Кеше, 21 қараша күні, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарын таныстырды. Аталған қызметке бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған Әсем Нүсіпова тағайындалды.
Әсем Нүсіпова 1975 жылы 1 мамырда дүниеге келген. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «экономист, менеджмент саласының маманы» мамандығы бойынша тамамдаған. Ал 1998 жылы «Экономист» мамандығы бойынша аталған университеттің магистратурасын бітірді.
Еңбек жолын 1997 жылы консалтингтік компанияның сарапшысы ретінде бастады. Бұдан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, «Деловая неделя» апталығының экономикалық шолушысы болды. Мемлекеттік қызметте 2001 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, Президент Әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі, Қаржы министрінің кеңесшісі, Премьер-министрдің кеңесшісі болып еңбек етті. 2005-2007 жылдары Премьер-министр Кеңсесінің талдаулар жиынтығы бөлімінің меңгерушісі, 2008 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары лауазымын атқарды. ШҚО әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болған.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.