Семей – мың жылдық тарихы бар көне қалалардың бірі. Өркениет пен өнердің, руханияттың ордасы болған қарт шаһардың еліміздің тарихындағы алар орны ерекше. Осы ретте тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімовпен кездесіп, қала тарихына қатысты бірнеше сауалдар қойған едік.
— Семей қаласының тарихы жайлы айтып берсеңіз, шаһардың салынған уақыты туралы нақты деректер бар ма?
— Жалпы, тарихты сөз ету үшін сүйенетін нақты, бұлтартпас дерек болуы шарттылық деп ойлаймын. Қолыңда ондай дерегің болмаса, болжам немесе көркем әдебиеттегі әңгімелерге сүйеніп, жалаң пікір айтуға болмайды. Себебі оны жазған тарихшы да, жазылған тарих та болашақ алдында ұятқа қалады. Сол себепті біз, тарихшылар, көбіне тарихи жазбаларға, архив құжаттарына сүйенеміз.
Семейдің тарихы оқулықтарда қаланың 1718 жылы І Петрдің шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлық шығарған уақытпен, яғни Қазақ хандығының әлсіреуі, Ресейге қосылуымен тікелей байланыстырыла жазылған. Құрылыс 1714 жылдан 1720 жылға дейін созылды. 1718 жылдың кезінде Семипалат бекінісі, подполковник П.Ступиннің бақылауымен толық қарулану жүргізіліп, бекітілді. Ал Семипалат бекінісі Ресей мен Қазақстан арасындағы негізгі сауда орталықтарының дамуында ерекше рөл атқарды. Алғашқы құрылғанынан бастап мұнда сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұхаралықтар, ташкенттіктер, қоқандықтар келе бастады. Азиялық көпестердің сауда операцияларын бақылау мақсатында 1728 жылдан кеден мекемесі құрылды. Алғашқы жылдары Семей кедені Мәскеудегі Мемлекеттік Комерц-Коллегия бас басқармасында орналасқан Сібір жарлығына бағынды. 1776 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторы бекіністің жаңа жобасын жасау үшін капитан И.Г.Андреевті жіберді. Дарынды инженер бекіністерді қайта тұрғызып, жолдар, көпірлер салды, жолдар мен қоршаулардың, бекіністердің жоспары мен картасын түсірді. Жаңа бекініске ескі бекініс тұрғындары, казактар, әскери қызметкерлер, сол сияқты саудагер адамдардың бөлігі көшіп келе бастады.
1854 жылдың 1 қазанында Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Шағын ғана Семей қаласы бірден облыстық орталыққа айналды. Қайта құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы облыстардың ең көлемдісі болды. Қалалық дума мен қалалық сот бекітілді. 1858 жылы Семей облысында тұрғындар саны 261487-ге жетті. 1873 жылдан Семейде телеграф, ал 1910 жылдан телефон және Қазақстандағы тұңғыш су өткізу жүйесі болды. 1906 жылы жоғарғы Ертісте су арқылы қатынастың ресми ашылуы өтті. ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырда Семей облысында алғаш өңдеу өнеркәсібі құрылды. XX ғасырдың басында Ресейдің ірі фирмалары мен шұға фабрикаларында жүн, тері дайындалды. 1863 жылы қалада 2 оқу орны жұмыс істеді. Оның ішінде бір уездік училище, 2 шіркеулік-приход училищесі, 14 қазақтардың және 9 жеке татар мектептері болды. 1864 жылы әйелдер мектебі 2-ші разрядты училище болып қайта құрылды. ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қалада ерлер мен әйелдер классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеген. Әлімхан Ермеков Семей ерлер гимназиясын алтын медальға бітіріп, содан соң Томскінің технологиялық институтын тамамдады. Мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев оқыды. Семейде 5 жылдан артық (1854-1859) орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевский тұрып, «Записки из мертвого дома», «Дядюшкин сон», «Село Степанчиково и его обитатели» атты өзінің мәңгілік шығармаларын жазды. Ол осында П.П. Семенов-Тян-Шанский мен Шоқан Уәлиханов, Г.Потанинмен кездесті.
Семей шаһарына Петербург университетінің студенті Е.П.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобановский, А.Леонтьев, Н.Коншин сияқты көрнекті тұлғалар саяси жер аударылып келді. Олар үлкен ғылыми және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізді. Е.П.Михаэлис, Н.Долгополов және С.Гросс сияқты азаматтар қазақтың ұлы ағартушысы Абай (Ибраћим) Құнанбаевпен достық қарым-қатынаста болды. Олардың көмегімен Абай классикалық әдебиетпен, қоғамның саяси өмірімен танысты. Өз кезегінде Абай достарына қазақ халқының тарихымен, мәдениеті және тұрмысымен танысуға көмектесті. Абай Құнанбаев қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын, салт-дәстүрлері, көне заңдары, генеологиясы, аңыздары және этнографиялық терминологиясын өте жетік білді.
1878 жылы Семей қаласында Облыстық статистикалық комитет құрылды. Саяси жер аударылып келген Е.П.Михаэлис Семей статистикалық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол сондай-ақ Семейде 1883 жылы қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейін құруға белсене қатысты. Семей География қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесі Орыс География қоғамының филиалы болып құрылған, бірақ жұмысты өз бетімен, дербес атқарды. Семей бөлімшесінің белсенді қайраткерлері ағайынды Виктор және Алексей Белослюдовтар болды. Суретші-этнограф В.Н.Белослюдовтың көптеген суреттері қазір Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы кітапханасының қорында қолжазба төрінде сақталған. Ал А.Н.Белослюдов қазақ фольклоры шығармаларын жинады. А.Н.Белослюдовтың жинаған қазақ ертегілері, басқа фольклорлық деректер сияқты, бөлімшенің «Жазбахатында» жарияланды.
Жазушы, сыншы, журналист Г.Д.Гребенщиков те еңбек жолы мен әдеби қызметін Семейде бастады. Біздің қалада Г.Н.Потанин және В.А.Обручев, басқа да көрнекті ғалымдар жұмыс істеді. 1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында «Айқап» журналының бағытына жақын «Сарыарқа» газеті шыға бастады. Оның беттерінде Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, А.Ермековтің, М.Молдыбаевтың, Ж.Ақбаевтың мақалалары және басқа да Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің мақалалары жарияланды. 1903 жылдың 23 қыркүйегінде Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. 1928 жылға дейін Семей губерниялық, одан кейін округтік қала болды.
1932 жылы республика облыстарға бөлінді, алғашқыда Семей Шығыс Қазақстан облысының орталығы, 1939 жылдан Семей облысының орталығы болды. Соғыс алдындағы жылдары қалада ірі өндіріс орындары салынды. Солтүстік бөлігі Семей қаласынан басталатын Түрксіб темір жолы еліміздегі маңызды құрылыстардың бірі болды. Бірінші 5 жылдықтың ірі құрылысы – Одақтағы қуатты тамақ өнеркәсіптің бірі болған ет-консерві комбинаты салынды. Қала мол өнімдік базасы бар ірі мал шаруашылық өнімдерін өндіру орталығына айналды. Ет комбинатымен бір мезгілде ірі ұн комбинаты, тері зауыты салынып, 1938 жылы арнайы зертханасы бар қой терісі зауытының құрылысы басталды. Сол кездегі ең жаңа техникамен жабдықталған кеме жөндеу зауыты бой көтерді.
— Сонда 1718 жылға дейін бұл өңірде қала болмаған ба?
— Семейдің тарихын жазу барысында тарихшыларымыз аға ұлт өкілдері ұстанған саяси көзқарастардан алшақ кете алмағаны аңғарылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы 21 маусымдағы Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласы Семей қаласы болып қайта аталғандығы уақыттың өткен тарихтың өзіне түзету енгізетін ғажайып құдіреті барын көрсетті. «Семей» сөзі көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдіреді.
Осыдан кейін мен секілді осы қалада тұрып, оның тарихымен көптен шұғылданып жүрген өлкеміздің ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаттары — Амантай Исин, Ерлан Сайлаубай, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров және басқа да танымал зиялы қауым өкілдері қол қойған «Семей қаласының жасы туралы тұжырымдама» деп аталатын тарихи құжат туралы да айта кетейін. Ол кезде қала әкімі Айбек Кәрімов деген азамат болатын. Ол құжатта былай делінген: «Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасының ең үздік жетістіктері археология және тарих салаларына келетіні аян. Соның бір нәтижесі — Сарыарқа төсінде бұрын қалалар болмаған деген көзқарас соңғы жылдары түбегейлі өзгеріп отыр. Бір ғана мысал алсақ, елорданың дәл іргесінен Бозақ деген қалашықтың орны ашылып, ғалымдар оның ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергенін анықтады».
Ал осы кезеңде Ертістің ұзына бойында Қимақ конфедерациясының он алты қалашығы болғаны тарихшы қауымға бұрыннан жақсы мәлім жай еді. Міне, соның бірі Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының межесі Семьяр селосының маңынан табылып, археолог ғалымдарды елең еткізді. Қазіргі күні көне кенттің орнында үлкен қазба жұмыстары жүргізіліп, жер қойнауынан көптеген құнды айғақтар алынуда.
Ендігі сөз арнасын Қыпшақ-Қимақ қағанатының бас ордасына бұрайық. Оның қазіргі Семей қаласының орнында орналасқаны туралы болжамды жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар 1988 жылдан беріде баспасөз беттерінде айтып, жаза бастады. Өйткені археологиялық ескерткіштер де, жазба мағлұматтар да жеткілікті болды. Бұлтартпайтын дәлел ретінде әйгілі көне құрылыс – «жеті мешіт» жайлы естіп, он сегізінші ғасырда Санкт-Петербургтен орта Ертіс жағасындағы орыс бекінісіне арнайы келген Миллер және Паллас сынды атақты ғалымдар қалдырған деректерді ерекше атау қажет. Сондай-ақ Тәмим ибн Бәкірдің, Әл-Идриси мен Гардзинидің мәліметтері де орта ғасырларда Семей орнында үлкен сауда қаласы тұрғанын дәлелдейді. Мәселен, Әл-Идрисидің ХІ ғасырда сызылған картасы ескі шаһардың Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқанын дәлелдейді.
Доржынкит қазіргі Семей қаласы тұрған жерде, Ертістің оң жағасында, дөңестің үстіне орналасқан. Ертіс бойында мұндай көне қалалар көп болған екен. Абылайкит, Қола-Балғасын, Тұзқала, Қарақала т.б. қалалардың жұрнағы көп кездеседі. Кейде жегілікті өлкетанушылар, тарихшылар басымыз қосылған кездері бұл туралы әңгіме қозғалып тұрады. Жалпы, қаланың қай дәуірде болса да тектен-тек, кез келген жерден салына салуы мүмкін емес. Қала салу барысында сол мекеннің адамдар өмір сүруіне қолайлылығы, шаруашылық жүргізіп, өнім өндіруге немесе басқа елді мекендермен сауда-саттықты дамытуға орналасқан жерінің географиялық ыңғайлылығы секілді факторлар есепке алынатыны белгілі. Менің әріптесім — тарихшы әрі археолог Амантай Исаұлы, жас археолог Айдын Жүнісханов жүргізген археологиялық зерттеулер осының дәлелі болып отыр.
Доржынкит қаласы маңындағы обаларға (қорымдарға) қарағанда, бұл арада, Жібек жолының Қазақстан жерімен өтуі кезінде, яғни 6-ғасырда көне қалалар болған. «Жеті шатыр» қаласының қалдығын қазушылар өткен ғасырда көп болған. Оған 1858 жылы Ф.Достоевский мен А.Евангель де қатысқан. Әсіресе В.Радлов, Ф.Педашенко, ағайынды Белослюдовтар терең зерттеп, бағалы материалдар жинақтаған. Бұл зерттеулер үш дәуірдің тұрмысын сипаттайды: қола дәуірі, тайпалар одағының кезі, феодализм дәуірі.
Бірден айтайық, жаңағыдай дерек-дәйектердің бәрі де ғылыми айналымда бұрыннан бар. Мысалы, «Қазақ ССР тарихы» кітабының І томының 395-бетінде жаңа аталған араб географы Әл-Идрисидің еңбегінен: «Қимақ астанасы – темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ішінде базарлары, ғибадатханалары бар ірі қала» деген мағлұмат келтірілген.
Ал көне шаһардың болғанын Қазақ Совет энциклопедиясының «Семей» (10 том, 114-бет) және «Қимақ қағанаты» (6-том, 557-бет) деп аталатын көлемді мақалаларында келтірілген мол мағлұматтар толықтай таныта алады. Бұл, әсіресе, бұлтартпастай дәлелденген жайт»,- делінген.
— Қазақтың ұлы ғалымдарының бірі Ақжан Машани көзі тірісінде цензура өткізбеген, тек өлген соң ғана жариялауға мүмкін болған шығармалар жинағының 15-томында мынадай бір пікірі бар. «Өз ата-бабаларымызды өзімізге жат, дұшпан етіп тәрбиелеген жетпіс жылдық құлдық сана анасына оқ атқан мәңгүрттікке әкелді. Оның көршегесі босағанмен, әлі суырылмай тұр!
2018 жыл Семей қаласының 300 жылдығы емес, «Старая крепость» ауылының үш жүз жылдығы. Орыс бодандығының қамытын киген құлдық таңбаның үш жүз жылдығы! Оның несі қуаныш, несі мереке?! Соны түсіне алмай дал боласың?
«Өркениет тек қана батыстан басталған» дейтін бүгінгі Евроцентистердің ата-бабалары 731 жылы «Үлкен Күлтегін ескерткіші» жазылғанда, ашығын айтқанда, әліпті таяқ деп білмейтін надан, бір-бірін тас балтамен төпелеп жатқан жабайылар болатын»,- дейді. Өзіңіз бұл жөнінде не айтасыз?
— Қазақтың ұлы ғалымдарының бірі Ақжан Машанидің шығармалар жинағының 15-томынан мен де бір ұзақ үзінді келтірейін. «Тарихи шындыққа жасалған қиянат туралы бірер мысал келтірейік, — дейді Ақжан ағамыз. — Қазақстанның кен қазу тарихын алайық. Кен тастары, бұл да тарихи мұра, таңбалы тастардың бір түрі ғой! Қазақстан жерінде көптеген кен байлықтарының көзі бар екені мәлім және олардың көпшілігі ерте замандардан белгілі болған. Айталық, осыдан төрт, бес мың жылдар бұрын Жезқазғанның мыс кені, Алтай мен Арқаның алтын, күміс, қалайы, қорғасын, мыс, мырыш, темір және көмір кендері, Алатаудың, Қаратаудың қорғасын кендері қазылған. Сол қазылған кен орындары, оны қорытқан орындары, онан шыққан металдарды жергілікті халықтардың қолданғаны туралы айқын деректер бар. Соны қазған, сол кендерге ие болған халықтардың мекендері, қойылған зираты, тасқа салған таңбалары, ескерткіш–мұралары сонау Сібірден бастап Қаспий жағасына дейін кең таралған. Оны ешкім жоя алған жоқ. Бірақ та сол бай мұраны сол жерді ерте заманалардан бері мекендеп келген халықтар қазіргі қазақ халқының бабалары екені мойындамай, бұрмалап келді. Батыстық отаршылар «Көшпелі халықтарда мынадай кен қазу мәдениеті болуға мүмкін емес» деген жалған жорамал таратқан. Демек, қазақ халқының өз жерін өзіне жат етуге тырысқан»,- дейді Ақжан Машани.
Ал «Үлкен Күлтегін ескерткіші» Күлтегін батырдың жоқтауы емес, бұл — мемлекеттік трактат! «Күндіз – отырмадым, түнде – ұйықтамадым, қара терімді шұбырттым, қызыл қанымды жүгірттім, түрік бұдыны сен үшін!». Ел үшін еңіреген ер! Тұлға! Бұл — көне, кешегі емес, бүгінгі өркениеттің биігі!
Еуропа жер-көкке сыйғызбай мақтайтын Ескендір Зұлқарнайынның елу-ақ мың әскері болған. Ал Күлтегін Күн Түбіне жортқанда алты жүз мың қолмен жер қайыстырған!
Сол «Үлкен Күлтегін ескерткішінде» бүгінде қазақ халқының құрамында жүрген алты рудың аты жазылған. Олар: Найман, Керей, Қоңырат, Жалайыр, Меркіт, Оңғыт (Уақ). Бұлар Ұлы Түрік Қағанатының алты ұстыны, алты тірегі, алты қуаты деп көрсетілген.
Қазақстан аумағынан табылған төрт алтын киімді адамдардың үшеуі Шығыс Қазақстан облысынан табылуы — заңдылық әрі өркениет бастауының алтын белгісі! Берел мен Шілікті, 2013 жылы Тарғабатайдың күнгейінен табылған Алтын Тәжді Үржар ханшайымы – соның айғағы. ӨРКЕНИЕТ Батыстан Шығысқа емес, керісінше, Шығыстан Батысқа қарай, Алтайдан асып, Күн Түбіне қарай қанат жайғанының белгісі бұл!
«Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми тұрғыдан әшкерелеу шарт»,- дейді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында.
Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.
Иә, қорыта айтқанда, Семей 1718 жылы орыстар салған бекініс емес, ол — тарихқа 840 жылдан мәлім көне шаһар. Шаһар қай уақытта салынды оны анықтау болашақтың үлесінде.
— Семейдің Қазақстан тарихындағы алатын орны туралы пікіріңізді де айта кетсеңіз…
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Семей қаласына ерекше статус беруді тапсыруы үлкен ойға жетелейді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін Қазақстанда Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі жылдардағы қаладағы қазақ өнерінің өркендеуі, қазақ руханиятының өсуінің көрсеткіштеріне көз жүгіртіп көрейік.
1920 жылдың қазан айында Семейде құрамында 15 адамы бар «Ес-Аймақ» театрлық труппа құрылды. Олардың арасында қазақ сахнасының көрнекті қайраткерлері – Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Жүсіпбек Елебековтер болды. 1934 жылы Семейде қазақ сазды-драмалық театр ұйымдастырылды. Театр 1934 жылдың 6 шілдесінде І.Жансүгіровтің «Кек» спектаклімен ашылды.
Бүгінде Семей тек Шығыс Қазақстандағы ғана емес, республикадағы мәдени, тарихи орталық болып саналады. Мұнда Абай және Ф.М.Достоевский мұражайлары, Қазақстан мен Батыс-Сібір өлкетану музейі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, кітапханалар, қазақтың Абай атындағы сазды-драмалық және Ф.М.Достоевский атындағы орыс драмалық театрлары бар.
Талай жылдардан бері қаланың өлкетанушылары, тарихшылары Алаш үкіметінің, алғашқы Қазақ автономиясының орталығы болған Семей қаласында тарихи ескерткіш орнату мәселесін көтеріп келген болатын. Қаладағы шенеуініктерге бұл ұсынысымыз әсер етті ме, әлде жоғарыдағы биліктің тарапынан қозғау болды ма, Алаш үкіметінің тұңғыш премьер — министрі болған, Алаш идеясының авторы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы қарсаңында Жеңіс саябағына ескерткіш тұрғызылды. Сол уақытта қала басшылығының тарапынан Бөкейхановтың Семейге қатысы қанша деген сұрақтар да туындады. Біз Әлекеңнің Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Тоқырауын болысында туғанын жақсы білеміз. Алайда оның қайраткерлігі мен ұлт үшін еткен еңбегі Семей қаласымен тікелей байланысты екенін, 2017 жылы уақытша құрылған үкіметке Комиссар етіп қазақ зиялыларының бір ауыздан сайлағанын, сол Алаш үкіметінің туы 1000 күн Семейде желбірегенін алға тарттық.
Бүгінгі күні сол ескерткіштің жанынан өткен сайын, Әлекеңнің қолындағы сақаның алшы жағын көрген сайын, осыдан бір ғасыр бұрын өз ұлтының келешегі жолында барлық білімі мен күш-қайратын сарп еткен, тіпті басын құрбандыққа тіккен тұлғаның қазақ халқының «асығы алшысынан» түсетін күнді аңсағанын ойлаймын.
Әңгімені өзім куә болған, осы уақытқа дейін ешқайда жазылмаған, бұрын жарияланбаған мына бір оқиғамен аяқтайын. Ұмытпасам, 2013 жылдың желтоқсан айының соңғы күндері болатын. Өңірдегі ғылыми орталықта қызмет істеп жүрген кезім, жұмыс аяғына қарай есік қағылды. «Кіріңіз» деп дауыстадым. Ішке енген әйел адам өзінің Саржал ауылынан келгенін, тарих пәнінің мұғалімі екенін айтып, атым Айсұлу деп таныстырды. Орталықтың мектептермен байланысы бойынша тарих пәні мұғалімі ретінде оқушылардың ғылыми жоба тақырыптарын таңдауына көмек сұрап келіпті. «Өзіңізге қай тақырып ұнайды?» деген сұрақ қойдым.
— Алаш тақырыбын жазуға бола ма?- дегені.
— Болады, Алаш қозғалысының 90 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы келе жатыр, соған байланысты өзекті тақырып болғаннан соң таңдап отырсың ба?- деп сұрақты мен де төтесінен бердім.
— Жоқ, мен Әлиханның тікелей туысымын, ол кісі — менің атам,- дегені.
— Ой, айналайын, мен Әлекеңнің туыстарын — Райымжаннан бастап Гүлнар апайдың балаларын, жиендерін — бәрін білуші едім. Сен қайдағы туысысың?- дедім.
— Мен Әлиханның кенже інісі Смаханның ұлы Жәңгірдің қызымын,- деді.
Смахан төренің Алаштың соты болғанын, оқыған, зиялы адам екенін тарихтан білеміз. Шәкәріммен жақсы қарым-қатынаста болған. Кейіпкеріміз Айсұлудың әкесі Жәңгір де сол тұқымнан болғаны үшін кезінде қуғын-сүргін көріп, Абай өңіріне келіп, Шыңғыстауды паналаса керек. Өзінің Әлиханның інісі екенін ұрпағының құлағына құйып, жадына сіңіріп кеткен екен. Оны Айсұлудың қолындағы Алаш тарихын, Әлекеңе қатысты әр жылдары газетке шыққан мақалалардың қиындыларын көргенде байқадым.
Міне, осылайша Айсұлумен танысып, оның басқа туыстарымен табысуына көмектестім. Айсұлу Жәңгірқызы мен жұбайы Бейсенғазы Омаровтың Бөкейхановтар ұрпақтары жерленген Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Талдыбейітке тәу етіп барған сәтіндегі, осы әңгімеге қатысты фотосуреттерді де өзіңе берейін.
— Мұхтарбек Қарпықұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Ұзақбек АТАНБАЕВ, «Семей таңы»