Өткен аптаның жұмасы, ақпанның 22-інде аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс орталығы Өскемен қаласындағы облыстық драма театрда тұрғындар алдында кезекті есеп беру жиынын өткізді. Өзгеше форматта өткен басқосу барысында әуелгі кезекте облыстың әр ауданынан аймақ басшысына сауал жолдаушыларға кезек беріліп, пікір-ұсыныстар тыңдалды. Осыдан соң Д.Кенжетайұлы өткен жылы өңір бойынша атқарылған істерге шолу жасай келе, алдағы жоспарлы шаралармен таныстыра отырып, тұрғындар сауалына да жауап берді.
Сүт қабылдау көлемі 10 есеге артты
Осы орайда облыс тұрғынының сауалына жауап берген Даниал Ахметов 2015 жылдан бері халықтан сүт қабылдау көлемі 9,8 есеге артқанын айтты. 2015 жылы ауыл халқынан 3,7 мың тонна сүт жиналса, биыл бұл көрсеткіш 36,2 мың тоннаға жеткен. Төрт жылда 37 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған және қайта құрылған. Сондай-ақ 55 сүт қабылдау пункті құрылып отыр. Осының арқасында өңірдегі сүт зауыттарының жүктемесі 29%-дан 75%-ға дейін өскен. «Мысалы, «Эмиль» компаниясы өндірістік қуатын 36 мың тоннадан 56 мыңға көбейту үшін қайта жарақтауға көшті. Сүтті мал шаруашылығын әрі қарай да дамыта береміз. Ол қысқа уақытта да өз жемісін беріп жатыр»,- деді Даниал Ахметов.
Тағы бір айта кетер жайт, Шығыс Қазақстанда бірқатар ауылшаруашылық өнімі жергілікті халықтың сұранысынан бірнеше есе көп өндіріледі.
— Бүгінде бал өнімдері жергілікті қажеттілік мөлшерінен бес есе, мал еті екі есе, қарақұмық үш есе, картоп төрт есе, күнбағыс майы 10 есе, ұн 22 есе артық өндіріледі. Яғни, бұл салада әлі де әлеуетіміз орасан. Соңғы жылдары осынша мол өнімді Қытай нарығына аса тиімді бағамен өткізу үшін үлкен жоба жүзеге асып жатыр. Ол — Қытай стандарттары бойынша сертификаттайтын зертхана,- деді облыстың әкімі.
Ал үлкен нарыққа жол ашатын Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана биылғы жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде.
Аймақ басшысы сөз орайында қазіргі таңда облысымыз бойынша ауыл халқының 73 пайызының таза ауыз сумен қамтылғанын жеткізді.
Облыс әкімі Д.Кенжетайұлы жеткізген тағы бір жаңалық — аймағымызда қымызбен емдейтін шипажай ашылмақ. «Алтай» деп аталатын ерекше шипажай Катонқарағай ауылындағы аудандық аурухананың базасында орналасатын болады. Қазіргі таңда Елбасы тапсырмаларын орындау аясында Шығыс Қазақстан туризм саласын, оның ішінде медициналық туризмді дамытуға кешенді түрде көңіл бөліп отыр.
Бүгінгі күнде Катонқарағай аудандық ауруханасы базасында «Алтай» шипажайын ұйымдастыру қолға алынған. Осы жерде халықтық медицина, шөппен емдеу, қымызбен емдеу, батпақпен емдеу кабинеттері қызмет көрсетпек. Сонымен қатар осы шипажайда оңалту бөлімін ашу да жоспарда бар. Жаңа шипажай үш жұлдызды стандартқа сәйкес болмақ, жоба бойынша мұнда бір мезетте 90 адамға дейін емделе алады.
Астана мен Өскеменнің арасындағы жол қысқарады
Облыс әкімі Даниал Ахметов өңір тұрғындары алдындағы есебінде Шар арқылы Өскеменнен Астанаға жүретін «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызын қайта қалпына келтіру жөніндегі сауалға да жауап берді.
Өскеменнен Астанаға қаты-найтын аталмыш пойыз осыдан бір жыл бұрын тоқтап қалған болатын. Шар арқылы Астанаға 17 сағатта барып жүрген ШҚО тұрғындары қазір Ресейдің Локоть станциясы арқылы тәуліктен астам жол жүруге мәжбүр.
Өткен 2018 жылдың қазан айында ШҚО әкімі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Өскемен — Астана бағытындағы темір жол қозғалысын қайта реттеуді өтініп, хат жолдаған еді. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов аталмыш мәселені шешу жолдарын қарастыру үстінде екенін айтқан болатын. Кездесуде өңір басшысы мәселенің жақын күндері толығымен шешілетінін, қазіргі уақытта алдын ала келіссөздер жасалып қойғанын айтты.
Өңірдегі бірқатар әлеуметтік мәселелер қатарына тоқталған Д.Ахметов Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында биылғы жылы ШҚО-да 117 мың адамның еңбекақысы өсетінін де айтып өтті.
Аймақ басшысы айрықша тоқталған тағы бір жайт жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер бағасы болды. Бұл ретте Д.Кенжетайұлы халықты баспанамен қамту мақсатында қалалар мен аудандардың әкімдеріне, сондай-ақ облыстық құрылыс басқармасына төрт тапсырма берді.
Бірінші – шығысқазақстандық-тарды биылға жоспарланған 443 мың шаршы метр баспанамен қамту және жоспардағы 7 әлеуметтік нысанды салып бітіру. Екінші – инженерлік желілерге шығын аз жұмсалатын кешенді құрылыс тәжірибесін енгізу. Мысал келтіретін болсақ, Өскемендегі 19 шағын ауданның 117-118 позицияларында орналасқан 9 қабатты 198 пәтерлі үйдің желі құрылысына жұмсалатын шығын көлемі 1,0 млрд. теңге. Бұл жерлердегі көп қабатты үйлердің бір шаршы метрі 170 мың теңгеден. Ал осыған ұқсас кешенді инженерлік құрылыспен салынатын үйдің шаршы метрі 109 мың теңге. Айырмашылық – 61 мың теңге. Үшінші – аудан орталықтарына және 100 ауылға бағдарламаға сәйкес абаттандыру жұмыстарын жүргізу. Төртінші – облыс орталығындағы 500 орындық екі концессиялық балабақша құрылысын аяқтау, Өскемен мен Семейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы 2 балабақша құрылысын бастау. Бұл айтылған шаралардың орындалу барысы аймақ басшысының назарында тұратын болады.
Көпбалалы отбасыларды қолдаудың өңірлік бағдарламасы дайындалуда
Даниал Ахметов ел алдындағы есебі кезінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналған кешенді өңірлік бағдарлама әзірленіп жатқанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, қысқа мерзімде аталмыш санаттағы отбасыларды қолдаудың тетіктері мен қаржы бөлу мәселесі шешімін таппақ. Қаржы көзі мен мөлшері анықталғаннан кейін кешенді бағдарлама жүзеге аса бастайды.
— Кешенді бағдарламаның нақты сұлбасы бір айдың ішінде дайын болуы тиіс. Барлық ұсыныстар ескеріліп, қаржы көлемі есептелген соң облыстық мәслихатқа өтеді. Мысалы, көпбалалы отбасыларға суармалы жерді жеңілдікпен беру тетігі бар. Осының барлығына бөлінетін қаржы мөлшерін депутаттармен бірлесіп бекітеміз,- деді Даниал Ахметов.
Семей әуежайына Әуезовтің есімі ұсынылды
ШҚО әкімі Даниал Ахметовке көпшілік атынан Семей әуежайына елге есімі белгілі жерлестеріміздің бірінің есімін беру жөнінде ұсыныс түскен болатын. Нақтырақ айта кетсек, осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағының Семей қаласы бойынша филиалының төрағасы, жалынды жас ақын Мерей Қарт Семей әуежайын «Абай жолы» деп атасақ деген ұсыныс айтқан болатын.
ШҚО әкімі айтып өткендей, Семей шаһарында хакім Абайдың аты берілген нысандар жетерлік: Абай музейі, Абай театры, Абай кітапханасы, Абай даңғылы бар. Оның үстіне «Абай Арена» мәдени-спорттық кешені салынып жатыр. Сол тәрізді Шәкәрім университеті мен Шәкәрім даңғылы да өткенге тағзымды білдіретін атаулар.
— Ұсыныс өте орынды. Бұл ретте біз жерлесіміз ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есіміне назар аударуымыз керек сияқты. Сонда 19-шы ғасыр мен қазіргі уақыт арасында байланыс орнайды,- деді Даниал Ахметов. Әйткенмен аймақ басшысы бұл ұсыныстың жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау табуы тиіс екендігін меңзеп, әлі де болса талқыланатынын жеткізді.
Д.Ахметов жас бағдарлама-шыларға арналған облыстық «ІТ – Хакатон — 2019» марафонын өткізуді тапсырды. Сонымен қатар биылғы маусым айында «Диджитал Ист – Болашаққа қадам» халықаралық форумын екінші мәрте өткізу, Цифр-ландырудың бірыңғай интеграциялық орталығын құру міндеттерін жүктеді.
Өңір экономикасын өркендетудің бір жолы цифрландыру болып отыр. Облыстағы тау-кен-металлургиялық компаниялар осы салаға күш салуда, олар сандық трансформация бағытындағы төрт жобаны аяқтап, тоғызын жалғастыру үстінде. Өзге салалар да қалыс қалмай келеді. Ауыл шаруашылығы саласында техниканы есепке алу жүйесі енгізілді. Шаһарларда «Қауіпсіз қала» жобасы қолға алынған. Өскемен көшелеріне төрт мың бейнекамера орнатылмақ. Көшелерді үнемді әрі «ақылды» шамдармен жарықтандыру жобасы іске асып жатыр. «Қоғамдық қабылдау бөлмесі», «Мобильді анықтамалық қосымша», «Өскемен мен Семейдегі бос жер учаскелерінің электронды картасы» жобалары іске қосылған. Алдағы міндет – қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесін енгізу, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын цифрландыруды одан әрі жалғастыру.
Д.Кенжетайұлының айтуынша, бүгінде цифрлық технологияларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 30,5 миллиард теңге.
ШҚО-да әрбір үшінші тұрғын кәсіпкерлік саласында еңбек етеді
Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтылды. Өткен жылы облыста нақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 110 пайызға көбейген, олар шығаратын өнім көлемі 123 пайызға артқан, сондай-ақ аталған субъектілерден түскен салық мөлшері 130 пайызға ұлғайыпты. Мұнымен қоса былтыр өңірде жаңадан 13 мың жұмыс орны ашылған. Өткен 2018 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына 2,5 миллиард теңге жұмсалған. Бизнестің субсидияланған және кепілдендірілген жобаларының саны бойынша облыс елімізде көш бастап келеді.
«Даму» қорымен бірге «Ақ Ниет» өңірлік жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша 51 жобаға 2,8 миллиард теңгенің қаржысы құйылды. Мұнымен қатар Кәсіпкерлікті қолдау картасына 71 инвестициялық жоба енгізіліпті. Ал іске қосылған 40 жоба бүгінде өздерінің жоспарлы қуатына жеткен. Былтыр 136 миллиард теңгенің алты жобасы аяқталды, оның ішінде ірісі – Бақыршық тау-кен байыту кешені. Алдағы меже – 2022 жылға дейін 24 жобаны 581 миллиард теңгеге қаржыландыру. Осы орайда шетелдіктермен тығыз әріптестік орнаған. Мәселен, жапондық Furukawa Electric Co, Ltd компаниясы ШҚО ұсынған жобаға қызығушылық танытып отыр. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында титан мен ниобидің балқымасынан ұзындығы бір шақырым компьютерлік томографияға қажетті жоғары өткізгіш сым дайындалған. Бұл туралы кеңінен тоқталып өткен Д. Ахметов:
– Технологиялық өнімнің үлгісін жапониялық Furukawa Electric Co, Ltd сертификаттау зертханасына жолдағанбыз. Сынақ нәтижелі болды. Енді аталмыш зертханамен серіктестік орнатудың жол картасын дайындау қажет,- деп атап өтті.
Аталмыш жобаның ғылыми негізін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары әзірлегенін айта кету керек. Бұл университет қабырғасында, медицинадан бөлек, мұнай-газ, «құнарсыз» кенді игеру, «дәлме-дәл жер игеру» салалары бойынша жаңашыл жобалар әзірленуде.
Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының аймақтық орталығы құрылады
Бұл туралы тұшымды мағлұматтар беріп өткен аймақ басшысы сонымен қатар кейінгі жылдары халықаралық аренада атой салып жүрген «Алтай Атлетикс» кәсіби жеңіл атлетика клубының алдында тұрған мақсат-міндеттер туралы да айтып берді.
ШҚО спорты соңғы жылдары аймақ басшысының тікелей қолдауының арқасында жоғары қарқынмен дамып келеді. Әсіресе жеңіл атлеттеріміз халықаралық байрақты бәсекелерде талай мәрте топ жарып, абыройымызды арттырды. Қазіргі күні «Алтай Атлетикс» клубында Қазақстан азаматтығын алған, шыққан тегі кениялық төрт мықты спортшы бар. Әлемдік деңгейдегі бұл атлеттер Жеңіл атлетика федерациясы халықаралық қауымдастығының үздіктер рейтингіне кіреді.
– Жуырда мен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) президенті Себастьян Коэмен кездестім, кездесу барысында оған Қазақстанда IAAF аймақтық даму орталығын ашуды ұсындым. Қазір әлемде осындай тоғыз орталық бар. Ол орталық ашылған жағдайда біздің еліміздің ғана емес, өзге елдердің де мамандары әлемдік деңгейде білім алу үшін бізге келетін болады,– деді облыс басшысы.
Аймақ бойынша абаттандыру, жарықтандыру мәселелеріне тоқталған облыс әкімі биылғы жылы да аудан орталықтары мен қалаларда көше шамдары жаңартылатынын жеткізді. Облыс басшысының айтуынша, қазіргі таңда сәтімен іске асып жатқан жобалардың бірі — «Қалалар мен аудан орталықтарының көшелік жарықтандырылуын жаңғырту» жобасы. Нақтырақ айтсақ, сегіз қала мен 11 аудан орталығының көшелік жарықтандыру жүйесін түбегейлі өзгертуге жалпы сомасы 10,4 млрд. теңге бағытталған.
– Осыған байланысты облыс әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Өскемен мен Семей қалаларының көшелік жарықтандырылуын жаңғыртуға кірісті. Бұл – 687 тірек пен 26,5 мың шам кешенді түрде жаңарады деген сөз. Мұнымен қатар шамдарды басқарудың автоматты жүйесі де енгізіледі. Аталмыш жобаны іске асыру жарықтандыруға жұмсалатын шығын көлемін 40 пайызға дейін үнемдейтін болады,- деді Даниал Ахметов.
Осы жобаның аясында облыстың барлық аудан орталықтарында 10 мың көшелік шамды ауыстыру жоспарлануда. Бұдан бөлек өңірде абаттандыру бағдарламасына сәйкес аудан орталықтары мен 100 ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 120 мың көшет отырғызылатын болады.
Сондай-ақ ел ішіндегі күрделі проблемалардың да кезең-кезеңімен шешілетінін айтқан Д.Кенжетайұлы Күршім паромы жайына да тоқталды. Әділбек Маткаримов есімді тұрғын паромның қызметіне халық тарапынан көптеген шағым бар екенін айтып, осы проблеманы бір жақты етуді сұраған болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл жағдайдан хабардар екенін айта келе, мәселені шешу екі кезеңмен іске асатынын түсіндірді.
— Біріншіден, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы паром қызметінің сапалы болуын тұрақты бақылауға алатын болады. Ауа райының қолайсыздықтарын ескергеннің өзінде тасымал жиілігі 90 пайыздан түспеуі керек. Екіншіден, «Құйған айлағы» ЖШС-не қызмет сапасын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны үшін айыппұл санкциясын енгізу керек. Қажет болған жағдайда тасымал кестесін сақтамай, тариф саясатын ақылға қонымды етіп жүргізбегені үшін келісімшартты бұзу қажет,- деді аймақ әкімі.
Тұрғындар ілтипаты жоғары
Облыс әкімі Даниал Ахметов бұдан өзге де бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтсақ, Аягөздегі жылу қазандығының жұмысын нақты жолға қою үшін жекеменшіктен мемлекет есебіне алу жайлы сөз қозғады. Бұл жайт аймақ басшысының назарында тұр. Алдағы аптада Аягөзге жұмыс сапарымен баратынын айтқан аймақ басшысы бұл күрмеулі мәселені жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып шешетінін жеткізді.
Сондай-ақ Үржар ауданы бойынша атқарылған оңды істер қатарында Алакөл жағалауын абаттандыру шаралары айрықша орын алатынын айтып өтті. Осы ретте аталмыш өңір тұрғынының алғыс білдіруіне орай бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса беретінін, Алакөл жағалауын еліміз бойынша бірегей туристік орталыққа айналдыру ісі нақты жобалар нәтижесінде іске асырылатыны жеткізді. Соның ішінде, аталған аудан тұрғынының сауалына жауап ретінде, Үржар әуежайының қайтадан күрделі жөндеуден өткізілетінін айтты. 1500 шақырымды құрайтын ұшып-қону жолағы ұзартылып, заманауи талап нормаларына сай етілмек. Қазіргі күндері Үржардан еліміздің бірқатар қалаларына бағыттар ашылған. Сонымен қоса жазғы мезгілде Алакөлге туристік сапармен барушылар үшін Өскемен мен Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына арнайы жолаушылар пойызы қатынауда. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл шара тиімділігін толық дәлелдеді.
Жиын соңында бірқатар тұрғындар сөз алып, облыс әкімінің есептік баяндамасына, жыл ішінде аймақ басшысының ұйытқы болуымен атқарылған іргелі шараларға жоғары баға беріп өтті.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, «Семей таңы»{jcomments off}