Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасы, экономиканы әртараптандыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мәселелері Семей қаласындағы «Семей инжиниринг» кәсіпорнының ұжымымен кездесуде талқыланды.
Кәсіпорын ұжымымен кездесуге «Әділет» партиясының мүшелері қатысты. Олар Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің Абай облысы үшін маңызына тоқталып, негізгі бағыттар бойынша пікір алмасты.
Саят Танатаров Жолдауда айтылған «Халықтық құрылыс» бастамасының өңірлерді дамытудағы рөліне назар аударды. Оның айтуынша, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту халықтың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру міндетін қойып отыр. Бұл – тек жаңа нысандар салу емес, өңірлердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту. Абай облысы үшін «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске қосылуы, жол сапасын жақсарту және көлік-логистика әлеуетін арттыру ерекше маңызды. Мұндай жобалар жаңа өндірістердің ашылуына және инвестиция тартуға негіз бола алады», – деді Саят Танатаров.
Ал Айгерім Жұмақанова Жолдаудағы еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтардың нақты табысын өсіру міндеттеріне тоқталды.
«Экономикалық өсімнің басты нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Ол үшін өндіріс орындары дамып, еңбек өнімділігі артуы қажет. Бұл қызметкерлердің жалақысын көтеруге, тұрақты жұмыспен қамтуға және отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Еңбек адамының еңбегін бағалау экономикалық дамудың маңызды көрсеткіші болуы тиіс», – деп атап өтті ол.
Кездесуде отандық өндірісті қолдау, заманауи технологияларды енгізу, шағын және орта бизнестің инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы мәселелері де қозғалды.
Жолдауда белгіленген міндеттердің түпкі мақсаты – қуатты экономика қалыптастырып, оның игілігін халыққа жеткізу. Бұл бағытта өндіріс орындарының дамуы, инфрақұрылымның жаңаруы және азаматтардың табысының артуы өзара сабақтас болуы қажет.
«Әділет» партиясы Абай облыстық
филиалының баспасөз қызметі бөлімі







