Қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесі өзінің жұмыс философиясын біртіндеп өзгертіп келеді. Мемлекеттің басты назарында мемлекеттік қызмет көрсету процесінің өзі емес, адам, оның қажеттіліктері, құқықтары мен заңды мүдделері болуы тиіс.
Дәл осындай тәсіл сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік қызмет тұжырымдамасының негізінде жатыр. Оның басты мақсаты – азамат пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды барынша түсінікті, қолжетімді әрі ыңғайлы ету, сондай-ақ мемлекеттік қызмет алудың барлық кезеңінде оның құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының « Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы аясында «көрсетілетін қызметті алушы» ұғымына қатысты заңнамалық тәсілдің өзгеруі.
Өтініш беру фактісінен – құқықтың туындауына дейін
Бұған дейін көрсетілетін қызметті алушы ұғымы негізінен мемлекеттік қызметті алу үшін тікелей жүгінетін жеке және заңды тұлғалармен байланысты болды.
Заңның жаңа редакциясында бұл ұғымның аясы кеңейтілген. Енді көрсетілетін қызметті алушы деп мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алуға өтініш беруге құқығы және (немесе) ниеті бар немесе мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алатын не өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру үшін оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер бере отырып, мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар қызмет көрсету нәтижесін алған жеке және заңды тұлға танылады.
Алғаш қарағанда, бұл заңдық тұжырымға енгізілген қарапайым нақтылау болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында түбегейлі маңызды өзгеріс жатыр: адам мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш бергеннен кейін ғана емес, тиісті құқыққа немесе оны пайдалануға ниет білдірген сәттен бастап көрсетілетін қызметті алушы болып танылады.
Осылайша, заңнама көрсетілетін қызметті алушының құқықтарын қорғауды неғұрлым ерте кезеңге – өтініш берілгенге дейінгі және мемлекеттік органмен тікелей өзара іс-қимыл басталғанға дейінгі уақытқа ауыстырады.
Бұл азамат үшін неліктен маңызды?
Қарапайым мысал қарастырайық.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жер заңнамасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға құқылы.
Мысалы, азамат осы құқығын пайдалануға шешім қабылдап, жер учаскесін алу тәртібін білу үшін жергілікті атқарушы органға жүгінді делік. Бұл ретте ол әлі өтініш бермеген болуы мүмкін, тек қажетті ақпаратты жинап, мәселенің мән-жайын анықтап жүрген шығар.
Алайда дәл осы кезеңде оның тиісті мемлекеттік қызметті алуға құқығы мен ниеті бар. Демек, ол заңдағы көрсетілетін қызметті алушының жаңа анықтамасына сәйкес келеді.
Бұл мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл формалды түрде өтініш қабылдаудан емес, азаматты тиісінше ақпараттандырудан, мемлекеттік қызметті алу тәртібін түсіндіруден және қажетті мәліметтерді ұсынудан басталуы тиіс дегенді білдіреді.
Сонымен қатар « Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 5-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті берушілер көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету тәртібі туралы қолжетімді нысанда толық және анық ақпарат ұсынуға міндетті.
Бұл ретте ақпараттың дәл осы қолжетімді нысанда берілуіне ерекше мән берілуі қажет. Ресми интернет-ресурста мәліметтерді орналастыру немесе нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасаумен ғана шектелу жеткіліксіз. Адам қайда жүгіну керектігін, қандай құжаттар қажет екенін, қандай талаптар қойылатынын және өтініштің қандай мерзімде қаралатынын нақты түсіне алуы тиіс.
Басқаша айтқанда, мемлекет азаматтың барлық әкімшілік рәсімдерді өз бетінше зерделеуін күтпей, мемлекеттік қызметті алу процесі түсінікті әрі қолжетімді болатындай жағдай жасауы қажет.
Сервистік мемлекет адамға деген құрметтен басталады
Өңірде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ауқымы да мұндай тәсілдің өзектілігін айқындайды. 2026 жылдың 9 айында Абай облысында 7 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың 96% астамы электрондық форматта ұсынылған.
Цифрландыру азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге және қажетті мемлекеттік қызметтерді мекемелерге бармай-ақ алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар электрондық сервистерді дамыту азаматтарға консультация беру сапасын арттырумен, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етумен және әрбір адамға мұқият қараумен қатар жүруі тиіс.
Түптеп келгенде, заңнамалық өзгерістердің мәні көрсетілетін қызметті алушы ұғымының кеңеюімен ғана шектелмейді. Бұл – адам құқықтары мен заңды мүдделері мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағдарын айқындайтын мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа моделіне көшу.
Сервистік мемлекеттік қызмет дегеніміз – мемлекеттің азаматтың өтініші бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуімен ғана шектелмей, оның құқықтарын іске асыруға алдын ала жағдай жасап, азамат қызмет алуға өтініш білдіргенге дейін-ақ көмек көрсетуге дайын болуы.
Жаңа тәсілдің басты мәні де осында: адамның және оның мүдделерінің мемлекет назарында болуы құқықтың туындауы мен мемлекеттік қызметті алуға ниет білдіруден бастап, оның түпкілікті нәтижесін алғанға дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті






