Біз ежелден бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген, болмысынан бекзат, тумысынан текті халықпыз. Осы тектіліктің түп негізінде ұрпақ тәрбиесі жатқаны белгілі. Ана мен балаға қамқорлық аясын кеңейту — бүгінгі таңда Елбасының ерекше бақылауында тұрған маңызды тапсырмалардың бірі. Бұл орайда Шығыс Қазақстан облысы республика бойынша белсенділігі тұрғысынан көш бастап тұр.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов таяуда «Нұр Отан» партиясының конференциясында жасаған баяндамасында көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға облыстық бюджеттен қандай көмек түрлері көрсетілетінін айтып, ауқымды қолдау шараларының жоспарымен де таныстырып өткен болатын.
Үлкен жоспар. Үлкен көмек. Үлкен қаржыны қажет етеді.
Бүгін атқарылуы алдағы уақыттың еншісінде тұрған осы ауқымды жоспар жайлы Даниал Кенжетайұлымен болған мазмұнды әңгімені назарларыңызға ұсына отырып, әр минутының санаулылығына, жұмысының қат-қабат қарбаластығына қарамастан, бізге сұхбат беруге уақыт тапқаны үшін аймақ басшысына алғыс айтамыз.
— Даниал Кенжетайұлы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының XXII конференциясында сөйлеген сөзіңізде Сіз көпбалалы аналарды қолдау шараларын тілге тиек еттіңіз. Қалай ойлайсыз, аймағымызда бұл мәселе қаншалықты өткір?
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту – Шығыс Қазақстан облысының барлық атқарушы билік органдары үшін беріліп отырған зор басымдықтағы мәселе, ал оның бюджеті әлеуметтік бағдарға ие.
Жыл сайын, республикалық бюджетті қоса есептегенде, біз білім саласына – 120 млрд. теңге, денсаулық сақтауға – 92 млрд. теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға 19 млрд. теңге сомасында қаржы жұмсаймыз. Осылайша, әлеуметтік саланың осы үш бағытының өзін инвестициялау 230 млрд. теңгеге дейінгі соманы, немесе облыстың жалпы бюджетінің 53%-ын құрайды.
Сұрағыңызға келер болсақ, облысымызда 26 149 көпбалалы отбасы тіркелген. Бұл шамамен алғанда 150 мың адам, немесе өңір тұрғындарының 10%-на тең. Бұл – біздің алтын қорымыз!..
Бала туу көрсеткішінің артуы демографиялық үдерістермен тікелей байланысты болғандықтан аса маңызды. Дегенмен мәселеге әлі де тың көзқарас, асқан жауапкершілікпен қарау керек сияқты. Сол себепті бүгінгі күні біз көпбалалы және аз қамтылған жанұяларды қолдау, жағдайларын нақты білу, сол арқылы өңірлік деңгейде қолдаудың жаңа механизмдерін ұсыну бағытында жұмыс жасап келеміз.
— Шығыс Қазақстанда аз қамтылған отбасылар саны қанша?
— 2017 жылы біз атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізуге дайындық барысында облысымызда 6853 аз қамтылған отбасы тұратынын анықтадық. Олардың ішінде 13 092 адамнан тұратын 2 020 көпбалалы отбасы бар. Оның 9300-і — балалар. 2018 жылы бұл отбасылардың барлығы бюджет есебінен 1,5 млрд. теңге көлеміндегі қолдауға ие болды. Аз қамтылған отбасын анықтаудың басты критерийі – жан басына шаққандағы табыстың күнкөріс минимумынан 50%-ға төмен болуымен есептеледі. Бүгінгі күні біздегі бұл көрсеткіш 14 849 теңгені құрайды.
Биыл облыс бюджетінде көмек көрсету үшін 1,6 млрд. теңге қарастырылып отыр. Қамтылуы тиіс отбасылардың жоспарлы мөлшері – 8537, оның 2269-ы — көпбалалы отбасылар. Реті келгенде, үстіміздегі жылдың екі айында 1 440 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның 506-сы — көпбалалылар.
— Өңірдегі аз қамтылған отбасылар саны туралы мәлімет қаншалықты толыққанды деп ойлайсыз?
— Әрине, көпбалалы және аз қамтылған жанұялар туралы ақпарат үнемі жаңартылып отыруы керек. Олардың тұрмыстық жағдайлары мен әлеуметтік бейімделуіне де аса мән берген жөн. Бұл жұмысты біз бастап кеттік. Арнайы құрылған мобильді топтар бүгіннің өзінде 10 мыңнан астам отбасын аралап шықты. Нәтижелері арнайы әлеуметтік карталарда толтырылуда. Жұмыс бірінші сәуірге дейін аяқталады. Бұл жерде үлкен жауапкершілік қала, аудан, кент және ауыл әкімдеріне жүктелген. Тиісті нұсқаулықтар мен тапсырмалар берілді. Дегенмен жұмысты ширату керек. Әсіресе үгіт-насихат, түсіндіру бағытында. Бұл жерде мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты масылдықты ынталандыру не болмаса бюджет қаржысын қайырымдылыққа жарату емес, өмір сапасын арттыру тетіктері мен отбасылардың жағдайларын жасау болып табылады.
Көпбалалы отбасылармен жұмыстағы негізгі басымдық жоғары сапалы білім, денсаулық сақтау қызметін алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, халықтың нәтижелі еңбекпен қамтылуына барынша жағдай туғызуға беріледі.
Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек, ең алдымен, әлеуметтік сала арқылы көрсетілетіндігін баса айтқым келеді.
— Даниал Кенжетайұлы, Сіз өз сөзіңізде көпбалалы және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналары балабақшадағы төлемдерден толық босатылатындығын айтқан едіңіз. Демек, балалардың балабақ-шаларға тегін барғаны ғой?
— Иә, дәл солай. Бүгінгі күні облыстың мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 60 мыңнан астам бүлдіршін білім мен тәрбие алуда. 3 пен 6 жас аралығында балабақшаға баратын 2000-дай бала көпбалалы отбасында тәрбиеленеді. Балабақшада бір балаға шаққандағы білім мен тәрбиенің орташа шығыны 38000 теңге. Оның, орта есеппен, 9500 теңгесін ата-аналар, ал 28500 теңгесін біз бюджеттен субсидиялаймыз. Көпбалалы отбасын қолдау мақсатында, облыс ата-аналар шығынын өтеуді компенсациялауға қосымша қаржы бөлмек. Осылайша, көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек балалардың білімі мен тәрбиесі, күнделікті тамағы мемлекет есебінен жүретін болады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 245 млн. теңгеге жуық қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Мұнымен қоса, менің тапсырмам бойынша, облыстың шағын орталықтарына талдау жүргізілуде. Толық мерзімді 325 шағын орталықта 12000 бала бар. Олардың арасында көпбалалы отбасынан шыққандар санын анықтау жұмысы аяқталуға жақын. Оларға да жоғарыда аталған көмек түрлері көрсетілетін болады.
— Көп ата-ананы балаларының қосымша білім алу мүмкіндігі қызықтырады. Мысалға, бала-бақшаларда спорттық, ән-би және тағы басқа үйірмелер болуы мүмкін. Көпбалалы отбасынан шыққан балалардың бұл шығынын да өтеп беру ойда бар ма?
— Жаңа айтып өткенімдей, біз білім беру қызметін компенсациялаймыз. Бұл — көпбалалы отбасынан шыққан баланың білімі, тәрбиесі және тамақтануы мемлекет есебінен болады деген сөз.
Қосымша білім берудің дене шынықтыру, музыка, шет тілін оқу сынды түрлері қызмет көрсетудің қажетті көлеміне енген.
Әрине, балабақшалар, ана-ана қалауымен, қосымша білім берудің басқа да, ақылы түрлерін енгізуі мүмкін. Бұл жерде шығынды ата-аналардың өздері төлейді.
— Кейбіреулер, тегінді қойып, ақылы балабақшаға қол жеткізудің өзі қиын деп жатады. Облыста бұл мәселе қаншалықты өзекті?
— Бұл мәселе шешілген. Аймақта 3 пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтылған. Бұл жекеменшік балабақшалар санының артуымен де байланысты. Неге десеңіз, 2017 жылдан бері облысымызда жекеменшік – мемлекеттік әріптестік негізінде 66 балабақша ашылды. Былтыр, желтоқсан айында, облыстық мәслихаттың сессиясында 41 жекеменшік балабақша қосымша 11,7 млрд. теңгеге ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Демек, бизнестің әр балаға шығарған шығыны облыстық бюджет есебінен өтеледі. Бұл – жаңағы айтқан 28500 теңге. Сондықтан біздегі балабақшалар қолжетімді.
— Даниал Кенжетайұлы, Сіз қалалар мен аудандар әкімдерінің алдына аз қамтылған жанұялардан шыққан балаларға көрсетілетін материалдық көмек үшін қаржы мөлшерін ұлғайтуды тапсырдыңыз. Мектеп формаларын алуға қосымша 500 млн. теңге бөлінеді. Қанша баланы мектеп формасымен қамтымақ ойларыңыз бар?
— Біздің мектептерде аз қамтылған отбасынан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасында тұратын 28700 бала бар. Олар материалдық көмекке бөлінген қаржы есебінен мектептегі ыстық тамақ, жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен толық қамтылған. Қолда бар норматив бойынша, материалдық көмек қоры жергілікті атқарушы органның мектептерді ұстауға бөлінген қаржысының 1%-нан кем болмауы тиіс. Облыста бұл көрсеткіш орта есеппен 2,2%, немесе 1,4 млрд. теңгені құрайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қаржының 1,1 млрд. теңгесі, немесе 85%-ы балалардың ыстық тамағына жұмсалады. Сондықтан болар, былтыр аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың 20%-ы ғана бюджет есебінен киім алды. Қалғаны «Мектепке жол» сияқты қайырымдылық акцияларының аясында кәсіпкерлер мен меценаттар тарапынан көмекке қол жеткізді. Осыны ескеріп, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға мектеп формаларын алу үшін қосымша 500 млн. теңге бөлінеді. Бұл төрт және одан да көп бала өсіріп отырған ата-аналарға үлкен көмек деп есептеймін. Неге десеңіз, бұрын бөлінген қаржыны қоса алғанда, бір балаға орта есеппен 22000 теңге бөлініп, жоғарыда айтқан 28700 баланың барлығы киіммен қамтылады. Оның 8638-і — көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар.
— Материалдық көмек қоры қалалар мен аудандарда теңдей бөлінген бе?
— Бұл мәселені біз мұқият зерделей келе, аудандарда бірізділіктің жоғын байқадық. Көрсеткіш 0,9% бен 3% аралығында. Мысалы, Семей мен Өскеменде бұл 3,2% және 3% болса, Зайсанда 3,7% қарастырылыпты.
Материалдық көмек қорын пайдалануда аз қамтылған оқушылардың нақты қажеттілігін ескеретін Ереже әзірлену үстінде. Бұл жерде қалалар мен аудандардағы білім бөлімдері жергілікті жұмыспен қамту мекемелерімен тығыз байланыса отырып мәселені пысықтап, әр баланың қамтылуын қатаң қадағалауы қажет. 500 млн. теңге «жоқтаушысына» жету керек. Барлығы нақты қажеттілікке негізделіп есептелетін болады.
— Даниал Кенжетайұлы, «Нұр Отан» партиясы филиалының конференциясында жасаған баяндамаңызда Сіз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадр даярлауға 6200 бюджеттік орынның бөлінетіндігі туралы айтылды. Сөз болған 3 млрд. теңгенің шапағатын көпбалалы және аз қамтылған жанұялардан шыққан балалар көре ме?
— Иә, ақиқатына келсек, техникалық және кәсіптік білім мамандарын даярлау үшін, біз, екінші жыл қатарынан, мемлекеттік тапсырыс көлемін жергілікті бюджет есебінен 10%-ға ұлғайтып келеміз. Егер былтыр 5560 бюджеттік орын болса, биылғы көрсеткіш, өзіңіз айтып өткендей, 6200-ге жетіп отыр. Мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру 4,5 млрд. теңгені құрайды. Аталған сомаға ұстаздардың еңбекақысы, стипендия, тамақтану, студенттердің жол шығындары кіреді. Мысалы, жол шығынын қоса алғанда, бір студенттің оқуы мен тамақтануының өзі 304 600 теңгені құрайды. Ал оған ұстаздар еңбекақысы мен колледжді ұстауға кететін қаржыны қоса есептесе, бір студентке шаққандағы жылдық шығын 725 мың теңгені құрайды. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру үшін өте қомақты қаржы емес пе?! Келісетін шығарсыз…
Ал енді «қаржы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жете ме?» деген сауалға келер болсақ, жүйе кез келген ата-ананың табысын ескермей-ақ барша жастарға қолжетімді екенін баса айтқым келеді. Басты мәселе – баланың талабы мен ынта-жігерінің, өмірлік мақсатының айқын болуында.
Екіншіден, көптеген ата-ана колледждегі білімнің қолжетімділігі туралы нақты біле бермейді. Бұл жерде бала, әлеуметтік қолдаумен қатар, ең бастысы, заманға сай мамандық алып шығатынын естен шығармау керек.
— Бұл айтқаныңыз, әрине, жақсы шығар… Бірақ тәжірибеде жағдай өзгешелеу сияқты. Неге десеңіз, көпбалалы отбасынан шыққан балалардың барлығы бірдей сыннан сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтарына түсе бермейді. Осы орайда, мұндай балаларға берілер басымдықтар бар ма? Өзіңіз жақсы түсінесіз, көпбалалы отбасы мен жай отбасындағы баланың тәрбиесі бірдей бола бермейді ғой!..
— Шындығына келсек, жыл сайын оқуға қабылданатын 13,5 мың баланың тең жартысы ақылы түрде білім алуға мәжбүр. Өкінішке орай, «Білім туралы» Заңда (8-бап) көпбалалы отбасынан шыққандарға қандай да бір жеңілдіктер беру мәселесі қарастырылмаған. Барлығы конкурстық негізде жүреді. Қолданыстағы Ережеге сәйкес, ақылы түрде білім алатын студент, көрсеткіштері жақсы болып, бюджеттік орын босай қалған жағдайда ғана грантқа ауыса алады. Ата-аналардың «Ақылы түрде білім алып жатқан балалардың жағдайы қалай болады?» деген сауалдарын негізге ала отырып, біз Білім министрлігіне көпбалалы отбасыдан шыққандарға жеңілдіктер қарастыруды енгізу туралы өз ұсынысымызды жолдадық. Шешім оң болады деп сенеміз.
Жалпы, бала белгілі бір себептермен конкурстан өтпеген жағдайда, оның жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде техникалық және кәсіптік білім алып шығуға толық мүмкіндігі бар. 1730 студентті оқыту үшін 900 млн. теңге бөлініп отыр. Биылдан бастап, жұмысшы мамандықтарымен қоса, орта буын мамандығын (медицина, педагогика және инженерлік-техникалық мамандықтарды қоса алғанда) алып шығу мүмкіндігі бар. Стипендия, тамағы мен жол шығындары толық қарастырылған.
— Жақсы. Даниал Кенжетайұлы, ЖОО-ға түсу кезінде көпбалалы отбасыдан шыққандарға жеңілдіктер бола ма?
— Өз тарапымыздан біз, университеттерде кадр дайындау мақсатымен, гранттарды бөлуді жалғастырамыз. Соңғы екі жылда 646 грант бөлініп, оның жалпы қаржыландырылуы 5 млрд. теңгені құрады. Биыл тағы 400 грант бөлінеді. Жылдық қаржыландыру мөлшері – 450 млн. теңге. Жеңілдік мәселесіне келер болсақ, өзге де бірдей жағдайлар туындағанда, басымдық көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға берілері сөзсіз.
Жалпы, түлектер бұдан былай Ұлттық бірыңғай тестілеуді төрт мәрте (қаңтар, наурыз және тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін, маусым айында мемлекеттік грант иелену үшін) тапсыра алады. Елбасының тікелей тапсырмасымен, өткен жылы гранттар мөлшері 20 мыңға артқанын жақсы білесіз. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімділігі өте оңтайлы шешілген деп ойлаймын.
Біз, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың оқуға түсуін жеңілдету мақсатында, Білім және ғылым министрлігіне Үкіметтің №58 Қаулысына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарымызды жолдадық. Жоғары оқу орындары да, өз деңгейінде, мәселеге бейжай қарамай, көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге меншік атаулы гранттар мен стипендияларды тағайындайды деп сенемін.
Түптеп келгенде, елімізде әр баланың тегін орта, кәсіптік және жоғары білім алуына барынша оңтайлы жағдай жасалған деп ойлаймын. Біздің міндетіміз – қабылданып, іске асырылып жатқан шаралар туралы ата-ана мен баланы жан-жақты хабардар ету! Сонда ғана жастарымыз өз қалауымен, лайықты, өмірге аса қажетті мамандық таңдауда қателеспейді деген сенімдемін.
— Даниал Кенжетайұлы, өзіңізбен болған сұхбаттан облысымызда көпбалалы отбасылар мәселесін шешуге кешенді түрде келгеніңіз көрініп тұр. Көпбалалы жанұяларды қолдайтын қандай да бір бірыңғай бағдарлама қабылдана ма және оған экономикамыздың қай салалары енбек?
— Иә, дұрыс айтасыз, өзім атап өткен салалар мен пысықталып жатқан шаралар аясында, Елбасы тапсырмасына сәйкес, көпбалалы отбасын қолдайтын бірыңғай бағдарлама қабылданатын болады. Қазір тиісті есептеулер жүргізіліп, тиісті тәртіппен мәслихат қарауына ұсынылады.
Білім берумен қатар, бағдарламаға, денсаулық сақтау, көпбалалы отбасын қаржылай қолдау, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында жеңілдіктер беру сынды іс-шаралар кешені енетін болады. Көпбалалы отбасының өкілдері кәсіп ашып, шаруасын дөңгелеткісі келсе, біз несие сомасының 85%-ын кепілдендіруге әзірміз. Ол үшін облыстық бюджеттен 337 млн. теңге қарастырылған. Мұнымен қоса, көпшілік, бағдарлама аясында 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (252,5 мың теңге) қайтарымсыз грант алуға болатындығын біле бермейді. Біз 268 жобаны қолдауға 67,7 млн. теңге бөлдік. Қазір ауыл тұрғындарына алатын малын кепілдікке қою арқылы шағын несиелердің пайыздық үстемесін субсидиялау бағдарламасын әзірлеу үстіндеміз. Осы және өзге де шаралар проблемалық мәселелердің кең ауқымын қамтитын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың өңірлік бағдарламасына негіз болады.
Денсаулық сақтауға келер болсақ, соңғы үш жылда облыстың медицина саласына, атап айтқанда, кадрлар дайындау мен техникалық жабдықтауды модернизациялауға қыруар қаржы құйылды. Әр бағытына жекелей тоқтамай-ақ, ана мен бала денсаулығын қорғау саласында орын алған тың өзгерістер туралы баяндап кетсем. Перинаталдық орталықтарды жабдықтауға 3,5 млрд. теңге инвестиция салынды. Бала босануға жәрдемдесуге 40-тан астам заманауи технология енді. Өскемендегі Ана мен бала орталығы медициналық қызмет көрсетудің төртінші деңгейіне өтеді. Бала нейрохирургиясы, кардиохирургия, офтальмология мен оңалту қызметтері пайда болады. Алтай мен Аягөздің перзентханалары екінші деңгейден үшінші деңгейге өтті.
Бала денсаулығы екпеге де байланысты болғандықтан, биыл сәбилеріміздің иммунопрофилактикасына бөлінген қаржы үш жарым есеге артты. Бұның барлығы болашақтың қамы. Себебі дені сау ұрпақ қана ұлт болашағын жасай алады!
12 ақпан мен 12 наурыз аралығында бізде «Саламатты Ана мен Бала» кең ауқымды акциясы өтуде. Бір айдың көлемінде көпбалалы отбасы өкілдерінің профилактикалық байқау мен диспансерлеуден өтіп, тиісті ақыл-кеңестер мен консультациялар алуға мүмкіндіктері бар. Осы орайда, барлық көпбалалы аналарымызды балаларымен бірге медициналық тексеруден өтуге шақырамыз. Облыс әкімі бізге мұндай шараларды жылына кем дегенде екі мәрте өткізуді тапсырған болатын.
Бір аптаның ішінде 1311 көпбалалы отбасынан 1054 ана мен 3126 бала тексеруден өтті.
Ал жүйелі өтетін шараларға келер болсақ, ағымдағы жылы біз барлық аудандық перзентханаларды бірінші деңгейден екінші деңгейге ауыстыру шарасын аяқтайтын боламыз. Бұл жүкті әйелдердің патологиялық асқынулары орын алған жағдайда жедел көмек көрсетуге зор септігін тигізу үшін өте қолайлы болмақ.
— Даниал Кенжетайұлы, халық қабылданып жатқан осы игілікті іс-шаралардың орындалуы мен маңыздылығына лайықты бағасын береді деп сенеміз. Аталған бағдарламаның сәтті іске асуына тілектеспіз. Рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Риза АСАНҚЫЗЫ
{jcomments off}