Semeytany.kz — Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев аулаішілік жолдарға асфальт төсеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл 40-тан астам аула жолына жаңа асфальт жабындысы салынды. Жөндеу процесі жалғасуда. «Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту – басты мақсатымыз. Аулалар мен көшелердің жағдайын ретке келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді Әділет Қожанбаев.
Аула жолдарын жөндеумен қатар, Семейде 35 аула аумағын абаттандыру қолға алынған. Жобалар аясында балалар ойын алаңдарын орнату және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.
Қазіргі таңда мердігерлер аулаішілік жолдарды кезең-кезеңімен жаңартып, инфрақұрылым элементтерін орнатуды әрі қарай жалғастырып жатыр.







