Өмірдің өзі тұнып тұрған сағыныш қой. Кешегі күнің – бүгін, бүгінің — ертең сағыныш. Балалыққа деген сағыныш. Жастық шаққа деген сағыныш. Елге деген, жерге деген сағыныш. Сағыныштың түрі көп, тым көп. Сол сағыныштардың ішіндегі ең зоры, құрметтісі – адамға деген сағыныш.
Құрметті «Семей таңы» газетінің оқырмандары, «Сағынып жүрмін» атты жаңа айдарымыз-да біздің де жазбағымыз сол, соңғысы. Алдыңғы толқын ағаларға деген кейінгі толқын інілердің сағынышы.
«Сағыныш – бұл біз жақсы көретін жандар мәңгі өмір сүретін әлем». Біз бүгін сол әлемнің есігін қағып тұрмыз.
Біздің бүгінгі «Сағынышымыз» «ағын судың тұнығы, сом алтынның сынығы» Ахат Шәкәрімұлына арналады.
СОМ АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ
Ахат аға. Бұл – бар-шамызға аяулы есім. Уақытпен бірге оның алып бейнесі, тау тұлғасы күн санап биіктеп, дараланып бара жатқандай. Жылдар жылжып, заман озған сайын, адам оймен өмір сүріп, көне жылдардың көмбесінде кө-міліп қалған естеліктерді жиі есіне алып, санасында жаңғырта береді екен. Менің де сондай сәттерім мен кездерім көп.
«Шаһкәрімде алты ұл, алты қыз болған»,- дейтін Ахат аға. Соның барлығына да ақындық қонған. Алайда Қабыш пен Ахат екеуі өзгелерден оқшауланып, әке көңілінен шыққанға ұқсайды. Ахат аға өлеңді ерте жазған. Он бес жасынан айналасына танылып, «ақын бала» атанған. Бірақ өзі: «Менен гөрі Қабыш ағамыздың ақындығы артық еді»,- дейтін. Бұл ағаның алдына шыққысы келмеген сыпайылығы болар. Кішіпейіл-ақ адам еді ғой жарықтық.
Ахат Шаһкәрімұлы 1922 — 27 жылдары Семей қала-сындағы мұғалімдер даярлайтын техникумда білім алады. Педтехникумнан кейін өзінің Шыңғыстауында мұғалім болып бала оқытады.
1929 жылдан бастап жаңа өкіметтің қуғын-сүргіні, асыра сілтеудің салдарынан, малынан айырылған бай, жерінен айырылған халық босқыны басталып кетеді. Бұл әсіресе жуан атаның ұрпағына қатты тиеді.
Ахат ағаның бұл жылдардағы өмір кезеңдерін әкесі туралы жазған естелігінен оқып көрейік.
«…1930 жылдың февраль айының аяқ кезінде әкейдің елсіз жапанда қатты науқастанғанын естідік… Сол хабарды естіген соң мен бір көршінің әлді атын сұрап мініп, бармақ болдым…».
Ақпанның аяғын ала әкесін іздеп аттанған Ахат аға сол сапар Саятқорада әкесінің қасында наурыз, сәуір, мамыр айларын өткізіп барып бірақ қайтады.
Мамыр айының аяғы. Әке мен баланың қоштасу сәті.
«Әкей: «Егер саған кесік кесіліп, не жабылып, не басқа жаққа кетсең, мен сені қайта көруім екі талай болар»,- дегенде, мен: «Неге олай дейсіз?»- деп жылап жібердім. Әкей менің маңдайымнан иіскеп: «Жасықпысың, ақылды азамат емеспісің, жылама. Мен саған бір ауыз тапсырма айтайын, соны ұқ, әмән ойыңа сақта!- деді… — Сен өмір сүру үшін, біреуді өткелге салып өтетін де уақыт келер. Демек, бір адамды, өзіңнің аман, тірі қалуыңды, не азаптан құтылуыңды ғана ойлап, нақақ жанды зарлатып, соны ұстап беріп, соны жолыңа құрбан етуден сақтан. Бұлай өмір сүргенше, өлген артық…
Біреуді құрбан ғып өмір сүргенше, ақпен, адал ісіңмен өл. Егер өткелге кісі салып өтсең – тіріде өзім, өлсем аруағым ырза болмайды. Мұны саған батыра айтып отырғаным — алдыңда осындай уақыт кез болуы мүмкін дегендіктен».
Бұл менің әкейді соңғы рет көріп, соңғы рет әңгімелесуім болды. Мен әкейдің: «Отанға, елге адал қызмет істе. Өзіңді адал еңбегіңмен таныта біл, адам баласына қиянат етпе»,- деген өсиетін шамама қарай істеп, орындадым десем, мақтанғаным болмас»,- дейтін Ахат аға.
«Мен қауіп еткеннен айтамын» дегендей, әке жүрегі бір жамандықты сезген екен. Сол оқиғадан соң көп ұзамай Ахат аға 1931-32 жылдары «бидай салығын төлей алмағаны үшін» деген айыппен сотталады.
Шаһкәрім қажының 1931 жылы кісі қолынан қаза тапқаны баршамызға мәлім. Ол кезде Ахат аға Семей түрмесінде тергеуде болатын. Қаралы хабарды түрмеде естиді.
Ахат ағаның өмірлік досы, біздің ардақты ұстаздарымыздың бірі Төлеужан Мусин көңіл айту үшін оны Түйемойнақ аралына іздеп барады. Ахат аға аралда түрмедегілердің азығы үшін қоян бағып жүр екен.
Төлеужанның келе жатқанын сонадайдан аңғарып отырған ол «пәлем жұғып кетпесін» деп маңына жақындатпай, алыстан қол бұлғап шығарып салады.
Қой қайырып көрмеген Құнанбайдың тұқымын қоян бақтырып қор қылған заман-ай!
1937 жылы Ахат аға «халық жауы» деген атпен тағы да ұсталып, итжеккенге айдалды. Әбден қалжырап, қорлыққа шыдамай қиналып кеткен ол өзіне қол жұмсап, жүрегіне ине сұғады. Бірақ, абырой болғанда, иненің жартысы сынып, зиянсыз жерге барып қадалады.Тері мен сүйектің арасындағы көк етте қалып қойған сол ине жарты ғасыр бойы өзімен бірге өмір сүрді.
«Қиналған кезде адамның басына неше түрлі ойлар келеді екен,- дейтін Ахат аға. — Жасырын Қытай асып кетуді де жоспарладым. Түн ортасы болатын. Біраз тынығып алайын деп атымның шылбырын беліме орап жіберіп жантая кетсем, көзім ілініп кеткен екен. Қарсы алдымда: «Қайт-қайт!»- деп әкей тұр. Селк етіп оянып, орнымнан атып тұрдым. Өз қылығымнан өлердей жиреніп, жерге кіріп кете жаздадым. Қара басымның ғана қамын ойлап, елді, әкейді тастап кетуім қандай ақымақтық.
Ол кезде мен 34 жаста едім. Қайтадан отбасын құрып, әкей үшін өмірімді жаңадан бастадым»,- деп еске алатын еді.
Икенің қызы Кәделімен (Кәден) отбасын құрады. Кәденнен бірнеше бала көреді, бірақ көбі жастай шетінеп кетеді. Тек 1942 жылы туылған Фзули деген ер баласы ғана бар еді. Орыс қызымен некелесіп, 1983 жылы Ресейде дүние салды.
Ахат аға 1939 жылдың 13 қазанында НКВД-нің Ресейдің Қиыр Шығысында орналасқан Бурейнск (Бурлаг) темір жол құрылысы лагерінен біржола босап шығып, Алматы қаласының маңындағы Тастақ, Байсерке деген жерлердегі жалпы білім беретін мектептерде және жетім балалар тәрбиеленетін үйлерде өз мамандығы бойынша ұстаздық қызметтер атқарады.
«Ұлы Отан соғысына, қолымда бронь болғандықтан, бармадым»,- дейтін. Және бұл жылдары өміріне, қызметіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қамқорлығы тигенін жиі есіне алып отыратын. Әйтпесе «халық жауының ұлына» әскерге алмайтұғын бронь алу оңай емес-ау.
«Халық жауы», «бандының баласы» деген жалған жалалардың жуан ортасында жүріп, әке мұрасынан көз жазбай, жинастырумен болады.
Әкесінің қолжазбаларын бірнеше даналап арабшадан кириллицаға көшіріп, сақтай алады-ау деген архивтер мен музейлерге, кітапханаларға, сенімді, сыралғы адамдардың қолдарына өткізіп отырған.
Мен білетін Ахат аға бүкіл өмірін әкесін ақтап алуға арнады десем, қателеспеймін. Жауыздықтың жазықсыз құрбаны болған әкесінің адал атын халқына қайтаруды, әдеби мұрасын жарыққа шығартуды алдына мақсат етіп қойды. Бұған Ахат ағаның 1957 жылы КСРО-ның басшылары Н.С.Хрущев, К.Е.Ворошиловтың атына жазған өтініштері айғақ. Онда Шәкәрімнің ешбір кінәсі жоқтығын, ұлы Абайдың туысы әрі ең талантты шәкірті екендігін және артына әдеби бай мұра қалдырған тамаша ақын екендігін айтады. Сөйтіп, 1958 жылы 29 қазанда КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған «В связи с недоказанностью обвинений реабилитировать Шакарима Кудайбердиева» деген шешім шықты.
Бұл шешімнің бір данасы Ахат ағаның Алматыдағы мекені – Айвазовский, 77 — үйге жолданады. «Шәкәрім Құдайбердиев ақталды» деген қуанышты хабарды алған кезде өлген әкесі тіріліп келгендей халде болған Ахат аға ендігі жерде ешкімнен қаймықпастан әкесінің еңбектерін жарыққа шығарудың жолдарын іздестіре бастайды.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1959 жылғы 9 қаңтары күнгі санында Шәкірімнің бір топ өлеңдері суретімен жарық көрді. Бұл – ашық күні ойнаған найзағайдай тосын жаңалық болатын. Сол газеттің қиындысын күні бүгінге дейін сақтап келемін.
Ызғардың беті қайтқан жылымық заман еді ғой.
Ол жылдары мен Абай аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы болып қызмет істеп жүрген кезім. 1960 жылы облыстық партия ұйымынан «Шәкәрім туралы ел ішінде білетіндердің естелігін, оның өлең-жырларын, әңгімелерін жинаңдар» деген тапсырма берілді. Көптен көкейімде жүрген шаруаға мен де белсене кірістім. Шамамның келгенінше өлеңдерін жазып алдым. Әндерін тыңдап, нотаға түсірдім.
Сол жылдың қысында Ахат Шаһкәрімұлы өзі де туған жеріне ат басын тіреді. Ол кісімен тұңғыш рет Қарауылда кездестім. Сол бір аяулы сәт әлі күнге дейін жадымда. Әкесі Шаһкәрімнің ел аузында айтылып жүрген әндері мен өлеңдерінен жазып алғандарымды көрсеттім. Жылы қабылдады. «Жап-жас болып осыншама ойлы өлеңдерге қалай құмартып жүрсің?»- деп құшағына қысты. Менің нотадан хабарым бар екенін білген соң тіпті жақын тартып кетті.
Ахат аға араға тағы бір жыл салып, 1961 жылдың шілде айында, Шыңғыстаудың сырты, Бақанастың бойындағы «Құрқұдықта» отыз жыл жатқан әкесінің сүйегін қазып алып, Абай зиратының қасына апарып қайтадан өз қолымен арулап жерледі.
Ол туралы өзі: «Құдықты асықпай жалғыз барып қаздым. Қасымда кісі тұрса, көмектессе, сүйекті бүлдірер және қандай жағдайда жатыр деген күдік те болды»,– деп сирек те болса есіне алып отыратын еді.
Еңбек демалысына шыққан соң Алматыдан Жидебайға қоныс аударып, Абай мұражайының шырақшысы болып қызмет қылды.
Ахат ағамен шынайы шығар-машылық қатынастар 1976 жылы ол кісі Семей қаласына көшіп келгеннен кейін де жалғасын тапты.
Сол күндерді сағына еске алғанда, ол кісінің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, жасаған іс-әрекеттері көз алдыма оралады.
Ахат аға табиғатынан момын, қақ-соқпен жұмысы жоқ адам еді, өз ісімен оңаша ғана шұғылданып отыруды қалайтын. Жасынан бала оқытқан ұстаздық дағдысы әр сәтте белең беретін.
Қашан көрсең, жазудан бас алмайды. Мұндай сәттерде ол кісінің ойын бөліп, орынсыз килігудің өзі ағаттық. Жазу Ахат ағаның стихиясы болатын.
Мінезі бала сияқты ақкөңіл. Өмірі біреудің бетін қайтарып, ашу шақырғанын көрмедім. Өзіне қолайсыз ортаға тап болса, үн-түнсіз орнынан тұрып кетіп қалатын. Ал өзі қалаған ортасы болса, ұзағырақ отырып, барынша көсіліп түрлі тартымды әңгіме мен өлеңдерді жатқа соғатын.
Құйып алар құйма құлақ болса, Ахат аға ән мен жырдың, ұлағат пен кісіліктің қоймасы болатын. Ал тарих пен қазақ халқының тағдыры туралы әңгімелері — өз алдына бір ғылыми дүние. Көрген-білгенін есіне алып саңқылдап күлген күлкісі, жайнаған жүзі, қыранның көзіндей қырағы көздері, аса сұлу сақалы әрі тіп-тік ұзын бойы — бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымда. Шалбарының қырын пышақтай қылып, еңсесін тік ұстап, аяғын алшаң басып жүргенінің өзі бір керім еді-ау!
Кездескен адамның кемшілігін не мінін көзіне айтпайтын, сыртынан да сөз қылмайтын. Ахат ағаның тұла бойынан мәдениетті, парасатты, білімді, зиялы жанның иісі аңқып тұратын.
Осындай текті адаммен бірге болған сәттерімді, өткізген күндерімді еске алуымның өзі менің бүгінгі бақытым.
Адамды алға жетелейтін тек үміт дүниесі ғана болса керек. Үміт дегеніңіз үкілеген арманның желбіреген жалауы іспетті екен-ау. Сіздің де сондай желбіреген ақ жалауыңыз бар еді. Соны біз сонадайдан байқап, қасыңызға баруды күтіп жүретін едік. Қас-қабағыңызды бағып, тағы айтса, айта түссе екен деп мойнымызды созып, аузымызды ашып қарап тұрушы едік. Сол бір аяулы күндерді жадымда жиі жаңғыртамын. Ахат аға-ау, Сіздің асыл бейнеңізді әлі сағынып жүрмін…
Арғынбек АХМЕТЖАНОВ,
халық композиторы.{jcomments off}