Біздің «Ақылдастар» қоғамдық бірлестігі Семейге ауылдан көшіп келген ардагерлерден құралған. Қоғамдық бірлестік 2008 жылы құрылып, содан бері жұмыс істеп келеді. Семей қаласындағы барлық қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, облыс және қала әкімінің жыл сайын өтетін дәстүрлі есеп беру жиындарында өз ұсыныстарымызды айтып отырамыз, сол айтқан ұсыныстарымыз шешімін тауып та жүр.
Қалалық әкімдік «Ақылдастардың» жұмысына тиісті бағаларын бере отырып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында бірлестіктің 12 мүшесін мерекелік медальмен марапаттады. Қала әкімі ардагерлерімізді мерейтойларында Құрмет грамотасымен марапаттап, әртүрлі қоғамдық жиындарға біздің бірлестіктің мүшелерін қалдырмай қатыстырып отырады.
Ең басты айтпағымыз — ұйым құрылған алғашқы күннен бастап редакция «Семей таңы» газетін ардагерлерімізге тегін жаздырып беретіндіктен, барлық жаңалықтарды уақытында біліп отырамыз. Биылғы жылдың өзінде 20-дан астам ардагеріміз жыл бойына «Семей таңы» газетін алып отыр.
Қыс кезінде бүкіл дүние жүзінде жұқпалы аурудың таралуына байланысты елімізде жарияланған карантин кезінде ардагерлеріміз үш айдай үйден шыға алмай қалды. Осы қиын кезеңде «Семей таңы» газеті біздің рухани азығымыз болды. Газетті уақытында аламыз.
Басылым беттерінде аудандардағы, қаламыз бен облысымыздағы, республикамыздағы барлық жаңалықтар жарияланып тұрады. Жылдан-жылға мағынасы терең, қызықты мақалалар көбейіп келеді. Жеке аудандарға бет арналып, толық мәліметтер беріліп отырады. Ардагерлеріміз өздерінің туған жерлерінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болып, көңілдері көтеріліп қалады.
Сонымен бірге газет бетінде кейбір аудандардағы кемшіліктер жайлы да ашық жазылып келеді.
Ұлттық дәстүр, тіл мен дін мәселелеріне қатысты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да мақалалар шығып тұрады. Мәдениет, денсаулық, оқу-ағарту, спорт салалары, тағы басқа тақырыптар да тілшілер назарынан тыс қалмайды.
Басылым бетінде кезінде қаланы басқарып тұрған әкімдердің тарапынан жіберілген қателіктердің салдарынан қаланың кейбір көшелерінің атаулары дұрыс берілмегендігі туралы дәлелді айғақтар келтіріліп, орынды ұсыныстар жасалды. Ол ұсыныстарды қала тұрғындарының көпшілігі, ардагерлер қоғамы да қолдады, бірақ осы уақытқа дейін оң шешім таппай жатқаны өкінішті.
Тағы да қайталаймыз, бүгінгі күнде «Семей таңы» газеті біздің ардагерлердің рухани азығына айналды. Сондықтан «Семей таңы» газетінің ұжымына, ұжымды басқарып отырған қаламызға, аймағымызға белгілі журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Риза Асанқызына алғысымызды айта отырып, еңбектеріне табыс тілейміз!
«Ақылдастар» ауыл ардагерлері қоғамдық бірлестігі мүшелерінің атынан
Т.ҚҰСАЙЫНОВ{jcomments off}