Қарашаның 11-і күні Даниал Ахметовтің Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне кіріскеніне бір жыл толды. Бұл, әрине, көп уақыт емес, дегенмен өнімді қызмет атқару үшін жеткілікті мерзім. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен осы аралықта облысымызда қандай істер атқарылды? Келер жылдан не күтеміз? Әңгіме осы сауалдар төңірінде өрбіді.
жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, «Семей таңы» және «Вести Семей» газеттеріне арнайы сұхбат беруге уақыт тапқаны үшін, Даниал Кенжетайұлы Ахметовке алғыс айтамыз. (Автор)
Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы әңгімесін:
— Алғаш Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған кезде «Семейге жиі келіп тұрамын» дегенім естеріңізде шығар. Байқаған боларсыздар, аймақ бойынша жиі ат басын бұратын жерім – Семей қаласы. Дегенмен сіздер, журналистер қауымы, халыққа жақынсыздар ғой, Семей халқының көңіл — күйі қалай? Тұрғын үйлері жылы ма? — деген сауалдан бастады. Облыс басшысының тарапынан халықтың жағдайына алаңдаушылықты аңғардық.
— Билікке жалтақтап, бюджетке ғана сеніп қарап отырмай, қаланың әр тұрғыны, әр кәсіпкер өз қаласын көркейтуге аз да болса үлес қосса, өзі тұрып жатқан жерге бір тал болса да ексе, тамшыдан құралған теңіздей қолдау болар еді. Осыны сіздер өз газеттеріңіз арқылы халыққа дұрыс жеткізе білулеріңіз керек. Отансүйгіштік деген ұғым өзіміз тұрып жатқан мекенімізді сүюден басталады. Біздің ата-бабаларымыз ел басқарған хандарын ақ киізге салып көтерген. Ал біз Елбасымыздың Қазақстанды өркендету жолындағы қадамдарына қолдаушы болуымыз керек. Ұлы Президентіміз бар, кең-байтақ жеріміз бар, көп ұлтты халқымыз бар! Халқының асқақ арманын іске асырған Елбасымыз тұрғанда, біздің кез келген қиындықтан қорқуымызға негіз жоқ екендігіне осы уақыт ішінде көзіміз жетті емес пе? Дана басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев — дүниежүзі бойынша жасампаздық пен бейбітшілік, қауіпсіздік пен ядролық қарусыздану жолындағы күрестің дем берушісі, алға сүйреушісі. Азуын айға білеген Кеңес үкіметі билік құрып тұрған кезеңнің өзінде-ақ, Семей ядролық сынақ полигонын жауып, адамзат тарихында алғашқы болып жаппай қырып-жоятын атом қаруларынан мүлде бас тартуға шақырды, көзсіз ерлік жасады… ХХІ ғасыр әралуан қақтығыстардың орын алуымен де ерекшеленуде. Бұл кикілжіңдер, бір себептен, халықаралық қатынастардың бұзылуынан орын алуда. Ал біз тұрақтылық пен бейбітшілік, ұлттар арасындағы татулық салтанат құрған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Елбасымыз осыдан 25 жыл бұрын айтқан, қазіргі күні де жиі қайталап, назарында ұстап отырған басты мәселе — ұлтаралық келісім, татулық. Танымал саясаткер Збигнев Бжезинский ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінің ішінде 121 ұлт мекендеген Қазақстанның болашағы бұлыңғыр депті. Бірақ Елбасымыз сәуегей саясаткердің бұл болжамын жоққа шығарып, елімізді келісім мен тұрақтылық мекеніне айналдырып, дамудың даңғыл жолымен бастап келеді,- деп атап өтті облыс әкімі өз сұхбатының кіріспесінде. Осыдан соң Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуі, аймақтың 2017 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттары, Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған Ұлт жоспары 100 нақты қадам аясында атқарылған және алдағы межеленген жұмыстар төңірегінде сөз қозғады.
{jcomments on}- Даниал Кенжетайұлы, облысымызға басшылыққа келгеніңізге қараша айында бір жыл толды. Халықпен ал-ғашқы кездесуіңізде-ақ «Семейге жиі келіп тұрамын» дегеніңіз есімізде. Шынымен-ақ, алғашқы күннен бастап Семейдегі халықтың әлеуметтік ахуалына, қаламызды көркейту мәселелеріне сіздің тарапыңыздан ерекше көңіл бөлініп жатқанын байқадық. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген Ертіс жағалауы сіздің бастамаңызбен жаңарды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін қала бюджетінен облыс бюджетіне аударылып келген 12,5 пайыз, яғни 1 млрд. 135 млн. теңгенің жаңа жылдан бастап өзімізде қалатынын да сол қамқорлықтың бірі деп есептейміз. Негізінен, ірі кәсіпорындары жоқ, шағын және орта кәсіпкерлікке ғана арқа сүйеп отырған Семейдің бүгіні мен болашағы жайлы көзқарасыңыз?
— Семейдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы менің ерекше бақылауымда. Экономикалық тұрғыдан қалыпты ахуал мен қалалықтардың әлеуметтік жағдайын бөліп қарауға болмайды. Қалаларыңызда әр сала бойынша жылдар бойы қордаланып қалған, шешімін күткен мәселелер баршылық. Бүгінгі таңда сол мәселелерді шешу жұмыстарымен қоса, жаңа жобаларды да жүзеге асыру міндеттері тұр. Осы уақытқа дейін облыстық бюджетке аударылып келген 12,5 пайыз, яғни 1 млрд. 135 млн. теңге 2016 жылы Семейдің өзінде қалдырылып, қаланың даму қажетіне жұмсалатын болады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Семей десе тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы, нақтырақ айтқанда, қаланы жылумен қамтамасыз ету тұрғысындағы кемшіліктер қатар айтылады. Жыл сайын республикалық бюджеттен осы мақсатқа жұмсауға қаржы бөлініп жүр. Қаланы жылумен қамтып отырған бүгінгі қолда бар жүйені жаңалап, жөндеу, 2009 жылы қолға алынған, жалпы құны 35,8 млрд. теңге тұратын №1 ЖЭО және РК-1 жаңғырту жобасын кеңейту міндеті жоспарда тұр. Жылу қазандықтарын жөндеуден өткізсек, шығын азаяды. Инвесторлар қаржысы есе-бінен №3 ЖЭО нысанын салу жоспарда бар. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда, қаланың оң жағалауындағы тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етудегі күрмеулі мәселелердің түйіні шешіліп, Семейдің экологиялық жағдайына да жағымды әсерін тигізер еді. Бұл бағытта экономикалық-техникалық негіздеме дайындалып, ағымдағы жылы тиісті мемлекеттік сараптама қорытындысы алын-ған. Сонымен қатар биылғы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылумен қамту жүйелерін оңалтуға бағытталған, жалпы құны 3,2 млрд. теңге тұратын 10 жоба аясында жұмыс басталды. Ағымдағы жылы екі жобаны аяқтау жоспарда тұр, қалған сегіз жоба келесі жылы жалғастырылады. Ал жылу жүйелерін жөндеу шығынды азайтып, тұтынушыларды жылумен қамту жұмысына айтарлықтай оң өзгерістер әкелер еді. Семейдің ТҮКШ нысандарына жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында Еуропалық банктен 15 млрд. теңге несие алынды. Бұл қаржыға қаланы сумен қамтамасыз ету және жылу жүйелерін жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыруда шамдарды энергияны үнемдейтін шамдарға алмастыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар «Семей-Водоканал» кәсіпорнының арнайы жобасы бойынша жалпы құны 2,6 млрд. теңге тұратын несиелеу келісімшарты әзірлік үстінде. Оның аясында таяу аралықтағы екі-үш жыл ішінде сумен қамту жүйелері толықтай жаңғыртылатын болады. Семейліктердің көңілін күпті етіп жүрген тағы бір мәселе — қаланың бүгінгі келбеті. Шаһардың Бас жоспары бекітілген. Алдағы сәулет жұмыстарының барлығы сол Бас жоспарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Шағын мөлтек аудандардың орналасуын егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысы ерекше назарда. Сәулет құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде ғимараттардың биік болуы, сырт келбетінің сәнділігі, пәтерлер жобасының жаңа заман талабына сай болуы ескеріледі. Осы орайда Қарағайлы мөлтек ауданының жоспары аталған талаптарға сәйкес жасалып отыр. Бұл жерде 50 көп қабатты тұрғын үй бой көтермек. Сондай-ақ жаңа мектеп құрылысы, балалар бақшасы, сауда орындары да қаланың осы жаңа ауданында салынады деп жоспарлануда. Бүгінде аталған аймақта Назарбаев Зияткерлік мектебінің және медицина қызметкерлеріне арналған жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, Семейде тұрғын үйлерді көптеп салу жоспарда бар. Мемлекеттік бағдарламалар аясынан бөлек, «Ертіс» ӘКК қаржысы есебінен де тұрғын үйлер салу қолға алына бастады. ӘКК қаржыландырған үш үйдің бірі Народная көшесінің бойынан салынды, осы қараша айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы пайдалануға берілмек. Ал одан түскен қаржы жаңадан көп қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізу мақсатында жұмсалатын болады. Жалпы, биылғы жылы Семейде 10 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Олардың үшеуі 2020 жылға дейінгі аймақты дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстанның ТҮЖБ» АҚ және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ қолдауымен, ал жеті көп қабатты үй жеке инвесторлар есебінен салынған. Жаңа тұрғын үй кешендеріне қоса, қаланы көріктендіру жұмысына да баса көңіл бөлінбек. Тұрғындар жиі болатын жерлерді көркейту шаралары назарда тұр. Биылғы жылы «Дастан» кинотеатрынан бастап ескі көпірге дейінгі аралықтағы Ертіс жағалауы жөндеуден өтті. Орталық алаңға сәнді жаңа субұрқақ салынды. 40 метрге дейін көтерілетін, диаметрі 30 метрлік сәнді субұрқақ алдағы жылдың көктемінде іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Келергі жылы Семейде гүлзарлар көлемі арттырылмақ. Ол үшін қазірден дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Семейдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы да маңызды мәселелердің бірі. Аймақтық онкологиялық диспансер базасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен заманауи құрылғылармен жабдықталған медициналық кластер құру шаралары нәтижелі жүзеге асуда. Ал Мичурин көшесінің бойында 200 орындық қалалық балалар ауруханасын салу жоспарда тұр. Экономикалық-техникалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен жоба таяуда облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілді. Таяу уақытта, 2018 жылы, аталған нысанның пайдалануға берілуі керектігі негізгі шарт болып табылатын байқау жарияланады. Семей-қашанда әртүрлі спорттық додаларда топ жарған, республика атын әлемге әйгілеген спортшыларымен даңқы шыққан қала. Сондықтан да Семейде спортты дамыту — ерекше назарда тұрған мәселелердің бірі. Үстіміздегі жылы спортқа қабілетті балаларға арналған 200 орындық интернаттың құрылысы басталды. Аты айтып тұрғандай, онда облыс бойынша дарынды жеткіншектер қамтылмақ. Бюджеттен тыс қаржы есебінен жобалық құжаттары дайындалды. Жас спортшыларға қолайлы жағдай туғызатын бұл ғимарат құрылысын кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Досқожанов қолға алды. Спорт интернатына облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған балалар 7 сыныптан бастап қабылданбақ. Интернат тәрбиеленушілері жатын орынмен, тегін тамақпен, спорттық киімдермен, оқулықтармен және түрлі жарыстарға қатысу кезінде жолсапар қаражатымен қамтылатын болады. Пайдалануға беру мерзімі — келергі жыл. «Спартак» футбол клубы жайлы сұрақтар да көптеп түседі. Семей — қазақ футболының отаны. 2013 жылы аталып өткен ғасыр тойына спорттың осы түрінің көптеген жанкүйерлері, әлемдік футболдың есімдері аңызға айналған шеберлері келіп қатысты. Талай талантты спортшылар шыққан Семейдің «Спартак» командасының аты республикаға белгілі. Алдағы уақытта Семейде футболды, ал Өскеменде хоккейді дамыта түсу қажет. Сондықтан да «Спартак» және «Восток» клубтарын біріктіріп, Шығыс Қазақстан облысында бір футбол командасын құру туралы шешім қабылданды. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатындықтан, жағдайлары жақсарады және футбол клубының орталығы Семейде болады. Таяуда облысымызда спорттың осы түрін дамыту мақсатында футбол академиясы ашылмақ. Қыркүйек айында әлемнің 50 елінде испандық мамандар арқылы футбол мектептерін қалыптастырып тәжірибе жинаған «Soxna» компаниясы мен облыстық әкімдік арасында футбол мектептерін дамыту мақсатында меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда балаларды кешенді іріктеу жұмысы басталды. Жаттықтыру жұмысымен Испаниядан келген кәсіби мамандар айналысады. Сондай-ақ біздің жаттықтырушылар бірлесе жұмыс істей отырып, испандық әріптестерінен заманауи озық әдіс-тәсілдерді меңгереді деген үміттеміз.
— Аймақ басшылығына сіз келгелі, аудан-қалалардағы көп жылдар бойы тоқтап қалған сақалды құрылыстарға жан біте бастағанын да байқап жүрміз. Тұрғындар күдерін үзе бастаған көптеген мектептер, балабақшалар сынды әлеуметтік нысандар халық игілігіне беріле бастады. Көптеген жауапсыз мердігерлерді заң алдында жауапкершілікке тартуды да өз бақылауыңызға ала бастадыңыз. Әлі де аяқталмай тұрған құрылыстар бар ма, болса, алдағы нарық қыспағында олардың тағдыры не болмақ?
-Өкінішке орай, ондай нысандар бар. Облыстық құрылыс басқармасы және аудан, қала әкімдіктері бірлесе отырып, тоқтап қал-ған құрылыстарды қайта жандандырып, аяқтау барысында бірқатар іс-шараларды қолға алып жатыр. Салынып жатқан құрылыстардың пайдалануға беру кестелері жасалды. Жыл басынан бері құрылыс жұмысы тоқтап тұрған 64 әлеуметтік нысанның ішінен 23 ғимарат пайдалануға берілді, 24 объекті жыл аяғына дейін аяқталуы тиіс. Ал 17 нысанды келесі жылы аяқтау жоспарда тұр. Жалпы, 13 құрылыс нысандарының шешімі аса күрделі болатын. Олардың ішінде бүгінгі таңда пайдалануға берілген Шемонайха қаласындағы 280 орындық балабақша да бар. Сондай-ақ Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап кітапхананы жөндеу жұмысы, Зырян ауданындағы Чапаево ауылындағы 2013 жылы оқушыларға есігін ашуға тиісті орта мектеп құрылысы аяқталып, аталған нысандар мемлекеттік қабылдау комиссиясынан өтіп жатыр. Жыл соңына дейін Аягөз ауданындағы балабақша, Глубокое ауданындағы интернат үйі, Зайсан ауданындағы Сартерек ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория, Өскемен қаласындағы орта мектеп құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Зырян ауданына қарасты Грехово поселкесіндегі кеншілердің бұрынғы әкімшілік ғимаратын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы етіп қайта жөндеу жұмысы да аяқталмақ. Жалпы, «сақалды құрылыстар» арасында күрделі деп танылған төрт нысан құрылысын аяқтау келер жылға қалдырылатын болды. Олардың қатарында Үржар ауданындағы екі мектеп және Күршім ауданындағы бір мектеп бар. Семейдегі Затон полиция бөлімшесінің ғимаратын жөндеу жұмысы аяқталуға тиіс. Сондай-ақ құрылысы созылып кеткен Семей қаласындағы онкологиялық диспансердегі радиологиялық орталықты тезірек аяқтап, халықтың игілігіне пайдалануға беру міндеті тұр. Бұл нысандарда жұмыс жүргізген бас мердігерлер жобаны үш рет қабылдаудан өткізе алмады. Бүгінгі таңда бір ғана кемшілік радиологиялық орталықтың пайдалануға берілуін тежеп тұр. Құрылыс жұмыстарын аяқтау кезінде мердігерлерге қатаң талаптар қойылып, шаралар қолдануға тура келеді. Басқаша болмайды. Бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, маңызды нысандар құрылысының сапалы әрі мер-зімінде аяқталуы міндет.
— Елбасы экономиканың дамуына жолдардың қосар үлесі ерекше екенін ескере отырып, Қазақстанның барлық аймағын сапалы жолмен байланыстыру міндетін қойып отыр. Сіз де бұл бағыттағы жұмыстарды мықтап қолға алдыңыз. Бір шеті Қытаймен, енді бір шеті Ресеймен шекаралас жатқан ШҚО жолдарының бүгінгі сапасы қанағаттандыра ма?
— Автокөлік жолдары үнемі жіті назарда ұстауды талап етеді. Сондықтан да біздің өңірдің табиғат ерекшеліктеріне байланысты жол мәселесі күн тәртібінен түспейді. Көршілес мемлекеттермен байланыстырып жататын автокөлік жолдары ерекше бақылауда. Өйткені Қытай және Ресеймен сауда-экономикалық тұрғыдан байланыста бұл жолдардың маңыздылығы аса жоғары. Ресей шекарасына бастап баратын екі республикалық, үш облыстық тас жол бар. Биыл 48-56 км учаскедегі республикалық деңгейдегі Ресеймен байланыстыратын Өскемен-Шемонайха тас жолының 8 шақырымы жөнделді, алдағы жылы 97-102 км учаскедегі жолдың 5 шақырымы жөндеуден өтпек. Ағымдағы жылы «Уба» өткізу пунктінде күрделі жөндеу жұмысы басталды. Бұл бағытта жолдар тек жөнделіп қана қоймай, төрт қатар көлік жүретіндей дәрежеде кеңейтілмек. Аяқталу мерзімі — 2016 жылдың қазан айы. Республикалық деңгейдегі Ресеймен байланыстыратын 2-113 учаске 111шақырымға созылып жатыр. 2014 жылы 71-103км учаскенің 32 шақырымы жөнделді. Биыл «Ауыл» өткізу пунктінде күрделі жөндеу жұмысы басталды. Бұл жолды да жөндеумен қоса, төрт қатар автокөлік жүретіндей етіп кеңейту жоспарлануда. Аяқталу мерзімі — келергі жылдың қазан айы. Сондай-ақ биылғы жылы Бородулиха ауданындағы «Жезкент» шекара өткелі жөндеуден өтті. Ал облыстық деңгейдегі Семей-Долонь-Бесқарағай-Қоянбай тас жолы 2008-2014 жылдар аралығында күрделі және орташа жөндеуден өткен болатын. Сондай-ақ облыстық деңгейдегі Ресеймен байланыстыратын «Байтанат» шекара пунктіндегі 41 учаскедегі тас жолға күрделі жөндеу жүргізу аяқталды. Республикалық Таскескен-Бақты автокөлік жолының 20-100 шақырым жөндеуден өтті. 0-20 км учаскені жөндеу жұмысына жобалау құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке тапсырыс жасалды. Таяу жылдары 915-1289 км республикалық деңгейдегі Омбы-Майқапшағай автомагистралін шетелдік инвесторлардың көмегімен жөндеу жоспарлануда. Келергі жылы жобалау жұмыстарын жүргізу ісі басталады. Семей-Өскемен бағытындағы жолдың 69 шақырымын жөндеу 2016 жылдың жоспарында тұр. Тиісті құжаттар дайындалып, республикалық бюджетке тапсырыс жасалды.
— Суармалы жерлерді игеру – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі. Егіншілікті дамытуда, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсартуда, жаңа жұмыс орындарын ашуда жерді игерудің пайдасы зор екені белгілі. Облысымызда осы салада өзіңіздің тапсырмаңызбен атқарылған жұмыстарға тоқталсақ… Суармалы жерлерді игеру жұмысы қандай нәтиже беруде?
— Бүгінгі таңда облыс бойынша 200,7 мың га суармалы жер бар. Оның 150,7 мың гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бекітіліп берілген. Облыстық басқарма және аудандық әкімдіктер жүргізген тексеру кезінде бұл жерлердің жартысына жуығы, яғни 71,8 мың га мақсатты пайдаланылмаған немесе мүлде пайдаланусыз жатқан. Сондықтан да пайдаланылмай жатқан жерлерді алып, іске жаратуға ниеті бар басқа адамдарға беру туралы шешім қабылданды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы дерек бойынша, Үржар, Зайсан, Тарбағатай, Жарма, Көкпекті, Күршім, Ұлан аудандарында иге-рілмей бос жатқан, жалпы көлемі 9,7 мың гектар болатын осындай жерлер мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ тоғыз аудандағы 34,7 мың га жер бойынша жалға беру келісімшартын бұзу бағытында жұмыс жасалып жатыр. Бұл тізімде Семейдегі 1395 га жер де бар. Әрине, суармалы жерлерді пайдаға жаратпаудың негізгі себебі жауапсыздық екендігі белгілі. Дегенмен суару каналдарының апатты жағдайда болуы немесе пайдалануға жарамсыз болуы да бұл жұмыстың жүзеге асуына кедергі болып отырғанын түсінеміз. Алдағы уақытта су арналарына кешенді жөндеу жұмысын жүргізу қажет. Өткен жылдан бастап «Қазақстанның су ресурстарын басқару» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облысымызда 6 жобаны жүзеге асыру жұмысы Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандарында қолға алынды. Зайсан ауданында бұл нысан пайдалануға берілді, қалған екі ауданда келер жылы аяқталуға тиіс. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін 18 суландыру объектілерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Республикалық бюджеттен берілген қаржының негізгі суландыру арналарын жөндеуге бөлінгендігін баса айтқым келеді. Ал шаруашылықтардағы шағын көлемдегі жөндеуді қажет ететін жұмыстарды жергілікті әкімдік шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып өздері ретке келтіреді. Бұл орайда да атқарылған істер бар. Мысалы, Көкпекті ауданындағы «Теректі» шаруа қожалығы өз күшімен ұзындығы 17 км арнаны жөндеуден өткізіп, 1000 га жерді суару мүмкіндігіне қол жеткізді. Тарбағатай аудандық әкімдігі мен «Казводхоз» РМК жөндеу кәсіпорнының да осы орайда атқарған жұмысын айта кеткен орынды. Суармалы алқаптардың суару жүйелері қалпына келтірілген соң, Үржар және Тарбағатай аудандарының әкімдіктері тарапынан мал азығын дайындау мақсатында жерді инвесторларға беру жоспарлануда. Оның ішінде жаңа құс фабрикасының құрылысы да бар. Бос жатқан суармалы жерлерді игеру мал азығын дайындау мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, халықты көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз етудің қосымша мүмкіндіктері екендігі белгілі.
— Сіз біздің облысқа ең қиын кезеңде басшылыққа келдіңіз. Соған қарамастан, аймақ экономикасын көтеру тұрғысында көптеген жұмыстар атқарылуда. Биыл жыл басында тұрғындар алдындағы есептік кездесуіңізде облыс көлемінде 37 тауарлы — сүт фермалары құрылатынын айтқан едіңіз. Облыста халықтан сүт сатып алуды ұйымдастыру, сүт қабылдау бекеттерін ашу және сүт өңдеу кәсіпорындарының мүмкіндігін кеңейтудің кешенді жұмыстары қолға алынғандығынан хабардармыз. Сол межеленген 37 тауарлы — сүт фермаларының қаншасы ашылды? Өз аймағымызда өндірілетін сүт өнімдері облыс халқын қамтамасыз етуге қауқарлы ма?
— Біздің облысымыз сүт өндіруден республика бойынша үшінші орында. Өткен жылы өндірілген 775 мың тонна сүттің 55 мың тоннасы тауарлы — сүт фермаларының үлесіне тиеді. Бүгінгі таңда сүт өңдейтін кәсіпорындардың шикізатпен қамтылу деңгейі 35 пайызды ғана құрап отыр. Біздің облысымыздағы қалаларда тұтынушыларды сүтпен қамту талапқа сай емес. Мысалы, Семейде жергілікті тауар өндірушілер сүтпен халықтың 31,1 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Халықты сапалы сүт өнімдерімен қамту мақсатында 2016 жылдың соңына дейін кешенді бағдарлама жасалған. Облыс бойынша 13 мың сауын сиырды қамтитын 37 тауарлы — сүт фермаларын құру жоспарда тұр. Ұлан ауданында жаңадан ашылған екі сүт фермасы жұмысын бастады. Ұлан және Шемонайха аудандарында жыл аяғына дейін тағы екі ферма іске қосылмақ. Сондай-ақ жыл басынан бері сегіз сүт фермасы жөндеуден өтсе, жыл аяғына дейін тағы алты ферма жөнделеді. Жалпы, аймағымызда 4 жаңа, 14 жаңартылған осы бағыттағы фермалар биыл іске қосылды. Бұл ретте мемлекет тарапынан екі бағытта қолдау жасалып отыр. Біріншісі — 100, 200, 400 және 600 басқа арналған тауарлы — сүт фермаларын салу құрылысының дайын жобалық құжаттары беріледі. Кәсіпкер дайын жобамен жұмысын бастайды. Екіншісі- «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымдарды тартуға жұмсалатын шығынның белгілі бір бөлігіне мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Жалпы, бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында сүт өндіру көлемін тағы 21 мың тоннаға арттыру мүмкіндігі бар, яғни фермаларда өндірілетін сүт көлемін 75 мың тоннаға, ал сүт өңдейтін кәсіпорындардың тауар өндіру қуатын 78 пайызға дейін жеткізіп, екі есеге дейін арттырамыз деген сөз. Бұл орайда тағы бір маңызды бағыт, тағамның бұл түрінің 70 пайызынан астамы жеке шаруашылықтар шикізаты есебінен өндірілетіндіктен, сүт қабылдау пункттерін көбейту керек. Ағымдағы жылы ашылуы жоспарланған 33 сүт қабылдау пунктінің 24-і іске қосылды. Мүмкіндікті толық пайдалана алған жағдайда халықтан 25 мың тонна сүт сатып алуға болады. Әрі ауылды жерлерде қосымша жұмыс орындары да ашылар еді. Өкінішке орай, Семейде сүт қабылдау пункті жоқ. Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры тарапынан Семейде сүт қабылдау пунктін ашу мақсатында 6 миллион теңге бөлу жоспарлан-ған. Сондықтан да қала кәсіпкерлеріне осы іспен айналысуға болады. Бұл орайда қажетті жабдықтар өзіміздің Өскеменде «Үлбі модульдік компаниясы» кәсіпорнында құрастырылатындықтан, шетелден алудың қажеті жоқ. Олар қазірдің өзінде арнайы құрыл-ғыларымен 10 контейнерге тапсырыс қабылдапты.
— Облыста әлеуметтік қажеттіліктегі азық-түлік бағасын тұрақты ұстауда тұрақтандыру қорының маңыздылығы жоғары. Бұл мақсатта да көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын білеміз. Өзіңіз таяуда Семейді азық-түлікпен қамтамасыз ететін «Приречное» агрофирмасында болдыңыз. Жалпы, бүгінде облыс бойынша тұрақтандыру қорында сақталған өнімдер мен халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік дүкендер, тұрақтандыру қоры экономикалық ауыр кезеңде баға тұрақтылығын сақтауға қаншылықты ықпал ете алады?
— Шынында да, 2011 жылы құрылған облыстық тұрақтандыру қоры бүгінгі таңда азық-түлік нарығын реттеуде маңызды міндет атқаруда. Мәселен, картоп, сәбіз, қызылша, пияз тәрізді халық жиі тұтынатын көкөніс түрлері бағасының маусымдық кезеңдерде негізсіз көтерілуіне жол бермейтін саясатты жүргізіп отыр. Биылғы жылы Семейде тұрақтандыру қорына 5700 тонна картоп, 850 тонна қырыққабат, 600 тонна сәбіз, 150 тонна қызылша сатылып алынды. Аталған азық-түлік түрлері 69 сауда нүктелерінде келісіне 72 теңгеден қымбат емес бағада сатылуда. Бұл баға қараша айынан бастап келер жылдың мамыр айына дейін тұрақтылығын сақтайды. Сапалы әрі бағасы төмен азық-түлікке тұтынушылар сұранысы көп. Сондай-ақ, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тұрақтандыру қоры 2014 жылы баға нарығын реттеуге де оң ықпал еткен. Мысалы, картоп 11,7 пайызға, пияз 12,7 пайызға, сәбіз 7,8 пайызға арзандаған. Бағаның төмендеуіне тауар өндірушілермен делдалсыз, тікелей жұмыс істеудің де ықпалы зор. Тұрақтандыру қорында сондай-ақ литрі 210 теңгеден күнбағыс майы, келісі 185 теңгеден күріш те бар. Күріш қоры 49 тонна, күнбағыс майы 294 тоннаны құрайды. Ал Семейді азық-түлікпен қамтамасыз етуде ««Приречное» агрофирмасының үлесі айрықша. Өз алқаптарында өсірген көкөністерді арнайы қоймаларда сақтайтындықтан, тиімділік жоғары.
— Әдетте, әкімдер жаңа қызметке өзімен бірге «сенімді» адамдарын, яғни командасын алып келеді. Сіз Шығыс Қазақстанға өзіңізбен команда ала келмеген бірден-бір әкімсіз. Сондай-ақ әр ауданды сол жерде туып-өскен адам басқару керек деген сөзіңіз кейбір лауазым иелерін алаңдатса, қарапайым халықтың көпшілігінің көңілінен шыққанын байқадық. Жалпы, сіздің басқару стиліңіз, кадр мәселесіндегі саясатыңыз өзгешелеу. Өз командаңызды әкелмей, жергілікті мамандармен жұмыс істеу қызметте қиындықтар туғызған жоқ па?
— Басшының негізгі міндеті, бірінші кезекте, Елбасының тапсырмаларын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру екендігі белгілі. Ал жұмыстың мезгілінде әрі сапалы орындалуы үшін, өз ісін жетік білетін мамандар қажет. Кадр іріктеу кезінде әрбір мемлекеттік қызметшінің іскерлік қасиеті, біліктілігі, тәжірибесі — негізгі шарт. Бұл орайда жетекші мамандардың жергілікті жерден болуын дұрыс деп есептеймін. Өзімнің тарапымнан тағайындаған кадрлар сол сенімнен шығып жүр. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай да жалғасын табатын болады.
-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сұхбатты жүргізген Риза АСАНҚЫЗЫ.