Апта сәрсенбісінде Семей қаласына арнайы жұмыс сапарымен облыс әкімі Даниал Ахметов келді. Аймақ басшысы бұл жолғы сапарында өңірдегі іргелі өндіріс ошақтары мен шағын және орта бизнес құрылымдарының қызметімен танысты, сол күні қала әкімі Ермак Сәлімовтің қорытынды есептік жиынына қатысты.
Даниал Кенжетайұлы назар аударған ең алғашқы іргелі кәсіпорын Семейдегі «СемСпецСнаб» ЖШС болды. Дәуірінде аты күллі Одаққа танылған байырғы «Большевичка» тігін фабрикасының бүгінгі мұрагері жыл сайын өндірістегі қарқынын арттырып келеді. Кәсіпорын қазіргі таңда жаңа технологиялармен жабдықталып, тіпті жұмыс орнын да кеңейткен. Бұл бағыттағы оңды шаралармен танысқан Даниал Кенжетайұлы серіктестік өндіретін киім үлгілеріне көбірек назар аударды. Өндіріс орнының басшысы Айнұр Қабдылқызының айтуынша, негізінен, тігін өнімдеріне баса мән беріліп, арнайы мамандық иелеріне арналған киімдер тігіледі. Мәселен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Локомотив» АҚ қызметкерлері үшін сәнді киімдердің алуан түрлері бар. Бұдан өзге әскери сала өкілдері мен дәрігерлерге және аңшылықты кәсіп еткен жандарға арналған костюмдер, күздік және қыстық жылы киімдер, халаттар мен күртешелер шығарылуда. Өндірісі өрге басқан кәсіпорынның тағы бір жетістігі- ерлерге арналған көйлектер тіге бастапты. Арнайы әзірленген көрмеден серіктестік тауарларын тамашалаған Даниал Кенжетайұлы дәл осындай бір көйлекті Астана қаласынан 4 мың теңгеге сатып алғанын айтып өтіп, баршаны қазақстандық өнімді қолдау аясында жергілікті өнім өндірушілер тауарларын сатып алуға шақыратынын жеткізді. Ал дәл мұндай көйлектер кәсіпорынның өз басында не бары үш мың теңгеден сатылады екен. Сапасы мен сәні жағынан шетелдік көйлектерден еш кем емес киім үлгілерінің бірнеше түрлері бар.
Жалпы, кәсіпорынның қуаты жыл санап артып келеді. Атап айтсақ, мұнда жылына 500 мың дана тауар өндіріледі. Сондай-ақ ішкі нарықта серіктестік өнімдеріне сұраныс мол. Әсіресе ҚР Қарулы Күштері мен Ұлттық компаниялар тарапынан арнайы тапсырыс қабылданады. Яғни, өндірілген тауардың 90 пайызы тапсырысты өтеуге кетеді екен. Ал тұтынушы сұранысы артқан жерде, табыс та молайып, өндірісті кеңейту қажеттілігі туындайтыны белгілі. Биылғы жылғы ақпанның 1-нен бастап кәсіпорынның бас ғимараты жанынан салынған үш қабатты нысан қолданысқа беріліпті. Мұнда да киім пішу мен тігу және арнайы үлгімен өлшеу цехы ашылған.
Сөз орайында облыс әкімі қызметкерлерді де сөзге тартып, еңбек қарқынын, жалақы жайын сұрады. Еңбекақы тұрақты төленеді екен. Әр қызметкердің орташа айлығы 53 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда мұнда семейлік 241 адам ұжымдасып еңбек етуде. Қорыта айтқанда, қанатын кеңге жайған кәсіпорын алдағы күнге үлкен бағыт — бағдар қойып отыр. Өз кезегінде адал қызметтері үшін барша еңбеккерлерге алғыс білдірген Даниал Кенжетайұлы кәсіпорын ұжымына табыс тіледі.
Аймақ басшысы аялдаған келесі нысан «Роза» ЖШС болды. Бұл кәсіпорын да өңір әлеуетін еселеуде елеулі үлесі бар Семейдегі іргелі өндіріс ошағы саналады. 2000 жылы кәсібін бастаған мекеме бүгінгі таңда өңірдегі ішкі нарықты толықтай қамтып, тіпті өз өнімдерін іргелес Ресейге де саудалай бастаған. Кәсіпорын, негізінен, киіз басып, пима өндіреді. Мәселен, жылына 20 мың жұп пима мен 150 тонна киіз өндіретін серіктестік жыл санап қаржылық табысын да еселеуде. Бұл ретте жаңа технологияларға арқа сүйейтін мекеме солтүстіктегі көрші мемлекеттегі дәл осындай өндіріс ошақтарымен айқын бәсекелестікке түсуде. Қазіргі күні сапаға баса мән беріліп келеді.
Аймақ басшысы «Роза» ЖШС-де де біршама аялдады. Өндіріс процестерімен танысып, қызметкерлерінің еңбек ету қарқынына да көңіл бөлді. Соңынан мекеменің дүкеніне бас сұғып, тұтынушыларға ұсынылған тауарлармен танысты. Расында, сөреге шығарылған серіктестік даярлаған өнімдер алуан түрлілігімен таңырқатып, еріксіз көз сүйсіндіреді. Мәселен, тек пима ғана емес, қалың киізден әшекейленіп әзірленген түрлі аяқ киімдер ерекше сәндік үлгісімен көз тартады. Резеңке табанды етіктер мен балаларға арналған аяқ киімдер үлгілерінің ерекшелігі бірден байқалады. Сонымен қатар ақ киізден сырып жасалған моңғолдық үлгідегі үйге киетін сүйретпе аяқ киімдер, пима тәрізді унтылар қолжетімді бағамен сатылуда. Әрине, Қытайдың сапасыз аяқ киімдерімен салыстырғанда отандық өнімдердің ерекшелігі көп екендігі белгілі. Облыс әкімі мекеме басшыларына бірінші кезекте ішкі нарықты қамтып, содан соң ғана, өз өнімдерін сыртқа экспорттауға кеңес берді.
Ал осыдан соң облыс әкімі өнімділік қуатын күн санап арттырып келе жатқан «Нептун» ЖШС-не ат басын тіреді. Негізінен, балық өңдеп, деликатес өнімдер өндірумен айналысатын мекеменің тасы өрге домалауда. Қазіргі күні мұндағы жұмыс орындарының саны еселеп артып, 95 адамға жеткен. Мұнда, негізінен, арнайы кәсіби біліктілігі бар мамандар жұмыс істейді. Жеңіл өнеркә-сіпке маманданған мекемеде балық өнімдерінің 24 түрі шығарылып, олар тек іргелес облыстарға ғана емес, Ресейдің Сібір бөлігіндегі алыс-жақын қалаларына да экспортталады.
Жалпы, бүгінгі таңда кәсіпорынның қайта жаңғыртудан өткізілгеніне көп уақыт бола қоймаған. Шет мемлекеттерден арнайы мамандар шақырылып, балық өнімін өңдеу ісіне қатысты жергілікті жұмысшыларға екі аптадай дәріс оқыпты. Арнайы маман жаңа технологиямен жаңа өнім шығару жолдарын көрсетіп берген. Яғни, бір сөзбен айтқанда, өндіріс ошағының тауарлары еуропалық стандартқа сай деуге болады. Даниал Кенжетайұлын өз қызметтерімен таныстырған мекеме басшылары қажетті шикізатты, яғни теңіз балықтары Ресейден тасымалданатынын айтып өтті. Аталмыш зауыт өз дәуірінде бұрынғы Семей облысын толықтай қамтамасыз етіп отырыпты. Ал бүгінгі күні 25 пайыз мөлшерде ғана жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын айына 25-30 тонна балық өндіреді. Атап айтатын болсақ, теңіз балықтарының 16 түрі өндірілсе, жергілікті жерде ұсталатын сегіз түрлі балық өнімдері тұтынушыға шығарылады. Алдағы уақыттары өнім түрлерін арттырмақ ойлары да бар екен. Бір сөзбен айт-қанда, нарық талабына сай, сұраныспен жұмыс жасауға көшпек. Кәсіпорын қазірдің өзінде өнімдерін жақын шетелдерге шығаруда. Ал бүгінде «Нептун» ЖШС жаңа технология бойынша жұмыс істеуде. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасын арттыруға септігін тигізіп, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруда. Аймақ басшысы кәсіпорын жұмысымен танысу барысында балық ыстайтын цехтарды да аралап көріп шықты. Бұл жерде балық түрлері арнайы көктерек ағашынан алын-ған ұнтақпен ысталады. Бұл сұйық түтінмен ыстағанға қарағанда, экологиялық тұрғыдан таза саналады. Облыс басшысы сондай-ақ шикізат және дайын өнімдер сақтайтын заманауи қоймаларды да аралап көрді. Өндіріс ошағы толық күшіне енген уақытта онда 120-дан 160 адамға дейін жұмыс орнын ашуға болады екен. Осы мақсатта «Даму» қоры арқылы 30 млн. теңге қаражат алуды көздеп отыр. Зауыт басшылығының айтуынша, бұл қаражат балық өңдеу шаруашылығын дамытып, сыртқа шығарылатын өнім көлемін арттыруға септігін тигізбек. Осы орайда отандық кәсіпкерлерге Кедендік Одақтың пайдасы тиіп жатқанын да айта кету ләзім. Оның аясында өнімдерімізді шетелдерге экспорттауға қолайлы жағдай туған. Егер Шүлбі су қоймасынан балық аулау ісі толыққанды қуатқа көшсе, тұщы су балықтарын өңдеу мен өндіру ісі де күрт қарқын алатын көрінеді. Жалпы, серіктестіктің алға қойып отырған жоспарларымен жобалары ауқымды. Атап айтсақ, шетелдік нарық талаптарына сай қызмет етіп, бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсу көзделуде. Өз кезегінде облыс басшысы «Нептун» ЖШС-нің заман талабына сай жұмыс жасап жатқанына ризашылығын білдіріп, Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асырудағы еңбектеріне табыс тіледі.
Осыдан соң облыс әкімі Даниал Ахметов қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанынан салынып жатқан 200 орындық Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы бойынша балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған №1 спорт мектебінің спорт интернаты құрылысын аралады. Өткен жылдың қыркүйегінде басталған төрт қабатты ғимарат құрылысы біршама еңсеріліп қалыпты. Қазіргі күні толығымен бой көтеріп, ішкі жұмыстары басталған. Нысанның жалпы аумағы 4279,34 шаршы метр. Бас мердігер — «Азия» ЖШС. Аймақ басшысын мердігер компанияның бас директоры Әсемқан Досқожанов атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Ғимараттың дәлізі кең. Арнайы бөлмелері барлық талапқа сай жобаланыпты. Даниал Кенжетайұлы тек нысанның жобасына ғана емес, құрылыстың жүру қарқынына да жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді. Айта кету керек, облыс әкімінің өз тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан аталмыш құрылысты тамамдау биылғы қыр-күйек айына жоспарланған болатын. Қазіргі күнгі атқарылған жұмыстар ретіне қарай нысанды мемлекетке тапсыру мерзімі дер кезінде орындалады деуге толық негіз бар. Ал онда шалғай елдімекендер мен ауылдардан жиналған дарынды балалар мен жасөспірімдер спорттың бірнеше түрі бойынша жаттығатын болады. Яғни, алдағы уақыттарда аталмыш орталықта тәрбиеленген жастардың арасынан әлемдік додаларда топ жарып, Семейдің атын асқақтатар ұландар шығатынына сенім кәміл.
Облыс басшысы аялдаған келесі нысан қаламыздағы Қаз ИГЗУ болды. Іргелі оқу орнының мәжіліс залында Семей қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қалдыбек Қоқиланов Семей қаласын абаттандыру шараларымен таныстырды. Шаһардың бас сәулетшісінің айтуынша, алдағы уақыттарда Семейдің әсіресе орталық бөлігі адам танымастай өзгермек. Оның ішінде орталық алаңдағы субұрқақ, Ертістің оң жақ жағалауы және қалалық әкімдік маңындағы бірқатар ғимараттар жаңа келбетке ие болмақ. Бұл шараға пікір білдірген облыс әкімі тұрғындардың басым көпшілігі шаһардың орталығында тұратындықтан әрі бұл аумақ қалалықтар мен қала қонақтарының қыдырыстап, серуендейтін жері болғандықтан да, эстетикалық талаптарға сай болуын құптайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Бас жоспар аясындағы жұмыстар бойынша әлі де пысықтап, бірқатар мәселелерді бірлесіп қарастыру керектігін атап өтті. Десек те Семей қаласының дамуы, әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктері мен абаттандырылу және қала құрылысы мәселелері қала әкімі Ермак Сәлімовтің қорытынды есептік кездесуінде қозғалды. Тәуліктің екінші жартысында өткен басқосуға облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысты. Шаһар басшысы жұртшылық алдында есептік баяндамасын жасап, өткен жылғы атқарылған шаралар қатарына кеңінен тоқталып өтті.
Ермак Бидахметұлының мәліметінше, өткен жылы қаланың жергілікті атқарушы органдарының жұмысы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында аталған тапсырмаларды шешуге бағытталыпты. Онда алдағы бес жылға есептелген және инфрақұрылымдық дамуға жолданған жаңа экономикалық саясат мәселелері бірінші кезекте қарастырылған. Ал аталмыш саяси құжатта басымдық беріл-ген негізгі міндеттерде бизнесті және кәсіпкерлікті экономиканың басымды факторы ретінде дамытуға мән берілгені белгілі. Бұл ретте өткен жылы атқарушы билік тарапынан біршама ілкімді іс атқарылған. Атап айтсақ, бірінші кезекте қала экономикасының негізі болып табылатын өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі артыпты. Ал қаланың аграрлық секторында ауыл шаруашылығы саласын көтеру және әрі қарай дамыту, ауыл тұрғындарының өмір деңгейін көтеру және жұмыспен қамту, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржылай қолдау көрсетумен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерінің тиімді нарық жүйесін қалыптастыру бойынша көптеген шаралар қабылданған. Бүгінгі күні қалада 650 шаруа қожалықтары мен өндіріс кооперативтері, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қарқынды қызмет етуде. Осы жайында толығырақ тоқталып өткен Ермак Бидахметұлы мал шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемінің артып, есепті жылы 25 мың тонна ет, 34,5 мың тонна сүт, 3 млн. дана жұмыртқа, 240 тонна жүн өндірілгенін атап өтті. Шаһар басшысы бұдан өзге тұрғындарды сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Семей өңірі бойынша екі сүт-тауарлы ферма таңдалып алынғанын, жабдықтау жобасын іске асыру басталғанын жеткізді.
Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы ірі қара мал сатып алу бойынша «Сыбаға», қой сатып алу бойынша «Алтын асық», жылқы сатып алу бойынша «Құлан» бағдарламалары іске асырылыпты. Бұл ретте тек өндірілген өнім жайлы ғана емес, азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар жайында да тұшымды деректерге тоқталуға болады. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуін болдырмау мақсатында өткен жылдың қарашасынан бастап 2016 жылдың мамыр айы аралығына тұрақтандыру қорына салынған картоп және көкөніс көлемі 5700 тоннаны құраған. Осы жайында тоқатала келе, қала әкімі шағын және орта кәсіпкерлік саласына ойысты. Бұл сала бойынша да жемісті еңбек орын алған. Атап айтсақ, өңірімізде 33,1 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оның ішінде 29,2 мың жеке кәсіпкер және 3,9 мыңы заңды тұлғалар екен. Аталмыш салада кәсіпкерлерге көмек көрсету, несиелеу жұмыстары да ширатылған.
Ермак Сәлімов өз баяндамасында сауда, бюджет және инвестиция, тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық саласы жайына да тоқталып өтті. 2015- 2016 жылдардың жылыту маусымына жылу көздері мен жылу жүйелерін дайындау бойынша жоспарланған іс-шаралар уақтылы орындалыпты. Десек те екпін түсіре айтар бір жетістік қаламыздағы құрылыс саласы болып отыр. Әсіресе тұрғын үй құрылысы бойынша жетістік жоғары. Өткен жылы жеке инвесторлардың қаражаттары есебінен жалпы ауданы 34,7 мың шаршы метрді құрайтын 2,6 млрд. теңгеден астам сомаға сегіз тұрғын үй іске қосылған. Ал келешектегі тұрғын үй құрылысын Қарағайлы шағын ауданынан жүргізу жоспарланған. Бұл аудан территориясында 9-12 қабатты тұрғын үйлерді құру межеде тұр. Мұнымен қатар жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша да қадау-қадау жұмыстар атқарылған. Ал қоғамның толық дамуын қамтамасыз ету үшін мәдениетті дамыту мен оған қолдау көрсету деңгейі ерекше маңызға ие екені белгілі. Өткен жылы жалпы мерейтойлы даталарды атап өту барысында 600-ден астам шаралар өткізіліпті. Сондай-ақ қалалықтардың спорттық шараларға қатысу белсенділігі де айтарлықтай жоғарылапты. Есепті жылы 90 мың адамды қамтыған 2059 жарыстар өткізілді. Қала спортшылары 167 халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысты, бұл жарыстарда 120-дан астам спортшылар жеңімпаз және жүлде иегерлері атанды. Осы ретте жерлес спортшылардың жетістіктерін айтып өткен қала әкімі Семей атын асқақтатып жүрген саңлақтар қатары арта беретініне сенім білдірді.Өз кезегінде қала әкімінің есепті баяндамасынан Елбасы міндеттемелері қатарында қоғамның ішкі тұрақтылығы, қазақстандық құндылықтарды насихаттау, ішкі саясат, халықтар достығы, ұрпақтар сабақтастығы сынды іргелі шаралар да қамтылыпты. Ермак Бидахметұлы өз сөзін қалалықтарды береке-бірлікке, ортақ Отанымыз бен сүйікті қаламызды гүлдендіруге шақырумен, еңбекке үндеумен қорытындыланды.
— Биылғы жылдан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының стратегиялық міндеттерін орындау мақсатында қабылданған жаңа заңдар іске асады. Семей аймағының орасан зор экономикалық, ғылыми-техникалық және рухани әлеуеті біздің әлеуметтік-экономикалық дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша алға қойған міндеттеріміздің сөзсіз орындалатынына негіз болады, — деп сөзін аяқтаған қала басшысына жұртшылық зор қошемет білдірді. Бұл ілтипатты қала әкімінің ат-қарған жұмысына берілген жоғары баға деп түсіндік. Пікірімізді өз кезектерінде облыс әкімі мен қала әкіміне ақжарма алғыс, ризашылық білдірген семейліктер сөзі нақтылай түсті. Мәселен, сөз алған көпбалалы ана өткен жылғы есептік кездесуде өзінің шаһар басшысынан пәтер сұраған өтінішінің жерде қалмай, жуырда ғана баспаналы болғанын айтты. Белді кәсіпкер Марат Құрманбайдың бастамасымен салынған көп қабатты кең де жайлы екі бөлмелі пәтер алған ана есептік жиынға басшыларға алғыс айту үшін келіпті. Бұдан өзге тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарынан байқағанымыз — қалалықтар тарапынан бұрындары жиі айтылатын жылу, жол, жарық мәселесі мүлде қозғалмады. Осыған қарап бұл өзекті мәселелердің біршама шешім тапқанын және аталмыш бағытта жергілікті атқарушы биліктің тиянақты жұмыс атқарғанын бағамдауға болады. Ал ортаға мәселе көтеруге шыққан тұрғындар, негізінен, қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, абаттандыру, гүлдендіру сынды маңызды мәселелерді тілге тиек етті. Мәселен, қала тұрғыны Совет Тоғызбаев ақсақал қала әкіміне шаһардағы тазалық мәселесін қатаң қадағалауға алуын өтінсе, байырғы құрылысшы Ғалымжан Мукашев сол жағалаудағы айналма жолда іргетасы қаланып, құрылысы тоқтап тұрған мешіт жайын сұрады. Сонымен қатар қаланы көркейту туралы өз ұсыныс-пікірлерін де жеткізе кетті. Ал ардагер теміржолшы, қоғам белсендісі Нағима Мойынбаева қаланың теміржол ауданын қайта жаңғырту, Қабанбай батыр ескерткіші маңындағы гүлзарлы аумақты талапқа сай ету туралы сөз қозғап өтіп, шаһар басшысының өткен жылғы қызметіне жоғары баға берді. Жалпы, мұндай пікірлер қатарына әлі де тоқтала беруге болады. Бір сөзбен қайыра айтқанда, қалалықтар арыз-шағым айтқаннан гөрі, шаһарды бірігіп көркейту жолында атқарушы билікпен бірлесе еңбек етуге даяр екендіктерін аңдатты.
Ал жиынның соңында қорытынды сөзді облыс әкімі Даниал Ахметов алды.
— Құрметті қауым, қадірлі жерлестер! Сіздердің сұрақтарыңыз орынды болды. Мұндай кездесулер алда да бола беруі тиіс. Мен осымен мұндай кездесуге үшінші мәрте қатысып отырмын. Семейді көркейту жолында кеңесер мәселелер бар. Мен қалалықтардың бұған оң көзқараспен қарайтынына қуаныштымын. Семейдің патриоттары көп екен, — деп атап өткен аймақ басшысы қала әкімінің тұрғындармен бірлесіп шешуге тиіс мәселелерге кезегімен тоқталып өтті. Өткен жылы қалаға жиі келгенін айтқан аймақ басшысы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық шаралардың біршама жетістікті болғанын атап өтті. Алғашқы кезекте қаланың бюджетін өзінде қалдыру туралы шешімнің маңыздылығына тоқталды. Бірақ бұл қолдағы қаражатты оңды-солды жұмсай беру дегенді білдірмейді. Бұл қаражатты игеруде жергілікті атқарушы билік қана емес, халық та жауапты. Аталмыш тақырып төңірегінде сөз өрбіткен Даниал Кенжетайұлы атқарылар істер туралы сұраудың да жоғары болатынын жеткізді. “Өткен жылдың 25 желтоқсанында Еуропалық қайта құру және даму банкімен 11 млрд. теңгенің қаражатын алуға қол қойылды. Бұл ретте жүзеге асырылар жобалар бар. Оны орындау — алдағы жылдардың басты міндеті”. Осылай деп атап өткен аймақ әкімі жергілікті әкімдердің тағы бір міндеті өңірге инвесторлар тарту екенін жеткізді. Қаржыландыру ісінде кедергі болмауы тиіс, одан өзге инженерлік инфрақұрылымдар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Жобалар заманауи болуы тиіс. Облыс әкімі Даниал Ахметов өз сөзінде осы тәрізді бірқатар мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. Сонымен қатар жаһандық дағдарыс жағдайында тұрғын үй салу, баспаналы болу мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының 2 мыңы Семейден пәтер салып алуға қабілетті. Оларға несие беру ісінде кедергі жоқ. Облыстық әкімдік — жаңа жобаның құрылтайшысы. Алайда бұл ретте қажетті тұрғын үй құрылысын жүргізу қажет. Ендігі қадам семейліктерде. Осында өндірілетін құрылыс материалдарынан, көп қабатты үйлер салып, халықты баспанамен қамту ісін жандандыру қажет.
Аймақ басшысы сонымен қатар басталған құрылыс нысандарын аяқтау мәселелеріне де тоқталды. Бұл ретте Семейдегі радиологиялық орталықтың жабдықталуы күн тақырыбында тұр. Бұдан өзге қала әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.
Облыс әкімі сөзінің соңында Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық патриотизмді дамыту мен ішкі тұрақтылық, ұлтаралық, конфессияаралық келісім сынды құндылықтарды сақтай отырып, даму көшіне ілесу туралы айтқанын атап өтті.
– Біздің отаншылдығымыз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын орындаумен өлшенеді. Біздің тамаша жеріміз бар. Ұлы қазақ деген ұлтымыз, ұлы Президентіміз бар. Біз болашаққа еркін қадам басып келеміз. Мен сөзімді баршаңызды қазақстандық құндылықтарды қастерлей отырып, табысты еңбек етуге шақырамын, — деп аяқтады өз сөзін Даниал Ахметов.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ, «Семей таңы»