Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында аймақ басшысы ауданға қарасты бірқатар ауылдарда болып, әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Берік Уәлиұлы сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Аудан тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласында аудан халқымен кездесу өткізді. Жиында алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аймақ басшысы өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Аягөз – облыстың мал шаруашылығы мен егіншілікке бейім жетекші аудандарының бірі. Аудандағы ірі қараның үлесі 16,3 пайызды, ұсақ малдың үлесі 18,1 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығының 2031 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасына сәйкес Аягөз ауданында құны 9,8 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығының дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек. Облысқа инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл инвестициялық жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өсті, ал инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге жетті. Аягөз ауданында жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашатын 6 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Ауданда биыл жылу жүйесі жаңартылды. Қаладағы «Орталық» қазандығына қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш жаңа қазандық орнатылып, 3,9 шақырым құбыр ауыстырылды. Су жүйелерін жаңарту да кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Биыл Байқошқар, Қорық және Ай (Мыңбұлақ) ауылдарының 2 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады.
Ауданның білім саласында да оң өзгерістер бар. Биыл Бозтаев атындағы мектеп-гимназия, №7 орта мектеп және Қадыржанов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге ауданның 16 мектебінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, пән кабинеттері мен жаңа жабдықтар орнатылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Аягөз қаласында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Аудандық ауруханаға жаңа медициналық жабдықтар сатып алынады. Ауруханаға арналған реанимациялық бөлімнің көлемі кеңейтіліп, қосымша ғимарат салынды. Магниттік-резонанстық томограф орнату үшін жеке корпус құрылысына қаржы бөлінді. Келесі жылы ауданға 5 жедел жәрдем көлігі беріледі.
Кездесу барысында аймақ басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Бүгін атқарған жұмыстардың есебі мен көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңызға жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу үшін өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Осыған дейін бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстым. Ауданның жағдайы мен тұрғындарды алаңдататын мәселелерді жақсы білемін. Аягөз – облысымыздағы халық саны ең үлкен аудандардың бірі. Сондықтан да екі күнге келіп отырмыз. Жол, ауыз су, жарықтандыру сияқты проблемалар кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешіледі. Ауданның дамуы жеке бақылауымда болады», — деді облыс әкімі.
Малтүгел
Облыс әкімі Берік Уәли ауданға сапары барысында Малтүгел ауылында болып, ондағы медициналық пункттің жай-күйімен танысты.
Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл пайдалануға берілді. Медициналық мекемеге 139 тұрғын тіркелген. Ғимараттың жалпы аумағы – 60,5 шаршы метр. Нысан дәрігерге дейінгі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ересектер мен балаларға консультациялық-диагностикалық қызмет, шұғыл және жоспарлы көмек, профилактикалық шаралар, акушерлік-гинекологиялық қызмет қарастырылған. Медициналық пунктте 3 қызметкер еңбек етеді. Мекеме Тарбағатай дәрігерлік амбулаториясының құрамына кіреді және амбулатория есебінен санитарлық автокөлікпен қамтылған. Нысан ауылға жақын қыстақтарға да қызмет көрсетеді. Заманауи талапқа сай салынған медициналық мекеме ауыл халқына сапалы қызмет көрсетіп жатыр.
«Бұған дейін ауылымызда мұндай медициналық нысан болмаған еді. Соңғы отыз жылда жаңа ғимарат салынған жоқ. Биыл бой көтерген медициналық пункт ауылдың көркін ашып, тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлады. Осында келіп, тексерілеміз. Іші жылы, заманауи үлгіде салынған. Ауыл тұрғындары атынан ризашылығымызды білдіреміз», — деді Малтүгел ауылының тұрғыны Ахметбек Мүрсәлім.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті.
«Аягөз ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7 медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның біреуі сіздердің ауылдарыңызда бой көтерді. Медициналық мекемені арнайы көруге келдім. Заманауи үлгіде, жақсы салынған екен. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деді облыс әкімі.
Ауыл тұрғындары осы жерде аймақ басшысына жол жөндеу, ауыз сумен қамту, интернет желісін тартуға қатысты сауалдарын қойды. Облыс әкімі елді мекеннің өзекті мәселелері назардан тыс қалмайтынын, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Тарбағатай
Келесі кезекте облыс әкімі Тарбағатай ауылына барды. Елді мекен тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындар ауылға бас дәрігер әкелу, учаскелік полиция пунктін ашу, Аягөз қаласы мен Тарбағатай ауылының арасына автобус жүргізу, жеңілдетілген несие беру, ауылдың төменгі бөлігіне су тарту секілді мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы Тарбағатай ауылының мәселелерін жақсы білетінін атап өтіп, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
«Тарбағатай — тоғыз жолдың торабында орналасқан, береке-бірлігі жарасқан, үлкен тарихы бар ауыл. Мал шаруашылығына қолайлы өңір. Ауыл халқымен кездесіп, мәселелерін тыңдауға арнайы келдік. Айтылған, берілген уәделерді орындаймыз. Су мәселесін шешеміз, ойын алаңдарын саламыз, мектепке ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Биыл республикалық «Қарағанды — Боғас» жолының 18 шақырымы жөнделді, келесі жылы 60 шақырымнан астамы жөнделетін болады», — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ауылдағы мектептің асханасын, спорт залын, оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен, оқушылармен пікірлесті. Жалпы орта білім беретін мектеп 1981 жылы салынған. Қазіргі таңда 228 оқушы білім алады, 81 адам еңбек етеді.
Жеке мәселелерімен қабылдады
Жеке қабылдау барысында тұрғындар тарапынан тұрғын үймен қамту, әлеуметтік салаға қатысты мәселелер көтерілді. Жалға берілетін үйлерді жекешелендіру тәртібін өзгертуге, аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуге, құрылысы тоқтап тұрған ет комбинатының жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі Берік Уәли қабылдауда көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, аудан әкімі мен тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» кесенесіне апаратын көпір жөнделеді
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданындағы «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» кесенесіне баратын жолдағы көпірдің қазіргі жағдайымен танысты. Кесене Тарлаулы ауылдық округі маңында орналасқан. Елді мекенде 1398 адам тұрады. Кесенеге апаратын шағын көпір 2014 жылы салынған болатын. Көпірдің ұзындығы – 10, ені – 8, биіктігі — 3 метр. 2024 жылдың наурызында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуінен көпірге зақым келген еді. Осыған байланысты биыл Тарлаулы көпірін қоса алғанда аудан аумағындағы 9 көпірге техникалық тексеру жүргізілді. Сараптамалық қорытындыға сәйкес көпірдің жалпы техникалық жай-күйі апатты деп танылған. Қазіргі таңда көпірді қайта салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау жұмыстары 31 желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
«Тарихи жерге арнайы ат басын бұрып, келіп отырмыз. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» кесенесіне келетін жұрт көп. Сондықтан баратын жол талапқа сай болуы керек. Көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы толық аяқталған соң келер жылы қаржы қарастырып, құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі көпірдің жағдайымен танысқан соң «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесіне барды. Тарлаулы ауылдық округі маңындағы махаббат мазары – VIII–IX ғасырлардан сақталған республикалық маңызы бар ескерткіш. Биіктігі 12 метр болатын төрт қырлы, табиғи тастан қаланған көне күмбез ерекше тарихи жәдігер ретінде бағаланады. 2002 жылы нысанға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қалпына келтірілген. Кесене Тарлаулы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. 2014 жылы нысанға баратын 13 шақырымдық асфальт жол мен Аягөз өзенінен өтетін көпір салынып, туристік бағыттың инфрақұрылымы жақсарған. Ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи нысан мәртебесіне ие.
Қызылқия орта мектебі күрделі жөндеуден өтті
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының Тарлаулы ауылындағы К.Қадыржанов атындағы Қызылқия жалпы орта мектебіне барды. Мектеп 1985 жылы ашылған. Қазіргі таңда 196 оқушы білім алады, 38 мұғалім еңбек етеді. Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Биыл республикалық бюджет есебінен мектеп ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, физика, бастауыш сынып, биология, робототехника және STEM пән кабинеттері жабдықталды. Жөндеу және жабдықтау жұмыстарынан кейін мектепке үнемдеу есебінен қосымша 4 интерактивті тақта, 48 парта, 98 орындық, 10 шкаф, 10 мұғалім үстелі, кітапханаға сөрелер, мәжіліс залы мен мұғалімдер бөлмесіне орындықтар сатып алынып, мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.
«Мектептің алды-арты толық қоршалып, асфальт та төселді. Мектеп салынғалы бері осындай күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Биыл атқарылған жұмыстардың арқасында ғимараттың іші де, сырты да жаңарып, оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталды. Асхана, акт залы, пән кабинеттері, дәліздер түгел жаңартылды. Бұл – бүкіл ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Ең бастысы – балаларымыздың заманауи, жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалды. Алғысымыз шексіз», – деді мектеп директоры Кенжегүл Ешмұратова.
Аймақ басшысы жаңартылған кабинет жиһаздарын, мәжіліс залын, оқу бөлмелерінің жарықтандырылуын көріп, мектептің материалдық-техникалық базасының едәуір жақсарғанын атап өтті.
«Мектептің толық жаңарғанын, оқушылар үшін заманауи әрі қолайлы білім ортасының қалыптасқанын көріп, қуанып отырмын. Бұл балаларымыздың жарқын болашағына жасалған маңызды инвестиция. Жаңа кабинеттер, жабдықтар, цифрлық технологиялар оқу сапасын жақсартып, ауыл балаларының білімге деген құштарлығын арттырады. Материалдық база жаңартылды, ендігі басты міндет – балаларға сапалы білім беру. Келесі жылы осы ауылдың 5 көшесін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Ауылды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады», – деді облыс әкімі.
Шынқожа
Ауданға сапары барысында облыс әкімі Шынқожа ауылында да болды. Ауылдағы бірқатар нысандарды аралап, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аймақ басшысы әуелі ауылдағы Мәдениет үйіне барды. Нысан 2003 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты, осы ауылдың тумасы Нұртай Сабильяновтың қолдауымен салынған. Мұнда 4 адам еңбек етеді. Ғимаратта 180 орындық көрермен залы бар. Сондай-ақ 3 үйірме жұмыс істейді. 2020 жылы аудандық бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ауылда 963 тұрғын бар. Облыс әкімі Мәдениет үйінде елді мекен тұрғындармен, ақсақалдармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аймақ басшысы Шынқожа батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде де болды. Білім ордасы 1992 жылы салынған. 145 оқушы оқиды, 37 мұғалім еңбек етеді. Нысанда 2 спорт залы, 22 оқу кабинеті бар. Мектеп 2022 жылы күрделі жөндеуден өткен. Білім ошағының 100 жылдығына байланысты биыл демеушілер есебінен 6 кабинет жабдықталды. Облыс әкімі мектептің асханасын, спорт залын, оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен, оқушылармен, жас мамандармен пікірлесті.
«Шынқожа – тоғыз жолдың торабында орналасқан береке-бірлігі жарасқан, тарихы терең ауыл. Сіздермен жүздесейін, пікірлеріңізді тыңдайын деп арнайы келдім. Биыл мектептеріңізге 100 жыл толып отыр. Ғасырлық тарихы бар білім ордасының барлық кабинеттері толық жабдықталған. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді аймақ басшысы.
жаңа реанимация бөлімшесі жұмысын бастады
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан салынған жаңа реанимация бөлімшесін көрді.
1976 жылы пайдалануға берілген аудандық аурухана қазіргі таңда 220 төсек-орындық стационар мен ауданға қарасты барлық емдеу мекемелеріне қызмет көрсетеді. Мұнда 800-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейді, 50 мыңға тарта тұрғын тіркелген. Он төсекке арналған реанимациялық бөлімше «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұған дейін реанимация бөлімі бейімделген тар бөлмеде орналасқан болатын. Жаңа ғимаратта жеке оқшауланған палаталар, диализ бөлмесі, бейнебақылау жүйесі, қан сақтау қоймасы, дәрігерлерге арналған жұмыс және демалыс бөлмелері қарастырылған. Бөлімше жасанды тыныс алдыру аппараттары, мобильді рентген, жоғары сапалы УДЗ аппараты, видеофибробронхоскоп, дефибрилляторлар және басқа да маңызды реанимациялық құралдармен жабдықталуда. Бұл заманауи техникалар ауыр жағдайдағы науқастарға дер кезінде, жоғары деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жыл сайын мұнда шамамен 500 адам, оның ішінде 60-қа жуық бала ем алады деп жоспарлануда. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына толық сәйкес келеді.
«Мұнда қазір 5 дәрігер, 4 мейірбике, 4 анастезия маманы жұмыс істейді. Құрылғылардың барлығы жаңа. Сонымен қатар тағы бір жобаны қолға алып жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, ауруханаға магнитті-резонанстық томограф орнату үшін жапсаржай салу жұмыстары басталмақ. Сол кезде толықтай көпсалалы аурухана аталатын болады», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков.
Нысанды аралап көрген аймақ басшысы жаңа бөлімшенің аудан халқы үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Көктемде келген кезде шаң-тозаң, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан. Қазір қарасаң, көз тояды. Бұл — тек Аягөзді ғана емес, көрші аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсететін, ауыр науқастарды оңалтатын орын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді облыс әкімі.
Бөлімшеде ем алып жатқан науқастар жаңа медициналық мекеменің ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Кең, жарық ғимарат салып, Аягөз халқына көмектескендеріңізге көп рақмет. Дәрігерлерге, мейірбикелерге алғыс айтамын. Мұндай заманауи ғимарат ауданымызға өте қажет», – дейді емделуші Күлзат Мұсабаева.







