Семей қаласының Бобровка кентінде кәсіпкерлік нысандардың санитарлық жағдайына жүргізілген партиялық бақылау нәтижесінде дүкен иесіне әкімшілік айыппұл салынды.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Әділет» партиясы Семей қалалық филиалының өкілдері кәсіпкерлік нысандардың тазалығы мен абаттандырылуына мониторинг жүргізді. Бақылауға партияның Абай облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Майра Мұрсахан, Семей қалалық филиалының өкілдері, Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мен полиция қызметкерлері қатысты.
Мониторинг барысында Бобровка кентіндегі «Эконом +», «Калинка» және «Нұржау» дүкендерінің аумақтары тексерілді. Тексеру кезінде анықталған кемшіліктер бойынша нысан иелеріне санитарлық талаптарды сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Нәтижесінде «Эконом +» дүкенінің иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 2-бөлігіне сәйкес 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Әкімшілік хаттаманы полиция капитаны Фархат Рахметолла рәсімдеді.
Ал «Калинка» және «Нұржау» дүкендерінің иелеріне ескерту беріліп, өздеріне тиесілі аумақтарды тиісті санитарлық жағдайға келтіру үшін 10 күн мерзім белгіленді. Талаптар орындалмаған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді.
«Біз дүкеннің ішін ғана емес, оның айналасындағы аумақты да назарға аламыз. Өйткені тұрғындар үшін нысанның маңы да қаланың бір бөлігі. Тазалықты біреу келіп жасап береді деп күтпей, әр кәсіпкер өзіне тиесілі аумаққа жауапкершілікпен қарауы керек. Партиялық бақылаудың мәні де — осындай мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ету», — деді партиялық бақылау инспекторы Майра Мұрсахан.
«Әділет» партиясының бағдарламасында азаматтарға қолайлы, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыру және қоғамдық жауапкершілікті күшейту мәселелеріне басымдық берілген. Осы бағытта партия «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстарға қатысып, тазалық пен абаттандыру мәселелерін партиялық бақылауда ұстайды.







