Абай облысының бүгінгі тынысын бағалау үшін кешегісін де кем білмеу керек. Ал ертеңіне сеніммен қарауға бүгінгі өзгерістердің ауқымын, нақты нәтижесі мен шешімін күткен мәселелерін қатар таразылау қажет.

2025 жылғы 17 ақпанда Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Бүгін оның өңір басшылығына келгеніне 1 жыл 9 ай толды. Осы уақыт аралығында облыста қандай өзгерістер болды? Нені еңсердік? Қандай жұмыстар басталды? Алда қандай міндеттер тұр?
Бұл сұрақтарға жауап іздегенде бір дүниені қаперден шығармағанымыз жөн. Абай облысын инфрақұрылымы әлдеқашан қалыптасқан, экономикасы орныққан, әлеуметтік жүйесі толық жолға қойылған өңірлермен әсте салыстыра алмаймыз. Өйткені Абай облысының қазіргі жағдайы – бірнеше онжылдық бойы қордаланған мәселелердің, әкімшілік орталық мәртебесінен айырылудың және қайта құрылғаннан кейінгі институционалдық қалыптасу кезеңінің бет бейнесі ғана.
1997 жылы Семей облысы таратылып, оның аумағы Шығыс Қазақстан облысының құрамына қосылды. Арада 25 жыл өткен соң, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, 2022 жылы Абай облысын құру туралы Жарлық шығарды. Ал Семейге облыс орталығы мәртебесі қайта берілді.

Бірақ облыстың атауы мен әкімшілік мәртебесінің қайтарылуы өздігінен жол салынады, кәсіпорындар іске қосыла қалады, тұрғын үй тұрғызылып, әп сәтте инженерлік желілер жаңара кетеді дегенді білдірмесе керек. Мұның бәріне мемлекеттің қолдауы, қаржы, уақыт, кәсіби басқаруға негізделген жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан бүгінгі өзгерістерді бағалағанда эмоцияға емес, фактіге, жекелеген көрініске емес, тұтас үдеріске қарағанымыз дұрыс болады деп ойлаймын.
Берік Уәли қызметке кіріскен алғашқы кезеңде облыстың екі қаласы мен он ауданын түгелдей бірнеше қайтара аралап, шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жергілікті жерлердегі проблемаларды жинақтап, оларды шешудің басым бағыттарын айқындады. Мұның басқару тұрғысынан алып қарағанда маңызы зор. Себебі облыс орталығындағы кабинетте отырып қабылданған шешім мен ауылдың нақты қажеттілігі әрдайым сәйкес келе бермейді. Бір ауылға ауызсу қажет болса, екіншісіне дәрігерлік амбулатория, үшіншісіне жол, төртіншісіне мектеп керек. Демек, алғашқы кезеңнің басты міндеті – облыстың нақты проблемаларын түгендеп, басқарудың ортақ жүйесін қалыптастыру болды. Бұл жұмыстарды аяқталды деп айтуға әлі ерте. Себебі облыс әкімі аудан-ауылдарды аралауын бір сәтке де тоқтатқан жоқ.
ҚАЛА МЕН АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Семейдің бүгінгі келбетін сөз еткенде, ең алдымен, жол мәселесі еске түседі. Қала тұрғындарының күнделікті өмірінде асфальт, жарық, ауланың тазалығы, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі маңызды. Өйткені кез келген азамат мемлекет саясатын көбіне осындай қарапайым, күнделікті өзгерістер арқылы сезінеді.
2025 жылы облыс бойынша жергілікті жолдарды жөндеуге 21,4 млрд теңге қарастырылып, 358,8 шақырым жолды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Семейдің 52 көшесінде орташа жөндеу жүргізіліп, 40 ауланың аумағы асфальтталды, 35 аула абаттандырылды. Оның ішінде тең жартысы – бұрын ешқашан асфальт төселмеген көшелер. Бұны ерекше айтып отырғаным, мұндай жұмыстар – тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін оң өзгерістер. Тағы бір маңызды мәселе – Семейдің екі жағалауын байланыстыратын аспалы көпір. 2000 жылы пайдалануға берілген бұл стратегиялық нысанның жүріс бөлігіне ширек ғасыр бойы толыққанды асфальт жаңарту жүргізілмеген. Бұған дейін көбіне ойықтарды жамаумен шектелген. 2025 жылы оның асфальт жабыны толық ауыстырылды. Осы жерде бір қарапайым сұрақ туындайды: егер көпірдің асфальты 25 жыл бойы толық ауыстырылмаса, онда қаланың басқа инженерлік нысандарының жағдайы қандай болған? Бұл сұрақтың өзі бізге бұрынғы қордаланған мәселелердің ауқымын аңғартады.

Сонымен бірге жаңа көпірдің құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл жобаның қымбаттауына байланысты қосымша қаржыландыру мәселесі туындағаны, республикалық деңгейде қолдау қажеттігі айтылды. Мұны да жасырудың қажеті жоқ. Ірі инфрақұрылымдық жобаларда қаржыландыру мен құрылыс мерзіміне қатысты қиындықтар болады. Бірақ тұрғындар үшін ең маңыздысы – жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы. Ал жол жөндеу жұмыстары бір маусымдық науқанға айналмауы керек. Оның сапасы, су ағар жүйесі, жол белгілері, жарықтандыруы және кейінгі күтімі бірге қарастырылуы тиіс. Түптеп келгенде, инфрақұрылымдағы өзгерістер дегеніміз – адамның үйінен жұмысына, баласының мектепке, науқастың ауруханаға қауіпсіз әрі қолайлы жетуі.
СЕМЕЙДІҢ АХИЛЛЕС ӨКШЕСІ – КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Қала мен аудандардағы жолдың сапасын кез келген адам көре алады. Ал жылу желісінің, су құбырының, кәріз жүйесінің жағдайын күнделікті өмірде тек ақау шыққанда ғана сезінеміз.
Семейдегі ең күрделі мәселелердің бірі – жылу және су жүйелерінің тозуы. 2025 жылы қаланың жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға 12,6 млрд теңге жұмсалып, 23 жылу орталығы мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді. Соның нәтижесінде 2026 жылдың жазында Семейдің 40 мыңнан астам тұрғынын алғаш рет тұрақты ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Бұл қарапайым ғана тұрмыстық қажеттілік болғанымен, жылдар бойы шешімін таппаған мәселе еді. Бірақ коммуналдық саладағы барлық мәселе шешілді деп айтуға әлі ерте. Сондықтан алдағы кезеңде су бұру, тазарту құрылыстары, жылу желілері, электр қуаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне басымдық берілуі қажет.

ЭКОНОМИКА, ИНВЕСТИЦИЯ – ЖАҢА ӨНДІРІС ПЕН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ
Өңірдің ұзақмерзімді дамуын айқындайтын негізгі мәселе – экономика. Себебі жолдарды жөндеуге, мектептер мен ауруханалар салуға бюджет қаражаты қажет. Ал бюджет кірісінің тұрақты өсуі үшін үздіксіз өндіріс, кәсіпкерлік, инвестиция және жаңа жұмыс орындары болуы шарт.
2025 жылғы 11 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдағанда өңірді дамытуға қатысты негізгі бағыттарды айқындады. Сол кездесуде 2028 жылға дейін жалпы құны 2,2 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспары таныстырылды. Бұл – бастапқы инвестициялық жоспар. Ал кейінгі кезеңде жобалар пулы кеңейді. Қазіргі уақытта өңірде жалпы құны 5,4 трлн теңгені құрайтын 144 инвестициялық жоба сүйемелденуде. 2025 жылмен салыстырғанда жобалар саны 144-ке дейін, яғни 28,6 пайызға, ал инвестиция көлемі 4,4 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

2026 жылы облыста жалпы құны 129,2 млрд теңге болатын 38 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 3 230 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жалпы құны 43 млрд теңгені құрайтын 15 жоба пайдалануға беріліп, 702 жаңа жұмыс орны құрылды.
Мұнда бір маңызды жайтты ажырата білуіміз керек.
4,3 трлн теңге – облыс экономикасына әлдеқашан құйылған нақты инвестиция емес, іске асыруға жоспарланған инвестициялық жобалар портфелінің жалпы құны. Оны нақты игерілген инвестициямен шатастыруға болмайды. Ал нақты инвестициялық белсенділікке келсек, 2025 жылдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестициялар 616,2 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі бойынша 6,8 пайыздық өсім. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс экономикасына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты өсім 2,8 пайыз болды.
Осы жерде басты назар аударатын мәселе – инвестицияның көлемінен бөлек, оның сапасы. Мысалы, жаңа өндіріс ашылса, ол бірнеше бағытқа бірдей ықпал етеді. Тұрақты жұмыс орындары пайда болады. Жергілікті тұрғындардың табысы өседі. Шағын және орта бизнеске тапсырыс түседі. Бюджетке салық түсімдері көбейеді. Жаңа мамандықтар мен кәсіби дағдылар қалыптасады. Сондықтан өңір үшін ең маңыздысы – инвестициялық келісімдер мен жобалардың қағаз жүзінде қалмай, нақты өндіріс орындарына айналуы.
Осы тұрғыдан алғанда, «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағын 96 гектардан 190 гектарға дейін кеңейту, шағын өнеркәсіптік парк құру бастамалары назар аударуға тұрарлық. Ал 2026 жылғы 7 қарашада Үкімет «Семей» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылдады. Оның бастапқы аумағы 600 гектар болады. Жобаларға 1,4 трлн теңге инвестиция тарту және 14 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл – өңірдің экономикалық болашағы үшін өте маңызды стратегиялық шешім.
Арнайы экономикалық аймақ дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, инвесторларға белгілі бір мөлшерде салық және кеден жеңілдіктер беріліп, өндіріс ашуға қолайлы жағдай жасалатын арнайы аумақ. Бірақ оның шынайы нәтижесі қанша гектар жер бөлінгенімен емес, қанша кәсіпорынның іске қосылғанымен, қанша өнім өндірілгенімен, қанша адамның тұрақты жұмысқа орналасқанымен өлшенеді. Семейдің географиялық орналасуы, Ресей мен Қытайға жақындығы, теміржол және автокөлік дәліздері, Курчатовтың ғылыми әлеуеті өңірді өндірістік және логистикалық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті нақты экономикалық артықшылыққа айналдыру – алдағы кезеңнің ең үлкен міндеттерінің бірі.
КӨЛІК-ЛОГИСТИКА. ГЕОГРАФИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚҚА АЙНАЛДЫРУ
Абай облысының даму болашағын Семей қаласының ғана шекарасымен шектеуге болмайды. Өңірдің стратегиялық артықшылығы оның географиялық орналасуында болып отыр.
жағынан – Ресей, екінші жағынан – Қытай, оңтүстігінде Жетісу, батысында Қарағанды, солтүстік-батысында Павлодар облыстары орналасқан. Бұл – сауда, транзит, өндіріс және логистика үшін зор мүмкіндік.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының құрылысы мен жөндеу жұмыстарының аяқталуы ерекше маңызға ие. 2025 жылы осы бағыттың 184 шақырымы пайдалануға берілгені хабарланды. Сонымен бірге Семей қаласының айналма жолын салу жобасы да пысықталуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған тағы бір ірі жоба – «Бақты – Аягөз» теміржол желісі. Ұзындығы 297,5 шақырым болатын бұл бағыттың құрылысы басталуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Мұндай жобалардың маңызын түсіну үшін бір ғана мысал жеткілікті.
Егер Қытайдан келетін жүк Семей арқылы тиімді тасымалданса, онда жол бойында логистикалық орталықтар, қоймалар, сервистік кәсіпорындар, өңдеу өндірістері қалыптасады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Қала мен аудан экономикасына қосымша табыс түседі. Яғни жол мен теміржол экономикалық тұрғыдан қарқынды дамудың тікелей тетігі.
Қазір өңір үшін осы инфрақұрылымдық жобаларды бір-бірінен бөлек емес, тұтас экономикалық жүйе ретінде қарастыру маңызды. Семейдің айналма жолы, «Бақты – Аягөз» теміржолы, «Семей» арнайы экономикалық аймағы және «Өндіріс» индустриялық аймағы өзара байланысқан жағдайда ғана өңірдің жаңа экономикалық моделі қалыптасады.
ӘУРЕСІ КӨП ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Инфрақұрылым мен экономика туралы айтқанда, әлеуметтік саланы назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені кез келген дамудың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.
Бұл бағыттағы ең өзекті мәселелердің бірі – денсаулық сақтау нысандары. Абай облысында 2023-2025 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған болатын. Бұл жобалар Берік Уәли қызметке кіріскен кезде толыққанды аяқталмаған еді.
2025 жылғы сәуірде облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында 62 нысанның бірқатарында абаттандыру жұмыстары аяқталмағаны, медициналық құрал-жабдықтары мен жиһаздары толық жеткізілмегені, кейбір ғимараттарда құрылыс сапасына қатысты кемшіліктер бары ашық айтылды. Облыс әкімі жауапты басшылардың жұмысын сынға алды. Бұл мысалдың өзі бір нәрсені көрсетеді. Ғимарат салу мен оның халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуі – екі бөлек мәселе.
Қатаң талап пен темірдей тәртіптің нәтижесінде құрылысы созылған 65 медициналық нысанның жұмысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілгені туралы ресми мәлімет жарияланды. Сонымен бірге Мақаншы ауданындағы 27 жылдан астам уақыт аяқталмай келген дәрігерлік амбулатория да пайдалануға берілді. Бұл – ауыл халқы үшін маңызды өзгеріс.
Сонымен қатар білім беру саласында да нақты нәтижелер бар. 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста төрт жаңа мектеп ашылды. Олардың қатарында Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы 1200 орындық және Водный кентіндегі 600 орындық мектептер бар. Бесқарағай мен Аягөз аудандарында да жаңа білім ордалары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Семейде көпфункционалды Оқушылар сарайы ашылды. Жалпы ауданы 9 800 шаршы метр болатын нысан бір мезетте 500 баланы қабылдай алады, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Шығыс кентінде жаңа мектеп құрылысы жалғасуда, бірқатар елді мекенде апатты мектептердің мәселесі әлі де кезең-кезеңімен шешілуі қажет. Демек, атқарылған жұмыс бар, бірақ міндет те аз емес.
МӘДЕНИЕТ ПЕН ТАРИХИ МҰРА – ОБЛЫСТЫҢ БАСТЫ КАПИТАЛЫ
Абай облысының басқа өңірлерден бір ерекшелігі бар. Оның экономикалық әлеуетімен қатар, ұлттың тарихи жады мен рухани капиталы да аса бай. Семей – Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Шәкәрімтану мен Алаш тарихының орталығы. Жидебай, Бөрілі, Қоңыр әулие, Еңлік-Кебек ескерткіші, Алаш қозғалысының тарихи орындары – мұның бәрі өңірдің рухани әрі туристік әлеуетін қалыптастырады.
2025 жылы ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы Президенттің тапсырмасына сай лайықты деңгейде аталып өтті. Бұл ауқымды іс-шараны тек мерекелік концерттер мен салтанатты жиындар тұрғысынан бағалау жеткіліксіз. Мерейтой аясында «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталып, еліміздің өзге өңірлері мен ұйымдарының қолдауымен жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар салу жөнінде жобалар әзірленді. Семейдегі Абай театры, кітапхана, музейлерді жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Ауылдық кітапханаларды жаңарту, мәдениет үйлерін жөндеу, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылы осы бағыттағы ауқымды құрылыс жобаларының қатарына Семейдегі жаңа мәдениет және спорт нысандары қосылды. Атап айтқанда, 25 мың орындық стадионның, үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Мұнда бір маңызды тұжырым бар. Абай облысы өзінің тарихи атауымен ғана ерекшеленбеуі керек. Ол Абайдың ойы мен дүниетанымын, Алаштың азаттық идеясын, Семейдің ғылыми-мәдени дәстүрін заманауи даму моделіне айналдыруы қажет. Туризм, білім, ғылым, мәдени индустрия – осының бәрі өңірдің экономикалық дамуына да үлес қоса алады. Абайды әлемге таныту – әр жерге ескерткіш орната беру емес, оның мұрасын қазіргі заманның тілімен сөйлету.
САНДАР СӨЙЛЕСІН…
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіштер де бірқатар саланың өсімін көрсетеді. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 101,7 пайызды, өңдеу өнеркәсібінікі 107 пайызды, ауыл шаруашылығыныкі 104,5 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстары 11,5 пайызға, көлік қызметтері 13,4 пайызға өскен. Бұлар сөзсіз – оң динамика.
Біздіңше, өңірдің экономикалық дамуын бағалауда алдағы уақытта төрт негізгі өлшемге басымдық берген жөн.
- Инвестициялық жобалардың нақты іске қосылуы.
- Тұрақты әрі жоғары жалақылы жұмыс орындарының көбеюі.
- Жергілікті бюджет кірістерінің артуы.
- Халықтың нақты табысы мен өмір сапасының жақсаруы.
Өйткені инвестиция көлемі өскенімен, қарапайым азаматтың табысы өзгермесе, экономикалық өсімнің әлеуметтік әсері толық сезілмейді. Сондықтан бүгінгі атқарылған жұмыстарды бағалаумен қатар, ертеңгі нәтижеге қойылатын талап та жоғары болуы тиіс.
СЫН ШЫН БОЛСА…
Бүгінде әлеуметтік желілерде Семейдің жолы, жарығы, қоқысы, қоғамдық көлігі, суы, жылуы, құрылыс сапасы туралы сын көп айтылады. Мұндай мәселелерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлерді саралағанда бір ерекшелікті байқау қажет. Көбіне адамның көзіне түскен бір проблема бүкіл өңірдің жағдайын сипаттайтын ортақ қорытындыға айналып кетеді. Мысалы, бір көшенің жөнделмеуі, бүкіл қалада жұмыс жүргізілмеді деген сөз емес. Бір ауылдағы су мәселесі облыстың барлық елді мекенінде ауызсу жоқ дегенді білдірмейді. Бірақ сол көшеде тұратын немесе сол ауылда өмір сүретін адам үшін бұл мәселе өте маңызды. Оның талабын елемеуге болмайды. Мәселені осылайша екі деңгейде қарастырған жөн.
Біріншісі, жеке адамның күнделікті мәселесі. Ол үшін жолдың жөнделуі, жарықтың қосылуы, қоқыстың уақытында шығарылуы – мемлекеттің жұмысының нақты өлшемі. Екіншісі, өңірдің жүйелі дамуы. Мұнда инвестиция, өнеркәсіп, жұмыс орындары, көлік дәліздері, инженерлік инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтау жүйесі бағаланады. Екі деңгейдің де өз шындығы бар. Бірін екіншісіне қарсы қоюға болмайды. Сондықтан сын айтатын азаматтарды да түсінеміз. Өйткені адамдар өз қаласының жақсы болғанын, баласының сапалы мектепте оқығанын, үйінде жылу мен судың үзілмегенін қалайды. Бірақ бір нәрсені де ескеруіміз керек. Ондаған жыл бойы жиналған проблемалардың барлығын 1,5-2 жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Мысалы, қаладағы жолдарды жөндеу үшін тек асфальт төсеуге ақша бөлу жеткіліксіз. Алдымен жобалық-сметалық құжаттама, инженерлік желілер, мердігерлер, қаржыландыру, техникалық қадағалау мәселелері шешілуі керек. Жылу жүйесін жаңарту үшін де қомақты қаражат пен ұзақмерзімді жоспар қажет.
Басқару ғылымында мұндай жағдайды path dependency – өткен кезеңде қалыптасқан жүйенің бүгінгі даму мүмкіндіктеріне ықпалы деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, бүгінгі проблемалардың бір бөлігі кешегі шешімдердің, шешілмеген мәселелердің салдары. Жаңа басшы келгенде бәрін нөлден бастап, бұрынғының барлығын бірден өзгерте алмайды. Бірақ бұл қазіргі басшылықтың жауапкершілігін төмендетпейді. Керісінше, бұрыннан қордаланған проблемаларды кезең-кезеңімен шешу, жұмыстың сапасын бақылау және халыққа нақты есеп беру міндетін күшейтеді.
Осы ретте әлеуметтік желідегі сынның да екі түрін ажыратып қараған дұрыс болады. Біріншісі, нақты мекенжайы, мәселесі, дәлелі бар конструктивті сын. Мұндай сын жергілікті билік үшін әрдайым пайдалы болмақ. Ол проблеманы анықтауға, жауапты тұлғаларды жұмылдыруға көмектеседі. Екіншісі, жекелеген оқиғаны бүкіл өңірдің даму деңгейіне балап, нақты дерек пен салыстырусыз эмоциялық қорытынды жасайтын пікірлер. Облыс әкімдігі біріншісін мұқият тыңдап, назарға алады, екіншісіне сабырмен әрі дерекпен жауап беріп келеді.
ҚОРЫТА АЙТҚАНДА…
Абай облысының қайта құрылуы – бізге берілген тарихи мүмкіндік. Бірақ тарихи мүмкіндік өздігінен тарихи жетістікке айнала амайды. Ол үшін жүйелі еңбек, дұрыс шешім, кәсіби басқару және қоғамның ортақ жауапкершілігі қажет. Берік Уәлидің облыс әкімі болып тағайындалғанына 2027 жылдың ақпан айындаға ғана 2 жыл толады. Осы кезеңде атқарылған жұмыстарды ешкім жоққа шығара алмайды. Жолдар жөнделді, көпір жаңғыртылды, медицина нысандары аяқталды, мектептер мен әлеуметтік нысандар ашылды, инвестициялық жобалар көбейді, жаңа экономикалық бастамалар қолға алынды. Бірақ мұнымен барлық мәселе шешілді деуге тағы да болмас. Өмір болған соң өнеркәсіптің тұрақты өсуі, сапалы жұмыс орындары, инженерлік желілер, кәріз жүйесі, ауыл инфрақұрылымы, халықтың табысы мен тұрмыс сапасы әлі де жүйелі жұмысты қажет етеді.
Сондықтан әкімнің жұмысына баға берудің де өзіндік өлшемі болуы керек. Біз кейде басқа облыстардың әдемі көшелерін, жаңа ғимараттарын, дамыған инфрақұрылымын көріп, өз қаламызбен салыстырамыз. Бұл – заңдылық. Бірақ сол өңірлердің бүгінгі деңгейіне қандай тарихи, экономикалық және институционалдық жолмен жеткенін де ескеруіміз керек. Біреудің 30 жылда қалыптастырған инфрақұрылымын басқа бір өңірден 1-2 жылда талап ету шынайы даму логикасына сәйкес келмейді. Иә, жергілікті билікке талап жоғары болуы тиіс, ал сол талап нақты дерекке, әділ бағалауға және конструктивті ұсынысқа сүйенуі керек.
Абай облысына бүгін тек жаңа жолдар мен ғимараттар емес, жаңа экономикалық ойлау, жаңа басқару мәдениеті, жаңа қоғамдық сана қажет. Өңірдің болашағы бір әкімнің немесе бір команданың ғана жауапкершілігі емес. Ол – мемлекеттік басқару жүйесінің, кәсіпкерлердің, зиялы қауымның, жастардың және әрбір тұрғынның ортақ ісі. Бізге бүгінгі кемшілікті жасыру да, жетістікті жоққа шығару да қажет емес. Ең бастысы – қай жерде тұрғанымызды дұрыс түсініп, қайда бара жатқанымызды айқындау.
Абайдың еліне лайық болу – салмағы зіл жауапкершілік. Ал Семейдің тарихи мәртебесін қалпына келтірумен қатар, оның экономикалық, мәдени және зияткерлік әлеуетін қайта жаңғырту – тұтас ұрпақтың алдындағы міндет. Өйткені бізге керегі – бүгінгі Семейдің ғана емес, ертеңгі Абай облысының қандай болатыны.
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ,
Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы.







