Қазіргі уақытта қаржы ресурстарын тиімді пайдалану, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ саланы кадрлармен қамту мәселелері өзекті. Денсаулық сақтау жүйесінің экономикалық қырларын зерттеу – қоғамдық денсаулық сақтау аясындағы ғылымның негізгі бағыттарының бірі. Ресурстардың шектеулілігі және медициналық қызметтерге деген сұраныстың тұрақты өсуі жағдайында медициналық көмектің тиімділігін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін медициналық экономиканы дамыту қажеттілігі туындайды. Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы экономика жоспарлау мен басқарудың маңызды құралына айналуда.
Медициналық экономиканың негізгі мақсаты – денсаулықтың әлеуметтік детерминанттарын, белгісіздіктің жоғары деңгейін және экономикалық тәуекелдерді ескере отырып, медициналық қызметтерді өндіру, бөлу және тұтыну үдерістерін зерттеу. Басты міндеті – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін сақтай және арттыра отырып, денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Медициналық қызметтердің басқа тауарлар мен қызмет түрлерінен ерекшеленетін бірқатар сипаттарға ие, оларды денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен басқару кезінде ескеру қажет. Ең алдымен, бұл ресурстардың қымбаттығы мен шектеулілігіне байланысты: дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, білікті мамандар және инфрақұрылым айтарлықтай қаржылық салымды талап етеді. Денсаулық сақтау саласының әлеуметтік маңызы ерекше, өйткені медициналық көмектің қолжетімділігі халықтың табыс деңгейіне қарамастан қамтамасыз етілуге тиіс. Сонымен қатар медициналық экономикада қаржылық көрсеткіштермен бірге халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына әсер ететін факторлар да бағаланады.
Денсаулық сақтау жүйесінің қызметін бағалау және болжау барысында әртүрлі экономикалық модельдер мен талдау әдістері қолданылады. Олар ұйымдастырушылық мәселелерді анықтауға, шектеулі қаржы ресурстарын бөлудің оңтайлы нұсқаларын ұсынуға және басқарушылық шешімдерді бағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың заманауи тетіктерін — бюджеттік қаржыландыруды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды, ерікті медициналық сақтандыруды және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті түсіну экономикалық сауаттылықтың негізгі құрамдасына айналды. Бұл тетіктерді тиімді пайдалану мамандардан қаржы ағындарын талдау, бюджетті жоспарлау, шығыстардың экономикалық негізділігін бағалау және медициналық ұйымдардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу дағдыларын талап етеді. Сонымен бірге стратегиялық жоспарлау, адам ресурстарын басқару, жобалар мен бизнес-жоспарлар әзірлеу қабілеттері де қажет.
Мәселен, Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, саланың 2025 жылғы және 2026 жылдың I тоқсанындағы жұмыс қорытындыларына арналған алқа отырысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігімен қатар, медициналық ұйымдарды қаржыландыру және кадрлық қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Отырыс қорытындысы бойынша медициналық көмектің сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту саланы дамытудың басым бағыттары ретінде белгіленді. Бұл қаржылық жоспарлау, кадрлық ресурстарды басқару және қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі мақсаттарына қол жеткізу арасындағы өзара байланыстың маңызын көрсетеді (дереккөз).
Халықтың қажеттіліктерін бағалау, медициналық және профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін талдау, ресурстарды ұтымды бөлу, басқарушылық шешімдер әзірлеу және олардың әлеуметтік-экономикалық салдарын болжау маңызды кәсіби құзыреттерге жатады. Қоғамдық денсаулық сақтаудың медициналық білімді, экономикалық ойлау мен басқарушылық тәсілдерді біріктіретін пәнаралық бағыт ретіндегі ерекше маңызы осында. Олардың үйлесуі халықтың нақты қажеттіліктеріне бағдарланған тұрақты әрі тиімді денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Ибраева А.К.
Экономика ғылымдарының кандидаты,
«Семей медицина университеті» КеАҚ қоғамдық денсаулық кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а.
Серикова-Есенгельдина Д.С.
PhD, «Семей медицина университеті» КеАҚ қоғамдық денсаулық кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а.
Мукушева А.А.
медицина ғылымдарының магистрі, «Семей медицина университеті» КеАҚ қоғамдық денсаулық кафедрасының оқытушысы







