Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатов қаласының тұрғындарымен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Жиында алдымен Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндады. Облыс әкімі қаланың негізгі экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттерді атап өтті.
Курчатов – өңірдің ғылыми және өндірістік әлеуетінде ерекше орны бар қала. Мұнда Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. «Ғылыми қалашық» ұғымының заңнамалық деңгейде бекітілуі қаланың ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Қалада бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның бірі – қуаты 700 МВт көмір конденсациялық электр станциясының құрылысы. Жобаның құны 759 млрд теңге болса, іске қосылған жағдайда 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 162,6 млрд теңгеге аммиак пен карбамид өндіретін көмірді терең өңдеу зауытын салу көзделген.
Ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылдың сегіз айында Курчатовта 386,5 млн теңгенің өнімі өндірілді. Қаладағы егіс алқабы 61 гектарды құрайды. Бүгінде 1,3 мың тонна картоп және 292 тонна көкөніс-бақша өнімі жиналды. Бұдан бөлек, 2030 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасы аясында құны 200 млн теңге болатын көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған.
Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Курчатовтағы су құбырларының жалпы ұзындығы 98,9 шақырымды құрайды, желілердің тозу деңгейі – 87 пайыз. Қаланың бір шағын тұрғын ауданын сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оны іске асыруға қажетті қаражатты келесі жылдың бюджетінде қарастыру жоспарланып отыр.
Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Былтыр Курчатовтағы 42 шақырым көшені қайта жаңғырту басталды. Тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, «Семей – Курчатов» әлеуметтік маңызы бар қалааралық автобус бағытын субсидиялауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ Дегелең станциясының теміржол вокзалы жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта Курчатовта тұрғын үй кезегінде 349 азамат тұр. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған 53 жалдамалы пәтер сатып алу көзделген.
Білім беру саласында биыл №1 және №2 мектептерде 33,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаладағы төрт мектепке жаңа жиһаздар мен моноблоктар сатып алынды. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен №2 мектепте заманауи әмбебап оқу кабинеттері жабдықталды.
Денсаулық сақтау саласында Курчатов қалалық ауруханасы ғимаратының үш қабатын күрделі жөндеуге 197 млн теңге қарастырылған. Жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қалалық ауруханаға Jac Sunray маркалы жаңа санитариялық автокөлік табысталды.
Берік Уәли Курчатовтың стратегиялық маңызы мен ғылыми әлеуетіне тоқталып, қаланы дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
«Өңіріміздегі маңызды мәселелерді талқылап, атқарған жұмысқа есеп беріп, жоспармен бөлісу мақсатында өздеріңізбен кездесуге келіп отырмын. Өздеріңіз білесіздер, бұл Курчатовқа алғаш рет келуім емес. Осыған дейін бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстым. Биылдың өзінде төртінші рет келіп отырмын. Курчатов – шағын болса да стратегиялық маңызы бар қала. Мұндағы негізгі кәсіпорын – Ұлттық ядролық орталық жетекші елдермен бірлесіп, атом саласындағы бірқатар жобаларды іске асыруда. Қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, сауалдарын қойды. Аймақ басшысы ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын айтып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілетінін жеткізді.
Кездесу алдында Берік Уәли қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы «Шаған» нысаны орналасқан жерде заманауи ғылыми-білім беру және туристік орталық құру туралы ұсыныс айтылды. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Жанат Байғазинов жобаны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін полигон аумағында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы компанияларды тартуға қолдау көрсетуді сұрады.
Сонымен қатар облыс әкімінің қабылдауына дейін басқарма басшылары Курчатов тұрғындарын қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді.







