Қазақстанда ғылыми әлеуетті нығайтуға, зерттеу инфрақұрылымын дамытуға және отандық ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізуге бағытталған ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайып, ғалымдарды қолдау шаралары кеңейтілді және ғылыми зерттеулерді дамытудың жаңа институционалдық тетіктері қалыптастырылды.
Ғылымды қаржыландыру көлемі тұрақты өсуде
2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған ішкі шығындар 261,5 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 3,2 есе артты. Гранттық қаржыландыру көлемі 9,5 есе ұлғайып, 90,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар қарастырылып отырған кезеңде бизнес тарапынан ҒЗТКЖ-ға жұмсалған шығындар екі есеге өсті.
Жеке инвестицияларды тартудың маңызды тетіктерінің бірі ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге арналған 300%-ға дейінгі салықтық супержеңілдіктер болды. Аталған тетіктің нәтижесінде 28,2 млрд теңге көлемінде жеке қаражат тартылды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруға бағытталатын 1% мөлшеріндегі міндетті аударымдары республикалық бюджетте орталықтандырылды. Тиісті қаражатты үйлестіруді бейінді мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер жасалып, кадрлық әлеует нығайтылуда
Бүгінде Қазақстанның ғылым саласында 28 374 адам еңбек етеді, оның ішінде 14 323-і – жас ғалымдар. 2022 жылмен салыстырғанда ғылыми кадрлар саны 4 690 адамға артты. Бұл ретте зерттеушілердің 47%-ын 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар құрайды.
Ғылыми қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында әлеуметтік және кәсіби қолдау шараларының кешені іске асырылды. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ға ұлғайтылып, 813 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді. 2025 жылдан бастап алғаш рет ғылыми атақтар үшін 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде қосымша төлемдер енгізілді.
Жас ғалымдар санатына жатқызылатын азаматтардың жас шегі 44 жасқа дейін ұлғайтылып, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік 56 күн болып белгіленді. Сонымен қатар 1 543 ғалым халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтті.
Ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 10 нысаналы индикатор, 4 күтілетін нәтиже және 60 іс-шара көзделген. Негізгі басымдықтар ретінде ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, университет ғылымын дамыту және ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру айқындалды.
Қолдау тетіктерінің қатарында жас зерттеушілерге 1 000 грант бөлуді көздейтін «Жас ғалым» бағдарламасы, 500 халықаралық тағылымдама ұйымдастыру, эндаумент-қорларды дамыту және ғылыми зерттеулерге жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын тарту шаралары бар.
Жаңа институционалдық және құқықтық тетіктер қалыптастырылды
Саланы реформалаудың маңызды кезеңдерінің бірі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылып, Ұлттық ғылым академиясына Мемлекет басшысының жанындағы жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді.
Заңнамалық деңгейде ғалымның мәртебесі бекітіліп, Ғалымдардың құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелердің технологиялық жетілу дәрежесін және оларды тәжірибеде қолдануға дайындығын бағалауға мүмкіндік беретін технологиялардың дайындық деңгейін бағалау жүйесі (Technology Readiness Level, TRL) енгізілді.
Қазіргі уақытта елімізде 3 135 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 940 жоба жас ғалымдардың бастамаларына, ал 259 жоба ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған.
Ғылым нақты экономиканың ажырамас бөлігіне айналуда
Жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – ғылыми зерттеулердің практикалық тиімділігінің артуы. Ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейі 31%-ға жетті.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, ғылыми-техникалық дамуға қосылған жиынтық үлес 142 млрд теңгені құрады. Нарыққа 241 ғылыми әзірлеме шығарылды, 29 жоба бойынша өнім экспорты қамтамасыз етілді. Ал сегіз жобаның әрқайсысында сату көлемі 1 млрд теңгеден асты.
Отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің жарқын мысалдарының бірі – Қазақстанда алғаш рет тазалығы 99,5% болатын техникалық селеннің алынуы. Қайта өңдеу технологиясын енгізу нәтижесінде өнімнің қосылған құнын 30%-дан 97%-ға дейін арттыруға мүмкіндік туды.
Осылайша, Қазақстанда ғылым саласы негізінен зерттеу жүргізуге бағдарланған модельден ғылыми нәтижелерді іс жүзінде қолдануға негізделген жүйеге біртіндеп көшуде. Ғылыми әзірлемелер технологиялық дамудың, жаңа өндірістер құрудың, инвестиция тартудың және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды негізіне айналуда.







