Жарқын ауылының тұрғындары облыс әкімімен кездесуде ауылішілік жолдар мен қоғамдық көліктердің санын көбейтуге қатысты сауалдарын қойды. Алдағы қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалау мәселесін де көтерді.
Бұдан бөлек, азаматтар су жүйесінің ескіргенін жеткізді. Ауыл тұрғындары үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, ауыл жастарының спорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізетін спорт ғимаратын салу бастамасын ұсынды.
«Мен осында қала әкімімен бірге сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, мәселелеріңізді қарау үшін арнайы келдім. Осы жиында көтерілген мәселелердің барлығы ескеріліп, жоспарымызға сай шешілетін болады. Жарқын ауылын дамыту маңызды мәселелердің бірі және ол қаланы дамытудың Бас жоспарына енгізілген», — деді Нұрлан Ұранхаев.
Жарқын ауылында 700-ге жуық адам тұрады. 2023 жылы 8,3 шақырым жолды жөндеу жұмыстары аяқталып, жол белгілері орнатылды, балалар және спорт алаңдары ашылды.