Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өткен аптада Орталық саябақта болып, дәмхана қожайындарымен және құрылыс жұмысын жобалаушылармен кездесіп, жоспарларымен бөлісті. Биыл Семейдегі Орталық саябақ жөнделіп, заман талабына сай демалыс орнына айналады.
Жобалаушылардың жоспарына сәйкес, саябақ 4 аумаққа бөлінеді. Балалар және спорт алаңдары пайда болады. Амфитеатр да демалыс орнының болашақ жоспарында бар екен. Заманауи шамдар мен отырғыштар да демалыс орнының көркін аша түседі деп ойлаймыз. Жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінбек.
«Саябақта футбол, волейбол, скейт алаңдары жоспарланып отыр,- дейді жобалау тобы басшысының орынбасары Марат Жұмақұлов,- кішкентай бүлдіршіндерге арналған алаңға табиғи құрылыс материалдарын пайдаланатын боламыз. Ал аға ұрпаққа арналған би алаңы мен шахмат ойнайтын орынның да қолайлы болуы назарымызда».
Саябақты жөндеу жұмысы таяу уақытта басталады. Жоба бойынша, жөндеуге шамамен үш айдай уақыт кетеді. Бұл уақыттарда Орталық саябақ жабық болады.
Жақсы жаңалық! Семей қаласы тұрғындарының арасында Орталық саябақта болмағандары кемде-кем шығар. Ал аға ұрпақ санасында Ленин атындағы парк болып сақталып қалған осы демалыс орнының тарихын көпшілік біле ме?
Алғашқы іргетасын қашан және кім қалаған деген сауалға екінің бірі жауап бере алмасы анық. Қаланың солтүстік-батыс бөлігі болған Омск көшесі (қазіргі Гагарин), бүгін Орталық саябақ орналасқан жер ХІХ ғасырдың ортасына дейін адам аяқ баса алмайтын ми батпақ, шалшық, аңшылар үйрек атуға баратын орын болған. Ұсақ өсімдіктер мен қамыс басқан ми батпақ жер ұзақ жылдар бойғы жөндеудің және құрғатудың нәтижесінде өткен ғасырдың екінші жартысында құрылыс салуға жарамды бола бастады. Жақын орналасқан ғимараттар әлі де бұрынғы су басқан жерге салынғанынан сыр беріп қояды. Саябаққа отырғызылған ағаштардың да жайқалып өсуіне жердің осы жайсыз жағдайының кедергісі аз болмаған сияқты. ХХ ғасырдың басында дәл осы жерге қалалық саябақ салу жұмысы қолға алынған болатын.
Семейде 1902 жылдың 15 мамырында өткен қалалық Думаның жиналысында шаһар басшысы А.Москвин Лефортов алаңына, Никольский храмы маңына ағаш отырғызу қажеттігін айтып, осы балшық басқан жерді жан — жағынан қоршап, баққа айналдыру жайлы ұсыныс жасаған. Саябақ жасау үшін бұл жерді игеруге қаржы мүмкіндігі болмағандықтан, ауқатты жеке адамдардың қолдауы қажет болады. Сөйтіп, 1902 жылы А.Москвин осы мақсатқа өз қалтасынан 1500 руб. қаржы беріп, бүгінгі Орталық саябақтың іргетасын қалау жұмысы басталған. Мұрағаттарда сақталған ескі суреттерден бүгінгі саябақ тұрған жердің төрт жағындағы шағын алаңдар анық көрінеді.
1892 жылдан бері салына бастаған бүгінгі Орталық саябақ орны кезінде Гасфорт алаңы, кейіннен Никольск шіркеуі деп аталған.
1911 жылы осы жерде «Алексан-дровский» деп аталатын демалыс орнын салуға шешім қабылданған. Алайда саябақта Александр патшаға ескерткіш қою бастамасы да, ат қою жайлы ұсыныс та баянсыз болды.
Ол жобаға Ленинге арналған бұрыштар, революция әдебиеттерін сататын дүңгір-шектер салумен бірге, ескерткішті қола түске, ал кіреберіс қақпаны көгілдір түске бояу, гүл өсіретін клумбалар салу сияқты қосымшалар да енгізілді. «Прииртышская правда» газетінің 22 қазан күнгі санында: «…кешеден бері көгалдандыру бөлімі В.И.Ленин мавзолейінің іргесін қалау жұмысын бастап кетті. Мавзолей Никольск алаңында орнатылады. Жұмыс Ұлы Қазан революциясының 10 жылдығы қарсаңында аяқталады…»- деп жазыпты.
1931 жылдың 9 қарашасы күні қалалық және аудандық атқару комитеттері президиумының бірлескен жиынында қойылатын ескерткіш жобасы талқыланып, 2500 руб. қаржы бөлуге, бұрынғы тұрған колонна типтес ескерткішті уақыт талабына сәйкес келмейді деп танып, алып тастауға шешім шығарылған.
1923 жылдың күзінде Никольск алаңына жас көшеттер отырғызылған. Америкалық емен, Сібір алмасы, терек сияқты ағаштар отырғызылып, сым темірмен қоршалған алаңға адамдарға кіруге мүмкіндік болмаған. Дегенмен, мұрағат деректеріне қарағанда, екі жылдан кейін бұл жер қалалық баққа айналады деп жоспарланғандықтан, коммуналдық бөлім бұл жұмысты мықтап қолға ала бастаған сияқты .
1924 жылдың ақпан айында қалалық жұмысшылар ғана емес, алыс ауылдардан келген шаруалар да қатысқан жалпы жиналыста, революция көсемінің қазасына орай, Ленин атындағы қор құрылып, Семейде «күн көсемге» ескерткіш орнатуға шешім шығарылды. Осы шешім саябақты ЛЕНИН АТЫНДАҒЫ ПАРК деп өзгертуге негіз болды.
1929 жылдың 20 қазаны күні Семей қалалық партия комитеті, Ленин ескерткішімен бірге, демалыс және мәдениет саябағын салу туралы шешім шығарды. 1929 жылдың 7 қарашасында, мерекелік демонстрациядан кейін, Никольск алаңында қалалықтар бас қосып, Ленинге қойылатын ескерткіш іргетасы салтанатты түрде қаланған. Осы салтанатты шара қалай өтті? Мұрағат деректеріне сөз берейік:
«…Бір сағаттан кейін бақ айналасы қоршауға алынады. Шіркеу жанында митинг өткізіліп, Ленин ескерткішінің орны белгіленді. Тарихи сәтті фотографтар суретке түсіруде. Тілшілер де өз жұмыстарын атқарып жүр».
— Бүгіннен бастап жолдас Лениннің еңбегін бұрынғыдан да қатты сезінетін боламыз,- деген жүргізушінің сөзі мен «Интернационалды» орындаған екі оркестр салтанатты мереке ажарын аша түскендей… Округтік комитеттің төрағасы Фомин мен орынбасары Ярмұханбетов жолдастар жұмысшылардың көмегімен: «Бұл жерде Қазан революциясының 12 жылдығында В.И.Ленинге ескерткіш қойылады» деп жазылған тасты кірпіштен қаланған тұғырға орнатып, гүл және лентамен безендіреді… Ескерткіш жұмысы көктемде басталатыны да хабарланды.
1930 жылдың сәуір айында қалалық советтің президиумы В.И.Лениннің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Семейдегі Техстройконтор мекемесіне ескерткіш тұғырын жедел түрде орнатуды тапсырды. Ескерткішті 1 мамыр күні ашу үшін Мәскеуге өз өкілдерін жеделдетіп іссапарға аттандырады. Мұрағаттарда сақталған суреттерден Ленинге қойылған сол ескерткіштің қай жерде болғанын анық байқауға болады. Бұрынғы Сталин көшесінде, қазіргі парктен шығаберістегі Ленин көшесі бойында, Никольск соборының тасасында Ленин ескерткіші 1936 жылға дейін тұрған.
1930 жылдың 28 мамыры күні жарық көрген «Прииртышская правда» газетінің тілшісі: «1929 жылы болып өткен еңбекшілер шеруінде жұмысшылар мен қызметшілер тарапынан жаз мауымында демалып, саяси — ағарту сауатын ашуға мүмкіндік беретін саябақ қажеттігі жайлы ұсыныс жасалған болатын. Сол міндетті атқаратын орын бұрынғы Никольск бағының орнына ашылған Ленин саябағы болуы керек деп тапқан қалалық билік кәсіподақтардың мәдени іс-шараларын жүргізетін, демалатын, тамақ ішетін, кітап оқитын, шахмат пен дойбы ойнайтын, жуынатын, спортпен айналысатын, тағысын тағы мәдени іс-шараларды өткізетін орын жасауды жоспарлайды…
…Қазір саябақты тазарту, ағаш отырғызу, Ленин ескерткіші мен гүл аллеяларын реттеу жұмыстары жүргізілуде. 1 маусым күні саябақ ашылады»,- деп жазыпты. Алайда белгіленген жұмыстардың барлығы мезгілінде орындала бермейді ғой. Жоғарыдағы жолдарды жазған басылымның 22 маусым күнгі санында: «Ленин атындағы саябақ өз жетістіктерімен мақтана алмайтын сияқты. Саябақтың 10 күн бұрын ашылған қақпасынан кіріп-шығып жатқан жұмысшылар қатары аз. Тоғай арасына қойылған бір-екі стол, орындықтар болмаса, басқадай демалатын орын жоқ. Ленин атындағы парк жұмысшылар мен қызметкерлер демалатын орыннан гөрі қылмыс элементтері жүзеге асырылатын жерге көбірек ұқсайды…»- деп жазылыпты.
Ленинге ескерткіш қойылғаннан кейінгі уақытта еңбекшілер шеруі Еңбек сарайынан Красногвардейская – Найманбаев көшелерінің бойымен — сол кезде Колыванская, кейіннен Интернациональная, қазіргі Қайым Мұхамедханов көшесін бойлай — бұрынғы Потанинск аталған қазіргі Дулатов көшесінің бойымен Горький (Б.Момышұлы) — А.Ибраев көшесіне өтіп, Ленин, яғни қазіргі Мәңгілік Ел мен Абай көшелерін бойлай өтетін.
1935 жылы саябаққа су құбыры тартылды. Қалалық совет жуынатын душ павильонын да орнатып, кіретін бағасын адам басына 40 копейка қылып белгілеген. Дегенмен парк келе-келе шын мәнінде демалатын баққа ұқсай бастаған. Тіпті парашютпен секіретін орын да болған. 1941 жылдың мамыр айында электр желісі тартылып, жазғы кинотеатрды жөндеу жұмысы да қолға алына бастаған екен… Өкінішке орай, соғыс басталғандықтан, паркті жөндеу жұмысы тоқтап қалады.
Жалпы, қаланы көркейту жұмысы қайтадан тек 50-ші жылдары ғана қолға алынған екен. Ленин атындағы парк те сол жөнделуге тиісті обьектілердің қатарында болды. 1951 жылдың сәуір айында қалалық совет Ленин атындағы паркті жөндеу жұмысын бастады. Калугадағы көркемөнер фабрикасынан құмыралар алғызылды. Күні кешеге дейін парктің орталық аумағында тұрған сол құмыраларды қала тұрғындары ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймыз. Сол жылдары парктің айналасын қоршау жұмысы басталды. 1950 жылдың желтоқсан айында облыстық атқару комитеті игерілмей қалған 43 мың рубльді паркті көркейтуге жұмсаған. Бүгінгі күнге дейін тұрған шойын қоршаулар сол қаражатпен салынғаны да тарихтан бізге жеткен ақиқат. Алғашқы шойын қоршаулар 1951 жылы қазіргі Момышұлы көшесі жағынан салынып, Ибраев, Дулатов жақ қабырғалар ағашпен қоршалған. 1952 жылдың қазан айында Ленин атындағы паркті жөндеу жұмысына байланысты сәулет жобасы бекітілді. Шеткері тұрған Ленин ескерткіші парктің ортасына ауыстырылды. 1952 жылы парк басшылығына ағаштарды қырқып, тәртіпке келтіру жұмысы тапсырылды.
Осы тапсырмаға сәйкес, саябаққа 430 тал ағаш, 6580 түп әр алуан өсімдіктер отырғызылды. Аллеяны жөндеу жұмысы 1953 жылы да жалғасты. 1952 жылы Калинин көшесі жақтағы, 1953 жылы Қайым Мұхамедханов көшесінің бойындағы парк қабырғасы шойын темірмен қоршалды.
1954 жылы қалалық саябақ қазіргі медицина университетінің орнында болған. Медицина институты құрылысының басталуына орай, бақ қазіргі Орталық паркке ауыстырылды. Төрт қанатынан кіретін төрт есік белгіленді. Дегенмен көп жылдар бойы паркті жөндеу үшін бюджеттен қаражат бөлінбей, ішкі резервтер есебінен жеңіл-желпі жөндеуден ғана өткізіліп отырған.
1954 жылы саябақ 1 маусымнан кешіктірілмей ашылсын деген тапсырма берілді.
Медицина институтын салатындықтан, бұрынғы қалалық бақтың ішіндегі құрылғыларды Ленин паркіне көшіру жұмысы қолға алынды.
Сәулет бөліміне 10 қаңтарға дейін паркті су және жарықпен қамтамасыз ету және сауда жасайтын павильондарды, аттракциондарды орналастыруға тапсырма берілді. Горький және Калинин көшелеріндегі су құбырларының орнына 1954 жылы жаңа су құбырын тарту, ал Зеленстрой кәсіпорнына көгалдандыру жұмысын қолға алу міндеті жүктелді. Орталық бақтағы өсімдіктер жаңа паркке көшірілді, қайсыбіреулері медицина институтының участогінде қалдырылды.
Саябақты қоршау жұмысының созылып кетуі де тұрғындарды алаңдатқаны байқалады. «Прииртышская правда» газетінің кезекті санында осы тақырып бірнеше мәрте көтерілгендігін мұрағат құжаттарынан аңғардық. Бұл жұмыс 1955 жылы ғана аяқталыпты. Жоғарыда аталған басылым сол 1955 жылы Ленин атындағы қалалық парктің ашылғандығын хабарлап, бірақ ашылуына орай ешқандай іс-шара өткізілмегендігі жайлы да жазыпты.
1956 жылдың қаңтар айында қаланың жаңа трибунасының жобасы дайындалып, Горький – Комиссарский көшелерінің қиылысындағы парктің есігі жақтан трибуна, Құрмет тақтасы, паркке кіретін есік жоспарланып, барлығы парк қоршауымен біріге жасалуы тапсырылды. 15-20 адамға шақталған трибуна партия, кеңес жетекшілерінің мамыр айында өтетін мерекелік шерулерде қол бұлғап, демонстранттарға сәлем жолдап тұруларына арналған болатын. (ол трибуна қазіргі «Сливки» деп аталатын кафенің орнында болған. – авт.) Шығатын басқыш парктің ішінде, биіктігі тұрғын үйлер мен қоғамдық орындардағы сатылардың көлеміне белгіленген стандартқа сай болып келеді. Ал Құрмет тақтасы ауыл шаруашылығы мен кәсіпорындардың озат еңбеккерлеріне арналған еді. 1956 жылдың маусым айында қалалық атқару комитеті трибуна, Құрмет тақтасы және Ленин ескерткішін жөндеу жұмысының құны 106 мың рубль тұратын жобасын бекітті. 1 шілдеден бастап осы жұмыс белсенді түрде қолға алынды.
Октябрь революциясының 40 жылдығына орай құны 25 мың рубль тұратын ескерткіш бой көтеріп, азамат соғысы ардагерлерінің өтініші бойынша, сапасы нашар бұл белгі кейіннен алынып тасталған.
ВЛКСМ-нің 40 жылдығына орай, 1958 жылдың қазан айында Ленин атындағы паркте мерейтойлық құмыра қойылды. Бұл құмыра жергілікті шеберлердің қолымен гипс, алебастр сияқты құрылыс материалдарынан дайындалған болатын. Биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 4 метр. Төменгі жағында комсомолдың 5 ордені, азамат және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі бейнеленген.
1959 жылы қалалық кеңес Ленин паркінің қақпасын жөндеу және мұз сырғанақтар жасауға 42 мың рубль қаржы бөлген. Мұздан жасалған сырғанақ пен жаңа жылдық үлкен шырша, ертегі кейіпкерлері сол кездегі балалардың сүйікті демалыс орындары болатын. Осы 1959 жылы жаз маусымында паркте тағы да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көгершіндері бар субұрқақ, «Кітап ұстаған қыз», «Бригадир мен тілші» композициялары, бұғылар, М.Горький мүсіні, Маяковский мүсіні және әр алуан гүл құмыралары саябақ ажарын аша түскен. Совет үкіметін қорғаушыларға арналған белгі де осы тұста қойылған болатын. Ағаштар қырқылып, гүлдер өсіріліп, саябақ нағыз халық демалатын орынға айналған еді.
5-6 жыл ішінде, сыртқы қоршауынан бөлек, би алаңы, жазғы театр, оқу павильоны, биллиард ойнайтын жер, қисық айна, тир, ойын алаңдары іске қосылған. Орталық аллея асфальтталып, екі субұрқақ жұмыс істеп тұрды. Қалалық Құрмет тақтасы мен облыс өмірінен хабар беретін ақпараттар да осы саябақ орталығынан ойып тұрып орын алған болатын. 1956 жылы Ленин атындағы паркте 1000 орындық жазғы кинотеатр ашылып, қала тұрғындары ашық аспан астында, таза ауада кино көру мүмкіндігіне қол жеткізді.
1962 жылдың 16 ақпанында Семей қалалық атқару комитетінің шешімімен Ленин атындағы парктегі «Космос» жаздық кинотеатрының сахнасы концерт қою, өнер көрсету стандарттық талаптарына сай болмағандықтан және халықтан түскен арыз — шағымдарға байланысты жөндеу жұмысын қажет етеді деп танылып, 11 мың рубльге жоба жасалады. Созылып кеткен жөндеу жұмысы 1972 жылы ғана аяқталды. Алайда 1974 жылдың мамыр айында қалалық атқару комитеті құрылыс бөліміне «Космос» кинотеатрын қайта жөндеуден өткізуге тура келеді. Бұл жолғы жөндеуде «Космос» жазғы емес, жыл бойы жұмыс істейтін мәдениет ошағы болып жабдықталып, ішкі жобасына да өзгерістер жасалды. Өкінішке орай, 80 — жылдары қала басшылығы тарапынан қайта жөндеуден өткізу туралы тапсырма берілгенімен, қаржының жоқ болуына байланысты «Космос» өзінің кинотеатр мәртебесіндегі жұмысын тоқтатты. 1993 жылы Семейдегі Ленин аудандық әкімшілігінің қалалық парктер басқармасының балансында тұрған «Космос» жаздық театрының ғимаратын ақылы автотұрақ жасауға рұқсат берілсін деген шешімі шықты.
Кинотеатрды жөндеу үшін 1990 жылы 20 млн руб. қажет болатын. Орталық саябақтағы аталған кинотеатр содан бері бизнес — орталыққа айналды.
ХХ ғасырдың 80 — жылдарының басында қаланың жаңа Орталық алаңына Лениннің ескерткіші орнатылуына байланысты бүгінгі Орталық парктегі ескерткіш алынды да, Абай ауданына жіберілді. Көп кешікпей трибуна мен құрмет тақтасы да уақыт талабына орай қажетсіздіктен ығыстырылып, гүл сататын дүкенге айналды.
1999 жылы Орталық саябаққа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған болатын.Өкінішке орай, бұл жолғы жөндеу халық күткендей болмады. Саябақ ішіне жеке кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарын жүргізе бастады. Бүгін аталған саябақта билейтін жер де, ойын аттракциондары да, кинотеатр да жоқ, демалыс орны деуге келмейтін жай ғана қоршалған алаң болып тұр …
Мұрағат деректері негізінде баспаға әзірлеген Риза АСАНҚЫЗЫ.{jcomments off}