Орман байлығын сақтау, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Осы бағыттағы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген басымдықтар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты қызметкерлерімен өткен кездесуде талқыланды.
Кездесуге «Әділет» партиясының өкілдері Лилия Муслимқызы мен Саят Танатаров қатысты. Олар Президент Жолдауындағы экологиялық міндеттердің Абай облысы үшін маңызын атап өтіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының осы бағыттағы рөліне тоқталды.
Лилия Муслимқызының пікірінше, орман шаруашылығын дамыту тек табиғи байлықты қорғаумен шектелмеуі керек. Бұл бағытта өрттің алдын алу, орманды қалпына келтіру, материалдық-техникалық базаны нығайту және мамандардың еңбек жағдайын жақсарту қатар жүруі тиіс.
«Экологиялық қауіпсіздік – елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды көрсеткіші. Орманды сақтау үшін салдармен күресуден гөрі, қауіптің алдын алуға басымдық беруіміз керек. Ол үшін заманауи техника, кәсіби мамандар және жүйелі қолдау қажет. Орманшылардың еңбегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға тікелей ықпал етеді», – деді Лилия Муслимқызы.
Ал Саят Танатаров табиғатты қорғау мәселесінде мемлекеттік саясат пен қоғамдық жауапкершіліктің өзара сабақтастығына назар аударды. Оның айтуынша, экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және жасыл аймақтарды сақтау нақты нәтижеге бағытталған жұмыстармен бекітілуі қажет.
«Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілік. Сондықтан экологиялық бастамалар бір реттік науқанмен шектелмеуі керек. Әрбір өңірде табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп, бұл іске қоғам да белсенді қатысуы қажет», – деді Саят Танатаров.
Кездесу қорытындысында орман шаруашылығы саласының тұрақты дамуы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты екені атап өтілді. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді өңірлік деңгейде іске асыруда табиғатты қорғау мекемелерінің тәжірибесі мен сала мамандарының кәсіби әлеуеті шешуші рөл атқарады.
«Әділет» партиясы Абай облыстық
филиалының баспасөз қызметі бөлімі







