Еркін ҚАСЫМОВ: АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ
ЕРКІН ИГЕНБАЙҰЛЫ ҚАСЫМОВ — Ветеринария ғылымының докторы, профессор 1953 жылы 26 қазанда бұрынғы ШҚО, қазіргі Абай облысы Мақаншы ауылында дүниеге келді. 1971 жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп, 1972-1974 жылдары Кеңес армиясы қатарында болды. Еңбек жолын 1974 жылы Семей ет комбинатында жұмысшы болып бастап, 1975- 1980 жылдары Семейдің зооветеринарлық институтын үздiк бiтiрді. 1980-1987 жылдары Мақаншы ауылында мал дәрігері, аудандық ветеринариялық лаборатория директоры қызметтерін атқарды. 1987-1990 жылдары Алматы зооветеринарлық институтында аспирантураны, 1993- 1997 жылдары Түркияда PhD докторантураны бітірді. 1990 жылы «Изготовление и применение сухой конглютинирующей сыворотки для РСКК» тақырыбында кандидаттық, 2003 жылы «Сиыр бруцеллезімен күрес шараларын жетілдіру» тақырыбында докторлық диссертацияларын ҚР ҰҒА академигі Тілеуберді Сайдулдиннің жетекшілігімен қорғады. 1990 жылдан Алматы зооветеринарлық институтында ассистент, доцент, ал 2005 жылдан ҚазҰАУ-дың «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасында профессор қызметін атқарып келеді. «Epidemiology and infectious diseases», «Principals of veterinary epidemiology and biostatistics in transboundary infections», «Zoonotic infections» пәндерін бакалавр, магистрант, PhD студенттерге ағылшын тілінде жүргізеді.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Бұл ретте Абай облысының құрылуымен аймақтың барлық саласының тамырына қан жүгіреді деген үміт бар. Себебі кезінде облыс мәртебесінен айырылған аймақта тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Ендеше, олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Мамандардың пайымынша, бұл аймақ тек рухани жағынан ғана емес, еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына мол үлес қосар еді. Жақында Президент Абай облысына жасаған сапары кезінде өңірдің тыныс-тіршілігі әрдайым өзінің жіті назарында тұрғанын айтқан болатын. «Осыдан ширек ғасыр бұрын облыс таратылып, Шығыс Қазақстанға қосылды. Содан бері өлкеге бұрынғы мәртебесін қайтару мәселесі қоғамда талай рет көтерілді. Семей өңірінде іргесі бөлек облыс құру туралы бірнеше хат-хабар, ұсыныс алдым. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім, шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. Біз осы орайда Абай облысы Үржар ауданының құрметті азаматы, ветеринария ғылымының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының профессоры Еркін ҚАСЫМОВПЕН сұхбат барысында аймақты жандандыруға, олқылықтардың орнын толтыруға ықпал ететін тетіктер туралы сөз қозғап, облыс үшін зор әлеуетке ие ауыл шаруашылығы саласын дамыту төңірегінде әңгімелескен едік.
– Еркін ИГЕНБАЙҰЛЫ, Мемлекет басшысы қыркүйек айында Абай облысының жұртшылығымен кездескен кезде жаңа облыс құру оңай шаруа емес екенін айта келіп, барлық салада жан-жақты және мұқият ойластырылған жұмыс жүргізудің маңызына тоқталған еді. Осы орайда, Президент Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Келешекте облыс өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын, өркендеген аймаққа айналуға тиіс. Қасіретке шалдықса да, қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту – ортақ парыз. Бұл менің Президент ретіндегі парызым деп айтсам, артық емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сіздің ойыңызша, Абай облысының, оның ауылдық аумақтарының даму тұжырымдамасын әзірлегенде неге баса мән беру қажет?
– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызында Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Абай облысын құрып, Семей қаласын облыс орталығына айналдыру қажеттігін мәлімдеді. Жалпы алғанда, Президенттің бұл тарихи шешімі аймақ тұрғындарының көптен күткен жаңалығы еді. Себебі бұрынғы облыс орталығы Семейден Өскемен қаласына ауыстырылғаннан бері қаланың облыстық маңызы бар басқа қалалармен салыстырғанда, әлеуметтік және экономикалық дамуда артта қалып жатқаны баршаға аян. Енді, міне, Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұрынғы Семей облысы бүгінде Абай деген жаңа атаумен қайта құрылды. Болашақта бұл облыстың экономикалық дамуына бай табиғи ресурстары, еліміздің шығыс бөлігінің орталық аймағы ретінде логистиканы дамытуға қолайлы әрі тиімді орналасуы ықпал етуге тиіс. Егер осы артықшылықтардың барлығы салыстырмалы түрде қысқа мерзімде тиімді пайдаланылса, қалада да, ауылда да, әсіресе көршілес үш мемлекетпен – Қытаймен, Ресеймен, Моңғолиямен шекаралас аймақтарда халықтың әл-ауқаты жақсарады. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін қазір күн тәртібінде экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, ғалымдардың, басшылардың, бизнесмендердің, түрлі сала мамандарының, журналистердің, білім беру, денсаулық сақтау салалары қызметкерлерінің, т.б. бәсекеге қабілеттілігі мәселесі тұр. Жаңадан құрылған облыстың өркендеуі мұндағы әрбір саланы жан-жақты дамытумен тікелей байланысты болары анық. Бұл ретте мен аймақтың ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға айрықша назар аудару қажет дер едім. Жалпы Қазақстанның, сондай-ақ шығыс өңірінің ауыл шаруашылығының ресурстық әлеуеті – агроөнеркәсіп кешенін мақсатты түрде дамытатын болса, ол халықты азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, сол азықтүліктің кейбірін экспорттайтын елге айналуға мүмкіндік береді. Дегенмен агроөнеркәсіп кешенін дәйекті дамыту түпкі мақсат пен оған жетудің тактикасын нақты болжамайынша мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың негізгі ережелерін қалыптастырған кезде нарықтық қатынастар дамуының объективті заңдылықтары, адамның тамақтануының ғылыми негізделген стандарттары, жергілікті өнеркәсіптің шикізатқа қажеттілігі, генетикалық әлеует, жануарлардың өнімділігі, аймақтардың барлық табиғи аумақтарының биоклиматтық мүмкіндіктері сияқты факторларды ескеру қажет. Республика халқының жыл сайынғы өсімін 180-200 мың адам деп болжануын және өнім тұтынуға медицина ұсынған нормаларды және өнеркәсіп шикізатының көлемін ұлғайтуды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның мақсаты – өнімділікті екі жарым есеге, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын екі есеге дейін арттыру және халықты отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар тауарларымен қамтамасыз ету. Оны іске асыру үшін бай табиғи ресурстарды ескере отырып, шаруашылықтарды мамандандыруды жүзеге асыру қажет деп есептеймін.
– Бүгінгі күнге дейін мал шаруашылығы, әсіресе қой шаруашылығы саласы аймағымыздың, Семей қаласының дамуында қандай рөл атқарды? Мұндағы мал шаруашылығы өнімдері қандай елдерге экспортталды?
– Қазақстан Республикасы нарықтық экономикаға көшкенге дейін Семей қаласында ет комбинаты, сүт зауыты, жүнді алғашқы өңдеу зауыты жұмыс істеді. Аягөз қаласында да, Үржар ауылында да ет комбинаттарының тетіктері іске қосылып тұрды. Онда ірімшік зауыты да болды. Бұл өндіріс орындарының барлығы одақтық маңызға ие еді, олардың бір бөлігі өнімдерді шет елдерге экспорттады. 1980-1990 жылдары Семей өңірі еліміздің мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын дамытудың флагманына айналды. бүгінде Қазақстан мен ислам әлемі елдерінің нарығында қой етіне деген сұраныс жоғары. Еліміздегі Еділбай, байыс, кеңестік меринос сияқты қазақтың етті, майлы құйрықты жартылай биязы жүнді қой тұқымдары жайылымы мол таулы рельефке нашар бейімделген. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан, Павлодар және жаңадан құрылған Абай облыстарында олардың саны азайды. Кейін Кеңес Одағының ыдырауына байланысты қой өнімдеріне, яғни оның жүні мен терісіне біздің республикада ғана емес, алысжақын шетелдерде де сұраныс болмады. Меринос қойдың жүнін, терісін өңдейтін мекемелер жабылды. ТМД мемлекеттерінде, алыс шетелдерде, мәселен, Түркия, Иранда, тіпті көршіміз Қытайда меринос қойдың өнімдеріне, тіпті асыл тұқымды ангор ешкінің жібек жүніне де сұраныс болмады. Мен 1993-1997 жылдары сол кездегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамаларымен конкурстық негізде Түркия мемлекетінде докторантура бойынша білім алдым. Сол жылдары Қазақстанда жиналып қалған мал өнімдерін – жүнді, теріні экспорттау мақсатында олардан сынамалар алып, халықаралық сараптамалардан өткіздім. Соның нәтижесінде, меринос тұқымы деп жүрген ақ қойдың жүні, тіпті Кеңес стандартымен «кроссбред» деп бөлінетін жоғары сапасының өзі таза халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Меринос қойдың терісінде қан тамырларының болуына байланысты олар жоғары сапада өңделмеді. Сараптамалар Стамбул қаласындағы «Меринос» фабрикасының зертханасында, қала шетіндегі «Тұзла» елді мекеніндегі «Yukseller» фирмасының тері зауытында жүргізілді. Жүргізілген мониторингтік зерттеулер негізінде Араб елдері мен Иранда қазақтың Еділбай қойының етіне сұраныс бар екені, ал оның терісін Түркия мемлекетіне экспорттауға болатыны белгілі болды. Осылайша, Семей облысындағы ет комбинатынан және Аягөз қаласындағы, Қарауыл, Жданов, Знаменка ауылдарындағы жеке адамдардан Семей тері өңдеу фабрикасына өткізіп, қара тон алуға арнап жинаған қойдың тұздалған сапалы терілері Түркия мемлекетінің мамандарымен бірге жоғары бағада сатып алынып, Стамбул қаласына экспортталды.
– Қазақстанда өндірілген мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы қандай еді?
– Көптеген ғасырлар бойы ата-бабаларымызбен бірге табиғи сұрыпталу жолымен құрылған ет бағытындағы бәсекеге қабілетті қазақ қойлары алғашқы түрінде тек Қытай Халық Республикасында «Алтай құйрықты қойлары» (Алтайдың тегене құйрық қызыл қойы немесе керей қойы деп те аталды) және «баспай құйрықты тұқымы» (башпай қойы) деген атаулармен сақталды. Бұл қойлар өнімділігі бойынша еттімайлы болып келеді. Өнімнің негізгі түрі – қозы еті. Олар жыл бойы жайылуға, әсіресе таулы аймақтарда ұзақ жайылуға бейімделген, сондай-ақ аязды ауа райына төзімді. Олардың тұрпаты күшті, тығыз. Денесі, жотасы жұмыр, жаялы жон арқасы біркелкі, жамбасы дөңгеленген. Бұлшық еттері жақсы дамыған. Сирақты, тұяқтары тығыз, қысқы тебініп жайылуға бейімделген. Құйрығы жалпақ және толық. Құйрық ұшында таяз ойық бар. Кеуде қуысы терең, майды кеуде мен жамбасқа тез жинайды. Жүндері көбінесе қызғылт-сары немесе жирен реңді. Жүнінің құрамы тығыз түбітті, ұстағанда жұмсақ. Бұл қойлар еліміздегі қазіргі қазақы қой тұқымдарын жетілдіре отырып, асыл тұқымды мал үшін бірегей генетикалық аналық материал бола алады. Баспай тұқымды қойдың өнімділік көрсеткіштері Алтайдың тегене құйрықты тұқымымен салыстырғанда біршама төмен. Бірақ жергілікті Еділбай және басқа қой тұқымдарынан (байыс т.б.) әлдеқайда жоғары. Қытай Халық Республикасының ішкі нарығында бағлан тоқты шамамен 150-200 АҚШ долларына бағаланады. 1000 жануардан тұратын асыл тұқымды аналық мал өзегін құру үшін шамамен 150 000 доллар қажет. Өндірілген өнімге жұмсалған шығындар 2-3 жылда асыл тұқымды төлдерді және қосымша өнімдерді – жүн, ет, теріні сату есебінен толық ақталады. Мысалы, Түркияда және басқа да алыс шет елдерде шикізатты жинау технологиясы сақталған жағдайда, осы қой тұқымдарының бір терісінің құны 15-25 АҚШ долларын құрайды. Бұл мал тұқымдарының терісі былғары бұйымдарын жасау үшін астарлауға және технологиялық жағынан өңдеуге, илеуге өте ыңғайлы. Себебі олардың терісінде кеңестік меринос тұқымындағы сияқты ұсақ қан тамырлары болмайды.
– Осы орайда, елдің шығысында қазақ қойы тұқымын аудандастыру, жерсіндіру туралы не айтар едіңіз? Бұл аймақтың дамуына қаншалықты ықпал етеді?
– Қазіргі уақытта Қазақстанның шығыс аймағындағы табиғи ресурстар – жайылымдар өте аз пайдаланылады. Сондықтан елдің оңтүстік-шығысында, әсіресе Абай облысының аумақтарында жыл бойы жайылымға (жайлау, күзеу, қыстау) бейімделген қазақтың құйрықты қой тұқымдарын аудандастыру айрықша маңызды. Абай облысында, әсіресе таулы далада және жайылымдық жерлерде – Алтай, Шыңғыстау, Тарбағатай, Арқалды, Арқарлы, Барлық-Арасан және т. б. жерлерде Алтай және баспай құйрықты қой тұқымдарын аудандастыру, ауылдық аумақтарды дамыту және ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқының әл-ауқатын жақсарту бағытындағы 2021 — 2025 жылдар аралығын қамтитын ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аграрлық мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың нақты тұжырымдамасы саналады. Біз, ҚР ҰҒА академигі Тілеуберді Сайдулдин және оның шәкірті ретінде мен ұсынған «ҚР оңтүстік-шығыс өңірінің ауылдық аумақтарын дамыту тұжырымдамасы» немесе еліміздің шығысында қазақтың сырттағы атадан қалған қой тұқымдарын аудандастыру жобасы 2000-2014 жылдары әзірленді. Мұны біз Семей облысының Қытай мемлекетімен шекаралас бұрынғы Мақаншы ауданында, 1980-1987 жылдары менің өндірістегі тәжірибелік қызметім кезінде және ҚР ҰҒА академигі Тлеуберді Сайдулдиннің 2000-жылдардағы мониторингтік зерттеулері аясында дайындадық. Бұл ретте мен мынаны айтар едім, бүгінде Мақаншы ауданын қайта құру қажеттілігі стратегиялық тұрғыда кезек күттірмейтін мәселе, себебі ол – Абай облысының экономикасын дамытумен қатар, шекаралық аймақтағы халықты тұрақтандыруға маңызды. Орайы келгенде айта кетейін, бүгінде жергілікті халықтың әлі де болса Мақаншы ауылы аудан орталығы болады-ау деген үміті басым. Қой шаруашылығын дамыту мақсатында еліміздің шығыс аймағына Қытай мемлекетінен Алтайдың тегене құйрық қызыл қойы (Керей қойы деп те атайды), баспай, «Емілдің қара қойы» тұқымдарын әкеліп, жерсіндіру өзекті мәселе. Бұл қойлар арқар мен Еділбай қойының буданы – атадан қалған қазақтың асыл мұрасы. Мен кезінде Мақаншы ауданында жұмыс істеген жылдары шекара мұнараларынан қыс айларында дүрбі арқылы арғы бетте жайылып жүрген ұсақ малды көріп, таң қалатынмын. Қыс бойы жайылып шығатын, өнімдеріне сұраныс жоғары бұл қойлар арқылы Қытай мемлекеті өздеріндегі мал тұқымын жетілдіріп, қой шаруашылықтарын асылдандырып, жеке шаруа қожалықтарын өркендетуге қол жеткізді. Үкіметтің жоғарыда аталған бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша 2004-2011 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі министрімен жолығып, жоғары лауазымды қызмет атқарған, ел қамын ойлайтын зиялы азаматтардың араласуымен арнайы сұхбаттастым. Бағдарламаны іске асыру тұжырымдамасы ретінде «Районирование казахских пород овец на юго-востоке РК» деген тақырыппен дайындаған жобаны қолдарына бердім. Аналық малды импорттау кезінде аса қауіпті жұқпалы аурулардың, оның ішінде бруцеллездің алдын алуға кепілдік бере алатын тиімді дауалық карантиндеу жүйесін ұсындым. Жобаларды іске асыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария комитетінің басшысына конкурс арқылы қатысуға үміткер екенімді де білдірдім. Ол жайында 2016 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Азылзада» кітабындағы естелігімде жазғанмын. Сол кездегі ауыл шаруашылығы ведомствосындағы басшылар мені жылы жүзбен шығарып салып, артынан қыруар қаражат жұмсап, асыл тұқымды меринос қойын, етті сиырларды Австралия, Канада сияқты алыс шет елдерден әкелуді жөн санады. Аталған қазақ қойларының ерекшеліктері жайында «Концепция развития сельских территорий или районирование казахских курдючных пород овец на юге-востоке РК» тақырыбымен «Вестник», «Пульс времени» сынды түрлі басылымдарда мақалалар жарияланды. Бұдан шығатын қорытынды – арғы беттегі қойларды Қазақстанның шығысына, оның ішінде Мақаншы, Аягөз, Үшарал, Қабанбай аудандарына әкеліп жерсіндіру — бүгінде өзекті мәселе. Ал оны жүзеге асыру – алдағы күннің еншісінде. Келешекте қазақтың бұл қойлары арқылы ауылдық аймақты, әсіресе шекаралық аудандарды жандандыру мәселесін ауыл, аудан әкімдері, жаңадан құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қолға алар деген үмітіміз бар. Егемендігімізді алғаннан бері елімізде төрт түлік мал өнімдерін – жүн, тері, тұяқ т.б. тиімді іске асыру өзекті мәселе болып тұр. Бұл мәселе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен айларда Анкара қаласына барған және Түркия мемлекетінің президенті Тайып Эрдоғанның Астана қаласына келген сапарларында қайта қозғалып, елдің агросекторына бұрынғы бөлінген инвестицияға қосымша 2 миллиард, барлығы 7 миллиардқа жуық АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құйылатыны айтылды. Жалпы, тоқырау жылдарынан бері Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан ауылды дамыту саясатында мемлекеттің нозогеографиялық ерекшеліктеріне, мәселен жайылымды пайдалану, т.б. байланысты мал шаруашылығын өркендетудің тиімді жолдары қарастырылмай келе жатқанын айту қажет. Сондықтан арғы беттегі қойларды Қазақстанның шығысына, оның ішінде Мақаншы, Аягөз, Үшарал, Қабанбай аудандарына әкеліп жерсіндіру Абай облысының экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, шекаралық аймақтарды жетілдіруге бағытталған жобалардың бірегей тұжырымдамасы деп түсінемін. – Елімізде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аса қауіпті аурулардың алдын алу мен оларға мониторинг жүргізу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле ме? Бүгінде мал ауруларының қандай түрлері кездеседі? Қандай түйткілді мәселелер бар?
– Ежелден ұлтымыздың рухани игіліктерінің негізгі кәсібі мал болған. Қазақ халқы ежелден төрт түлік мал өсірумен айналысып, жыл мезгілдері бойынша жайылым ауыстыру, табиғатқа бейімді, өнімді мал тұқымын жетілдіру, малды ағын суларда ғана суғару, жаз айларында қи ойып, мал қораларын желдету, санациялау сияқты санитариялық шараларды орындап, аса қауіпті аусыл, топалаң, күл, кебенек, т.б. инфекцияларға қарсы күрес шараларының ғасырлық мол тәжірибесін қолданған. Мысалы, аусылмен ауырып жазылған сиырдың ауыз қуысында, тұяқ арасында жарылған күлдіреуіктерді таяққа оралған матамен ысқылау арқылы сау малға жұқтырып, індеттің алдын алған. Кейіннен 1798 жылы вакцинациялаудың бұл тәсілін ағылшын ғалымы Эдуард Дженер шешекке қарсы қолданған. Топалаң анықталғанда жұртты жаңарту, өлексені өртеу, топалаңның індет ошағында ұзақ жылдар бойы мал жаймау т.б. шараларды насихаттаған.
Ұлыбритания ғалымы Марстон 1861 жылы Жерорта теңізінің Мальта аралында ағылшын әскерлерінің дене қызуларының оқтын-оқтын көтеріліп (безгектеніп) ауыруларына, олардың ешкі сүтін ішкендері себеп болғанын анықтап, бұл ауруды «Мальта безгегі», кейіннен, ауру қоздырушысын алғаш анықтаған ғалым Д. Брюс (1886 ж.) атымен 1929 жылы «бруцеллез» деп атады. Бірақ ағылшын ғалымдарынан бұрын бабаларымыз бруцеллезді «ешкі безгегі» деп атап, сүтін қайнатып ішкен. ХІХ ғасырда Қасым-Кули деген тәуіп «Әне, ешкі келе жатыр, ол тек келе жатқан жоқ, бір қап безгек әкеле жатыр» деген екен. Қазақтар жұқпалы ауруларды оларда байқалатын нақтылы клиникалық белгілері бойынша, мысалы, жамандат, топалаң, сіреспе, бұзаутаз, қарасан, ешкі безгегі, шірік бақай, қара сүйел деп атаған. Бүгінгі таңда бруцеллез ауруы тек Абай облысында ғана емес, басқа да аймақтарда едәуір етек алып, мал шаруашылығын дамытуға елеулі кедергі келтіріп отырғандығын статистикалық мәліметтерден көруге болады. Бруцеллез, зоонозды індет ретінде адам денсаулығына да өте зиянды. Сондықтан індетке қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыру үшін біздің 1999, 2005 жылдардағы мал бруцеллезімен күрес шаралары бойынша зерттеулеріміз нәтижесінде дайындалып, 1999 жылдың 3 ақпанында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария комитеті бекіткен №11-1/57 «Бруцеллезге қарсы күрес шаралары» нұсқауын басшылыққа алу қажет деп есептеймін. Түркия мемлекетіндегі «Bayer», «Topсim» фирмалары өндіретін жоғары сапалы экто және эндо паразиттерге қарсы «Байтикол», «Байкенатокс», «Ивомек» препараттары Қазақстанда, бұрынғы Семей облысында, сондай-ақ Алматы облысында тиімді қолданылды. Бастапқы екі препарат сол кездерде Еуропа мемлекеттерінде ғана қолданыста болатын. Олар ауа райына қарамай, омыртқа бойымен қойдың жота терісінің жүнін ашып, 3-5 мл құю арқылы қолданылды. Препарат 500 мл дозаторлы пластмасса құтыда шығарылды. Оның ерекшелігі мынада: препарат теріге сіңбей, сыртында ғана ұзақ мерзімде сақталады, егер дәріленген отарға сырттан препарат қолданылмаған мал қосылса, тікелей жанасу арқылы оларды да эктопаразиттер тудыратын қышыма (чесотка) ауруынан сақтандырады. Аталған препараттар экологиялық тұрғыда таза, оларды қолданғаннан кейін малдың етін жеуге ешқандай шектеу жоқ. Бұл препараттардың Қытай, Үндістан, Араб елдерінен тасымалданып, бүгінде елімізде қолданылып жүрген Неоцидол т.б. аналогтарынан бағасы да, сапасы да айтарлықтай жоғары. Сондықтан індетке қарсы арнайы шараларды ұйымдастыруда сапалы отандық вакциналарды, экто және эндо паразиттерге қарсы қолданылатын препараттарды өндіру, кейбірін сырттан импорттап, орынды қолдану елімізде әлі де түйткілді мәселе болып тұр. Жалпы, оба, топалаң, құтырық, аусыл, елеусіз ғана болып келетін тұмаудың, тіпті адамның, малдың емес, құс тұмауының өзі бүкіл дүние жүзін сергелдеңге салатыны белгілі. Сондықтан «Эмергентті инфекциялар» деп аталатын бұл аурулардың қауіп-қатерін бағамдап, алдын алу арнайы мамандар даярлап, ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді. Мұндай зерттеулердің нәтижелері ветеринариядағы жетістіктер қатарынан асып, бүкіл ғылымның көкжиегін кеңейтіп, жаңа бағыттарды қалыптастырады. Мәселен, кейбір алыс шет елдерде адамның ақыл-есінің ауысуына әсер ететін «куру» деп аталған аурудың қоздырушысы ешбір бөгде микроб емес, өзгеріске ұшырап, зардап шектіретін қасиетке ие болған «прион» деп аталатын өз ағзасының протеині. Приондардың табиғатының жан-жақты зерттелуі ветеринариядағы баяу инфекциялардың қоздырушысын іздеудің нәтижесі болды. «Жалған сиыр құтырығы», «қуысты, кеуекті энцефалопатия» атанған ауруларды зерттегенде приондардың пайда болу себептері мен ерекшеліктері анықталды. Демек, ветеринария ғылымының бұрын да проблемалары жетерлік болса, енді оның үстіне бұрын атын естімеген, бізге ешбір қатысы жоқ саналып келген Мэди-висна, Найроби, Акабане, Ибараки, Cкрепи, соңғы жылдары «Rhodococcus equi of fools» (тай Родококкусы) сияқты зоонозды аурулармен тікелей айналысуға тура келеді. Соңғы зоонозды індетті зерттеуді ТМД мемлекеттерінде алғашқы рет, кезінде Семейдің зооветеринарлық институтында жылдар бойы табысты еңбек еткен, қазақ ұлтынан алғашқы болып Мәскеуде 1981 жылы ветеринария ғылымының докторлығына диссертациясын қорғаған Ұлттық ғылым академиясының академигі Тілеуберді Сайдулдиннің шәкірті – менің, және Түркияның Кония қаласындағы «Celcuk» университетінің профессоры Осман Ерганштың ғылыми жетекшілігімізбен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми жобасы негізінде жүргізіп жатырмыз. Қазақстанның жылқы шаруашылығында бұл індеттің бар екенін ТМД елдерінде алғаш рет анықтап, бұл зоонозды індетті (адам мен жануарларға ортақ) дауалау (алдын алу) мақсатында инфекция тудыратын жергілікті штамм (өсін) алынды, енді тәжірибелік вакцина дайындалады деп күтілуде. Әрине, мұны заманында Семейдің зооветеринарлық институтынан шыққан ғалымдардың, ҚР ҰҒА академигі Тілеуберді Сайдулдиннің және оның шәкірттерінің халықаралық дәрежедегі жетістіктері деп мақтанышпен айтуға болады.
– Сіз ветеринария саласының маманысыз, құнды еңбектер жазған ғалымсыз. Бұл саланың қазіргі жай-күйі қалай?
– Кеңес дәуірінде ауыл экономикасының қалыптасуында зоотехник пен мал дәрігері мамандары зор рөл атқарды. Себебі Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орындары педагогикалық және зооветеринарлық институттар болды. Солардың бірі – экономикалық дағдарыс кезінде қысқарып қалған Семейдің зооветеринарлық институты. Мал дәрігерлігі (ветеринариялық медицина докторы) дүние жүзінде қалыптасқан дәстүрлі мамандық болса, зоотехния – социалистік меншікке негізделген жүйеде малға иелік ету қажеттілігінен қалыптасқан мамандық. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында малдың меншік иесі пайда болды да, зоотехния мамандығы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Оның бірқатар нысандары – малды күтіп-бағу, өсіру, тұқымын асылдандыру халықаралық жүйеде параветеринария аталып, негізгі бағыты мал өнімдерінің технологиясына ауысып, тамақ және жеңіл өнеркәсіп технологиясымен қатарласа бастады. Қазіргі ветеринария атқару және бақылау қызметімен шұғылданады. Атқару қызметі жануарлардың ауруларын анықтап, алдын алып, емдеу, сауықтыру шараларын қамтамасыз етеді. Бұл қызметпен мемлекеттік мекемелермен қатар, арнайы материалдық базасы, кәсіби білімі мен біліктілігі, тиісті сертификаттары мен лицензиясы бар жеке тұлғалар мен бизнестік құрылымдар да шұғылданады. Ветеринариялық бақылау мал өсіретін, оны пайдаланып, өнімдерін өңдейтін, сақтайтын, тасымалдайтын, саудалайтын нысандарда ветеринариялық талаптардың орындалуын қадағалайды. Бұл салада мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың (Халық аралық індетке қарсы бюро, сауда ұйымдары, әртүрлі экономикалық, кедендік одақтар) заңнамалық, басқа да құжаттарының талаптарына сәйкес, экспорт-импорт, транзит әрекеттерін іске асырады. Мұндай бақылауды ауылдық округтен бастап аудан, облыс, республика дәрежесіндегі мемлекеттік инспекторлар қамтамасыз етеді. Себебі әрбір ауылдық округте мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ететін — полиция, салық инспекторлары және ветеринариялық инспектор. Ветеринариялық қызмет бүкіл ел аймағында ғана емес, халықаралық дәрежеде үйлестіріледі. Бұл салада туындайтын түйткілді мәселелер шекараның, әуежайлардың, сондай туризм саласының жабылуына, басқа да зор шығындарға әкеп соғуы мүмкін.
– Мал шаруашылығы жайлы әңгіме бола қалса, «маман жоқ» дегенді естиміз. Шынымен мамандар жетпей ме, әлде бұл мамандық иелері қажетсіз болғандықтан, салаға қызығушылық танытатын азаматтар жағы кемшін болып отыр ма? Кезінде Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институты жылына 250 ветеринария маманын дайындаған екен. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Мұндай күрделі көне мамандықты игеру үшін республикадағы 6 аграрлық университетте ветеринария факультеттері ашылған. Ондай факультеттердің бірі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде, бірі Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде бар. Бұл жоғары оқу орындарында ветеринариялық медицина және ветеринариялық санитария, биотехнология, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі салалары бойынша мамандарды дайындайтын кең ауқымды факультеттер қамтылған. Оларда білім беру жүйесі үш сатыдан тұрады: бакалавриат, магистратура және докторантура. Бакалавр дәрежесін алу үшін 5 жыл ветеринарияның негізгі пәндерін өтеді. Сонымен қатар студент өз қалауымен жеке салалар бойынша білім алады. Бұл салалар дәстүрлі инфекционист, паразитолог, терапевт, ветеринариялық-санитариялық сарапшы, хирург, акушер ғана емес, малдың жеке түліктерінің ауруын қамтиды. Мұның сыртында ветеринария аясындағы биотехнологиялық мамандықтарға, микробиология, вирусология, паразитология салаларына қажет биопрепараттарды даярлау қамтылады. Ветеринариялық медицина дәрігері, оның сыртында маманданған эпидемиолог (алыс шетелдерде эпизоотолог атауының орнына қолданылады) жұқпалы аурулармен қатар, түрлі факторларлардың әсерiнен жаппай байқалатын кейбір жұқпайтын аурулардың да таралу заңдылықтарын айқындауға көмектеседi. Мамандықтың «Індеттану» пәнінің аясы мал дәрігерлігі шеңберінен кеңейіп, халықаралық құқық, логистика, туризм, шекараны қорғау т.б. салалардың оқу бағдарламаларында қамтылған. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде оқу үдерісі халықаралық интеграция дәрежесінде Болон процесінің қағидаларына негізделген Еуропа, Азия, Америка елдерінің әйгілі университеттерімен ынтымақтастықта. Осы бағытта БҰҰның Індетке қарсы бюросы «Twinning» ветеринария білімі жобасы негізінде Францияның Тулуза институтымен әріптестікте Қазақстанда ветеринария мамандықтарының оқу бағдарламаларын жаңалауға бағытталған халықаралық ғылыми жоба әзірленді. Оны жүзеге асыруға Семейдің Шәкәрім атындағы университетінен ветеринария ғылымының магистрі Динара Зайнулдина екеуіміз атсалыстық. Біз Францияның Тулуза жоғары ұлттық ветеринария мектебінде 2 айлық тәжірибеден өтіп, халықаралық Болон процесі қағидаларына негізделген кредиттік технология, модулді оқу жүйесі бойынша біліктілігімізді арттырдық. Жалпы, Қазақстанда ветеринария, пароветеринария, биотехнология, медицина мамандықтары бойынша жаңа оқу жүйесінің қырлары мен сырлары — айрықша қарастыратын мәселе. Алматы қаласында БҰҰ-ның Індетке қарсы бюросының «Twinning» ветеринария білімі халықаралық жобасы бойынша Орта Азия мемлекеттеріне арналған жаhандық конференция өтті. Онда менің жоба сарапшысы ретінде ҚазҰАЗУ-де «Twinning» жобасының орындалу тәжірибесі тақырыбындағы баяндамам тыңдалды. Конференцияда сондай-ақ модульдерді халықаралық «Болон оқу процесі» қағидаларының негізінде құрылымдау, дәстүрлі төрт-түлік малмен қатар, қоян, терісі бағалы аңдар, құстар (оның өзі қаз, тауық, үйрек қана емес, бөденеден түйетауыққа дейін, сәндік, саятшылық құстар, т.б.), бал арасынан балыққа дейін ауруды емдеу, жұқпалы аурулардың алдын алу, сауықтыру шаралары бойынша дамыған 30 елдің оқу бағдарламаларының негізгі критерийлеріне, еліміздің індеттік жағдайларына сәйкестендірілген мамандандыру мәселелері жөнінде маңызды баяндамалар талқыланып, ортақ ұйғарымдар қабылданды. Форумға бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми зерттеу институттарының директорлары және ветеринария комитеттерінің басшылары, жетекші мамандары, «Twinning» ветеринария білімі жобасының үйлестірушісі, профессор Пьер Санс, Тулуза ұлттық ветеринария мектебінің директоры, профессор Мишель, БҰҰ-ның Індетке қарсы бюросының директоры Бернат Баллат қатысқан болатын. Бүгінгі таңда ҚазҰАЗУ-ға алыс шет ел университеттерінен профессорлар шақырылып, студенттер алмасуда. Халықаралық «Mevlana» жобасы бойынша Түркия университеттеріне конкурстық негізде ҚазҰАЗУ профессорларының сабақ беруге шақырылуы жоспарлануда. Университетте сабақ негізінен мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Халықаралық тіл ретінде ағылшын тілін меңгеруге басымдық берілген. Үш тілдік топ құрылып, ондағы студенттерге 30 пайыз оқу кредиттері ағылшын тілінде оқытылады. Магистратурада, докторантурада жоғары білімді ары қарай жалғастырып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылым магистрі, философия докторы атақтарына диссертация қорғалады. Жоғары оқу орнында білімді өндіріспен интеграциялауға бағытталған «Қазақстан-Жапония орталығы», «Агро-технологиялық хаб», «Инновациялық даму оқу-өндірістік орталықтары» жұмыс істеуде. Ветеринария мамандығын таңдап, игерген адам үшін жұмысқа орналасу ешбір қиындық тудырмайды. Мал шаруашылығы, мал өнімдерін өңдеу, сақтау, саудалау өз алдына, шекарадан бастап әуежайларға дейінгі барлық кедендік қызмет экспорт-импорт шараларын атқару, жаңадан құрылған табиғи мемлекеттік қорықтарды қорғау орталығы Аягөз қаласында орналасқан, елді мекендерде әртүрлі зиянкестермен күресу шаралары білікті ветеринариялық медицина маманынсыз іске аспайды. Жоғарыда айтылған көне мамандықтың жаңа қырлары бұрынғы Кеңес заманындағы мал дәрігерлері атқарған қызметтерден анағұрлым ауқымды. Бұл мәселелерді шешу үшін ветеринариялық медицина және параветеринария мамандықтары агрономия саласымен біріктірілген Шәкәрім университетінің «Ветеринария және агроменеджмент» факультеті ауқымында кәсіби мамандарды дайындау өте өзекті. Демек, Казақстанның стратегиялық тұрғыда маңызды саналатын шығыс аймағында бүгінгі күннің сұранысына сәйкес, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын Семейдің зоотехникалық-ветеринария институтын жаңа атаумен қайта құру – бүгінгі таңда қолға алатын маңызды мәселе.
– Қазақстанда, оның ішінде Абай облысында астық өңдеу саласын дамыту төңірегінде не айтар едіңіз? Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынуы қажет?
– Бүгінгі таңда Қазақстанда ұн тарту өнеркәсібі тиімсіз, ал астық, оның ішінде бидай экспортының өсімі — Қазақстан үшін тек статистикалық көрсеткіш, бірақ экономикалық тұрғыда жетістік емес. Қазақстандық астық нарығында импортты алмастыру саясатын іске асыру және премиум нарықтарда қосалқы құны жоғары өнімдерін қоса шығаратын зауыттардың болуы үшін астық дақылдарын терең өңдеу технологиясын қолға алып, дамыту қажет. Астықты терең өңдеу саласын дамыту құрама жеммен мал шаруашылығын қамтамасыз етуді арттыруға, ірі қара, ұсақ мал, құс өсіру сегментінің дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді. Модификацияланған крахмал, биохимикат, қант (глюкоза-фруктоза шәрбаты), биопластика өндірісі дамиды. Қазақстанның нарығында глюкозаға сұраныс – $18 млн, модификацияланған крахмалдарға – $13 млн, биохимикаттарға (фармацевтикада) – $8,5 млн, биопластика (медицина, ветеринария) $2 млн долларға бағаланады. Мұның бәрі импортталады. Жалпы, осы төрт өнім түрін өндіретін кәсіпорынды құру үшін салынатын инвестициялардың мөлшері 80 миллион доллардан аспайтынын, өнімдердің жоғары маржиналдылығы және олардың әлемдік нарықтағы сұранысы есебінен, оның өзін 3 кезеңмен іске асыруға болатынын, ал өтелу мерзімі шамамен 2-3 жыл деп бағаланғанын айтуға болады. Астықты терең өңдеу технологиясы бүгінде құпия емес. Қазіргі уақытта Ресейде осы профильдегі 4 зауыт жұмыс істейді, АҚШ-та – 21, ЕО елдерінде — 78. Қазақстанда осындай 2 зауыт бірінші кезеңде іске қосылуда, Өзбекстанда да бірінші кезең бойынша зауыт іске қосылды. Астықты ел саналатын Қазақстанда осындай 6-7 зауыт ашу бүгінгі күннің сұранысынан туындап отыр. Бұл жоба орындалмаса, біздің шикізаттан оңтүстік көрші республикалар өздеріне алуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайға мұнайсыз Беларусьтен келіп жатқан бензин, солярка, матор майлары т.б. біздің шикізаттардан өңделген өнімдер мысал бола алады. Негізінен, Қазақстанның шығысының географиялық тұрғыда логистиканы дамытуға қолайлы болып саналатын Абай облысында дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытын салу қажет. Абай облысында бидайды Нидерланды технологиясы бойынша терең өңдеу зауытын құру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының агроөнеркәсіп кешенін дамытуда айрықша манызға ие. Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті әкімшіліктің мақұлдауымен 20-35 га болатын су ресурстары мол аумақты бөлу, 20-50 МВт-тан бастап электроресурс беру, 600-1500 орындық жұмысты қамтитын адам ресурсы әлеуетін қалыптастыру қажет. Жоба жоспарланып, жүзеге асса, өндіріс кеңейіп, облысты дамытуға жол ашылар еді. Бұл ғылымның, тамақ, фармацевтика және сүт, ет, жұмыртқа өндіру салаларының дамуына әкелетін дайын өнім түрлерін, глютенді, аминқышқылын, ақуызды т.б. молайтуға мүмкіндік береді. Дайын өнімді өткізу нарығы, бірінші кезекте, Орталық Азия мен Ресей, Қытай Халық Республикасы елдері.
– Еркін ИГЕНБАЙҰЛЫ, байтақ жерімізде ата кәсібіміз – мал шаруашылығының өркендеп, дамуында табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, оған бейімді мал тұқымдарын жерсіндіру, сонымен қатар жоғарыда көтерілген маман дайындау, астықты терең өңдеу сынды мәселелердің маңызды екені сұхбат барысында айқындалды деп ойлаймын. Үкіметтің ауылды дамыту бағытында қолға алған бағдарламалары аясында Абай облысының әкімшілігі, «Атамекен» палатасы, аудан басшылары, агробизнес саласындағы бизнесмендер, фермерлер аталған проблемаларды назарға алып, сіз ұсынған тұжырымдамаларды облыстың экономикасын дамытуда қолданады деп сенім артамыз. Ғалым-маман ретінде уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ләйла ЕДІЛ,
«Семей таңы»