Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
— Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ, қазір алдымызда тұрған міндет — басқа. Бұл — өңдеу саласына көбірек қаражат тарту, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарау керек екенін атап өтті.
— Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет, — деді Мемлекет басшысы.