"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ҰЛТ АҚЫНЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН ҰЛЫ КҮН

11.08.2015
25
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Жыл бұрын алты алашқа сауын айтылған Абай хакімнің 170 жылдық мерейтойы да, міне, кең көлемде аталып өтті. Семей қаласынан бастау алған игі шара ақынның туған мекені Шыңғыстау бойында қорытындыланды. Думанды шарада алыс-жақыннан жиналған ағайын қазақтың бас ақынын ұлықтап,  қалдырған өсиеттерінің бүгінгі күн үшін маңыздылығын сарапқа салды. Әйгілі баһадүр Мамай батырдың ескерткіші ашылды: сөз барымтасы ақындар айтысы мен қазақ күресінен белдесуге түскен балуандар, аламан бәйге — бәрі-бәрі ұлт руханиятының қайнар бастауы саналар ақын өнегесін әйгіледі.  Артына өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақынын ардақ тұтқан қалың ел, қаймана қазақ үшін бұл күн ерекше мезеттерге толы күн болды. 170 жылдық торқалы тойдың қызық-қуанышы әлі талайға дейін ел аузынан түспесі анық.

{jcomments on}

 

 

Той дүбірі Қарауылтөбеден басталды

 

Абай тойының негізгі салтанатты шарасы Қарауылтөбе бауырында өтті. Мұнда тігілген қазақ үйлер, әсем де көз тартарлықтай бой көтерген сахна тойдың көркін тіптен әрлендіре түскендей. Сәске әлетінде басталған бұл тойға халық мол жиналды.

Тойдың беташар рәсімін  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жасап,   жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.

— Ардақты ағайын, қадірлі қонақтар! Сіздерді қазақ халқының бас ақыны ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы»,- деп атап көрсеткен болатын. Абай – қазақ халқының ұлы ұстазы, тәрбиешісі. Әр сөзі ақыл мен нақыл, мақал мен мәтелге айналған өлмес мұра қалдырған адамзаттың Абайы. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген бір ғана сөзі — бейбітшілік пен ынтымаққа, бірлік пен татулыққа үндеген құнды өсиет, ұлы мұра. Биыл республикамыз бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және  Абайдың 170 жылдығы мерекеленетін тарихи жыл. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біз үшін қасиетті парыз. Абай сөздері – келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін қайнар бұлақ. «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос»,- деп данышпан айтқандай, байтақ еліміздің әрбір азаматы бір-бірін дос көріп, бауырындай сүйсе, алар асуларымыздың көп болары анық.   Торқалы той өтіп жатқан Шыңғыстау өңірі – тарихи, шежірелі өлке. Адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі данышпан Абай өсіп-өнген, ұлтымыздың біртуар ұлдары кемеңгер Шәкәрім, ғұлама Мұхтардың ізі қалған киелі мекен бар қазаққа ыстық. Бүгін біз Абай елінің дамығанын, ауылдардың көркейгенін, сәулеті мен дәулеті артқанын көріп қуанамыз. Қазақтың бір ғана Абайы бар. Ақынның туған жерін аялау, абаттандыру, халқының тұрмыс деңгейін жақсарту – баршаға ортақ міндет. Қымбатты ағайын! Абай тойы – халық тойы. Баршаңызға мерекелік көңіл-күй, береке-бірлік, қуаныш-шаттық тілеймін. Ұлы ақынға деген махаббатымыз арта берсін! Мерейтой құтты болсын!» – деді өз құттықтау сөзінде аймақ басшысы.

Осыдан кейін тойдың негізгі бөлігі бастау алып, Қарауылтөбе бауырында театрландырылған көрініс қойылды. Абай тойының басталу сәтінде ең алдымен ауыл бозбаласы арғымағымен ортаға шауып шығып, айналаға жар салды.

Осыдан соң ұзын-сонар көш те келіп жетті. Көріністе, негізінен, Мамай батырдың Сыр бойынан елін бастап көшіп келе жатқан тарихи сәті бейнеленген еді. Айта кету керек, осынау ерекше көрініс арқылы қазақ халқының байырғы салт-дәстүрлері түгелдей көрерменге паш етілді. Ең алдымен керуеннің алдыңғы шебінде келе жатқан айбынды батырларды ауыл қыз-келіншектері ұлттық сусын қымыз ұсынып, ілтипатпен қарсы алды. Осыдан кейін түйеге жүк артқан көпшілік пен бала-шағаларын жетектегендер, ат арба, халық, соңынан қалыңдық көші тізбектеліп өтіп, жарасымды көш суреті көрініс тапты. Керуенмен бірге құмай тазы ертіп, қолына қыран құсын қондырған баяғының аңшылары да тойға жиналған қауымның көзайымына айналды.

Арғымақ атқа, атан түйеге мінген ақсақалдар мен ақ кимешекті әжелер бастаған салқар көріністен кейін сахна төрінде Абай жырлары әлемнің бірнеше тілдерінде поэтикалық нақышпен оқылды. Сондай-ақ сахна төріне көтерілген жергілікті «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнерпаздары Абай әндерін әуелете орындады. Осылайша, Абайдың 170 жылдық мерейтойы салтанатты түрде басталып кетті.

 

Ел қорғаны Ер Мамайдың ескерткіші бой көтерді

Сонымен қатар осы күні Қарауыл ауылының төрінен Мамай батырдың ескерткіші мен саябағы ашылды. XVIII ғасырда өмір сүрген, қазақ жерін жоңғарлардан азат етуге қатысқан даңқты баһадүрлердің бірі Мамай батыр мүсіні осы ауылдың өз басында құйылған. Ескерткіштің авторы — елімізге есімі белгілі мүсінші, павлодарлық Мұрат Әбілқасымов. Батыр баба ескерткішінің тұрқы 3,8, ал тұғыры 4,5 метрді құрайды екен. Мүсінді «Мамай батыр» қоры қаржыландырған еді. Жалпы, оның құрылысына 4,5 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Қор жетекшісі Базарбай Бейсенбаевтың айтуынша, аталмыш қор осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған, сол уақыттан бері батыр баба ескерткішіне арналған мол қаражатты бүкіл ел болып жұмыла жинапты.

— Ескерткіш салу, оған қаржы табу — оңай шаруа емес. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков осы шараның дұрыс жолын таба білді. Ескерткішке аудандағы барлық қызметкерлер үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Бұл аудан халқының бірауыздылығы, ұйымшылдығы және бабаға деген құрметі болар деп ойлаймыз. Мамай батырдың ескерткіші көңілімізден шықты. Тұрғындардың барлығы риза болып жатыр. Осы игі іске ұйытқы болған барша халыққа алғысымды білдіргім келеді, — дейді қор жетекшісі.

Айта кетейік, Мамай батыр ескерткіш-саябағының аумағы қоршалып, абаттандырыл-ған, демалушыларға арналып орындықтар  қойылып, жүргіншілерге арнайы жолдар төселіпті. Айнала ерекше көркімен көз тартады.

Ескерткіш-саябақтың ашылу салтанатында ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және шежіреші, мәдениет жанашыры Молдабек Жанболатов пен Мамай ұрпағы, танымал кәсіпкер, семейлік азамат Исағали Омарәлинов ескерткіштің ашылу лентасын қиды. Ал «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері шашу шашты.

— Ардақты ағайын, қадірменді қауым! Жыл басынан бері Абайдың 170 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіліп, түрлі шаралармен өрнектеліп жатыр. Ұлы ақынның тойы кешелі бері Семей шаһарынан басталып, бүгін Қарауылға да келіп жетті. Бұл тойдың басқа тойдан ерекшелігі тек балуан күрестіріп, бәйге шаптыру ғана емес, бүгінгі заманға сай ұлағатты тәрбиелік мәні бар дүниелермен ерекшеленуінде. Бүгін Қарауыл жерінде сонау сыр өңірінен қалың елін ертіп, Ырғызды жағалап, бүкіл арқаны кесіп өтіп, осы маңға елін қоныстандырған Мамай батырдың ескерткішін ашуға барлығымыз жиналып отырмыз. Тарихтан қашанда тәлім алу үшін, тағылым алу үшін бұл шара — керекті дүние. Сондықтан да осындай батыр бабаларымызды, баһадүр аталарымызды еске алып, бүгінгі ұрпаққа таныстыру біздің айрықша міндеттеріміз деп есептейміз. Сол себептен де еліміздің түкпір-түкпірінен қадірменді қоғам, мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, белгілі азаматтар, ғалымдар жиналып, осынау тойдың құрметті қонағы болып отыр. Осылайша, бүгін айрықша үлкен тойдың куәсі болып отырмыз. Тойдың негізгі мақсаты — осы тарихымызға қайта бір үңіліп,    кешегі өткен бабаларымыздың қандай батыр болғанын, елді бірлікке, татулыққа, еңбекке баулығанын тағы да бір айшықтап көрсету, бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіру. Мамай батырды ұлықтау — кешегі өткенімізді, төл тарихымызды құрметтеу. Сондықтан да бүгінгі тойдың мәні де ерекше екендігі барлығымызға белгілі. Бүгін осы ескерткішті халық болып тұрғызған азаматтардың барлығына алғысымызды білдіреміз, — деді Жақсылық Омар еңселі ескерткіштің ашылу салтанатында.

Сөз орайында аталмыш мүсіннің авторы,   елімізге танымал бейнелеу өнерінің шебері мүсінші Марат Әбілқасымовты сөзге тартқан едік.

— Алдымен айтарым — өнер адамы үшін халықтың ризашылығы, шынайы алғысы бірінші орында. Сол себепті менің туындымды жоғары бағалаған ауыл ақсақалдары мен аудан басшылығының оң пікірі жұмысымның жемістілігін айқындады. Маған артылған сенім мен үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, тарихи тұлғаның алдымен эскизін дайындап, 2 айдан аса уақыт аралығында мүсінінің жалпы пішінін жасадым. Батыр мүсінінің биіктігі 3 метр 80 см болса, тұғыры 4,5 метр болды. Баһадүр тұлғасына назар салсаңыздар, өр мінезін, қайсарлығын байқайсыздар. Мамай бабамыз — тек қол  бастаған батыр ғана емес,  артынан халқын ерткен шебер жол басшы да болған тұлға, — дейді өз туындысы жайлы пікір білдірген автор.

Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатының соңы батыр мүсініне гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласып,      жиналған қауым естелік ретінде фотосуретке түсіп жатты.

 

Жыр аламанында

айтыс ақындары

 

Абай тойының есте қаларлықтай ерекше сәттерінің бірі дәл осы күні сәске әле-тінде аудандық Мәдениет үйінде бастал-ған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты тақырыпта өткен ақындар айтысы болды. Байтақ республикамыздың әр түкпірінен келген жыр жүйріктерінің даярлығы жоғары екен. Арқалы ақындардың жыр додасын Жүрсін Ерман алғы сөзбен ашып, өзі жүргізіп отырды.

Бұл күні жыр барымтасына барлығы 12 ақын қатысыпты. Араларында елге танымал, сан мәрте ұйымдастырылған республикалық айтыстардың жүлдегерлері Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Алтынкүл Қасымбекова сынды жыр дүлдүлдері бар. Ал кейінгі толқын жас айтыскерлер ішінде Өміржан Көпбосынов, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Дидар Қамиев, Тілеген Әділов, Аспанбек Шұғатаев сынды ақындар өнер көрсетті. Айтыскерлерге төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев болды. Сондай-ақ өнер институтының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкім, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, абайлық ақын, ҚР-ның мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев, «Дарын» сыйлығының иегері белгілі ақын Қалқаман Сарин қазылық етті.

Абайдың 170 жылдық тойында алғашқы болып Астананың ақыны, жерлесіміз Серікзат Дүйсенғазин мен Жамбыл облысының ақыны Алтынкүл Қасымбекова сөз қағыстырды. Жас шамалары тетелес ақындардың әзілдері жарасымды шықты. Алайда суырып салып айтысқан екеуі көбінесе бір-бірін сөзбен қағытқандықтан, айтыстың негізгі  тақырыбына терең бойлай алмады.  Айтыс ақындарына қойыл-ған басты талап та сол болатын. Дана ақынның өсиеті мен адамгершілік хақындағы тағылымын айтыс өнеріне теліп, көрерменге паш етулері тиіс еді.

Осыдан соң астаналық Сара Тоқтамысова мен қарағандылық Өміржан Көпбосынов көрермен алдына шықты. Ақын қыз бұл жолы да өрнекті ой, тұшымды әзіл айта білді. Әсіресе өз сөзіне Абай өлеңдерін әдемі кірістіріп, ерекше тапқырлық танытты. Бәлкім сондықтан болар, Сараға қазылар алқасы жоғары ұпай берді. Ал оның қарсыласы Өміржан балаңдығын байқатып алғанымен, адуынды ақынның тосыннан қойған ұрымтал сауалдарына орынды жауап қайыра білді.

Осылайша әдемі айтыс өрнегін келесі жұп Қарағанды облысының ақыны Тілеген Әділов пен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев жалғады. Бұл айтыскерлер де сөз өнерінде енді таныла бастаған жаңа есімдер. Әйтсе де сөз барымтасында алар үлестері мол екен. Екеуі де Абай атты алып мұхиттың тереңіне бойлай білді. Яғни тақырыпты ашуда оң бағаға ие болды.

Сөз жарыстыруға шыққан келесі жұп Семейдің тумасы, Астана атынан бәйгеге қосылған Әсем Ережеқызы мен астаналық Еркебұлан Қайназаров болды. Әсіресе Әсем бүгінгі таңдағы қоғамдық мәселелерді Абай өсиетіне арқау ете отырып, әдемі ашып көрсете білді. Тіпті өзіндік ұсыныс білдіріп, көпшілікке ой тастады. Ал жас ақын Еркебұлан Қайназаровтың табан астына сөз тауып кетер шеберлігі көрерменді тәнті етті.

Келесі кезекте айтыс өнерінде мол тәжірибесі бар Айнұр Тұрсынбаева мен Айбек Қалиев сөз сайыстырды. Екі жұптың айтысы да жұртшылық көңілінен шыға білді. Рас, қос ақын да өткір сөйлеп, шымбайға батар шындықты астар етті. Абай тойының әлемдік ауқымда өтпеуін сынға алғанымен, Абай жерін гүл жайнатқан аудан басшысына алғыс білдіріп өтті.

Осылайша, бірінші айналымның соңғы жұбына да кезек келіп жеткен еді. Жасын мінезді қарағандылық жас ақын Дидар Қамиев пен Қызылорда қаласынан келген Мейірбек Сұлтанхан сөз таластырып, тартысты айтыс ұйымдастырды. Осы орайда айта кету керек, Дидардың теңеулері сәтті шығып, суырып салмалығын айқын байқатты. Өз ойын әдемі жеткізген ақынға көрермен ұзақ шапалақ соқты.

Сөйтіп екінші айналымға шыққан Аспанбек Шұғатаев пен Дидар Қамиев және Сара Тоқтамысова мен Тілеген Әділовтер жыр додасын қорытындылады.

Абайдың 170 жылдығына арналған айтыс осылайша мәреге жеткен еді. Осынау елеулі шараны ұйымдастыруға бастамашы болған облыс әкімі Даниал Ахметов және Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке алғыс айтқан Жүрсін Ерман өз пікірін білдіріп, бүгінгі айтыстың жоғары деңгейде өткенін жеткізді.

Қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша бас жүлдеге тігілген 1 млн. теңге сыйақы қарағандылық Дидар Қамиевке бұйырды. Абайды жезде, Ділданы әпке тұтып келісті түрде сөз саптаған өрен жиналған көпшілікке деген ілтипатын табан астында суырып салып, өлеңмен білдірді.

Топқа түссе, ордалы ойды алатын,

Алаштың мұң мен зарын айтар ақын.

Қарауылдың халқынан айналайын,

Бойынан тектілігі байқалатын.

Бір Ділдасын берді деп мына бізді

Миллион ділдаменен қайтаратын, —

деп жыр тиегін ағытқан Дидарға көрермен ұзақ қол соқты.

Ал бірінші орынды Сара Тоқтамысова жеңіп алып, 500 мың теңге алды. Екінші орынды еншілеген Тілеген Әділов пен Аспанбек Шұғатаевтарға 400 мың теңгеден берілсе, ІІІ орын алған Айбек Қалиев пен Өміржан Көпбосыновтар 300 мың теңгеден олжалады. Ал айтысқа қатысқаны үшін  арнайы 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева мен Мейірбек Сұлтанхан марапатталды.

Айтыстың соңынан қазылар алқасының төрағасы Аманжол  Әлтаев сөз алып өз құттықтауын жеткізе келе, Абай тойына шашылған жыр шашуын жоғары бағалайтынын айтып өтті. Ал аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы айтысты жүргізген Жүрсін Ерманға  Абай елінің атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.

Осылайша, әсем жырға құмартып келген көпшілік келісті мәнер, әдемі айтыстың куәгерлері болды.

 

Балуандардың бәсі

Аға Сұлтан алаңында

 

Абайдың 170 жылдық тойы аясында  қазақ күресіне де ерекше орын беріліпті. Қарауыл орталығындағы Аға Сұлтан алаңында республиканың түкпір- түкпірінен келген балуандар мен  аудан тұрғындары турнирді тамашалауға жиналды. Шара барысында арнайы “LED” экраннан абайлық әйгілі балуан Манарбек Таутановтың ізін басқан Айбек пен Мұхит сынды білекті ұлдардың «Қазақстан Барысы» жобасындағы қайталанбас жеңісті сәттері  көрсетіліп тұрды.

Құрметті қонақтар қатарында  Әлем Кубогінің иегері, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айтжан Шанғараев, Шығыс Қазақстан облысы спорт және туризм басқармасының басшысы Елдос Чикенов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Серік Қоржыкенов пен Шыңғыс Тұрсынов, Семей қаласының Қазақ күресі федерациясының президенті Берік Қанафин, әлем кубогінің иегері, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зекен Шаймарданов келіпті. Ал аталмыш турнирдің  ашылу салтанатын аймақ басшысы  Даниал Ахметов  арнайы келіп тамашалады.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасына және КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақ күресінен ҚР-ның мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушысы Марат Жақыт Абай тойына орай өткізіліп отырған республикалық  біріншіліктің маңыздылығын айта келе, барша жұртты атаулы күнмен құттықтап өтіп, балуандар бәсін ашық деп жариялап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Төрешілер алқасы таныстырылған соң, боз кілемде сайдың тасындай іріктелген Қызылорда, Павлодар, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысынан келген 40-қа жуық білектілердің сайысы басталып кетті.

Айта кету керек, Абай тойындағы бұл айтулы бәсекеге балуандар жоғары даярлықпен келген екен. Тартысты сәттер көп болды. Алып та жыққан, шалып та жыққан бәсекелестер арасында ептілігімен ерекшеленген, әдіс-тәсілдерді шебер меңгерген ұландар дараланып шықты.

Осылайша, аталмыш турнир өз мәресіне жетіп, нәтижесінде 74 келіге дейінгі өгіз палуан  салмақ дәрежесінде оңтүстікқазақстандық Ерсұлтан Музаппаров І орынды қанжығасына байлады.  Ерсұлтанның күші де, қолдан-ған айла-тәсілі де өзге қарсыластарынан әлдеқайда  басым түсті. Ал жүлделі ІІ орынды қызылордалық қызу қанды Ғалымжан Абдрахманов алды. Үшінші орын екі балуанға бұйырды.  Атап айтсақ, Алматы облысы Іле ауданынан келген  Жұмажан  Нұржан мен Шығыс Қазақстан облысының палуаны Қуаныш Мұратов бұл орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздарды жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші  Нұрлыбек Ермағанбетов, самбо күресінен әлем чемпионы, КСРО-ның  екі дүркін чемпионы Айтжан Шанғараев, ҚР Қазақ күресінен республикалық федерация бас хатшысы  Сәрсен Құранбек және  екі дүркін Азия чемпионы, «Қазақстан Барысының» жүлдегері Шалқар Жоламанов марапаттады.

Осыдан соң кезек 74 келіден жоғары  түйе палуандарға келді.  Аталмыш турнирдегі барлық қарсыластарын көп күш жұмсамай-ақ оңай тізе бүктіріп, таза жеңіске қол жеткізген  абайлық әйгілі балуан, 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» жобасының жеңімпазы Айбек Нұғымаров І орынды иеленді. Осылайша,  «Абай тойының бас балуаны» атанған Айбек темір тұлпарға ие болды.

Жүлделі ІІ орынды шығыстық  Әділ Оразбаев, ІІІ орынға  жамбылдық 125 келілік палуан Жасұлан Әбішев пен жерлесіміз Ерлан Конкиев лайық деп танылды. Жеңімпаздарды абайлық әйгілі балуан, марқұм Манарбек Таутановтың  жары Гүлмира Таутанова, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР-ның Қазақ күресінен мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушысы Марат Жақыт және  Досан Төлебиев, Мейіржан Абилдинов сынды спорт майталмандары марапаттады.  Жеңімпаздардың мерейлері осылайша еселенді.

 

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

 

Ал осынау сәттері Қарауылтөбенің баурайында ат бәйгесіне кезек берілген еді. Алғашқы болып жорға жарысы ұйымдастырылды. Бұл бәйгеге еліміздің әр түкпірінен  сәйгүліктер әкелініпті. Мәреден жіберілген жүйріктерге тілеулес көпшілік көп екен. Бәйгеге қиқу қосушы көрермен мол болды. Осылайша, тұлпардың алды көмбеге де келіп жетті.

Семей қаласынан келген Фурга есімді жорға бірінші болып келді. Сәйгүліктің иесі Мұхит Тұмабаевтың есімі осылайша жалпақ жұртқа мәлім болды. Ал Қымбат Аяпбергеновтің Летний бриз ныспылы тұлпары екінші болып көмбеден құйғытып өтті. Ал үшінші орынды Шемонайха ауданынан келген Николай Воробьевтің Прогресі алды. Барлық жүйріктердің бабы келіскен екен.

Осыдан соң Қарауылтөбе басына жинал-ған барша меймандарға аудандағы ауылдық округтер, мекемелер тіккен  киіз үйлерде арнайы қонақасы берілді. Ауа температурасының жоғарылығына байланысты топтық бәйге мен аламан жарыс кешкі уақытқа ауыстырылған еді.

Сөйтіп ат бәйгесі күн еңкейе, бесін ауа жалғасын тапты. Ең алдымен 15 шақырымдық жарыс жолына шыққан жүйріктер көмбеге жетті. Бұл бәсекеде Алматы қаласынан келген Рүстем Досжановтың Айқара атты жүйрігі қара үзіп келді. Тұлпар иесі жүлдеге тігілген Лада Приора көлігінің иегері атанды.

Жүйріктер арасында шұбартаулық Нұрғалиевтардың Майгүлі көмбеден екінші болып өтті. Ал үшінші болып Шалқар Жоламановтың Еңлік атты тұлпары келді.

Осылайша, 25 шақырымдық аламанға да кезек келген еді. Арғымақтар арасында Тоқтар Серіковтің Бекқасқасы бесінші орынға тұрақтаса, абайлық Айбек Мамытовтың Әлемқасқасы төртінші орыннан көрінді. Үшінші орын шұбартаулық Нұрмағанбетовтардың үкілеп қосқан тұлпары Лидаға бұйырса, екінші болып көмбені кесіп өткен құндыздылық Санат Ықыласовтың Еркеторысы болды.

Ал дүбірлі Абай тойының аламан бәйгесінде топ жарған жүйрік Алматы қаласынан келген Ғабит Үмбетовтің Ақбақай атты арғымағы болды. Оның иесіне Киа маркалы автокөлік тарту етілді.

Ұлы ақынның мерейтойында дүбірлеп өткен ерекше шараның бірі дәл осы аламан ат бәйгесі болды.

Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы, абайтанушы:

— Бүгін керемет той болып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бұл атаулы шараны өте жақсы ұйымдастыра білді.  Облыстық әкімдік тарапынан дәл осылай көңіл бөлінбегенде, бұл тойды кең көлемде атап өту қиынға түсер еді. Неге десеңіз, мемлекеттік тұрғыда біз бұл мерейтойға арнайы шешім қабылдаған жоқпыз. Ал Абайдан бүгінгі Алаш жұрты көп нәрсе алдық, біз мұны ұлы ақынды құрметтеу арқылы қайтаруымыз керек. Сол мақсатта осындай айтулы шараны өткізуді қолға алдық. Сондықтан да Абай тойына қонақ ретінде емес, қызметші ретінде келдік. Бұл той — шалқаятын той емес, еңкейіп қызмет ететін той.

Айбек Қалиев, айтыс ақыны:

-Бүгінгі өтіп жатқан барша Алаш баласына ортақ Абай бабамыздың 170 жылдық тойы құтты болсын! Бұл Алаш жұртының тойы деп есептейміз. Абайдың тойы — әлемдік деңгейде тойлануға лайықты үлкен шара. Сонау бір қиын жылдарда, яғни 1995 жылдары, экономикамыздың әлі еңсе көтермеген шағында да, Абай тойын ел болып дүркіретіп өткерген едік.  Ал дамыған 50 елдің қатарына кірген бүгінгі шақта күллі Алаштың Абайы саналатын баба тойын жоғары деңгейде атап өту ләзім. Дегенмен де үлкен той болсын, кіші той болсын Абай атамыздың атын асқақтатпаса, беделін түсірмейтіні белгілі. Абайдың абыройы арта берсін, ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын! Шыңғыстаудың баурайында тек қана тойға, қуанышқа жиналайық.

Сұлтан Оразалы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

Бүгін, міне, ғажайып той болып жатыр. Мынау көкжиектің барлығы созылып    жатқан шексіздік, анау Шыңғыстың таулары, осылардың барлығы Абайдың шексіздігі, Абайдың биіктігі сияқты елестейді. Қазақ даласының табиғаты Абаймен үндеседі, сырласады.

Абай атам туралы көп айтуға болады. Абай — жаһандық әдебиеттегі ең ірі тұлғалардың бірі. Мен, мысалы үшін, әлемдік әдебиетте Абайды тек немістің Гете деген ақынымен ғана салыстырамын. Өйткені осы екі адамның ойшылдығы, суреткерлігі, ақындығы, онымен қоса елін, халқын ойлауда ұқсастықтары бар. Ал Гете — бүкіл Еуропа әдебиетіндегі теңдесі жоқ тұлға. Жақсы ақындар өте көп, ұлы ақындар аз. Бірақ Абай қазақ дейтін халықтың ортасынан шығып, әлемдік ойға еркін қосылған, әлемдік ойға ықпал етудегі құдіреті, күші, ақындығы жеткен адам.

Дүниенің төрт бұрышына барсақ та, біздің маңдайға ұстарымыз, «Ақылманың кім, ойшылың кім?» дегенде, айтарымыз — Абай. Мен осымен алтыншы рет Абай тойына қатысып отырмын. Осы тойлардың барлығы мына Қарауылдың баурайында салтанатты түрде өтеді. Осының барлығы халқымыздың Абайға деген пейілінің кеңдігін, ұлы перзентіне деген махаббаты ерекше екенін айғақтайды. Абай даңқы ұрпақтан — ұрпаққа жалғаса берсін.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық байқау

12.05.2025
Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық байқау

2025 жылдың 6 мамырында Шәкәрім университетінің Жоғары бизнес мектебі қаламыздағы 8 колледждің студенттері арасында «Жылдармен, ғасырлармен – есімізде!» атты байқау...

Толығырақ...Details

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

07.05.2025
Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

Жезқазғанда Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға әкімдік, ТЖД өкілдері, ардагерлер, қызмет қызметкерлері...

Толығырақ...Details

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

06.05.2025
Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған...

Толығырақ...Details

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

06.05.2025
Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

ҚР Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ инвестиция мәселелерін нақтылау, іске асыру кезеңдерімен және әуе айлағын одан әрі дамытуға...

Толығырақ...Details

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

06.05.2025
Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

Қазақстан Республика Туризм және спорт министрлиги 2024 года жылдың қорытындысысынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері туралы деректерді ұсынды. Статистика бұқаралық...

Толығырақ...Details

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

05.05.2025
5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды — акушерлерді құрметтейміз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады,...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Жеңістің 80 жылдығына арналған қалалық байқау

11 часов бұрын

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

6 дней бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

7 дней бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

7 дней бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

7 дней бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

1 неделя бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

1 неделя бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

1 неделя бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

1 неделя бұрын

Семейлік шекарашылар “Бірлік жарысы” марафонына қатысты

1 неделя бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС