Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кірістерді төмендету және жасыру фактілерін анықтау, сондай-ақ камералдық бақылау нәтижелері бойынша жолданған хабарламаларды орындау тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Мұсабеков атап өткендей, салықтық әкімшілендірудің маңызды бағыттарының бірі – салық есептілігінде кірістердің толық әрі дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету.
Ықтимал құқық бұзушылықтар мен алшақтықтарды анықтау мақсатында мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді. Оның шеңберінде салық есептілігінде көрсетілген мәліметтер мемлекеттік органдардың деректерімен және басқа да қолжетімді ақпарат көздерімен салыстырылады.
Атап айтқанда, тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызметтер көрсетуден түскен кірістерді көрсетпеу, нақты айналым көлемін төмендету, сондай-ақ ақша қаражатының түсуі мен декларацияланған кірістер арасындағы сәйкессіздіктер жағдайында алшақтықтар анықталуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес, камералдық бақылау нәтижелері бойынша алшақтықтар анықталған жағдайда салық төлеушіге тиісті хабарлама жолданады.
Хабарламаны алғаннан кейін салық төлеуші анықталған алшақтықтарды мұқият зерделеуі қажет.
Егер салық төлеуші анықталған бұзушылықтармен келіссе, тиісті салық есептілігін ұсыну және (немесе) заңнамада көзделген өзге де әрекеттерді жасау арқылы оларды жоюы тиіс.
Ал анықталған алшақтықтармен келіспеген жағдайда, олардың туындау себептерін көрсете отырып, түсініктеме ұсынуы және оны растайтын құжаттарды қоса тіркеуі қажет.
Хабарламаны орындау мерзіміне ерекше назар аудару қажет. Салық заңнамасына сәйкес, хабарламаны орындау мерзімі оны тапсырған күннен кейінгі күннен бастап есептелетін 30 жұмыс күнін құрайды.
Хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау заңнамада көзделген шаралардың қолданылуына, оның ішінде банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының тоқтатыла тұруына және электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкін.
Азамат Мұсабеков камералдық бақылаудың басты мақсаты салықтық тексеру жүргізбей-ақ, анықталған алшақтықтарды уақтылы анықтау және салық төлеушілерге жол берілген бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді салықтық міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауға, дұрыс әрі шынайы салық есептілігін уақтылы ұсынуға және жолданған хабарламалардың белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуге шақырады.







