Semeytany.kz — Танымал әнші Әлішер Кәрімов қоғамдық орындарда түкіруді әдетке айналдырған адамдарды қатаң сынады.
Өнер иесі әлеуметтік желіде жариялаған видеосында жасы қырыққа келсе де, көшеде түкіріп кететіндердің әрекетіне әлі күнге дейін үйрене алмағанын айтады. Оның сөзінше, серуендеп жүрген жерде түкірік пен сілекей жиі кездеседі, ал ол тротуарда қатып қалып, қыста да аяқ асты тапталып жата береді.
Әлішер Кәрімов мұны жай ғана ұсақ-түйек емес, қоғам мәдениетінің айнасы деп бағалады. «Мұндай сорақылықты тоқтату керек. Туған жеріңе түкіріп жатырсың» деген ой айтады.
Сондай-ақ әнші мысал ретінде өзге мемлекеттерді алға тартып, шетелге барғанда көп адамның мұндайға бармайтынын, ал елге келген соң сол әдетін қайта жалғастыратынын түсінбейтінін жеткізді.
Айта кетейік, әншінің бұл видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік қоғамдық тазалық пен тәрбие мәселесіне қайта назар аудара бастады.





