Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі Семей қаласында елеулі маңызы бар көптеген танымдық-тағылымдық шаралармен басталған болатын. Әсіресе, өскелең буын арасындағы қазақстандық патриотизм мен отаншылдық сезімдерді еселеуге бағытталған іс-шаралар қатары тіптен мол болды. Осы орайда аптаның сенбі күні қаламыздағы Семей мемлекеттік медицина университетінде облыс әкімі Даниал Ахметов студенттер алдында «ХХІ ғасырдың мәселелеріне Президенттің берген жауабы» атты тақырыпта саяси-экономикалық салаға негізделген тұшымды дәріс оқыды.
Аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы ең алдымен еліміз бойынша іргелі жоғары оқу орны саналатын СММУ өміріндегі елеулі жаңалықтармен танысты. Университет ректоры Төлебай Рахыпбеков облыс әкімі бастаған мәртебелі меймандарды ең алдымен оқу орны қабырғасындағы жаңадан ашылған кабинеттермен таныстырып, оның оқу ісіндегі берер тағылымдық мәніне тоқталып өтті.
{jcomments on}Атап айтсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында ашылған «Достық», «Астана», «Үндістан», «Жапония» кабинеттерін аралап, студенттер әлеміндегі рухани-мәдени құндылықтардың алар орнына қанықты. Мәселен, «Әлем мұражайында» СММУ-нің жетістіктері, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен білікті профессорлар құрамы жайлы ғана емес, Елбасы Н.Назарбаевтың медицина саласы мамандарына міндеттеп отырған межелері жайлы да тұшымды мәліметтер қойылыпты.
Сонымен қатар аймақ басшысы жаңадан ашылған «Бейбітшілік мұражайымен» танысып, көрмеден орын алған Семей ядролық сынақ полигонының адам ағзасына әсері және полигон аумағындағы тұрғындарды медициналық тұрғыдан оңалту бағытындағы университет ғалымдарының ғылыми жұмыстары жайлы сұрастырды.
Облыс әкімі Даниал Ахметов әсіресе университеттің компьютерлік залы түрінде жабдықталған ерекше дәрісханасында ұзағырақ аялдады. Мұнда жалпы медицина факультетінің студенттері науқасқа жедел медициналық жәрдем көрсету барысын театрландырылған көрініс арқылы сомдап, адам өмірін арашалап қалуда дәрігер мамандардың қалай қызмет көрсетуі керектігін көрсетіп берді. Болашақтың жас медицина қызметкерлеріне табыс пен сәттілік тілеген аймақ басшысы сонымен қатар, университеттің оқытушылық құрамымен де танысты. Қазіргі күні тек республика бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары баға алған аталмыш оқу орнында 36 ғылым докторы, 8 PhD докторы, 163 ғылым кандидаты жемісті еңбек етуде. Бес мыңдай студент тәлім алатын білім ордасы сапалы білім беруде халықаралық стандарттарға сай жұмыс жасауда. Бұдан бөлек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары басымдықтары аясында өзіндік жұмыс жүргізуде. Оның ішіне тек денсаулық сақтау, осы бағытта ғылыми жұмыстар жүргізу ғана емес, педагогикалық құрам арасындағы жемқорлық фактілеріне жол бермеу шаралары да тиянақты қарастырылған. Мұның барлығы, түптеп келгенде, университеттің қалыпты жұмыс істеуіне зор жағдай туғызады екен.
Осыдан соң облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы оқу орнының акт залында студенттерге арнап «ХХІ ғасырдың мәселелеріне Президенттің берген жауабы» тақырыбында дәріс оқыды. Аймақ басшысы өз сөзінде қазіргі кезеңдегі қалыптасқан халықаралық тенденцияға тоқтала отырып, геосаяси ахуал жайында айтып өтті.
— Құрметті жастар! Мен сәті түскен бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын! Жастар — қоғамның көркі мен келбеті, күші мен қуаты. Жастары белсенді елдің болашағы жарқын. Елімізде жастардың қалаған білімін алып, өзі үшін, Отаны үшін еңбек етуіне барлық жағдайлар жасалған. Мен Сіздерді Елбасы сенімін, ата-ана және ел үмітін ақтайтын Қазақстанның белсенді азаматтары болады деп сенемін, — деп атап өткен облыс әкімі Елбасының «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарының негізгі міндеттемелеріне тоқталды. Бес институционалдық реформа аясында туындайтын бұл бағдарламалық құжат — Ұлт Көшбасшысының біздің елімізді әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосу жолындағы бірден-бір маңызды еңбек.
Бұл ретте бес реформаның негізгі міндеттеріне әр қырынан тоқталып өткен Даниал Кенжетайұлы Ұлт Жоспарының ел болашағының айқын кепілі екендігін дәйекті мысалдар келтіре отырып дәлелдеп берді.
Сонымен қатар экономика һәм саясат әлеміндегі көрнекті қайраткер ретінде аймақ басшысы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты ел экономикасының дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам екендігін атап өтті. Бұл бағытта Елбасының бастамаларымен қолға алынған шаралар қазірдің өзінде жемісін беруде. Атап айтсақ, қазақстандықтардың өмір сүру жасы 71 жастан асқан. Сондай-ақ кедейшілік шегі 3 пайызға төмендеген, әрі ана мен бала өлімі елеулі түрде азайған. Мұнымен қоса күш салудың нәтижесінде туберкулез сынды әлеуметтік сырқаттар фактілері де жыл өткен сайын айтарлықтай кеміп келеді.
Даму даңғылындағы жетістіктер қатары бір бұл емес. Ұзақ мерзімді даму жоспары болғандықтан да «Қазақстан — 2050» Стратегиясы аясында еліміздегі, соның ішінде шығыс өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып, жаңадан жұмыс орындары ашыла беретін болады. Әрі заманауи үлгідегі мектептер мен ауруханалар ел азаматтарына сапалы қызмет көрсетеді. Ал мұның барлығы, түптеп келгенде әрбір қазақстандықтың бақуатты тұрмыс кешуіне оң ықпал етпек.
Осы ретте аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы «100 нақты қадамның» әрбір қадамына тоқтала отырып, осы реттегі атқарылуы тиіс шараларға тоқталды.
Облыс әкімі бұл кездесудің жайдан-жай ұйымдастырылып отырмағанын айтып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Елбасының елімізді өркендетудегі һәм әлемдік саясатқа ықпалы жөнінде қадау-қадау мәселелерге тоқталып өтті. Сондай-ақ осынау мерейлі мейрамның мән-маңызының ерекше екендігін айтып, жастар қауымын бұл күнді мерекелеудің астарына тереңірек үңілуге шақырды.
— Бұл айрықша күн Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегіне деген ілтипатты білдіреді. Тек Президентіміз ғана Қазақстандағы жаңашылдықтардың орын алуына бастамашы болып, бірқатар реформалардың нәтижелі жүзеге асуына ықпал ете алды. Тек Президентіміз ғана Семей сынақ полигонынан саналы түрде бас тартып, әлем бойынша жаппай қырып-жою мүмкіндігі жөнінен төртінші орын алатын зұлымдық ошағын жапты. Осылайша, еліміздің ғана емес, күллі әлемнің қауіпсіздігі жолында ерекше маңызды қадам жасады, — деп атап өте келе Н.Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде жүзеге асып жатқан игілікті шаралар қатарына кеңірек тоқталып өтті.
Аймақ басшысы сонымен қатар өңіріміздегі инвестиция тарту мәселесі, денсаулық сақтау, білім беру салалары жайында да сөз қозғап, пікір орайында өз көзқарасымен де бөлісті. Мәселен, 12 жылдық білім беруге көшу және ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығы жайлы айта келе, мемлекеттік тіл — қазақ тілінде сөйлеуге байланысты ойын айтып өтті.
— Біз ұзақ жылдардан бері өзге тілді ортада қазақ тілін оқытып келеміз. Алайда ол жастардың көпшілігі мектепті бітірген соң да қазақ тілінде сөйлей алмайды. Проблема ма проблема! Ал әкімдер солардың арасынан қазақша сөйлей алаты өзге ұлттың өкілін тауып алады да, көпшіліктің алдына шығарады. Біз соған балаша қуанамыз. Осы дұрыс па? Дұрыс емес! Сіздердің замандастарыңыз — орыс, украин, еврей ұлтының балалары қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмайды. Мұндағы басты проблема оқытудағы методиканың дұрыс еместігінде жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобы құрылып, Қазақстан бойынша тұңғыш рет оқытудың ерекше, мүлде өзгеше әдістемесі әзірленуде. Онда ағылшын тілін үйренудегі тәрізді, сөйлесу тәжірибесіне баса мән берілетін болады. Біз осылайша Абай тілін, Мұхтар тілін үйренушілерге жақсы мүмкіндік беруіміз керек. Тіл үйренушілер күрделі грамматиканы меңгеруде қиналмауға тиіс. Рас, біз қазақ тілін білуіміз керек, себебі бұл — біздің Отанымыздың тілі. Біз орыс тілін білуіміз керек, себебі бұл — ресми тіл. Сондай-ақ біз ағылшын тілін де жақсы меңгеруге тиіспіз. Оның себебі әлемдегі экономикаға ене аламыз. Бұл тіл медицина саласын дамыта түсу үшін де қажет, — деп атап өтті.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің дәрісі осылайша, нақты тұжырымдармен қатар, өзіндік құнды пікірлермен де тұшымды өрбіді. Бүгінгі қоғамымыздағы әр мәселені ашық түрде талқылап, ортақ қорытынды жасады.
Расында, ертеңгі келешектің иегерлері жастар қауымы десек, аймақ басшысының мол мағлұматтарға толы мәнді баяндамасы нағыз мемлекетшіл тұлғалардың қалыптасуы жолында жастарға оң бағыт-бағдар сілтейді деп білеміз. Бұл жайында Даниал Кенжетайұлы сөзінің қорытындысында да тоқталып өтті.
-Қадірменді студенттер! Еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті бағалай біліңдер! Отан дегеніміз — ол сендердің ата-аналарың, туыстарың, достарың және кең-байтақ жеріміз! Отанымыз Қазақстан үшін еңбек етуге ерінбеңдер! Баршаларыңа тек сәттілік тілеймін, — деген облыс әкімі білімге ұмтылушы, заманауи талап үрдісінен шыға білетін жастарға үлкен үміт артатынын жеткізді.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ, «Семей таңы»