Алаштың асыл мұрасы – айтыс өнері қасиетті Абай жерінде тағы бір мәрте жаңғырып, ұлттық рухты асқақтатқан айтулы мәдени оқиғаға айналды. Наурызнама онкүндігі аясында өткен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты республикалық командалық айтыс Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысының өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырды.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, «AMANAT» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен өткен бұл дүбірлі дода сөз өнерінің шынайы мерекесі болды.
Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, ақындар мен өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Сөз сайысына елімізге белгілі арқалы ақындар мен өнерпаздар қатысып, көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады. Абай облысынан Әсем Ережеқызы, Нұржан Өмірбаев, Айбек Жеңісқазин, Қуандық Кенжебекұлы сынды айтыс саңлақтары сөз сайысының көрігін қыздырды.
Ал Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Бауыржан Шимердинұлы, Жансая Мусина, Талғат Мықи, Айнабек Бисенғалиев сынды ақындар да өздерінің тапқырлығымен, суырыпсалмалық шеберлігімен көрермен ықыласына бөленді.
Сонымен қатар жыр, терме, дәстүрлі ән және күй жанрлары бойынша өнер көрсеткен Қайрат Қабышев, Клара Төленбаева, Дарын Құдайбергенов (Абай облысы), сондай-ақ Фархат Оразов, Кенесары Болғанбаев, Дастан Есентеміров, Тұрлыхан Абуханов (Батыс Қазақстан облысы) ұлттық өнердің байлығын айшықтай түсті.
Шара аясында қатысушыларға Абай өңірінің тарихи-мәдени орындары таныстырылып, «Алаш арыстары» мен Өлкетану музейлеріне экскурсия ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жидебай — Бөрілі» музей-қорығына арнайы сапар жасалып, ұлы ойшыл мұрасымен танысуға мүмкіндік берілді. Бұл айтыстың тек өнер бәйгесі ғана емес, тағылымды рухани сапар екенін көрсетті.
Айтыстың шымылдығы Абай атындағы театр сахнасында түріліп, жүргізуші, ақын әрі Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай кештің сәнін келтірді. Қос өңірдің командалары сүре айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы, қайым айтыс сияқты дәстүрлі бағыттар бойынша бақ сынады.
Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман төрағалық еткен қазылар алқасы өнер иелерінің шеберлігіне әділ бағасын берді.
Сүре айтыста Батыс Қазақстанның ақыны Бауыржан Шимердинұлы мен жерлесіміз Айбек Жеңісқазин сөз сайысына түсіп, бірдей ұпай жинады. Жыр айтыста қазылар батыстық Фархат Оразов пен Абай облысының намысын қорғаған Қайрат Қабышевтың өнерін де тең деп бағалады. Ал түре айтыста Батыс Қазақстанның ақыны Жансая Мусина жерлесіміз Қуандық Кенжебекұлынан басым түсті. Күй тартыста батыстық Тұрлыхан Абуханов пен жерлесіміз Дарын Құдайбергеновтің, дәстүрлі ән сайысында Дастан Есенберген мен Диас Мұратханның өнеріне қазылар алқасыбірдей баға берді.
Қыз бен жігіт айтысында Талғат Мықимен сөз сайысына түскен Әсем Ережеқызы жеңіске жетсе, қайым айтыстаАйнабек Бейсенғалиевтан Нұржан Өмірбаевтың десі басым болды.
Ал термешілер сайысында Кенесары Болғанбаев пен Клара Төленбаева тең ұпай алды.
Өнер бәйгесінің қорытындысында Абай облысының командасы алға шығып, келесі айтысқа жолдама алды. Екі топқа да бірдей құрмет көрсетіліп, қос команда капитандары Дәулет Сметов пен Мұрадым Мирлановқажәне ақындардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақыберілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші мен күйшілерге және команда таныстырушыларына 250 мың теңгедентабысталды.
«Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты бұл айтыс – еліміздің батысы мен шығысын рухани тұрғыда жақындастырған, өнер арқылы ел бірлігін нығайтқан маңызды мәдени оқиға болды.
Бұл айтыс болғандықтан, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні – заңдылық. Алайда бұл жолғы сөз сайысының жөні бөлек болды. Қасиетті Абай елінде өткен рухани додада бастысы кімнің озып, кімнің қалғаны емес, ел рухының көтерілуі еді.
«Бәйге берем жеңілген палуанға да»,- деп Қасым ақын айтқандай, бұл айтыс та жеңген мен жеңілгенді ғана айқындаған жарыс емес, Қазақстанның батысы мен шығысын рухани тұрғыда тоғыстырған, ортақ құндылықтарды ұлықтаған айтулы шара болды.











