"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ТАҒДЫРЛАР-АЙ, ТАҒДЫРЛАР–АЙ, ТАҒДЫРЛАР… немесе 1986 ЖЫЛЫ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ СОТТАЛҒА

13.12.2019
65
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Желтоқсан айы бастала сылаңдаған «шырша сылқым» әр жерден бір төбе көрсетіп, көпшіліктің назарын өзіне аударуға тырысып–ақ бағады… Биіктігі бірінен-бірі асып түсетін, түрлі түсті шамдары жарқ-жұрқ еткен жасыл шыршаларды қызықтап тұрып бұл айдың қазақ үшін қасірет әкелгенін естен шығарып алатынымыз да құпия емес…

Бұл — Қайрат, Ләззат, Сәбира сияқты Жаңа жылға жете алмай жығылып, мерт болған жастардың ЖЕЛТОҚСАНЫ.

Бұл — мерекеге екі апта ғана қалғанда топшысы сынып, қапыда құлап түскен бала қырандардың ЖЕЛТОҚСАНЫ.

Бұл — жастықтың алауын түрмеде сөндірген, отаншыл ұл-қыздарымыздың қанына боялған ЖЕЛТОҚСАН.

Желтоқсан жылағалы да 33 жыл өтіпті.

Жылап тұрған желтоқсанда күлу қиын-ақ…

Біз Шығыс Қазақстан облысында туып, желтоқсан оқиғасы кезіндегі белсенділіктері үшін сотталған бірқатар азаматтардың бүгінгі тағдыры қалай болды деген сауалға жауап іздеп көрген едік.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан рухы мықты қазақ қыздарының бірі — Нағима Асқарқызы Салихованы сұрастырып жүріп Алматыдан таптық.

1962 жылы 23 шілдеде Семей облысының бұрынғы Көкпекті ауданына қараған, қазіргі Тарбағатай ауданының Құмкөл  аулында туған Нағима Салихова  Алматының Бас киімдер  фабрикасында бухгалтер-оператор болып еңбек етіп жүрген кезінде, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасына байланысты 3 жылға бас еркінен айырылады. Жазасын «Жауғашты» әйелдер колониясында өтеп, 1988 жылы, 1 жыл 9 ай өткенде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.  Нағимаға қатысты соттағы бір-екі эпизодты айта кеткен дұрыс болар:

«Нағима  Салихова  1986 жылы 17 жетоқсан күні  қыздар педагогикалық институтының жатақханасындағы таныстарына  барғанда  қалада болып жатқан жаппай тәртіпсіздік жайлы естиді. Алматы бас киімдер фабрикасында бірге қызмет істейтін А.Г.Калимова атты құрбысы  екеуі  аталған кәсіпорынның өздері тұратын   жатақханасына қайтып  келген соң  ұлтшылдық тақырыбында  үгіт жұмысын  жүргізеді. Н.Салихова  СОКП мүшесі бола тұрып, өзінің беделін пайдаланып жұмысшылар тобын жасақтап,  «билік өкілдері студент жастарды ұрып-соғып жатыр» деп жұмысқа бармай, алаңға баруға шақырып, билікке бағынбаған…» деген сөздер сот айыптау хаттамасында жазылыпты.

Сот жазбаларында: Кәсіподақ төрағасы Кучина  топ ішінен Нағиманы алып шығып, «Сен коммуниссің ғой, мұның не?» деп бөгемекші болған. Алайда Нағима  есіктің құлыпын бұзып сыртқа шыққан   топпен бірге алаңға бет алған. Сот залында 23 жастағы бойжеткеннің  өзіне тағылған айыпты мойындап тұрып: «Жастарды ұруға кімнің қақысы бар? Біз  өз  қарсылығымызды білдірдік. Сол үшін соттайсыздар ма?»  деп  жауап бергені де сақталыпты. Сотта  Нағима кінәсін мойындамаған.  Қылмысы дәлелденбесе де: «…Вина Салиховой недоказано. Однако…» деп көп нүктемен сот үкімі шығарылған. Сөйтіп    сол кездегі солақай  саясаттың құрбаны болған ұлтжанды  қыз жазықсыз  үш жылға бас бостандығынан айырылып кете барады. 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін   толық ақталған  Нағима   Салихова қазір Алматыда тұрады. Табиғатынан өжет, белсенді, қанша қиындық көрсе де мойымаған, сынбаған қазақ қызының кейінгі өміріне де сол қайсар мінезінің көмегі көп болған сияқты. Алматыда  қалалық тұрғын үй басқармасында қатардағы  мастерден директорлық лауазымға дейін көтерілген  Нағима бұл күндері бақытты жар, асыл ана, екі немересінің ардақты әжесі. Одақтың отаршылық жүйесіне қарсылығын 23 жасында  саналы түрде, ашық көрсетіп, сол кездің өзінде  қызыл билеті мен жайлы қызметін  қазағының Тәуелсіздігін алуы жолында жалтақтамай  құрбан еткен   Нағима:  «Өткенді есіме алсам сол желтоқсанның ызғары бойымды әлі де  қарып өтеді…» дейді

Ербол Саркенұлы  Ақтанов – 1962 жылы 1 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында  туған. 1986 жылы  Өскемен педагогика институты филология факультетінің  3 курс  студенті  Ербол Алматыдағы  желтоқсан оқиғасын қолдаған Қазақстанның шығысындағы жастардың белсенділерінің қатарында болғаны үшін 1 жарым жылға сотталып, айыбын Павлодарда түзеу мекемесінде өткерген екен. Ерболмен телефон арқылы байланысқа шығып, Желтоқсан батырының  бүгінгі тағдыры жайлы сұраған едік:

— 1986 жылдың сол кезі есіме түссе жүрегім әлі күнге ауырып кетеді. Жиырма бестің жалындап тұрған шағы ғой. Алматыда ұлтжанды жастардың  алаңға шыққанын естіп  қолдау мақсатымен біз де Өскеменде өз  қарсылығымызды байқаттық. Бүгін айттық не, айтпадық не, әлі күнге толық ақтала алмай келеміз. Желтоқсан оқиғасы бүкіл арманымызды аяққа таптап, өмірімізді  быт-шыт қылды ғой. Сотталып келген соң оқуымды сырттай  жалғастырып, бітірдім. Өкінішке орай мамандығым бойынша қызметке орналаса алмадым. Өйткені «сотталған» адамға мектепке сабақ беруге  рұқсат етілмеді.  Біраз уақыт кітапханада жұмыс атқардым. Қазір Зайсанда жол жөндеу мекемесінде жүргізушімін.

Бұл тағдыр шығар. Мен жетпеген армандарға балаларымның  жетіп жатқанына  шүкір деймін. Қазір  жанұям, екі қызым, немерелерім бар. Қыздарымның бірі — дәрігер, ал екіншісі – қаржы маманы. Осыдан біраз уақыт бұрын қызым әскери дәрігер болуға құжаттарын өткізген болатын. Өкінішке орай  менің өмірбаянымдағы  «сотталған» деген жолдар  өзімнің ғана емес балаларымның тағдырына да көлеңкесін түсірді. Желтоқсан қалдырған таңба перзентімнің  әскери дәрігер қызметіне орналасуына бөгет болды,- дейді Ербол Ақтанов.

Гүлжан Ғазизқызы  Қарымғазина – 1969 жылы 25 наурызда Шығыс Казақстан облысы Күршім ауданында туған. 1986 жылы Өскеменнің кооператив  техникумының  3 курсында оқып жүрген 17 жастағы қыз  желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін абақтыға қамалады.  Ол кезде Гүлжанның анасы Сақыпжамал Рыспаева Құйғанда ауыл  мектебінде мұғалім болған. Облыстық прокуратурадан байланысқа шыққан адам қызының  антисоветтік мазмұнда  үгіт парақтарын  таратып  Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қолдау жасағаны үшін  ұсталғанын айтып, Өскеменге жедел жетуін талап етеді. Шын мәнінде орыс мектебінде білім алған  Гүлжанның  қазақша үгіт қағаздарының мәтінін жазуға  шамасы жетпейтініне де, 17 жастағы жасөспірім қыздың саяси тұрғыдан  көзқарасының өсіп жетілмегендігіне де ешкім назар аудармайды. Жас болса да өжет қыз жанындағы құрбылары дайындаған парақтарды  таратқанын айтып, барлық кінәні өз мойнына алады.Сөйтіп ол ҚазССР  қылмыстық кодексінің  173-бабының 2-тармағы бойынша 1 жылға            сотталып,  жазасын  өтеуге этаппен айдалып кете барған.   Гүлжан Қарымғазина 18 жасқа толғанша  Ресейдің  Воронеж, Ворошилов сияқты бірнеше қалаларындағы  түзеу  мекемелерінде болып, кәмелетке толған соң «Жауғашты»  әйелдер колониясына жіберіледі.  1987 жылдың тамыз айында  сотталғандарға рақымшылық жасалатын болады:

— Рақымшылықтан үміткерлердің қа-тарында ісім Алматыда сотта қаралды.Кіріп барсам сот залында отырғандардың бәрі өзіміздің ұлттың өкілдері  екен. Менің жас екендігімді көріп аяған да болар, бәрі бір ауыздан «рақымшылық жасалу керек» деп қолдау білдірген еді… Тек бір адам, прокуратураның қызметкері:  «Бұл қазір бостандыққа шыққан соң мен ерлік жасадым, билікті жеңдім деп кеуде соғып кетеді, отырсын!»,- деп қарсылық білдірді. Әлі күнге дейін сол кім болды екен деген ой жиі мазалайды. Басқа ұлт емес, өз қандасымыз еді,- дейді Гүлжан. 1987 жылдың тамыз айында ақталып елге оралған Гүлжан техникумды сырттай оқып тәмамдайды.

— Желтоқсанның үсігіне шалдыққан-дардың бірі менмін. Жастығымның ең арайлы шағы, он сегізінші көктемімді  түрмеде қарсы алдым. Елге оралған соң да желтоқсанның ызғары  жаныма батқан сәттер аз болған жоқ. Сүйген жігітімнің туыстары менің сотталып келгенімді естіген соң  үйленуімізге қарсы болды. Бақытты ғұмыр кешеміз деген арманымнан ада болып  некесіз нәрестені дүниеге әкелдім. Ата-анам баланы өз бауырына басып, менің  тілеуімді тілеп елде қала берді. Одан кейін Семейдің жігітіне тұрмысқа шықтым. Қазір Алматыда тұрамыз. Бір фирмада бас  есепші болып қызмет атқарамын. Бір ұл, бір қызым бар,-дейді Гүлжан.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқ-санда жазықсыз жазаланғандардың қа-тарында  Гүлжан да толық ақталғанымен, жүрекке түскен жара  жазыла қояр ма екен…

Жолболдин Берікқали Елемесұлы – 1962 жылы 12 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Буденовка ауылында туған. 1986 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтының 2 курсында оқып жүргенде Берік Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың қатарында сотталған.

— Алаңға шыққан жастарға су шашып, қуалаған машиналарға қарсы тас лақтырып тұрғанда суретке түсіп қалыппын. Республиканың Бас Прокуратурасының қызметкерлері «тасты автокөлікке емес, адамдарға лақтырдым деп жаз» деп қыстады. Байланыс техникумында оқитын қалыңдығым Гүлназ уақытша тергеу  изоляторында отырған мені іздеп келгенін көрген соң «қалыңдығыңды да қамап тастаймыз» деп  қорқытты. Ұзын сөздің қысқасы, бәрібір сотталдым. 1986 жылдың мамыр айының 28 күні Алматыда  Қаз ССР  ҚК 65-бабы бойынша   бас бостандығымнан 3 жылға айырылып  2 жылын алғашқыда Целиноградта, кейіннен Алматының Іле ауданындағы арнаулы комендатурада өткердім. Менің  істі болғаным анама қатты батты. Жазамды өтеп жүріп 1987 жылы жедел  үйлендім. Қалыңдығым Гүлназ да  басыма түскен ауыртпалықты бірге  көтеріп, анамның жанында болды.

Еліміз Тәуелсіздігін алған соң  1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін    желтоқсанда тағдырлас болған барлық  замандастарыммен бірге мен де  ақталдым. Оқуымды да аяқтап, қызметке де орналастым.Қазір Талдықорған қаласында тұрамын. Алғашқыда салық басқармасында жұмыс істедім, қазір қазынашылық департаментінде қызмет атқарамын. Аман – есен елге оралып, оқуымды аяқтағанымды марқұм анамның көріп кеткені  де бүгін көңілге қуат береді. Гүлназ екеуміз екі ұлымызды тәрбиелеп жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Желтоқсанның жүректерге салған жарасы көп қой. Енді  ондай жағдай қайталанбасын, елімізде тыныштық болсын деп тілейміз,-деп аяқтады сөзін Берік.

Желтоқсан оқиғасы кезінде «атқа қонған»  аруларымыздың бірі  Гүлмира Алпысханқызы  Рахымжанова, 1966 жылы 18 шілдеде Семей облысы Жарма ауданындағы  Георгиевка ауылында туған Гүлмира  Алматыда  Бас киімдер   фабрикасында тігінші болып жұмыс істеп жүргенде   2 жылға сотталды.  Гүлмираның өзі сол жылдарды былайша еске алады:

— Алматыдағы бас киімдер фабри-касындағы жұмысымызға бара жатқанда алаң жаққа ағылып  жатқан жастарды көріп,  олардан Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің  небары 18 минутқа ғана созылған Пленумында елімізді  ұзақ жылдар бойы басқарған  Д.Қонаевтың орнынан  алынып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Г.В.Колбин  дегеннің тағайындалғанын естіген соң  біз де   бұл әрекетті барып тұрған  қателік және қазақ халқының мүддесін мүлде елемеушілік деген ашу ызамен  көптің артынан ілестік. Жанымда бір жатақханада тұратын   Гулбира Панинова, Гүлнар Самаева, Галимат Шамаева, Гүлнар  Лепесбаева    бесеуіміз алаңдағы жағдайды  көріп қайтқан соң жастықтың жалыны тіпті алаулай түскендей болды. Кешке жатақханада  «Үш күн жұмысқа шықпайық, әр ұлтқа өз көсемі…» деген сияқты сөздер жазылған үгіт қағаздарын жазып тарата бастадық. Осы әрекетіміз үшін  бесеуіміз де  2 жылдан  сотталып, Шамалғанда «Жауғашты» әйелдердің түзеу мекемесінде 6 ай жазамызды өтеген соң  өзіміз жұмыс істеген Бас киімдер фабрикасы  қалған мерзімді  кәсіпорында жалғастыруға  сот шешімін шығартып, шақыртып алды. 1988 жылы туған ауылыма оралдым. 1993 жылы  барлық желтоқсаншылармен бірге мен де ақталдым.

Басқаларды білмеймін, Желтоқсан оқиғасы менің тағдырыма көп ауырлық әкелді. Сотталған қызды кім өмірлік жар  еткісі келсін? Екі  баламды әкесіз дүниеге әкеліп, жалғыз жеткіздім. Ұлым Мұхаметәлі  қазір Астанада қызмет істейді, ал қызым Мәрзия Семейде тұрмыста, екі жиенім бар. Қалбатауда жеке меншік фирмада еден жуамын. Биліктен  желтоқсандағы  жағдайымды  айтып көмек сұрап барған емеспін. Апайым дүниеден өткенде мұра етіп қалдырып кеткен үйде тұрып жатырмын,- дейді Гүлмира.

***

«…Екі жақтың талаптары да орындалмайтындай кульминациялық жағдайлар да жақындап келе жатқанын ішім сезді. Алғашқы қар кесектері мен милиционерлердің бас киімдерін жұ-лып алып ортаға лақтырғандарын да көзім шалып қалды. Темір бағанға шығам деген жігіттердің үш-төртеуінің жолы болмады. Ұзынша келген жігіттің өрмелеп бара жатқанын көріп көңілім еріксіз сол жаққа ауды.

Ол көп кідірместен басына жетіп, бір қолымен темір бағанды қапсыра, екінші қолымен дауыс күшейткішті жұлқып-жұлқып жерге тастай салды. Көпшілік шулап, қол соғып жатыр. Кейіннен білдім, ол сол әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған, ет комбинатының сол кездегі жұмысшысы  Жуандықов Болат екен. Осыдан кейін-ақ, бейбіт митингінің сәні мен мәні өзгеріп, бір жағы жастар, екінші жақтан қарулы әскерлер мен милиция қызметкерлерінің арасындағы қанды қақтығыс басталып кетті».

Бұл жолдар желтоқсан қаһарманы Құрманғазы Рахметовтің «Жадымдағы желтоқсан» деректі хикаясынан алынып отыр. Осы естелікте есімі аталған  Болат Жүсіпұлы Жуандықов – 1965 жылы 27 мамырда Семей облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе поселкесінде  туған.

— Кейбіреулер өз естеліктерінде 1986 жылдың желтоқсанында бастан кешкендерін  саяси көзқарас тұрғысынан пайымдап,  саналы түрде шыққанын айтып жатады. Ақиқатын айту керек, әу баста өзім алаңға қазақтар жиналып жатыр дегенді естіген соң әуесқойлықпен  бардым. Ол  кезде Алматы ет комбинатында жұмыс істейтінмін. Кейіннен алаңға шыққан жастарға «бұзақылар, нашақорлар» деп айып таққанды да естідік. Олай да емес. Әу баста «Әр ұлтқа өз көсемі!» деген  ұран тастап, саяси көзқарасы жетілген ұлтжанды азаматтар бастап, жастықтың жалыны алаулап тұрған қыз жігіттер қостаған бейбіт шеру ретінде басталғанын өз көзімен көрген куәгерлердің бірімін. Осы бейбіт шерудің берекесін алған — отаршылдықтың озбырлығы.

Қазір ойлап қарасам, олардың көздеген мақсаты аз  ұлттарды  езіп-жаншып жоқ қылып жіберу болған. Аязды күні алаңға жиналған  қазақ жігіттері мен қыздарын   милиция киімін кигендер және  қарулы әскерлер ұрып соғып, қуалап ұстап, қақтығыс қанды шиеленіске айналып  кеткен кезде бағанның   басында  орнатылған дыбыс күшейткішті  өрмелеп шығып, жұлып алып жерге лақтырып жібергенім рас. Осы үшін 5 жылға сотталдым. Күндіз жұмыс істеп, кешкі мектепте оқитынмын.  Қылмыстық істер кодексінің 79 – бабымен «халық жауы» деген жолдармен сотталдым. 5 жылдың 2 жарым жылын Ресей жерін этаппен аралап жүріп  өткерген соң 1989 жылы  босатылдым. Еліміз Тәуелсіздігін алған соң 1993  жылы  сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін   ақталдым. Бостандыққа шыққан соң  туған ауылыма оралдым. Үйлендім. Екі балам бар. Өзім жол жөндеу кәсіпорынында жұмыс істеймін. Желтоқсан салған жараны жүректен өшіру оңай емес сияқты,- дейді Болат бізбен әңгімесінде.

Желтоқсанда қиын күндерді бастан кешіргендердің бірі  қатонқарағайлық 1964 жылы туған Асқар Райымбекұлы Рамазанов ол кезде Алматыдағы Поршень зауытында жұмыс істеген екен.

— 16 желтоқсан күні алаңға жастар жиналып жатыр дегенді естіген соң мен де бардым. Милиция формасындағы өзіміздің қандас бауырымыздың   қазақ қызының шашынан сүйреп жатқанын көрген соң иығындағы погонын жұлып алып, ұрып жібердім. Сол ісім суретке түсіп қалыпты. Қаз ССР ҚК 65-бабымен 5 жылға бас бостандығымнан айырылдым.  Маңғышлақта жазамның 4 жыл 8 айын  өтеп   елге оралдым. 1993 жылы ақталдым.Сол кезде Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасында жұмыс істеген 1967 жылы туған қарындасым  Рамазанова Гауһар Рахымбекқызы  да 1 жылға сотталды. Бүгін санадан өше бастағанымен еске түскенде жүректің ауырып кететінін жасырмаймын. Талай қиындықты бастан өткердік. Қазір Өскеменде жұмыс істеймін,- дейді Асқар.

Құрманғазы Рахметов – 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 7 жылға сотталған. 2015 жылы баспадан шыққан 11 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында: «1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан жастар жаппай қуғын-сүргін саясатын көрмеген, тоталитарлық жүйенің идеологиялық илеуінде әлі де болса жаншылмаған, ұлттық мәдениеттің озық үлгілерінен сусындаған жас ұрпақ еді. Сондықтан да шеруге қатысқан мыңдаған жастар, Қайрат Рысқұлбеков, Құрманғазы Рахметов сияқты оның өкілдері ерліктің және отаншылдық рухтың биік үлгісін танытты» (296-бет),- деп жазылыпты. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен қатар жазылып тұрған Құрманғазы Абденұлы Рахметов — біздің жерлесіміз, 1965 жылы 22 қаңтарда Семей облысы Мақаншы ауданында туған азамат.

Құрманғазы 1981 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы Алматы политехникалық институтының басқару жүйесін автоматтандыру факультетіне оқуға түседі. «Жадымдағы желтоқсан» атты деректі хикаясында Құрманғазы Рахметов 1986 жылдың сол шақтарын былайша еске алады: «Сол  күні желтоқсанның 16-сы сейсенбі   болатын. Түстен кейін, “Кремль  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты алып тастапты, оның орнына бізге таныс емес Колбин деген біреуді қойыпты. Пленум 16-ақ минут болыпты”, – деген суыт хабар келіп жетті… Ертең бізді не күтіп тұрғанын қайдан білейік. Сәрсенбі күні біздің оқу кестеміз,  екі пар сабақтан кейін, «Динамо» стадионының ішінде дене тәрбиесімен аяқталатын. Курстың он шақты жігіті жатақханаға келсек, абыр-сабыр. Біреулерінен жағдайды сұрастырсақ, жаңа ғана бір топ жастардың Байтұрсынов көшесімен  жаңа Алаңға көтеріліп бара жатқандарын көргендерін, қолдарында ұрандары барын да айтты. Бірге оқитын жігіттер — Мейіржан, Нұрлыбек үшеуіміз “Алаң қайдасың?” деп тартып отырдық.

Абай көшесінен Байсейітова көшесіне жоғарылап бара жатқанда-ақ халық көп кездесе бастады, негізінен, жастар. Алаңның кіреберісі иін тірескен халық, ортасында шоғырланған жастарды белбеулей қоршап тұрған милиционерлердің сапымен арпалыса жүріп ішке ендік. Алаң толы жастармен қауышып, денені бір керемет сезім билеп ала жөнелгені…

Ондай керемет сезімді бұрын-соңды бастан кешпеппін… Үш жақтан жаңадан келіп жатқан жастар легі Кеңестер Одағындағы сол кездегі ең үлкен, ең көрікті Алаңды толтырып та жіберді. Мінбер жағында да қозғалыс нышанының күшейіп келе жатқанын байқамау мүмкін емес еді. Қазір желтоқсандықтарға ілініп тұрған тақта маңынан үлкендердің «Елім-айлатқандары» да қосылып кетті… Алаң бір ауыздан мінберге Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі шығып, жағдайды толық түсіндіріп беруін талап етті. Болмаған жағдайда, бұл Алаңнан тарқамайтындарын, қажет болса, кеш, түн, тағы да бір күн күтетіндерін жеткізді. «Долой Колбина. Каждому народу своего вождя!» деген орысша, «Колбин кет! Әр ұлтқа өз басшысы, көсемі — Әуелбеков, Назарбаев болсын!» деген ұрандарды жастар бір ауыздан қайталап жатты. Бірақ мінбер жақтың талабы: “Тарқаңдар, тарқамайтын болсаңдар, күш қолданылады!” – деп, бірінен кейін бірі айтып жатты. Кімнің кім екенін танып, ажыратып жатқан біз емес. Мегафон қолыма тиген кезінде, партия басшылығына Кәкімбек Салықовтың кандидатурасын ұсынып, замандастарыма жалынды сөзімді арнап үлгердім. Көпшілік менің соңымнан үш-төрт рет қайталады. Кейбір жерлерден көзге ерекше түсіп қалғандарды бір-бірден шығарып алуға тырысып, алып та кетіп жатты. Алаңның батыс жақ шетінен енген қолына жетектеген баласы бар әйелдің айғайлап сөйлеген сөзіне құлақ түрдік.

Бір сәт өзімнің ығысып, трибуна жақты жағалай екі-үш сап қатар тұрған милиция қатарына жақындағанымды байқадым. Алдыңғы қатардан факультеттің жігіттерін кездестіріп қалдым. Қазіргі кезде жиі-жиі жарияланып жүрген суреттің алдыңғы қатарында тұрған — физфактың Серік деген жігіті, қызылордалық. Сәл артында Қайрат Сәриев тұр. Мен объективке сыймай қалыппын, сәл солға қарай, төрт-бес жігіттен кейін тұрған едім. Екі жақтың талаптары да орындалмайтындай кульминациялық жағдайлар да жақындап келе жатқанын ішім сезді. Алғашқы қар кесектері мен алаңдағы жігіттердің милиционерлердің бас киімдерін жұлып алып ортаға лақтырғандарын да көзім шалып қалды. Темір бағанға шығам деген жігіттердің үш-төртеуінің жолы болмады. Ұзынша келген жігіттің өрмелеп бара жатқанын көріп, көңілім еріксіз сол жаққа ауды. Ол көп кідірместен басына жетіп, бір қолымен темір бағанды қапсыра, екінші қолымен дауыс күшейткішті жұлқып-жұлқып жерге тастай салды. Көпшілік шулап, қол соғып жатыр. Кейіннен білдім, ол сол әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған, ет комбинатының сол кездегі жұмысшысы  Жуандықов Болат екен. Осыдан кейін-ақ бейбіт митингінің сәні мен мәні өзгеріп, бір жағы жастар, екінші жақтан қарулы әскерлер мен милиция қызметкерлерінің арасындағы қанды қақтығыс басталып кетті. Жан алысып, жан беріскен осы қақтығыс алма-кезек ит жығысқа ұқсағандай. Біздерді алаңның шетіне қуып тықса, барарға жері қалмаған жастардың бойындағы жігері мен намысы қарулы әскерді алаңның екінші шетіне атойлап, аруақтап, қуып тастайды. Байқағаным, екі жақтан да 20-30 адамнан әртүрлі жарақат алғандар Алаң ортасында қалып жатты. Ішімізден сол жерде жедел түрде жасақталған топ оларды шет жаққа жетелеп, сүйрелеп тасып жатты.

Осылай үш-төрт толқынды басымнан өткерген едім. Соңғы толқын кезінде бір қыздың сүрініп құлап қалғанын байқадым. Әскеридің “дубинкамен қызға ұмтылғанын байқап, аруақтап жетіп барып оң аяғыммен теппек болған сәтімде, «щитын» қойып үлгерген екен, тіземнен төмен орта тұсын орып түсті. Басында ет қызуымен байқамаған екенмін, жетектеп алған қызымды жігіттердің қолына тапсырғаннан кейін, аяғымның бастыртпайтынын байқап, жанымдағыларға «сендерге масыл болмайын» дегенді айтып, Алаңнан сылти басып жатақханама тарттым. Келсем, кейбір жігіттеріміз жараларын таңып, Алаңға қайта  кетіп те жатыр екен.  Аяғымды мықтап таңып алып, қазақ жастарының ерліктерінің әр эпизодтарын есіме алып, әсіресе қаршадай қазақ қыздарының етектерін түріп алып, тас, мраморлар тасып, жігіттердің намыс пен жігер оттарын қайрап, ортақ күреске қосқан үлестерінің ер-азаматтардан ешқандай кем еместігін ойлап жатып ұйықтап кетіппін.

Қаланың жалпы жағдайын білу мақсатымен нағашы ағамның үйіне тарттым… Түн ортасы ауа нағашымның баспа мәшеңкесіне қонжиып, БҰҰ Ассамблеясының Бас хатшысы Хавьэр Пэрес де Куэльярға болған оқиғаларды баяндап, бізге көмек көрсетулерін сұрап, бір бет хатымды жазып,  таңның атуы мен автобустың қатынауын күтіп жаттым. Ертемен жатақханаға келе салысымен старосталар мен комсоргтарды жиып, ойларымызды ортаға салып, «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «ҚазССР конституция қағидалары сақталуы тиіс!» деген екі ұран әзірлеп, бір пардан кейін барлығымыз Алаңға қайта шығатын болып келістік. Әркім өздері жеке-жеке тапсырма алды.

Бірге оқитындар жиналып, Байтұрсынұлы көшесімен жоғары көтеріліп бара жаттық. Жол-жөнекей жанымыздағы театр көркемсурет институтының жатақханасы мен ҚазМУ-дың химия факультетінің студенттеріне айғайлап, біздерді қолдауларын сұрадық. Масанчи көшесінің бұрышына жете бергенімізде үш адам бізге бүйірімізден қосылып, үлкендеу біреуі мән-жайды сұрастырды. Жағдайларымызды түсіндіріп, бейбіт түрде Алаңға барып, қырғында ұсталып, екі күн бойы қамауда отырғандарды босату жөніндегі талаптарымызды жеткізбекшіміз дедім. Топтың артқы жағында келе жатқанмын. Басымды көтеріп қалсам, алдымдағы курстастарым жан-жаққа жамырай қашып жатыр екен, түсініп те үлгерген жоқ едім, артымнан соққы келіп тиді. Бұрылып жалт қарасам, қарсы алдымда милиционер қазақ жігіті, оң қолында дубинкасы, сол қолында қалқаны, қасқиып қарап тұр. Жерге қарасам, қан тамып тұр екен. Сонда ғана иегімнен қан сорғалап тұрғанын байқадым. Күртешемнің «капюшоны» бар еді, арттан келіп соққан кезде, сәл үстіге немесе астыға тигенінде, тірі қалып, осындай естелік жазып отыруым екіталай еді. Жаратқанның көрсетер жарығы барын сонда ғана сезіндім.

Милиционерлер он метрдей жерде келіп тоқтаған автобустың ішіне жастарды тықпалап отырғыза бастады. Менің жарамды байқап, тоқтамай аққан қаннан секем алды ма, әйтеуір, босатып жіберді. Жатақханадан онша ұзамаған едік.  Келе салысымен, жарамды жуып, өзімді-өзім тәртіпке келтіргенім сол еді, деканымыз бастаған екі-үш мұғалім бөлмеге кіріп келді. Мен орын алған жайды айттым. Көп нәрсені сұрамастан, тынышталып, ешқайда шықпайтыным жайында уәдемді алып, шығып кетті. Жатақханамыз студенттерден гөрі мұғалімдерге толып кеткендей…

Сөйтіп, комсомол қатарынан шығарылдым. Жеті жылға сотталдым.  Жеті жылдың екі жыл екі айын отырып шықтым. 1990 жылы оқуымды жалғастырғаныммен, толық аяқтағаным жоқ. Кейін, 2003 жылы, Салық Зимановтың ҚАУ (Қазақ академиялық университеті), заң факультетін бітірдім.

Желтоқсандағы белсенділігім үшін үлкен ағам Рахметов Оралғазыны совхоздың директорлығынан шығарып, екінші ағам Қайырғазыны да қызметінен төмендеткен. Студент апайларым Тұрсынгүл мен Баян, қарындасым Бақытқа да кері әсері болды. Ең қызығы, ҚазМУ сол жылдары Мақаншы ауылынан физфакқа абитуренттерді қабылдамай қойыпты, оны жерлестерімнің бірі айтқан еді, есімі есіме түспей отыр.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының президентімін. Желтоқсандықтардың саяси, әлеуметтік жағдайларымен айналысамыз»,- дейді Құрманғазы Рахметов.

Естелігінен де байқаған боларсыздар, Құрманғазы — желтоқсанда алаңға саналы түрде шыққан жастардың бірі. Өкінішке орай, ұлтын сүйген сол батырларымызға, отыз үш жыл өтсе де, тарих лайықты бағасын ресми түрде әлі берген жоқ.

Әлде Халық қаһарманы болу үшін тірі болмау міндетті ме еді…

БІР СУРЕТТІҢ ТАРИХЫ немесе бейтаныс ару кім?

1986 жылы түсірілген осы тарихи фотосурет Facebook-те жарқ етіп көрінгеннен кейін–ақ желі қолданушылары арасында әркім өз таныстарына ұқсатып, түрлі жорамал жасаушылар көп болды. Көп кешікпей суретте үш милиция қызметкері ортаға алып әкетіп бара жатқан қыздың біздің жерлесіміз, катонқарағайлық Анар Рахымжанова екені белгілі болды. Анармен таяуда телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті:

– Мен 1984 жылы мектепті бітірдім. Дәл сол кезде сіңлімнің жүрегіне ота жасатқандықтан, жоғары оқу орнына құжат тапсырмадым. Яғни маған оқу емес, туысымның амандығы  керек болды. Семей қаласында біраз уақыт жұмыс жасадым да, келесі жылдың қараша айында сыныптас құрбым Гүлшаттың шақыруымен Алматыға келіп, СМУ-50-ге құрылысқа жұмысқа кірдім. Содан 1986 жылдың жазында ЖенПИ-ге оқуға түсуге дайындалып жүргенде құжаттарымды жоғалтып алдым. Кейіннен табылғанымен, кешігіп қалғандықтан, амал жоқ, құрылыстағы сылақшы жұмысын жалғастырдым.

Сонымен, кезекті еңбек демалысымда ауылда болып, 15 желтоқсан күні Алматыға қайттым. Ертесіне кездесіп жүрген жігітім (қазір жолдасы – авт.) екеуіміз «Целинный» кинотеатрына киноға бардық. Күндізгі сеансын көріп, такси ішінде келе жатқанымызда радиодан Қонаевты алып, орнына Колбин тағайындалғаны жайлы хабарды естідік. Кешкі сағат 18-дер шамасы болатын. Көп уақыт өтпей жатақханамыздың қасына кеп бір жігіт дыбыс күшейткішпен: «Қазақтар, неге үнсіз жатырсыңдар?! Орталық алаңда қазақтарды қырып жатыр…»,- деп айқайлады. Бұл сөз құрбым екеуімізге қатты әсер етті. Алаңға бармақшы болып едік, милициялар шығармай қойды. Мен жолдан ауырып келгем, бірақ 17 желтоқсанда жұмысқа шығуым керек. Таңертең құрбым Гүлшат екеуіміз поликлиникаға барып, маған ем демалысын аштырып, ары қарай алпыс алтыншы автобусқа отырып, алаң жаққа бет алдық. Автобуста бізді бейтаныс қазақ жігіті бармауға үгіттеді. Алайда оны тыңдамадық. Қоғамдық көліктің жүргізушісі Балуан Шолақ атындағы стадионға жеткен соң бәрімізді түсіріп тастады. Ал біз ұлттық намыспен рухтанған жастық жалынының жетегінде Абай даңғылымен жаяу патриоттық әндер айтып, алаңға жеттік. Келсек,  айқай-шу. О шеті мен бұл шеті көрінбейді. Құрбым екеуіміз арасына ығысып кіріп кеттік те, бір-бірімізден ажырап қалдық. Алға жылжи беріп, дәл ортасынан бір-ақ шығыппын. Сол мезетте әскери адамдардың жүгіріп келе жатқанын көрдім. Елдің бәрі қашпақшы болып, бір-бірінің үстіне құлады. Мен де құладым. Екі қолымнан екі милиция ұстап, тұрғызды. Жүздеріне қарасам, өзіміздің қазақтың жігіттері. Бірақ жібермеді. Екі жағымнан ұстап, әкетіп барады. «Өзім жүрем»,- дедім де, біреуінің қолын қағып жібердім.

Алаңда шамасы бір сағат болдым. Қарулы топтың қабаған иттерді жіберіп, жастарды аяусыз қинап жатқанын көрдім. Шашы бұйра қазақтың бір жігітінің тасқа ұрылған басынан қан сорғалап жатқанын қолға түсіп, әкетіп бара жатқан кезде байқадым… Көліктің ішіне кілең қыздарды тиеді. Енді жүрмекші боп тұрған сәтте бейтаныс ер кісі бізді түсіріп алуға әрекет жасап еді, жібермеді. «Өзіңіз түсіп қалыңыз»,- деп сыпайы түрде жауап қайтарды. Беделді адам секілді, түсер кезінде: «Тегінде, мына өз қазағымыздың қыздарына қолдарыңның ұшын тигіз-беңдер!»- деп ызаланып, бұйрық бергендей айтты. Содан Қаскелеңнің милиция бөлімшесіне апарып, сұрақ-жауап алды. Ұрып-соққан жоқ. Қайтарар кезде бізді тергеген жігіт қасыма кеп: «Ақшаң бар ма?»,- деп менен ақырын ғана сұрады. «Жоқ»,- дедім. Өйткені екеуімізге ортақ сөмке құрбымда еді. Ақша соның ішінде болатын. «Жетіп ал»,- деп бір сом берді.

Тергеу кезінде қасымда болған қыздар жаныма кеп: «Анар, жаңа саған берген бір сом бесеуіміздің қайтуымызға жетеді. Бөліссең»,– деді. «Жарайды, сендер қайда барасыңдар?»- десем, «Сен айтқан адреске барамыз»,– дейді. Мен «Восход» жатақханасында, ал олар дәл қасымдағы «Искра» деген жатақханада тұрады екен. Ал тергеу кезінде бәрі әртүрлі оқу орнында оқитындарын айтып еді. Сөйтсем, өтірік мағлұмат беріпті. Мен шынымды   айттым. Яғни рас сөйлегенімді тергеуші жігіт сезген сияқты. Дегенмен, бір жақсылығы, өтірік адресті беріп жатқандарын білсе де, үндемеген.

Жатақханаға келсем, құрбым жоқ. Бір кезде ағам Ерлан келді. Ол да ұсталып қалып, құтылып шығыпты. Маған «Алаңға шықпа» деп айтуға келген түрі екен. Бір күліп, бір жылап отырғанда үсті-басы көкпеңбек құрбым да жетті. Көзі мүлдем ашылмайды. Басынан қатты соққы алған оны Фрунзе ауданының милиция бөлімшесіне апарып, орыс ұлтының өкілдері тергеген екен. Тергеу кезінде шашынан ұстап басын қабырғаға ұрыпты.

Бір айдан кейін тергеуге біз де шақырыла бастадық. Бригадиріміз – украин әйелі Анна Петровна жақсы мінездеме беріп, мені жұмыста әрең алып қалды. Бірақ бес жылға дейін жоғары оқу орнына құжат тапсыруыма шектеу қойылды. Құрбымды жұмыстан шығарып жіберді және Алматыдан мүлдем кетуін талап етті. Сөз байласып жүрген жігіті әскери борышын Ауғанстанда өтегені себепті үш айдан кейін үкіметтен үй алуға кезегі келіп тұрған болатын. Өкінішке орай, қолға түскен оларды Боралдайдағы шұңқырға апарып, үстеріндегі киімдерін шешіп ап, лақтырып кеткенде барлық құжаттары киімінің қалтасында қалған. Екеуі де Алматыдан кеткілері келмей, бір орыстың жертөлесін жалға алып, біраз тұрды. Еш жер жұмысқа алмады. Кейіннен Қадырдың әкесі ауылына шақырып, елге барып үйленді. Қазір Желтоқсан оқиғасынан кейін бастарына түскен қиындықты бірге көтерген бұл отбасының төрт баласы бар.

1986 жылдың желтоқсаны талай жастың Отанына деген сезімін ғана емес, махаббатын да сынақтан өткізді ғой. Мен білетін тағы бір жұп, Бақыт деген таныс апайымның күйеу баласы Ерік Жұмажанов та осы желтоқсандағы белсенділігі үшін жеті жылға сотталып, Ресейдің түрмесіне айдалған болатын. Сол кезде жаңадан бас қосқан жұбайы Жанар медбикелік жұмысын тастап, Ресейге барып, зауытқа қара жұмысқа орналасты. Жолдасы түрмеден шыққанша, Ресейде, жанында болады. Қазір олар да үш баласы бар бақытты отбасы.

Осыдан төрт жыл бұрын құрбым Гүлшатты сағынып, нөмірін тауып хабарластым. Сол кезде Гүлшат: «Анар, сенің суретіңді көрдім. Дәл сол клеткалы пальто мен шаш үлгіңнен таныдым. Ол сәтте сені солай ұстағаны әлі көз алдымда, қалай ұмытайын?! Телефон будкасының ішінде тығылып отырсам, екі жағыңнан екі милиция әкетіп барады. Саған қарай ұмтыла жүгіргенімде орыстың әскери адамдары мені ұстап алды»,– деді. Бұл әңгімені ең алғаш сіңліме айттым. Ол «Фейсбук» әлеуметтік желісіне тіркелген еді. Сол желіде «Мына суреттің иесі кім екен?»- деп, пост салыныпты. Мұны оқыған сіңлім «менің әпкем» десе, көпшілік сенбеген тәрізді. Бірақ мен мән бермедім.

Былтыр жазда «Фейсбукте» парақшамды аштым. Желіде Нұрғани есімді адам: «Мына суреттегі қыз тірі ме екен?- деп пост жазыпты. Жорамал көп екен. Әркім өз танысына ұқсатады. Содан «бұл – менмін» дедім де, сұрақтың астында қалдым. Гүлбаһрам Жүніс деген апай: «Бұл – Сұлухан Назарова. Ол пальто мен шаш үлгісі арқылы суреттің иесі екенін дәлелдеп қойған»,– деді. «Ол қыз қайда? Бір көрейінші»,- дедім. Өзге бір кісі жекеме шығып: «Жарайды, Анар, сен қатысқан шығарсың. Бірақ суреттегі сен емессің. Ол қыз қайтыс боп кеткен»,– деді. Әлгіні оқып, өзімді кінәлі сезініп қалдым. Сосын Нұрғани апай Сұлуханның суретін жіберді. Бірақ оның шаш үлгісі ондай емес, ұзын. Түрі де маған ұқсамайды. Кейіннен белгілі журналист Ермұрат Бапи: «Бұл – сенсің! Таласқан адам менің алдыма келсін! Сен екенің анық көрініп тұр ғой»,- деп бұл сұраққа нүкте қойды.

Ата-анамның алты ұл, үш қызының ішінде жоғары білім ала алмаған мен ғана. Әкеміз перзенттеріне Жігер, Ерлан, Анар, Жанар, Арай, Айдын, Олжас («Азия» кітабы шыққан кезде өмірге келген), Шалқар (Айдынға ұқсас) және Мүслім (әкем өз досының құрметіне атаған) деген есімдер берген. Бүгін арамызда інім Олжас жоқ… Əкем Төлеген Рахымжанұлы Жазушылар одағының мүшесі болған. Үш кітабы шықты. Ол кісі Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Қалихан Ысқақов және Дидахмет Әшімханмен араласты. Алматыға келгенде Ұлықбек Есдәулетті іздейтін еді. Жетпіс жасқа жеткенше ауылда директор болған әкем Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетін бітірген. Диплом жетекшісі Зейнолла Қабдолов болыпты. Ал Мұхтар Әуезовтің музейінде әкемнің дипломы «М.Әуезовтің үздік шәкірттері» қатарында тұр. Қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнін жақсы көруші едім. Мұғалім болғым келді. Өкінішке орай, арманым сол желтоқсанмен бірге өшті…

Жолдасым Марат екеуіміз 1988 жылы отбасын құрдық. Қазір Алматыда тұрамыз. Үржар ауданына қарасты Бақты ауылының келінімін. Жолдасымның ата-анасы да өмірге тоғыз перзент әкелген өте бауырмал жандар болып кездесті. Үйленген соң бір жылдан кейін қызымыз өмірге келді. 1992 жылы ұлым туды. 1995 жылы мен де сол кездегі жұрт қатарлы сауда жасауға шықтым.

Қазір қызым Роза тұрмыста, ұлымыз Айдар да үйленген. Екеуі де жоғары оқу орнын бітірді. Ата мен әже де болып отырмыз,- деп аяқтады әңгімесін Анар Рахымжанова.

1967 жылы туған Анар Рахымжанова ол кезде 19 жаста болатын.

Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы 1970 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылында дүниеге келген. Ол 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітірісімен Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш сыныптарға мұғалімдер даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түседі.

1986 жылғы желтоқсан толқыны Өскемен қаласындағы жастардың қозғалысына да әсер еткені шындық. Өскемендегі толқу 22 желтоқсан күні сағат 19 — 21 аралығында болған. Сәбира Мұхамеджанова Алматыда орын алған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісін қуаттап, Өскемен қаласында оқитын студент жастармен бірге наразылығын білдіреді. Студент қыздың бұл әрекеті ұлтшылдық деп бағаланып, партия, кеңес комсомол, мемлекеттік қауіпсіздік, құқық қорғау орындары тарапынан болған орынсыз қорлау мен жала жабуға, көрсетілген қысымға шыдай алмай, «барлығын ұйымдастырған мен» деп мәлімдеп, жатақхананың бесінші қабатынан секіріп мерт болғанынан көпшілік хабардар.

Шығысқазақстандық Сәбира Мұхамеджанова — тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі.

Біздің газетте Семейдегі Ғалым Елемесовтің құрметіне берілген көше атауын өзгерту туралы бірнеше мақала жарияланып, қалалық және облыстық ономастикалық комиссияларға басылым арқылы үндеу де жолданған болатын.

Көпшілікке түсінікті болу үшін тағы да қайталай кетейік, Ғалым Елемесов 1984-1990 жылдары Қазақ КСР-нің бас прокуроры қызметін атқарған. Бүгінгі таңда Көкшетау және Семей қалаларында Ғалым Елемесов атында көше бар. Ғалым Елемесов — 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасында өз ұлтына қарсы науқанда ерекше белсенділік көрсеткен, талай жас өрендеріміздің тағдырының талапайға түсуіне ықпал еткен сол кездегі биліктің лауазымды өкілдердің бірі. Көкшетау — Елемесовтің туған жері. Ал біздің қаламызға қандай қатысы бар деген сауалға келер болсақ, 1962-1968 жылдар аралығында Семей облысы прокурорының орынбасары болған екен. Әдетте, көше атау, ескерткіш қою — елі мен жеріне ерекше еңбек сіңірген тұлғаға жасалатын құрмет. Прокуратура қызметкері заң аясында өзіне жүктелген лауазымдық міндетін адал атқарған-ақ  шығар. Ал көше атауын беретіндей Семейге ерекше қандай еңбек сіңірді деген сауалға жауап бере алатын жан табыла қояр ма екен…

Өз басым Желтоқсан оқиғасынан кейін  қазақ жерінде  Елемесовке көше беруді Ежов пен Берияға, немесе Голощекинге құрмет көрсетумен тең деп есептеймін. Ең сорақысы — Елемесов пен Желтоқсан көтерілісінің даңқты батыры, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы көшелердің қиылысып жатуы. Бәлкім, бұл кездейсоқтық та болар. Дегенмен айыптаушы мен айыпталушының атындағы екі көшенің бір бұрышта түйісуі ақ пен қараның, ақиқат пен қиянаттың арасындағы текетірес әлі де бітпегендей әсерде қалдырады екен…

Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев төрағалық ететін ономастикалық комиссияның таяудағы отырыстарының бірінде «Семей таңы» газетінің бетінде соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген осы Елемесов көшесінің атын ауыстыру туралы мәселе қаралып, бір ауыздан қолдау тапты. Қорытынды сөз облыстық және республикалық комиссиялардың құзырында. Орынды ұсыныс оң шешімін табады деген үміттеміз.

Міне, тағы бір желтоқсан келді.

Ақиқаты әлі күнге толық ашылмаған – ЖЕЛТОҚСАН…

Азаттықты аңсаған жастардың шөлін баса алмаған – ЖЕЛТОҚСАН…

Желтоқсан жылағалы да 33 жыл өтіпті.

Жылап тұрған желтоқсанда күлу қиын-ақ …{jcomments off}

Риза МОЛДАШЕВА, «Семей таңы»

Ұқсас жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

07.05.2025
Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

Жезқазғанда Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға әкімдік, ТЖД өкілдері, ардагерлер, қызмет қызметкерлері...

Толығырақ...Details

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

06.05.2025
Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған...

Толығырақ...Details

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

06.05.2025
Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

ҚР Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ инвестиция мәселелерін нақтылау, іске асыру кезеңдерімен және әуе айлағын одан әрі дамытуға...

Толығырақ...Details

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

06.05.2025
Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

Қазақстан Республика Туризм және спорт министрлиги 2024 года жылдың қорытындысысынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері туралы деректерді ұсынды. Статистика бұқаралық...

Толығырақ...Details

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

05.05.2025
5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды — акушерлерді құрметтейміз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады,...

Толығырақ...Details

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

05.05.2025
ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

Қазақстан ТЖМ ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Осының шеңберінде жергілікті атқарушы органдарды өртке қарсы қорғауды нығайтуға...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

4 дня бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

5 дней бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

5 дней бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

5 дней бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

6 дней бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

6 дней бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

6 дней бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

6 дней бұрын

Семейлік шекарашылар “Бірлік жарысы” марафонына қатысты

1 неделя бұрын

Әуежайдың террористік қауіп-қатерге дайындығы тексеріледі

2 недели бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС