Азық-түлік бағасын қымбаттату үрдісі жыл санап артып келеді. Бұрындары мұндай көрініс тек маусымдық кезеңдерде белең алып жатса, бүгінгі күні оған да қарамайды. Қымбатшылықтың салқынын сезінгелі халық жабық инфляцияға да, ашық инфляциялық үдеріске де таңғалмайтын болды. Енді қайтсін, адам болғаннан кейін тіршілігін жасайды да. Қалталары қалыңдар қымбатшылықты пысқырмайды. Әлдекімдер болса әрең күнін көріп жүр. Адал еңбек, маңдай термен тапқан-таянғанын күнделікті тұтынатын азық-түлікке әупірімдеп жеткізіп, жан бағып жүрген жандар қаншама.
Сонымен, баға мен шама арасының алшақтауына не себеп? Бағаны тұрақтандырудың амалы қайсы? Көпшілік көңілін күпті еткен сауалдарға әркім әділ жауап іздейді. Ендеше, шама-шарқымызша біз де бұл мәселені бағамдап көрелік.
Бізде бағаны тұрақтандыру Үкіметтің бақылауында. Мемлекет тарапынан қолға алынған тиісті шаралар шеңберінде арнайы құрылған тұрақтандыру қорлары жұмыс істейтінін де жақсы білеміз. Бұл бағаның негізсіз шарықтап кетпеуіне әрі алыпсатарлыққа тосқауыл қоюға, маусымдық ауытқушылық кезінде орын алатын азық-түлік нарығын реттеуге ықпал етеді. Тұрақтандыру қорлары демекші, мұндай қор Семейде 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Аталған қор жыл сайын билік бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шаруа қожалықтарынан сатып алып, халыққа қолжетімді бағада ұсынуы тиіс. Десек те азық-түлік бағасын көріп, бұл жай ғана көзбояушылық па деген әсерде қаласың кей кездері. «Әлде бұл бағыттағы шаралар тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ па?» деген ой да мазалайды.
Семей қаласының статистика басқармасының ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы әлеуметтік маңызы бар тауардың тек екеуінің ғана бағасы өскен. Қырыққабат 11,3 пайызға, тауық жұмыртқасы 2,1 пайызға қымбаттаған деседі. Бірінші сұрыпты ұн — 4,3, рожки — 2,1, қарақұмық — 3,4, күріш — 0,9, картоп — 8,8, пияз бен қырыққабат — 2, қант — 0,9, тауық еті — 1,8, пастерленген сүт — 2,1, сары май мен сүзбе 0,9 пайызға арзандаған, ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, күнбағыс майы, сиыр еті, айран және тұздың бағасы тұрақты дейді ресми дерек.
— Базарда бәрі де қымбат. Ай сайын қолымызға тиетін еңбекақының басым бөлігі азық-түлікке жұмсалады. Оған қоса коммуналдық шығындарды да дер кезінде өтеп отыру керек. Тұрақтандыру қоры көкөністерінің сапасы кейде көңіл көншітпейді. Сондықтан жергілікті өнімді емес, өзге аймақтардан әкелінген көкөністерді ара-тұра тұтынуға тура келеді. Ал олардың бағасы әлдеқайда қымбат,-дейді Семей қаласының тұрғыны Маржан Құрмашева.
— Біз азық-түлік тауарларын көтерме бағамен сатып аламыз. Бағаның өсуінен бізге еш пайда жоқ. Қымбат тауарды ешкім де сатып алғысы келмейді,- деп ағынан жарылды саудагер Назигүл.
Сонымен, қымбатшылық-тың басты себептері қандай? Осы сұрақтың нақты жауабын алу үшін қалалық кәсіпкерлік бөлімге келдік. Бөлім басшысы міндетін атқарып отырған Бауыржан Юсупов бағаның сан құбылуын ұлттық валютаның әлсіреуі, табиғи монополиялар қызметіне тарифтердің өсуі, маусымаралық кезең, көлік-логистикалық инфрақұрылым сынды бірқатар факторлармен байланыстырады.
Қазақстан Республикасы-ның Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Жаңа жылдың 3-9 қаңтары күндері күріштің 1,8, қарақұмықтың 2,1, тауық етінің 2,2, пастерленген сүт пен қанттың 0,9 пайызға төмендегенін байқауға болады. Ал сәбіз бен пияздың бағасы — 2, қырыққабат 6,4 пайызға көтеріліп үлгерген. Семейде, күнделікті мониторингке сәйкес, 1-16 қаңтар аралығында қарақұмық — 4,8, картоп — 3, сәбіз — 2,1 және қант 2,8 пайызға арзандаған.
— Маусымаралық кезеңде өсімдік өнімдерінің бағасы бірден қымбаттайды. Мысалы, қанттың бағасы жаз ортасында және соңында күрт өседі. Өткен жылы қант бағасының себепсіз өсуіне жол бермедік. Баға тұрақты болды. Ал жеміс – жидек, көкөніс өнімдері бағасының көтерілуі бірінші желтоқсаннан бастап көктем айларының аяғына шейін жалғасады,- деді Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Юсупов.
Бауыржан Юсуповтың айтуынша, жоғарыда аталған әлеуметтік маңызы бар тауарларды жүзеге асыру бойынша сауда мекемелерімен меморандумдарға қол қойылған. Маусымдық ауытқу кезеңінде сүт және сүт өнімдері бағасын реттеу мақсатында 2018 жылдың 15 қаңтарында «Эмиль», «Багратион», «Восток Молоко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен тауарды жеткізудегі бағаны тұрақтандыру жөнінде келісімшарт жасалған. Сүт өнімдері ең төменгі — 5-7 пайыздық үстеме бағамен сатылып алынатын болады.
Өткен жылдың 16 қарашасында бастау алған Семейдегі тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын жүзеге асыру жұмысы ағымдағы жылдың 15 мамыр айына дейін жалғаспақ. 45 сауда нүктелерінде саудаланатын бұл өнімдердің бірыңғай бағасы бір келі үшін 83 теңге. Қала тұрғындары үшін 4200 тонна көкөніс өнімдері сатылып алынды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға көп. 2018 жылғы 16 қаңтар күнгі мониторинг бойынша, тұрақтандыру қорында сақталған өнімнің 1492 тоннасы игерілген. Айтпақшы, бұған дейін әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің қатарында 33 түрлі тауар болған. Үкіметтің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 қаулысымен тізім жаңартылып, тауар түрлері 19-ға қысқарды:
1. Бірінші сұрыпты ұн
2. нан (1-сұрып)
3. рожки
4. қарақұмық
5. күріш
6. картоп
7. сәбіз
8. пияз
9. қырыққабат
10. қант
11. күнбағыс майы
12. сиыр еті
13. тауық еті
14. пастерленген сүт (май-лылығы 2,5 пайыз)
15. айран (майлылығы 2,5 пайыз)
16. сары май
17. тауық жұмыртқасы (1-категория)
18. тұз («Экстрадан» басқасы)
19. сүзбе (майлылығы 5-9 пайыз)
Көріп отырғандарыңыздай, бұл тізімнен қой еті, шай, қызылша және басқа да қажетті азық – түлік түрлері алынып тасталған. Жо-жоқ, біздің елде шайға деген сұраныс жоқ емес. Тек қазіргі нарық заманында шайдың сан алуан түрі өндірілетіндіктен, оның бағасын бақылау оңайға соқпасы анық. Сондықтан да жоғарғы билік шай бағасын реттеп, бақылаудан бас тартып отырған көрінеді. Ал қой еті ең маңызды тауарлар қатарынан қазақстандықтардың көбінесе сиыр және тауық еттерін қолдануы себебінен түсіп қалған екен.
Халық ең көп тұтынатын әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын білу мақсатында базарға жол тарттым. Ең алдымен ет бағасын білуді жөн көріп, ет өнімдері саудаланатын жаққа қарай бет алдым. Сөрелерде сиыр, жылқы, қой еттері, қазы-қарта самсап тұрғанымен, саудагерлердің қабағы қатулы. Ерте барғаннан кейін бе, жоқ әлде қалтасы жұқарған ба, халықтың қарасы көп болмады мұнда. Сиыр етінің бағасы 1600-1800 теңге екен. Тауық еті 680, кей нүктелерде 690-700 теңге шамасында. Ет сататын нүктеден шығып, ары қарай азық-түлік тауарлары сатылатын бөлімге өттім. Мұндағы нан бағасының (60-65 теңге) тұрақтылығына көз жеткізген бойда жеміс, көкөністердің бағасын сұрастыра бастадым. Картоп, сәбіз, пияздардың бағасы 120-140 теңге көлемінде, ал жаңа жылдың алдында 85 теңгеге бағаланған қырыққабат едәуір қымбаттапты. Бағасы 100-110 теңге айналасында. Бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 135 теңге болса, біздің өңірге Астанадан жеткізілетін жұмыртқаның он данасы категорияларына байланысты 210-240-270 теңгеден сатылып жатыр. Күнбағыс майы да түр-түріне қарай 380, 420 теңге шамасында. Жеміс-жидектер пісіп, тосап қайнататын нағыз қызған науқанда бірден шарықтап кететін қанттың бағасы 200 теңге. Бұл алдағы жылдармен салыстырғанда біршама арзан. Қалған тауарлардың құны қаз қалпында сақталыпты.
Экономистердің пайымдауынша, азық-түлік өнімдерінің ішінде ет, сүт өнімдері, шұжық, қаймақ, жұмыртқа, көкөністер мен жемістер бағасының көтерілуі 6-5% инфляция деңгейімен өлшенеді. Сонымен бірге бағаның өсуі электр энергиясын жеткізушілердің, тұқым, минералдық тыңайтқыштар-дың бағасының жоғары-лауымен байланыстырылады. Себебі олар алынған өнімнің өзіндік құнын арттырады.
— Еттің бағасы маусымға байланысты да құбылып отырады. Болашақта малды бордақылау, құс өсіру, сүт өнімдерін өндіру, жем-шөп дайындау және т.б. ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктірілсе, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтады және сәйкесінше баға төмендейді. Монополияға қарсы орган азық-түлік өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне, сондай-ақ олардың тапшылығына жол бермейді. Дегенмен баға тербелісін тұрақтандыру үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру қажет.
Біріншіден, бағамен салыстыра отырып, жеткізудің жаңа каналдарын іздестіру керек.
Екіншіден, бағаның маусымдық өсуі кезінде бұрынғыдай тұрақтандыру қорының жұмыстарын жаңғыртуды қолға алу керек.
Үшіншіден, барлық нарықтарға мониторинг жасау. Жергілікті өндірушілер ет пен көкөністердің бағасын негізсіз айтарлықтай жоғарылатады, сондықтан олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Төртіншіден, тауар өндірушілердің бәсекелестігін қалыптастыру үшін әкімшілік тарапынан альтернативті нарықтарды ұйымдастырудың да септігі зор болмақ,- дейді экономика ғылымдарының кандидаты Майгүл Толымғожинова.
Байқаған боларсыздар, Жаңа жылдан кейін дүкен болсын, біз баратын базар болсын сауда орындарындағы көкөністердің бағасы шарықтайды. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, көкөніс сақтауға арналған заманауи қоймалар жоқтың қасы екен. Сол себептен де шаруалар көкөністерін ұзақ сақтай алмай, көктемге дейін сатуға асығатын сыңайлы. Қар еріп, көктем шыға салысымен-ақ, көкөніс бағаларының шамаға қарамай шарықтап кететінінің бірден-бір себебі осы. Сондықтан басқа шауып, төске өрлеген бағаны бұғаулаймыз десек, ең әуелі тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»