Семей қаласының әкімі БАҚЫТЖАН КӘКЕНҚАЖЫҰЛЫ БАЙАХМЕТОВТІҢ қызметке кіріскеніне де үш айдан асты. Ең алдымен шаһардағы өзекті деген мәселеге назар аударған жаңа басшы қаланың шеткері жағын мекендеп жатқан халықтың жағдайымен танысты. Бақытжан Кәкенқажыұлы алдымен кезек күттірмей атқарылуы тиіс жұмыстарды назарына алды. Тұрғындарымен кездесулер кезінде, жеке қабылдауларда көтерілген мәселелерді, әлеуметтік желілердегі семейліктердің шағымдарын көңіліне түйіп алып, негізгі жұмыс бағыттарын айқындады. Ұзын-сонар ақпарат пен бос сөз емес, істің қажет екендігін ескертіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жүзеге асырылатын жоспарлардың жалпылама болмауын айтып, оларды орындау үшін нақты мерзім белгіледі.
Семей қаласының тазалығы, жөндеуді күткен жолдар, жарықтандыру, қыс маусымына дайындық сияқты күрмеуі қиын мәселелерге ерекше назар аударып қана қоймай, дереу іске кіріскені қала тұрғындарының назарынан тыс қалмаған шығар деп ойлаймыз. Бұл ретте семейліктердің жағдайына да бейжай қарамайтын облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің те қала әкіміне және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өткен орынды.
Бүгін сол атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарымен таныстырып отырмыз.
Семей Қазақстанның мәдени және тарихи орталығы болғанымен, шаһарда әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес.
Қаланы көркейту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін алдымен оларды қандай мәселе мазалайтынын біліп, дұрыс шешімін табу қажет. Әкім қызметін қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жете танысудан бастаған Бақытжан Кәкенқажыұлы Байахметов мәселелер туындаған көшелер мен шет аудандардың тұрғындарымен кездесулер өткізіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады, сонымен қатар қолдауды қажет ететін оқу орындары мен кәсіпорындарды да аралауда. Әкім шаһардың архитектуралық келбетіне де көп көңіл бөлуде. Бірде-бір сала қала әкімінің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Қолға алынған жұмыстардың барлығының да сапалы жүргізілуін әрі уақытында аяқталуын талап ететін Бақытжан Кәкенқажыұлы тиісті бөлім басшыларына нұсқаулар беріп қана қоймай, орындалуын да қадағалауына алып отыр.
Бүгінде абаттандыру жұмыстары орталық көшелермен қатар, шет аймақтарда да жүргізілуде. Шаһар басшысы қаланың белгілі бір аудандары мен кенттеріне орынбасарларын жауапты қылып тағайындады. Бұл тәсіл тұрғындармен байланыста болуға және жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік берді.
Абаттандыру
Семейліктер көшелер мен аулалардың жай-күйіне көңілі толмайтындарын айтып, жиі шағымданады. Бұл мәселені қала тұрғындары жеке қабылдаулар кезінде де, әлеуметтік желілерде де көтеріп келеді. Бақытжан Кәкенқажыұлы қала аулаларын бірнеше мәрте аралап шығып, оларды жақсарту қажеттігіне көз жеткізді. Алайда қаржыландырудың жеткіліксіздігінен бәрін бірден өзгерту мүмкін емес. Сондықтан мәселе біртіндеп шешілуде.
Қазіргі күні «Менің аулам» бағдарламасы аясында мердігерлер — «Шығыс-Сапа» ЖШС мен «Семейгидрогеология» ЖШС Шайжүнісов көшесіндегі 103, 105-ші және Аманов көшесіндегі 19-шы үйлердің, сондай-ақ Ибраев көшесіндегі 129-шы және Аманов көшесіндегі 12-ші, 22-ші үйлердің, Галетто көшесіндегі 40, 42, 44 үйлердің – барлығы 9 көп пәтерлі үйді қамтитын 3 ауланы абаттандыруда. Аулалар жарықтандырылып, спорт және балалар ойын алаңдары орнатылмақ.
Аулаларын аталған бағдарлама арқылы абаттандыруға өтініш білдірген тұрғындар көп болғанымен, қаржыландыру әлі де жеткіліксіз.
Семейліктерді алаңдатқан тағы бір мәселе көше жарығына қатысты. Бұл ретте «Семей қаласының көшелерін жарықтандыруды жаңғырту» жобасы аясында 1,8 млрд теңге бөлініп, 136 көшедегі 7659 шам, 687 тірек, 2602 тіреуіш, 196 сыртқы жарықтандыруды басқару шкафы мен 130 шақырым сымдарды ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру қаладағы жарықтандыру мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.
Бұған дейін Бақытжан Кәкенқажыұлы қала көшелеріне энергия үнемдейтін заманауи қондырғыларды орнатуға жауапты тайваньдық Everlight компаниясының өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысын талқылаған болатын. Жоспарға түзету енгізліп, бұған дейін жарықтандырылып көрмеген 33 көше қосылды.
Қазіргі уақытта жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Барлығы 5700 шам орнатылды, бұл жалпы қажеттіліктің 74 пайызын құрайды. Сондай–ақ сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтары да орнатылуда.
Қала көшелерін толықтай жарықпен қамту үшін жобаның екінші кезеңі де қарастырылған. Қазір 2022-2023 жылдары жарық жүйесі жаңартылатын 100-ден астам көшенің тізімі жасалуда.
Бақытжан Кәкенқажыұлы шеткі аудан тұрғындарының аулаларда балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын орнату туралы өтініштерін жауапсыз қалдырған жоқ. Кез келген ата-ана өз баласының арнайы алаңда ойнағанын қалайтыны түсінікті. Бұл мәселемен жан-жақты танысқаннан кейін балалар ойын алаңдарын салу шеткі аймақтарды дамыту жобасына енгізу туралы шешім қабылданды.
Бүгінгі күні мердігер «Stroygroup PVL» ЖШС Восход пен Суық бастау кенттерінде балалар, спорт және футбол алаңдарын салып жатыр. Мердігерлер жұмысты қарашаның ортасына дейін аяқтамақ ойда.
2020 жылдың ақпанында Семей қаласы қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптау жобасының Жол картасына енген болатын. Бақытжан Байахметов аталмыш жобаға облыс әкімінің орынбасары болған кезінде басшылық жасағандықтан, Семейдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және сақтау мәселесімен бұрыннан таныс. Қазіргі уақытта мердігерлер 450 контейнерді дайындау мен орналастыру және 115 жабық контейнерлік алаңдарды әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Контейнерлер қазанның соңына дейін қала маңындағы аудандарға орнатылады.
Әрине, қаланы абаттандыруда атқарылуы тиіс жұмыстар өте көп. Бірақ олардың барлығын бірден іске асыру мүмкін емес екенін бәріміз түсінеміз. Тек тұрақты жүргізілген жұмыс қана қала келбетін жақсартуға ықпал етеді.
Инфрақұрылым
Тағы бір өзекті мәселе — қала жолдарының жағдайы. Семейдегі жолдардың бәрі бірдей тақтадай тегіс дей алмаймыз. Шұңқыр жолдар мен қарбалас уақыттағы кептелістер әр тұрғынға жақсы таныс. Бақытжан Байахметов ең алдымен осы жол мәселесін реттеуді қолға алды. 2021 жылға жолдарды жөндеуге және тегістеуге қалаға 2 миллиард 886 миллион 236 мың теңге бөлді. Ағымдағы жылы 37,4 шақырым жол жөнделеді деп жоспарлануда және жұмыстар суық түскенге дейін жалғасатын болады.
Бүгінгі күні Әуезов даңғылына іргелес көшелерді — сол жағалаудың айналма жолынан Краснознаменная көшесіне дейінгі аралықты және 3,5 шақырым қашықтықты құрайтын Крестьянская, Ертіс, Тарбағатай, 401-квартал тұйық көшесі, Селевин, Байтұрсынов, Первомайская көшелерін қамтитын жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар Дулатов көшесіндегі жөндеу жұмыстары да аяқталуға тиіс.
Бақытжан Кәкенқажыұлы жөндеу жүргізіліп жатқан барлық көшелерді аралап, жұмыс сапасымен танысуда. Қала әкімі тағы бірқатар көшелерді жөндеу тізіміне енгізу қажет деп тауып отыр. Жалпы, қала басшысы барлық жұмыстарды өз бақылауына алғандықтан, бәрі де уақытында жүзеге асып жатқанын айта кеткен орынды.
Биыл Елемесов, Грязнов, Кордонная, үшінші өткел, Алтай, Паровозная, Стальский, Синицин, Севастопольская, Сабынов, Панфилов көшелері, Юность ықшам ауданы мен Теміржолшылар кентіне апаратын жолдарға асфальт төселіп, грейдер жүргізілді. Барлығы 7,4 шақырым жол жөнделді.
Қаланың жеті көшесіне, атап айтсақ Восход және Птичник кенттеріне апаратын жолдар мен Молдағалиева, Туристическая, Сорокин, Уәлиханов, Беспаев көшесі жолдарын орташа жөндеуден өткізуге облыстық және жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырылған. Қазіргі күні жұмыстар үлкен қарқынмен жүріп жатыр
Сонымен қатар кептеліс мәселесін шешу үшін тоғыз көшеде оң жақтан қосымша бұрылыстар жасалуда. Кейбір жерлерде ағаштарды қайта отырғызуға немесе кесуге тура келіп отыр. Дегенмен мердігерлер ағаштарды қалпына келтіруге уәде беруде.
Оң жақ бұрылыстар салу алдымен Дулатов — Елемесов көшелері қиылысынан басталды. Ал Абай — Мұхамедханов қиылысында бұрылыс салу үшін қайың мен шырша ағаштары кесілетін болғандықтан, Қоғамдық кеңес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, полиция қызметкерлері, мердігерлер, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілді.
Міне, осы атқарылған жұмыстарға қарап қаламыздағы жол мәселесі біртіндеп шешімін табаты деген ойдамыз.
Жылу маусымы
Бақытжан Кәкенқажыұлына Семейдегі қордаланып қалған жылу мәселесін шешуге де тура келді. Естеріңізде болса, өткен жылы қаланың орталық бөлігінің тұрғындары жылудың жеткіліксіздігінен жаурап шыққан еді.
Ал биыл, алғашында, мердігерлер жылу жүйелерін жөндеуден өткізіп үлгермегендіктен, жылу біркелкі берілмеді. Өткен айдың басында көптеген қала тұрғындарынан пәтерлерінің суықтығына шағым да түскен болатын. Дегенмен қазіргі уақытта барлық тұрғын үйлер жылу көзіне қосылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кейбір мердігер компанияларға айыппұл санкциялары салынды. Сонымен қатар «Теплокоммунэнерго» МКК техникалық директоры Николай Деминге сөгіс жариялауды және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаевқа жоғарыда аталған жұмыстардың орындалуына тиісті бақылау жасамағаны үшін тәртіптік жаза қолдануды тапсырдым», — деп жазды қала басшысы жылу мәселесіндегі кемшіліктерге қатысты өзінің әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі бекітілген қысқа дайындық жоспары аясында Орталық, 103-103а, Ғаббасов, 35-квартал қазандықтарына жөндеу жүргізілді. Жылу желілерін ағымдағы жөндеу, желілердің жылу оқшаулауын қалпына келтіру, 1-ЖЭО базасында бірыңғай ұнтақтау кешенін ұйымдастыру, жылу желілеріндегі гидравликалық режимді баптау және реттеу шаралары қолға алынған болатын. 1-ЖЭО қазандығын жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйым жабдықтарды сатып алуда. Ал 103а және 35-квартал қазандықтарындағы жұмыстар толығымен аяқталған. 103-қазандықтың орталық бөлігінде экологиялық жағдайды жақсарту үшін циклондар мен қазандықтардың қайтару жүйесі ауыстырылуда. Ғаббасов және Орталық қазандықтарындағы жұмыстар аяқталуға жақын. РК-3 қазандығында қайта жаңарту жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр, алдағы желтоқсан айының ортасында аяқталмақ.
Айта кетейік, қала әкімі қазандықтарды жөндеу жұмыстарының барысын бірнеше мәрте қарап шыққан болатын. Бірақ мердігерлердің жауапсыздығынан жұмыстар уақытында аяқталмады. Әрине, мұндай ауқымды шараларды жүзеге асыру барысында күтпеген жайттар мен проблемалар орын алуы мүмкін екенін түсінуге болады. Қазандықтарды қайта жаңғырту ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс екені белгілі.
Тұрғындар атқарылған істерді тек жылыту маусымы басталғаннан кейін ғана бағалай алды. Күрделі жөндеу жүргізу, қайта жаңарту оң жағалаудағы жылу тапшылығы мен сол жағалаудағы жылу профициті мәселесін шешеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ қыс мезгілінде тосыннан туындайтын апаттардың алдын алуға да көмектеседі деген сенім бар.
Тұрғындар қауіпсіздігі үшін
Ертіс өзенінің жағалауын нығайту мәселесі де алдағы уақыттың еншісінде тұр. Біз көбінесе көктемгі су тасқыны кезінде осы мәселемен бетпе-бет келіп жатамыз. Ертіс ернеуінен асып, қаланың жағалауға жақын учаскелерін шайып, онда тұратын адамдарға қауіп төндіретіні жасырын емес. Бірақ бұл жолы жергілікті билік мамандармен бірлесіп зерттеу жүргізіп, арнайы жұмыс жоспарын жасап қойған.
Осы орайда Бейбітшілік аралы, Мирный, Восточный мен Пристань кенттері жанындағы жағалауды нығайту туралы шешім қабылданды. Нығайту жұмыстары шамамен 2 566 метрді қамтитын болады деп жоспарланған. Бұл ретте эрозияға бейім кейбір жерлер толық қамтылады. Жобаны іске асыру «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қарастырылған, мердігер ретінде «QazContructions» ЖШС анықталып, 1 444,08 млн теңгеге шарт жасалды. Алайда қала әкімі Бақытжан Байахметов жағалауды нығайту жұмыстарын тексеру кезінде өрескел бұзушылықтарды анықтады. Жерді жоспарлау жұмыстары, сондай-ақ өзен жағасына іргелес ағаштарды кесу және жинау, іргетас құю үшін шұңқыр қазу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілгенімен, темірбетон плиталар төселмеген. Ал ол үшін бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Сонымен қатар кейбір учаскелерге құрылыс материалдары жеткізілмеген, тіпті жұмысшылардың өздері де болмай шықты. Қала басшысы мердігердің өзіне міндеттелген жұмыстарды мерзімінде аяқтамағанын атап өтіп, қалалық ТКШ бөлімін тиісті шаралар қабылдауға шақырды.
Бүгінгі күні барлық төрт учаскеде де жер жоспарлау жұмыстары, өзен жағалауына іргелес ағаштарды жинау және кесу шаралары атқарылды. Пристань және Восточный кенттеріне жақын жағалауда бетон тіреуішін орнату жұмыстары да аяқталды. Қазіргі уақытта темірбетон плиталарын салу үшін жағалау беткейлері дайындалып жатыр. Бейбітшілік аралында да бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Жағалауды бекітуге, тиегіштер мен экскаваторларды қоса алғанда, 10 техника жұмылдырылған. Семей қалалық Жұмыспен қамту орталығынан жіберілген сегіз адам жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 15 адам жұмысқа қабылданбақ. Ендігі аралықта жағалауды бекіту жұмыстары қала әкімдігі мен ТҮКШ бөлімінің басты назарында болады.
Әлеуметтік бағдарламалар
Бүгінде Қазақстанның барлық қалаларына тән тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Баспана мәселесін шешудің әр түрлі жолдары бар. Тұрғындардың ипотекалық бағдарламалар мен мемлекеттік бағдарлама арқылы, сондай-ақ кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана алуға мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда Семей қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде 12 157 отбасы тұр, оның ішінде көп балалы отбасылар, жетім балалар, әлеуметтік тұрғыда әлсіз азаматтар және бюджет қызметкерлері санатындағы адамдар бар.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Қарағайлы шағын ауданында сатып алу құқығынсыз 128 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде 25 пәтер жетім балаларға, 32-сі көп балалы отбасыларға, 71-і әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін аталған ауданда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушыларға 19 пәтер бөлінеді.
Сонымен қатар биыл қалада «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында жеке инвесторлардың есебінен Комсомол және Ұшақтар кенттерінде кредиттік және жалға берілетін бір қабатты үйлердің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Комсомол кентінде салынған 10 жалға берілетін үйді көп балалы отбасылар «Отбасы банкі» арқылы алып отыр.
Бақытжан Кәкенқажыұлы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын да бақылауында ұстап отыр. Құрылыс басына барған қала басшысының салынып жатқан баспаналарға көңілі тола қоймады. Жоспарға сәйкес, елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсарту үшін үйлер түрлі түсті реңктерде болуы керек және шахмат тәсілімен орналасуы қажет. Алайда мердігерлер құрылыс кезінде ғимараттардың сырт келбетіне мән бермеген. Барлық үйлер біркелкі түсте. Қала басшысы ескірген тәсілді пайдаланатын мердігерлер мен сәулетшілерді сынға алып, үйлердің сыртқы безендірілуін жоспарға сәйкестендіруді тапсырды.
Енді сәулетшілер мен мердігерлер өз жұмыстарына айтарлықтай түзетулер енгізеді. Бір апта ішінде терезелер мен есіктердің орналасуын және шатырдың түсін көрсете отырып, үйлердің сыртын безендіру нұсқаларын бекітуге ұсынатын болады.
Сондай-ақ қала әкімі іргелес жатқан жолдарды да ретке келтіріп, жарықтандыруды тапсырды. Жолдарға қиыршық тас себу, топырақ төгу және тегістеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бақытжан Байахметов кенттерге кіретін жолдарды да қарап шығып, жақын маңдағы зираттарды қоршауға тапсырма берді.
Жұмысқа баға беру
Әдетте, әкімнің жұмысын жоғары тұрған басшылық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша бағалайды, бірақ мұндай есеп қарапайым тұрғынға ештеңе білдірмеуі мүмкін. Қала тұрғындары қала әкімінің жұмысын жолдардың сапасына, жарықтандыру, жылу беру, жолаушылар тасымалы және өздері тұратын аумақтағы тазалыққа қарап бағалайды. Қаланы абаттандыруда атқарылып жатқан жұмыстарды тұрғындар әкімнің әлеуметтік желілердегі парақшаларында талқылап, кемшіліктерді де көрсетіп жатады. Қазіргі күні қала басшылығымен байланыс орнатудың түрлі тетіктері бар, тұрғындар қоғамдық қабылдаулар, жеке кездесулер, рейдтік іс-шаралар немесе әкімнің жекелеген аудандарға жасаған сапарлары кезінде, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы мәселелерін жеткізе алады. Яғни қалада Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Бақытжан Кәкенқажыұлының әкім лауазымындағы осы уақытқа дейін атқарған істері аз емес. Әрине, мұндай қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыстарды қамту мүмкін емес, бірақ жергілікті биліктің алға қойған жоспарлары біртіндеп болса да жүзеге асырылуда.
Қала шетіндегі аймақтардың да абаттандырылатынына тұрғындардың сенімі арта түсті . Жекелеген аудандарда балалардың ойын алаңдары салынды. РСУ ауданында жолдар жөнделініп, Степной кентінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
— Қала шетіндегі елді мекендер мен саяжай алаптарындағы маңызды мәселелер жоспарлы және кешенді түрде қарастыруды талап етеді. Сондықтан да мен алғашқы кездесулерімді шет аудандардан бастадым. Қаладағы барлық түйткілдерді жақсы білеміз. Оларды шешу үшін менің орынбасарларым басшылық ететін арнайы жұмыс тобы құрылды, жұмыс тобы тұрғындар көтерген мәселелермен айналысатын болады,- деп уәде берді шаһар басшысы.
Ең бастысы, әкімнің ісі мен сөзі бір жерден шығып отыр. Қалалықтар жоспарланған істердің орындалатынына сенім білдіруде. Кез келген адам өзі тұрып жатқан қаласының таза, әдемі болғанын қалайды. Әр тұрғынның сапалы жолдармен жүріп, абаттандырылған саябақтарда серуендеп, жайлы да жасыл желекке толы туған жерін мақтан еткісі келетіні түсінікті.
Жаңа әкімнің келуімен Семейдің қайта түлеп, жаңарып, жаңғыратынына сенім мол.
София ЯНЦЕН