңіз балықтарының 80 пайызы импортталатыны да әсер етіп отыр. 2021 жылы 125 миллион долларға 41 мың тонна балық әкелінді», – дейді Алмаз Асылбеков.

Ауқымды жиынға қатысқан «Aller Aqua» компаниясының аймақтық сату жөніндегі директоры Марчин Вальчактың айтуынша, аквамәдениеттің табысты дамуының маңызды факторларының бірі – сапалы балық жемі. Ол өзінің өндіріс орындарын мысалға келтіре отырып, ғылыми орталық болмаса, зауыттар нәтижелі жұмыс істей алмайтынын айтты. Яғни, бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі жемнің жаңа құрамын әзірлеп отыру қажет екен. «Өздеріңіз білесіздер, біз қазір әлемде шикізаттың қолжетімсіздігі жағдайымен күресіп жатырмыз. Бәлкім, өткен жылдың өзінде сіз пандемия аяқталғаннан кейін шикізат бағасының көтеріле бастағанын байқаған боларсыз. біз алдағы уақытта жемге арналған жаңа құрамды үнемі іздестіріп отыруға тиіспіз. Қазір олардың сапасына айрықша мән беруіміз қажет. Ал егер мұндай көзқарас қалыптаспаса, жем-шөп пен акваөсіруді байыпты дамыту мүмкін емес деп есептеймін», – деді ол. Негізінен, Қазақстанға балыққа қажетті жем шетелден әкелінеді. Мамандардың айтуынша, осы кемшілікті түзеп, олқылықтың орнын толтыру үшін үшін елімізде балық жемін жасайтын 5 зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар сәтті жүзеге асса, импорт көлемін азайтудың бір жолы осы болар еді.

Балық шаруашылығын дамыту үшін жаңа көзқарастың қажет екенін кәсіпкерлер де құптайды.  Алматы облысының кәсіпкері Марлен Тұрсынәлі осындай ұстанымда. Бүгінде аталған облыста балық өсіретін 22 шаруашылық бар болса, солардың бірі – Марлен Тұрсынәлінің балық шаруашылығы. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші, кәсіпкер былтыр 50 тонна тауарлы бақтақ балығын өсірсе, биыл оның көлемін 160 тоннаға дейін көбейтпек. Қазір ол Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында балық өсіретін тоғандар салып жатыр екен. «Біздің қазақ елінің азаматтары балық өсірудің дұрыс әрі пайдалы кәсіп екеніне көз жеткізген жағдайда, бұл сала дамиды деп ойлаймын. Негізгі тұтынып отырған балығымыз – қызыл балық. Ал оны өзімізде, Каспийде де өсіруге болады. Себебі сұраныс бар, Ресей мемлекеті тарапынан сұраныс жоғары», – дейді Марлен Тұрсынәлі.

2020 жылдан бері Қазақстанда жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Балықшы мектебі» жұмыс істейді. Оның негізін қалаған – Марлен Тұрсынәліұлы. Кәсіпкердің айтуынша, мектептің басты міндеті – балық шаруашылығын жандандырып, дамытуға үлес қосу. «Қазақстанда 40 мыңнан астам көл бар, әрқайсысында бір тонна балық өсірілетін болса, бұл — үлкен мүмкіндік. Бұл экспорт әлеуетін ашады және елге инвестиция тартады. «Балықшы мектебінде» біз балық өсіру мен балық кәсібіне баулу бойынша білім мен тәжірибені толықтай қамтамасыз етеміз. Бағдарлама Үкімет тарапынан қолдау тауып, субсидияланады», – дейді ол. Марлен Тұрсынәліұлының сөзінше, еліміздің экспорт әлеуетін арттыруға тек халықтың тілегі жеткіліксіз. «Еліміздің менталитетіне сәйкес, біз балықты көп ұната бермейміз, сондықтан халқымыз балық өсіруге аса құлықты емес. Осы орайда біз оның денсаулыққа да, ел экономикасына да тигізер пайдасы туралы айтуымыз қажет», – дейді маман.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істесе, оларға 1646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекітілген. Бұл салада 11 мыңнан астам адам қызмет етеді. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде, әлеуеті жоғары деген су қоймалары анықталған. Мәселен, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында ақсақа, алабалық тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі алабалық, тұқы балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары балықтың ақсақа және тұқы түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында албырт және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде тұқы балықтарын өсіруге болады.

Бүгінде негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүзеге асады. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысын балық ресурстарына бай аймақ деп атауға болады. Облыстың балық саласын дамытудың негізгі бағыты – акваөсіру, яғни жасанды балық өсіру. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысындағы балық өсіру шаруашылығының бүгінгі жай-күйі туралы Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Есентаев айтып берді.

 

Шығыс Қазақстан – балық ресурсына бай аймақ

 

Арман Нағашыбайұлының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы балық шаруашылығында үлкен әлеуетке ие. «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Аймақта 3 ірі балық шаруашылығы бассейні, көптеген көлдер мен тоғандар бар. Өткен жылдан бастап балық саласын дамыту стратегиясын әзірлеу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда облыс балық шаруашылығын дамытудың алдымыздағы 10 жылға арналған өңірлік бағдарламасын әзірлеп, қабылдады. 2030 жылға қарай 9 774 тонна тауарлы балық алу көзделуде, оның ішінде 8 578 тонна албырт (бақтақ), 1 151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері бар», – дейді Арман Есентаев. Маманның сөзіне қарағанда, тауарлы балықты өсіру көлемінің ұлғаюына қол жеткізу қолданыстағы, яғни 2 учаскедегі тор желілерін кеңейту және жаңадан 7 учаске құру арқылы жүзеге аспақ, яғни 9 учаскенің өнімділігі жылына 8,5 тоннаға жетеді. Бұған қоса, қолданыстағы көл шаруашылықтарын – 8 су айдынын кеңейтудің және 11 су айдынын (жалпы 19 көл) жаңадан құрудың қуаттылығы жылына 378 тонна болады деген болжам бар. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін тоған шаруашылығының («Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС)  жылына 773 тонна және өнеркәсіп шаруашылығының («OstFish» ЖШС) жылына 45 тонна жобалық қуаттарына қол жеткізілген.

«Қазіргі таңда жаңа көл шаруашылықтарын жүргізуге арналған 11 су айдыны 100 пайыз бекітілді. Тор желісін жасау үшін 4 учаске белгіленді. Бағалы балық түрлерін жасанды өсіру бағытында 3 жоба сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, «ШығысУниверсал» ЖШС және «ГрандФиш» ЖШС бақтақ өсірумен, ал «OstFish» ЖШС бекіре өсірумен айналысады. 2021 жылы өсірілген тауарлы балық көлемі толығымен орындалып, 480 тонна болды. Оның ішінде тұқы – 36,5 тонна, бақтақ – 436,0 тонна, бекіре тұқымдас – 7,5 тонна. 2022 жылы тауарлы балық көлемін                          1 297 тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 726 тоннасы өсірілді, оның  ішінде: 620 тоннасы — бақтақ, 98,5 тонна тұқым және 7,5 тонна бекіре тұқымдастар. Табиғи ортада балық қорын сақтау мақсатында су айдындарына балық жіберу көлемі 5 есеге ұлғайды. 2021 жылы 42 млн балық шабағы су айдындарына жіберілді. 2022 жылдың көктем мезгілінде балық жіберу 55,7 млн-ға жетті, оның ішінде көкшұбар дернәсілдері – 23,5 млн-ға, пайда дернәсілдері 32,2 млн-ға жетті»,– дейді Арман Есентаев.

Оның сөзінше, биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 52 млн теңге бөлініп, көктем кезінде 25 млн теңгеге 19 млн пайда балығының дернәсілдері су айдындарына жіберілген. Су айдындарына балық жіберу жұмыстары күз айларында да жалғаспақ. Негізінен, су айдындарына балықтың сазан, тұқы, ақ амур және ақсақа (пайда, көкшұбар) сияқты құнды түрлері жіберіледі екен. Сонымен қатар сала мамандары кәсіптік балық аулауды тұрақтандыруды да мақсат етіп қоюда. «Біз су айдындарына шабақтарды жіберу мен бөлініп қалған су айдындарынан шабақтарды құтқару жұмыстарын ұлғайттық, қыс айларында суды оттегімен қамтамасыз ету үшін аэрация жасауды және басқа да мелиоративті жұмыстарды жандандырдық. Сондай-ақ балықтың уылдырық шашуына және көбеюіне қолайлы болу үшін жыл бойына тыйым салынған аймақтарда балықтарды қорғау шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл өткен жылы балық аулау лимитін 10,2 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Осы жылы лимит сол шекте қалды. Мұның барлығы саланың өңдеу цехтары мен өнім шығаруды шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал ететін болады»,– дейді Арман Нағашыбайұлы.

Сондай-ақ ол табиғатты қорғау іс-шараларын тиімді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен және мүдделі органдармен бірлесіп, браконьерлікке қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл ретте жыл сайын табиғатты қорғау мекемелерімен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау, алдын алу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлар, оның ішінде балық шаруашылығы су айдындарының резерв қорының жұмыс жоспарлары әзірленбек. Осылайша, жыл бойы балық аулауға тыйым салынған арнайы аймақтарға тұрақты рейд жүргізіледі.

«2022 жылдың 7 айы бойынша ведомствоға қарайтын мекемелер 157 балық аулау ережесін бұзу фактісін анықтады. Балық аулау бойынша 6 қылмыстық іс қозғалып, қаралды. Бұған қоса, 9 браконьерлік аулау құралдары (желілер, қақпан), жүзу құралдары  тәркіленді. Балық шаруашылығының су қоймаларында инспекторлармен бірлесе жүргізген рейд барысында жалпы ұзындығы 44510 метр синтетикалық аулау құралдары тәркіленді», – дейді Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысын еліміздегі балығы ең көп өңір деп атауға болады. Облыстың су айдындарында 59 ірі кәсіптік балық аулау учаскесі және 97 шағын балық шаруашылығы бар. Балықтың 93 пайызға дейінгі көлемі Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына тиесілі. 2019 жылы 186 тонна құнды балық түрлері (170 тонна ханбалық (форель), 16 тонна бекіре), 2020  жылы 325 тоннаға дейін (300 тонна ханбалық, 25 тонна бекіре) өсірілді. Тауарлы көл балығын өсіруді дамыту үшін 17 су айдыны (тоғандар, көлдер) бар. Жергілікті табиғи-климаттық және географиялық жағдайларға сәйкес, облыстың мастер-жоспарының жобасы әзірленді. Жоспарларды іске асыру үшін су айдындары мен учаскелерді әлеуетті инвесторларға бекіту жүргізіледі,  ал жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға жем шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар бөлінеді.

P.S. Сала мамандары: «Қазақстанның су ресурстарын және 40 мыңнан астам өзен-көлі бар мемлекет екенімізді ескерсек, алдағы уақытта балық өсіруді 600 мың тоннаға дейін жеткізуге, ал экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік бар. Бұл 10 мың қосымша жұмыс орнын ашуға, әсіресе ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Осылайша, бюджетке түсетін салық түсімдері де жылына 28 млрд теңгеге жуықтайтын еді», – дейді. Ал Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы саланың тамырына қан жүгірте ала ма? Бұл – уақыт еншісіндегі мәселе.

Мақалада: БАЛЫҚ БАЙЛЫҚ КӨЗІНЕ АЙНАЛА МА?

Ұқсас жаңалықтар

2,5% несиелер: «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қалай көмектеседі

22.03.2025
2,5% несиелер: «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қалай көмектеседі

Ауыл шаруашылығы ел экономикасындағы басым салалардың бірі болып табылады. Ауылдық жерлерде Қазақстан тұрғындарының 38%-ы тұрады, бұл шамамен 7,6 млн. адамды...

Толығырақ...Details

Абай облысында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі» атты диалог алаңы өтті

11.02.2025
Абай облысында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі» атты диалог алаңы өтті

Абай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі» атты диалог алаңы өтті. Іс-шараға...

Толығырақ...Details

Солтүстік Арал қалпына келуде

10.02.2025
Солтүстік Арал қалпына келуде

«Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын...

Толығырақ...Details

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды

07.02.2025
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен...

Толығырақ...Details

Бюрократиядан қолайлылыққа: цифрландыру мемлекеттік қызметтерді қалай жақсартады

07.02.2025

"Цифрлық технологиялар арқылы біз азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және барлығына тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге ниеттіміз. Ол үшін мемлекеттік басқаруды...

Толығырақ...Details

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді

07.02.2025
Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді

Енді, АӘК 12 айға емес, тек тоқсанға тағайындалатын болды. Бұл туралы Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

2 дня бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

3 дня бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

3 дня бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

3 дня бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

4 дня бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

4 дня бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

4 дня бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

4 дня бұрын

Семейлік шекарашылар “Бірлік жарысы” марафонына қатысты

7 дней бұрын

Әуежайдың террористік қауіп-қатерге дайындығы тексеріледі

1 неделя бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС