Сәрсенбі, 1 наурыз күні Семей қаласында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Семей қаласының 2016 жылғы әлеуметтік – экономикалық даму қорытындысы және 2017-2019 жылдарға арналған міндеттер туралы мәселе қаралды. Көшпелі отырысқа қалалар мен аудандар әкімдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар басшылары, Семей қаласы әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтер әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен даму институттарының өкілдері, қалалық Қоғамдық кеңес, кәсіпорындар мен ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және баспасөз өкілдері қатысты.
Әкімдік отырысын ашқан облыс әкімі Даниал Ахметов көшпелі отырыстың маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі. Алғаш болып баяндама жасаған Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қала экономикасының базалық салаларында өсімнің оң нәтижесі барын, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі, бөлшек сауда айналымы, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, құрылыс жұмыстары, белсенді кәсіпорындар саны артқанын айтып, сондай-ақ оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын дұрыс таңдауды қамтамасыз ету біздің ортақ жұмысымыз екенін жеткізді.
— Биылғы жыл еліміз үшін аса маңызды. Қазақстан жаңару жолына түсті. Конституциялық реформа мен жаңа Жолдау демократиялық процестің эволюциялық бағытын анықтайды. Саяси жаңғыру күшті Президент, беделді Парламент, есеп беретін Үкімет принципіне негізделген. Басты мақсат — елдің жағдайын жақсарту. Елбасы өз Жолдауында алдымызға жедел орындалуы тиіс міндеттер қойды. Бәсекеге қабілетті экономиканың жаңа моделін құру — заман талабы. Бірлігі жарасқан берекелі халқы бар Семей елі қашанда Президент сенімін ақтап, әр бастамасын қызу қолдайды. Біз барды бағалаған елміз. Сондықтан экономиканы басшылыққа алып, қаламызды одан әрі дамытуға тиіспіз,- деді қала әкімі Ермак Сәлімов.
Шаһар басшысы Семейде 154,2 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 27,2 млрд. теңгеге артық орындалғанын, өнімнің негізгі көлемін – 70 пайыздан астамын — қаланың ірі кәсіпкерлері өндіргенін атап өтті. Семейде жеңіл өнеркәсіп те де ілгерілеушілік бар. Айталық, «Семспецснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа тігін фабрикасын іске қосса, «Роза – ВВК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі киіз бұйымдарын шығару бойынша технологиялық желі орнатқан.
Үшінші жаңғыртудағы аса маңызды басымдықтардың бірі бизнес- ортаны түбегейлі кеңейту және жақсарту болып табылады. Бизнесті қолдау және белсенділігін арттыру үшін қалада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықта осыған дейін 9,5 мың кәсіпкерге 16,3 мыңнан астам консультативтік қызмет көрсетіліпті. Ал өткен жылы үш мыңнан астам кәсіпкерге төрт мыңнан артық қызмет көрсетілген.
Ермак Сәлімов қаладағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 44,9 млрд. теңгені құрағанын, бұл инвесторлардың Семейді дамыту жобаларына қызығушылықпен қарайтынын айғақтайтын көрсеткіш екенін атап өтті.
— 2015-2019 жылдарға арналған облыстың кәсіпкерлерін қолдау картасына Семейден жалпы құны 249,9 млрд. теңгені құрайтын, 1242 жаңа жұмыс орнын ашатын жеті жоба енгізілген. Соның ішінде үш нысан қолданысқа берілді. Атап айтқанда: электр желісі бағандарын, автоклавты газбетон және фанер, OSB тақталарын өндіретін кәсіпорындар.
Семей қаласы экономикасының маңызды секторы агроөнеркәсіптік кешен болып табылады. 2016 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 26,8 млрд. теңгені құрады. Бұл 2015 жылғыдан 1 млрд. теңгеге артық. Ең бастысы, Семейдің аграрлық секторында саланы ары қарай дамытудың, жергілікті тұрғындарды сапалы азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етудің, халықтың әл-ауқатын көтерудің барлық мүмкіндіктері бар. Оған қоса ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржылай қолдау және ауыл шаруашылығы тауарларының тиімді нарығын қалыптастыру бағытында жұмыстар белсенді жүргізілуде. Нәтижесінде ет өндіру көлемі 18 пайызға, сүт 1 пайызға өссе, жылқы малының басы 10 пайызға, мүйізді ірі қараның басы 7 пайызға, құстың саны 10 пайызға дейін көбейді,- деді Е.Сәлімов.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов Елбасы Жолдауында ауылшаруашылық кооперативтерін құру арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту және тиімділігі жоғары өндірістерді ұйымдастыру ауыл шаруашылығындағы маңызды бағыттар ретінде анықталғанына баса назар аударды. Ал етті бағыттағы мал шаруашылығының тынысын ашу үшін, өнімділігі жоғары асыл тұқымды түліктерді өсіруге баса көңіл бөлінген екен. Осы орайда «Көпежан» шаруа қожалығында сүт-тауарлы фермасы қолданысқа берілсе, «Нұр» шаруашылығында ферма құрылысы аяқталып қалыпты.
Қала әкімі өткен жылы облыс әкімінің пәрменімен Семей қаласынан облыстық бюджетке барлық нормативтік аударымдар тоқтатылып, соның нәтижесінде барлық әлеуметтік міндеттер толықтай орындалып, қала бюджетінің көлемі 1,2 млрд. теңгеге дейін өскенін атап өтті.
— Болашақ экономикалық өсімді есепке алған күннің өзінде, жоспарланған меншік табыс 300 млн. теңгеге артығымен орындалып, 14,8 млрд. теңгені құрады. Осы бюджеттердің қаражаты есебінен қалаға 13 млрд. теңге ақша келіп түсті. Қала бюджетінің жалпы көлемі 27,8 млрд. теңгені құрады. Соңғы үш жылда қалалық бюджет 8,6 млрд. теңгеге өскен.
Қала қазынасында әлеуметтік салаларға басымдық берілген. Ағымдағы барлық шығындардың 50 пайыздан астамы білім және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына жұмсалуда,- деген Ермак Бидахметұлы қаланың әлеуметтік нысандары мен су, жылу, электр желілерінің инженерлік инфрақұрылымдарын салу және жаңғырту мәселелері шешіліп жатқанын, бұл қала халқының тіршілігіне оң әсер ететінін сөз етті.
— Өткен жыл қаламыз үшін табысты болды. Жерлестеріміздің табанды еңбегінің нәтижесінде алдымызға қойылған негізгі жоспарлар орындалды. Мұның барлығы Үкімет қолдауы мен ішкі саяси тұрақтылықтың нәтижесі. Өткенге есеп беріп, болашақтан жақсылық күтетін еліміз үшін биылғы жыл да берекелі, табысты болады деп сенеміз,- деді қала әкімі.
Өткен жылдың қорытындысы жайлы баяндаған Ермак Сәлімов әңгімесін алдағы жоспарларға ойыстырды. Осы орайда қала әкімі облыс әкімінің тапсырмасымен 2017-2019 жылдарға арналған Семей қаласын дамытудың жоспары әзірленгенін, даму жоспарын жүзеге асыру үшін үш жылдың ішінде барлық қаржы көздерінен 113 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның ішінде ұлттық қор мен республикалық бюджеттен – 29,4 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 24,5 млрд. теңге, қалалық бюджеттен – 4,5 млрд. теңге, қосымша балама көздерден – 54,6 млрд. теңге, оның 6,2 млрд. теңгесі «Бәйтерек Девелопмент» АҚ инвестициялық компаниясынан, 5,9 млрд. теңгесі «Ертіс» ӘКК-нен, 18,3 млрд. теңгесі Еуропалық қайта құру және даму банкінен, 2,6 млрд. теңгесі «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ есебінен, 21,5 млрд. теңгесі жеке инвестициялардан бөлінуі тиіс. Бірінші кезекте басымдық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жолаушылар көлігін дамыту салаларына бағытталмақ. Осы бағыт бойынша 24 ірі инвестициялық жоба жасалып, 42,3 млрд. теңге игеру қарастырылуда, оның ішінде абаттандыру және жолдарды жөндеу бойынша 8,2 млрд. теңгенің 11 жобасы қарастырылған.
— Ертіс өзенінің жағалауы және Ленин көшесі, темір жол вокзалы маңындағы алаң және Әуезов атындағы алаңдар абаттандырылатын болады, қала бойынша 18 спорт алаңы орнатылып, 25 аялдама павильоны ауыстырылады. Қала жолдарын жөндеуге жыл сайын 1 миллиард теңге бағытталатын болады, бұл үш жыл ішінде қаланың қашықтығы 75 шақырымдық 48 көшесін жөндеуге мүмкіндік бермек,- деді Е.Сәлімов.
Еуропалық қайта құру және даму банкінен инвестиция тартуға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталған қала әкімі алдағы уақытта төрт басым бағыт бойынша жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Жалпы көлемі 18 млрд. 300 млн. теңге болатын қаржы жылумен, сумен қамту және көше жарығы мен қоғамдық көлікті жаңғырту салаларына жұмсалмақ. Алғашқысы — 8,4 миллиард теңгеге жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға арналған жоба. Аталмыш салаға 2017 жылдан бастап банктен заемдық қаржы тартылмақ. Жоба аясында 25,7 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылып, ескірген құрал-жабдықтар ауыстырылады. Ал сумен қамту және су бөлу секторында ЕҚҚДБ-мен жасалған несиелік шарт аясында 2,6 миллиард теңгеге 17 шақырым желінің жаңартылуы көзделуде. Сонымен қатар жоғарыдағы бюджеттер қаржысы есебінен жалпы сомасы 4,2 миллиард теңге болатын 6 жобаның іске асырылуы қарастырылған. Үш жыл ішінде Затон аралындағы сутартқыны қайта құру үшін жұмыстар жүргізілетін болады, 21,7 шақырым болатын сумен қамту желісі ауыстырылады, қашықтығы 1,6 шақырымдық Ертіс арқылы өтетін кәріздік дюкер қайта құрылады.
Үшінші бағыт көше жарығы жүйесін жаңғырту болып отыр. Оның аясында 7,3 мың шамды үнемдегіш шамдарға ауыстыру күтілуде. Жобаның құны 2,8 миллиард теңге. Сонымен қатар қалалық желілердегі автобустарды жаңартуға бағытталған жоба да әзірленуде. Бұл жобаның алдын ала бағасы 4,5 миллиард теңгені құрайды екен.
Семей қаласында құрылыс саласы да дами түспек. Өткен жылы 51,2 мың шаршы метр болатын 12 көп пәтерлі үй салынған. Алайда бұл да аздық етуде. Семейді дамыту жоспарына сәйкес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына және оларға инженерлік желілерді тартуға түрлі қаражат көздерінен 28,1 млрд теңге жұмсалмақ. Көп қабатты тұрғын үй құрылысы толықтай Қарағайлы шағын ауданында жүргізіледі. 18 көп қабатты үйдің құрылысы 11,1 млрд. теңге көлемінде даму институттарының қаржысын тарту есебінен жүргізілмек. 20 үйдің құрылысына 9,5 млрд. теңге көлемінде республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінеді. Сонымен қатар қаланың Қарағайлы шағын ауданында 2017 жылы бірегей «Абай Арена» мәдени-спорттық орталығының құрылысы басталмақ.
— Бүгінгі күні Семейде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде қала бойынша 9125 отбасы тұр. 20,8 мың қала тұрғынының «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ–да жиналған қаражаттары бар. Тұрғын үй құрылысын дамыту шеңберінде көп пәтерлі тұрғын үйлердің және оларға тартылатын инженерлік жүйелердің құрылысы қарастырылған, бұл мақсатқа барлық қаржыландыру көздерінен 28,1 миллиард теңге көлемінде қаржы бағыттау жоспарлануда. Көп қабатты тұрғын үй құрылысына арналған негізгі тұрғын аудан ретінде Қарағайлы ықшам ауданы таңдалып алынған, ондағы 18 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 11,1 миллиард теңге көлеміндегі қаржысы тартылады. Қарағайлыдағы тағы 20 үй республикалық және облыстық бюджет есептерінен 9,5 миллиард теңгеге салынады. Барлығы үш жылдың ішінде Семей қаласында пайдалануға 300 мың шаршы метр баспана беріледі, оның 138,5 шаршы метрі Қарағайлы тұрғын ауданында,- деді Е.Сәлімов.
Семейде жекеменшік тұрғын үй құрылысы да қарыштап дамымақ. Шаһарды дамыту жоспарының үшінші бағыты бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. Өйткені соңғы жылдары қала тұрғындарының саны артып келеді.
Соған сай жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегі де артқан. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Аталмыш мәселеге Елбасы Н.Назарбаев та назар аударып, ағымдағы жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастаған болатын.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады. Бұл алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын баспанамен қамту жөніндегі маңызды мәселені шешуге бағытталған. Бағдарламадағы бағыттардың бірі жеке тұрғын үй құрылысын ары қарай дамыту болып табылады. Ал баспананың тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, 1 шаршы метрдің құны 120,0 мың теңгеден аспайтындай етіп қарастырылған. Жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру мәселесін шешуге Семей қаласын дамытудың Бас
жоспары бекітілген және келешек тұрғын үй құрылысына арналған 10 аумақ белгіленген екен.
— Жекеменшік тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін әзірлеуге қатысты алгоритм әзірленіп отыр. Бұл болашақта жер телімдеріне кезекті қысқартуға және инфрақұрылыммен қамтылған 13 715-тен астам жер телімін беруге мүмкіндік береді.
10 тұрғын ауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар мен жолдар құрылысының жалпы шығыны 35 849,9 млн. теңгені құрайды. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында жыл сайын республикалық бюджеттен жекеменшік тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тартуды қаржыландыру қарастырылуда. Семей қаласының 10 жеке тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік желілерді тарту жұмысы және жол құрылысы кезең-кезеңмен жүргізілетін болады,- деді қала әкімі Ермак Бидахметұлы.
Жиында қала басшысы, жоспардың төртінші бағыты бойынша, білім, денсаулық сақтау және спорт нысандарының құрылысын жүргізуге барлығы 12 инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылып отырғанына да тоқталды. Қала әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы Бобровка кентіндегі 600 орындық және Ұшақтар кентіндегі 1200 орындық мектептердің құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар Степной кентінде 300 орындық мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу іске асырылмақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 7,2 миллион теңге мөлшерінде қаржы қарастырылған. Бұдан өзге
жекеменшік инвесторлар қаржыларына Шығыс кентінде және Қарағайлы ауданында әрқайсысы 320 орындық екі балабақша салынбақ. Сондай-ақ Қызыл кордон ауданында құны 16,2 миллиард теңге болатын 200 орындық балалар ауруханасын салу жоспарлануда.
Жалпы алғанда, даму жоспарын іске асыру қала экономикасының өсіміне мультипликациялық әсер береді, яғни құрылыс индустриясы кәсіпорындарының жүктемесі артады, құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғаяды, шағын және орта бизнес нысандарының қызметі ширай түседі, жұмыспен қамту жақсарып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі көтеріледі.
Жалпы, Семей шаһарын дамыту жоспарына сай, 2019 жылға дейін қаланың барлық көшелері мен демалыс орындары көркейтіліп, жылу жүйелері жаңартылып, кәзір жүйелері дюкерлерінің мәселелері шешілмек. Бұдан өзге, жоғарыда атап өткеніміздей, 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5 мың орындық мәдени-спорттық кешен салынады. Осы және басқа да ауқымды оң өзгерістер Семей жұртшылығының тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға үлкен септігін тигізбек. Мұны көшпелі отырысқа қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов те растады.
— Семейді дамытуға арналған үш жылдық жоспар қаланың ерекшеліктерін ескеріп, қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Осыған дейін облыстық бюджетке аударылатын қаражат енді қалалық бюджетте қалдырылмақ. Соңғы үш жылда қала бюджеті 55%-ға артқан. Біз қала басшылығынан жоспарды іске асыруға өте жауапкершілікпен қарауды талап етеміз. Бұл қатаң сұралатын болады. Күн сайын өз әкімдеріңізден талап етіңіздер!- деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Көшпелі отырыста сондай-ақ Семей қаласының индустриялы-инновациялық дамуы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, қаржылық дамуы туралы облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев, ауыл шаруашылығы кешенін дамыту барысы жайында әкім орынбасары Дүйсенғазы Мусин, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көлік инфрақұрылымдары жайында Серік Ақтанов, әлеуметтік салалар жөнінде Әсем Нүсіповалар баяндады.
Келелі басқосуда сондай-ақ Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлеубай Рахыпбеков, №19 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Әсия Ахмерова мен «Сәт Транс» АҚ бас директоры Нұрлан Байбековтер де сөз алып, Семейдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл сайын артып келе жатқанын айтып, 2016 жылда атқарылған нәтижелі жұмыстар алдағы уақыттары да өз жалғасын табатынына сенім білдірді, сонымен қатар барлық салалар бойынша ілгерілеушілік байқалатынын жеткізді. Мінберде сөз алғандар сондай-ақ қаланың кескін-келбеті өзгеріп, абаттандыруға қомақты қаражат бағытталғанын, инвесторлар қатары көбейіп, халықаралық даму институттарымен де жұмыс нәтижелі іске асырылып жатқанын баса айтты. Ең бастысы, семейліктердің әл-ауқатын арттыруға септігін тигізіп отырған жұмыстардың барлығы көпшіліктің көңілінен шықты.
Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің Семей қаласындағы көшпелі отырысынан кейін аймақ басшысы Даниал Ахметов бастаған топ Семей спорт академиясының базасында өткізілген жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне қатысты. Ал одан кейін қала мен аудан әкімдері өткен жылы ғана пайдалануға берілген Семей спорт академиясы мен Қарағайлы ықшам ауданында пайдалануға берілген Назарбаев Зияткерлік мектебі ғимаратымен де танысуға мүмкіндік алды.
Құрметті оқырман, «www.burkit.kz» сайтында сауалнама жүргізбес бұрын, осы тақырыпқа себеп болып отырған екі көшеге есімі берілген Николай Морозов пен Ғылым Елемесов жайында «Семей таңы» газетінде бірнеше мақала жарыққа шығып, көше атауларын өзгеру жайында бастама көтергенімізді естеріңізге сала кеткен жөн болар. Егер назарыңыздан тыс қалса, «Морозов деген кім болған?» (№71, 6 қыркүйек, 2016 жыл), «Ащы шындық па, әлде тәтті өтірік пе?» (№4, 13 қаңтар, 2017 жыл), «Желтоқсан сайын жетім боп, бір жылап алар жүрек бар» (№92, 18 қараша, 2016 жыл) сынды мақалаларды әлі де «Семей таңы» газетінен немесе ««www.burkit.kz» сайтынан оқып танысуға мүмкіндік бар.
Асан МЫРЗАХАН, «Семей таңы»