Жол жөндеуде жүйелілік бар
Қаладағы жолдардың жөнделуі мен құрылыс жұмыстары бәсеңдемей, қарқынды түрде жүргізілуі тиіс. Әлбетте, ол үшін қатаң және тұрақты бақылау қажет. Бұл орайда Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов ағымдағы жылы жүргізіліп жатқан нысандардың құрылыс барысын, жол жөндеу жұмыстарын үнемі назарда ұстауда. Мердігерлердің міндетіне алған межесін көзбен көру мақсатында қала басшысы дүйсенбіден сәрсенбіге дейін үш күн қатарынан шаһардағы жиырмадан астам нысандарды аралап шығып, жұмыстарымен танысты.
Айбек Мүталапханұлы нысандарды аралауды апта басы дүйсенбі күні қаладан шыға берістегі Алматы мен Өскемен қалаларына бағытталған тас жолдың жөндеу жұмыстарымен танысудан бастады. Республикалық деңгейдегі күре жолдың күрделі жөндеу жұмыстары «Гордорстрой» ЖШС-нің еншісінде. Қызу жұмыстың бел ортасында болған қала әкімі мердігерлерге бұл аумақтың қаланың сырт жағы болса да, маңыздылығы айрықша екенін атап өтті. Қалааралық және қала мен ауылды жерлерді жалғайтын мұндай күре жолдардың жөнделуінің жергілікті экономиканың өсіміне де үлкен әсері бар екенін айтқан шаһар басшысы жолдың қалаға келген меймандардың көңілін бірден аударатын жол екендігіне тоқталды. Сондықтан, атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы болуына мән берілу керектігін мердігерлердің есіне салды. Қала әкімін жолдың жөнделу барысымен таныстырған мердігер компанияның басшысы Бауыржан Қайрамбаев ондағы асфальт жаңа технология бойынша төселіп жатқанын жеткізді. Б.Қайрамбаевтың айтуынша, жоспарға сәйкес бұл жерде абаттандыру және электр жарығын қайта тарту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, жол жөндеуге қарастырылған қаражат республикалық бюджеттің есебінен жүргізілуде.
Көпқабатты тұрғын үйлер қатары көбірек орналасқан Би Боранбай көшесі де алдағы уақытта Айбек Мүталапханұлы атап өткендей, келбеті келіскен кең көшелердің қатарына қосылады. Қазіргі уақытта бұл көшеде қарбаласқа толы қызу жұмыс. Әзірге жолды тегістеу жұмысы жүруде. Семейдегі негізгі саналатын өндіріс ошақтарына апаратын жолдың жағдайы шыны керек, сын көтермейді. Жүргізушілер тарапынан жолдың нашарлығына байланысты шағым көп түсетін. Жиырма жылдан астам жөндеу көрмей, елеусіз, ескерусіз қалған көшеге Айбек Мүталапханұлы көңіл бөліп, көптің тілегін дөп басты. Әкім құзырлы орган қызметкерлеріне жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ауыр жүк көліктерінің салмағына төтеп бере алатындай қажетті жобаны дайындауды тапсырды. Аталмыш көшенің жолына әзірге басқа көшелерден қалған асфальттар төселіп, жыртығы жамалып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Бұл жұмыс «Семей жолдары» ЖШС-нің құзырына кірген. Тек көңілге қонымды жобасы дайын болса, көшенің күрделі жөндеуіне қаржы жағы қарастырылған.
{jcomments on}Би Боранбай көшесін қарап шыққан Айбек Мүталапханұлы ескі көпірдегі ағымдағы жөндеу жұмысымен танысты. Естеріңізге салар болсақ, қаланың оң жақ және сол жақ жағалауларын байланыстырып тұрған ескі көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көпір бірнеше күнге жабылған еді. Сол бірнеше күн ішінде қаланың орталық көшелерінде көлік кептелісі де орын алып, жүргізушілерге біраз жайсыздық тудырғаны да жасырын емес. Айбек Мүталапханұлы сол жағалаудан оң жағалауға дейін жаяу өтіп, көпірге жасалған жұмысты жіті бақылап шықты. Айта кету керек, көпір сол күні яғни, ағымдағы жөндеу жұ-мыстары бітіп, қала әкімі жұмыс сапасын көретін кезде қайта ашылған еді. Көпірді қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттама үшін қалалық бюджеттен қаражат қаралғанын айтқан қала әкімі бірінші күнгі нысандарды аралау нәтижесі бойынша ой қорытып, тілшілер тобына сұхбат берді.
— Мамандар жүргізген сараптама жұмыстарына сәйкес, ескі көпір апаттық жағдайда деп танылды. Есептесек, бұл көпірдің салынғанына да жарты ғасыр уақыт болыпты. Сондықтан, алдағы уақытта мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Әзірге қалада көлік кептелісі болмас үшін көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселіп, тегістелу жұмысы жыл сайын жүргізіледі. Ал, қалалық бюджеттен жобалық – сметалық құжаттарына қаржы бөлінді. Енді мердігерлер арасында байқау өткізіліп, көпір республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға жөнделетін болады,-деген А.Кәрімов,- Ал, Би Боранбай көшесінің күрделі жөндеу жұмысына қаржы бөлінген болатын. Алайда, жоба көңілімізден шықпады. Неге десеңіз, мұнда екі жолақты жол жасауға келмейді. Өйткені, бұл – жай ғана қалаішілік жол емес, бұл – қаладағы бірқатар ауыр өнеркәсіп орындарына апаратын, жүк көліктері көп жүретін күре жол. Сондықтан, мұнда кең көше болуға тиіс әрі жолдың тағанына бетон төсеп, 20-30 тонналық ауыр жүк көліктерінің емін-еркін жүруіне жағдай жасау керек,-дейді.
Сонымен қатар, қала басшысы сұхбат барысында Шайжүнісов көшесіндегі жөндеу және көркейту жұмыстары үшін 100 млн. теңге қаржының бөлінгенін де атап өтті.
Қала басшысы бастаған жұмыс тобы Шығыс кентіндегі 3-ші саяжай аялдамасынан бастап, Водный кентіндегі темір жол өткеліне дейінгі жолдағы жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын да қадағалап қайтты. Жол жөндеу жұмыстары бойынша құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмаларын берген соң, қала әкімі орталықтағы Жұмабаев көшесінің № 25-26 үйлердің тұрғындарымен жүздесті. Қатар орналасқан көпқабатты 2 тұрғын үйдің маңындағы бос жатқан алаңқайдың о баста жекенің қолына заңсыз түрде сатылғанын айтқан тұрғындар, ол жерге сау- да дүкенінің салынуына үзілді-кесілді қарсы екендіктерін жеткізіп, қала әкімін құлағдар етті.
— Талапқа сай жаңадан салынатын ғимарат көпқабатты тұрғын үйлерден кем дегенде 25 метр қашықтықта болуы керек. Әрі ол өрт қауіпсіздігі үшін де барлық жағынан есептелуі қажет емес пе. Ал, мына салынғалы отырған ғимарат біздің үйлеріміздің тура жанында. Тіпті, арақашықтық 15 метрге де жетпейді. Білуімізше, жоба бойынша мұнда екі қабатты ғимарат салынбақ. Егер солай салынатын болса, тұрғын үйлердің 1-2 қабаттарының терезелері күннің сәулесінен мүлдем қағылатын болады. Біз мұнда 25 жылдан бері тұрып келеміз,-деген тұрғындар бірауыздан қала әкімінен осы мәселені шешіп беруді өтінді.
Өз кезегінде сөз алған қала әкімі құзырлы мекемелердің рұқсат бергеніне қарағанда бұл жердің жекенің қолына заңсыз берілуіне негіз жоқ екенін айта келе, жер иесіне қай жерге болсын қандай да бір ғимарат салатын болса, құрылыс бастамас бұрын сол маңның тұрғындарын хабардар етуге міндетті екенін айтты. Сонымен қатар, қала басшысы бұл нысанға толықтай тексеріс жүргізіліп, алдағы уақытта осы көшенің тұрғындарымен аталған мәселе бойынша қайтадан жүздесетіндігін жеткізсе, тұрғындар да қандай жағдай болмасын, 2007 жылдан бері шешілмей келе жатқан бұл мәселенің жақын арада оңды шешімін табатынына қуанысып қалды.
Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
Нысандарды аралаудың екінші күні, сейсенбіде қала әкімі Айбек Кәрімов қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жапбаров және сәулет бөлімінің басшысы Қалдыбек Қоқилановпен шаһардағы құрылысы аяқталмай қалған тұрғын үйлерді аралады.
Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мақсатында соңғы жылдары мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Айта кетерлігі, қаламызда баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үй құрылысы қарқынды іске асырылуда. Тек, кейбір мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан осы уақытқа дейін пайдалануға берілуі тиіс кейбір тұрғын үйлердің тапсырылу мерзімі өтіп кеткенімен, олардың құрылысы әлі де жалғасуда. Осы орайда, қала әкімі Айбек Кәрімов аяқталмаған құрылыс нысандарына барып, ондағы мәселелерге қанықты.
Алдымен Юность кентіндегі құрылысы аяқталмаған нысанға ат басын бұрған қала әкімі болашақта бұл маңнан тағы басқа да тұрғын үйлер салуға болатынына көз жеткізді. Алайда, бұл ең алдымен қаланың Бас жоспарымен қаншалықты үйлесетінін анықтап алу қажет екенін де естен шығармады. Мұндағы 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын «Рауан» ЖШС-і өз мойнына алған. Мердігер компания қызметкерлері қала басшысына сызбаларын көрсетіп, жұмыстарымен таныстырды. Айтуларынша, тиісті қаржының қалғаны бөлінетін болса, құрылыс жыл соңына дейін аяқталуға тиіс көрінеді. Құрылыс жүргізуші мекеме мамандары қала әкіміне су, жылу, электр жарығын тарту қиындық тудырмайтындығынан хабардар етті.
Бұдан кейін Айбек Кәрімов «Океан» ауданындағы 12 қабатты 2 тұрғын үй құрылысының алаңында болды. Қала басшысы құрылыс жұмысының барысымен танысып, кемшін тұстардың барлығын жойып, нысанды уақытылы тапсыруды жүктеді. Қаланың Бас жоспары бойынша бұл Узбекская көшесі де – болашақта Семейдің көрікті көшелерінің бірі болмақ.
Қала басшысы Докучаев көшесі бойындағы құрылыс жұмысы аяқталуға жақын жас отбасыларға арналған жатақханада да болды. Техникалық қадағалау кезінде салынған ғимараттан бірнеше ақау тапқаннан кейін, нысанды жоспарлаған уақытта тапсыру мүмкін болмаған екен. Осы тұрғыда қала әкімі Айбек Кәрімов:
— Бүгінде пәтер алғысы келетіндер қаншама? Ал, біз өз-өзімізге кедергі жасап отырмыз. Бұл жерде жауаптылар өздерінің қауқарсыз екендігін танытты. Мәселені дереу шешіңіздер, үйді тапсырудың мерзімі баяғыда өткен,-деп құры-лысқа жауапты «ДЖЕСА – Семей» ЖШС-і мен «ЕСУ заводстрой» ЖШС-і мердігер компаниялардың жұмысын қатаң сынға алды.
60 пәтерлі жатақханаға әзірге электр жарығы мен су тартылмаған. Сонымен қатар, электр қуатын есептегіш құрылғылар да құрылмаған екен. Құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, есептегіш құрылғылар сатып алынған, әзірге қоймада тұрған көрінеді. Енді бұл нысан құрылыс жұмысына қалалық бюджеттен қаралған қаржының қалған бөлігі аударылған соң, электр жарығы және сумен қамтамасыз етілмек. Сол сияқты атқарылуға тиісті бұл жұмыстардың барлығы мамыр айының соңына дейін еңсерілмек.
Шаһар басшысы құрылысы тұралап тұрған Байсалықов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге де барды. Мердігерлер аталған нысандағы құрылыс жұмыстарын 2012 жылы бастаған болатын. Алайда, 2013 жылы мердігер мекеменің лизенциясының талапқа сай болмауына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Бүгінгі таңда қалалық құрылыс бөлімі келісімшартты бұзып, жаңа байқау өткізуді жоспарлап отырған көрінеді.
— Бұл мәселе әзірге шешілген жоқ. Мердігер мекеме бізге 56 млн. теңге шамасында берешек. Өз тарапымыздан мекемеге келісім шартты бұзу жөнінде ескерту жібердік. Тіптен, сотқа да бұл жөнінде арыз түсірдік. Келісімшарт бұзылғаннан кейін қалған жұмыстар үшін жаңа байқау жарияланады. Сол арқылы құрылысты да аяқтаймыз,-дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жапбаров тілшілерге берген сұхбатында.
Қала әкімі сейсенбідегі сапарында Шугаев көшесіндегі тұрғын үйдің құрылысымен де танысты. Нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Айбек Мүталапханұлы болашақта Бас жоспар бойынша тұрғын үйдің алдыңғы жағында хоккей модулінің болатынын айтып, құрылыс нысанының маңындағы бос жерлерге тағы да тұрғын үйлер салуға болатынын атап өтті.
Айбек Кәрімов құрылыс бөлімі тапсырыс беруші болғандықтан барлық мердігер ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, жұмыс барысында туындаған түйткілдерді дер кезінде шешуге ықпал етуі қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, нысандарға болашақта қызмет көрсететін коммуналдық мекемелер өз кезегінде құрылысшыларға техникалық мәселеде көмектесіп, тұрғын үйлердің тезірек тапсырылуына септігін тигізулері керектігін де ескертті.
Бес балабақша бой көтереді
Елбасының тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін еліміздегі бөбектер жүз пайыз балабақшамен қамтылуы керек. Қаламызда бұл көрсеткіш әзірге 86 пайызды құрап отыр. Семейдің күн санап әлеуметтік – экономикалық тұрғыдан дамып келе жатқанын және демографиялық өсімнің барын ескерсек, балабақша кезегі болу қалыпты құбылыс. Бірақ, солай екен деп қарап отырған атқарушы билік жоқ. Бөбектерді балабақшамен қамтамасыз ету үшін «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балабақша санын көбейту қолға алынған. Бұл тұрғыда Семейде серпінді істер бар. Былтырғы жылдың өзінде жекеменшік бірнеше балабақша аша отырып, мемлекеттен тапсырыспен жұмыс істеп отыр. Бұйырса биыл да Семейде дәл осындай бес балабақшаның құрылысы басталады деп жоспарлануда. Айта кету керек, бұдан өзге қалада мемлекеттік бағдарламамен де балабақшалар салына береді. Осыған орай, сәрсенбінің сәтінде Айбек Мүталапханұлы балабақша құрылысы басталатын жер телімдерін аралады. Әлбетте, іргетасын қалап, құрылыс жүргізу өз алдына, оның инфрақұрылымын қалыптастырып алу басты мақсат болып табылады. Міне, қала әкімі балабақша салмас бұрын, инфрақұрылым мәселесін реттеп алу керектігін ескеріп, болашақта бой көтеретін бес балабақшаның жер телімдерін аралап, мамандардың пікірін тыңдады.
Иә, ұрпағымыз бәсекеге қабілетті болсын десек, бүлдіршіндердің буыны балабақшада бексе құба – құп. 2010 жылдан бастап «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, нәтижесінде елімізде сан мыңдаған бөбек шаттыққа бөленді. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда.
Биылғы жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолын ұсынған Мемлекет басшысы басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу екендігін айтқан. «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар қалыптастыру» деп мақсатты да айқындап берді. «Барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр» деген еді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.
Айбек Мүталапханұлының бұл күнгі жұмыс сапары Водный кентіндегі Рудная 6 «А» мекенжайынан басталды. Бұл жерден сәтін салса, 320 орынға арналған балабақшаның құрылысы басталады. Бүгінде барлық құжаттары дайын. Мамандардың айтуынша, жер, су, жылу, жарық мәселелері жолға қойылған. Мердігерлер маусым айынан бастап балабақшаның қазығын қағып, іргетасын қалауды бастап кетпек екен.
320 орынға арналған балабақшалар Шығыс кентіндегі 2 Дачная көшесінде, Жангелдин көшесі, 107/2 мекенжайында бой көтермек. Қос ғимараттың да жобалық құжаты бұл күнде дайын. Инфрақұрылымның да жағдайы көңілге қонымды. Жарық жайы шешіліп, су тартуға да негіз бар. Ал, жылу жүйесі екі балабақшада да дербес болады деп күтілуде.
Энергетик ықшамауданы қазіргі кезде қайнаған құрылыстың ортасы. Мұнда «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер салыну үстінде. Әлбетте, алдағы жылдары бұл жерде балабақша мәселесі күн тәртібіне шығатындығы сөзсіз. Күн санап көркейіп келе жатқан ықшамауданға бір балабақшаның қажет болатыны айдан анық. Осыны ескерген қала басшысы 280 орынға арналған балабақшаны дәл осы Энергетик кентіне салуды жоспарға енгізіпті.
Жер телімімен танысқан шаһар басшысы ТҮКШ, сәулет және қала құрылысы бөлімдері басшыларына балабақша салынатын жер маңайын ретке келтіруді жүктеп, автотұрақ мәселесін қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, Энергетик кентіне қатынайтын қоғамдық көліктердің саны да шектеулі екендігін ескеріп, болашақта бұл жаққа қосымша қоғамдық көліктер жүретін жағдай жасалады деген ойын жеткізді.
Алдағы қазан айында Цементшілер кентінде тағы бір жекеменшік балабақша салынады деп күтілуде. Нысан Глинка көшесінде бой көтереді.
Аталған балабақшалар іске қосылса, қосымша 1240 бүлдіршін балабақша табалдырығын аттайды деп күтілуде. Ал, жаңа балабақша орындары ашылса, үйде отырған талай ата- ананың жұ- мысқа шығуына мүмкіндік тумақ.
-Басты мақсат – мектепке дейінгі мекемелер тапшылығын жою. Қазіргі таңда 4581 орынға қажеттілік туса, он мыңнан астам бала кезекте тұр. Облыстық білім басқармасында байқау өтіп, қазан айына дейін құрылыс басталмақ. Коммуникация мәселесі толығымен шешілген. Бес нысан да бір жылдан кейін, яғни 2015-2016 жылғы оқу жылының басында қолданылуға берілуі тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 2 млрд.641 млн.теңге бөлінген,-дейді білім бөлімінің басшысы Гүлжан Алтынбекова.
Нысандар салынатын бес жер телімі де тегін таңдалмаған. Білім бөлімі басшысының айтуынша, балабақша салынатын жер таңдауда балабақшаға мұқтаж, кезекте тұрған балғындары көп аумақтарға көңіл бөлінген екен.
Әлбетте, үш күнде жиырмаға тарта нысандарды аралау айтар ауызға жеңіл. Әрқайсысының инфрақұрылымын, құрылыс қарқынын, сапасын тексеру үшін арнайы жауапты құзырлы мекемелер, бөлімдер жұмыс жасайтыны анық. Бірақ, кейде бөлім басшылары әкім арнайы аралағанда ғана атқа қонып, басқа уақытта нысан аралап, БАҚ өкілдерімен тығыз қарым – қатынас орнатуы сирек. Негізі, қаланың күнделікті тынысын бақылау әкімнің ғана емес, әкімшіліктегі әр бөлімнің, әр бөлім басшыларының тікелей жұмысы екендігі ұмыт қала береді.
Нұрдәулет Кәкішев, Әйгерім Сәрсенғали, «Семей таңы»