“Өлген адамдарды жейтін хәлге түскен”
Күлән Уәшова 1935 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Бала кезінде әкесі ашаршылық тұсындағы қиындықтар мен бірнеше адамды өлімнен алып қалып, көмектескенін айтып берген екен.
“Ашаршылық деген қиын нәрсе болған. 1931-32 жылдары, әсіресе, өте қатты болды. Адамдардың бәрі сандалып кеткен. Менің әкем сиыр фирмасының бастығы болды. Мал, сиыр сауғызы, шөпті дайындататын”, – деп еске алады Күлән апа бала кезін.
Сөйтіп жүргенде Мырзатай Уәшев ісінің арқасында бірнеше адамға ірілі-ұсақты азық беріп, шаруаға салып, жәрдемдескен екен.
“Әкемнің сөзінше, халық ісіп, кеуіп кеткен екен. Баласы бір жерде, шешесі бір жерде өліп жатады дейді. Әкемнің айтқан сөздерінен еститінмін. Бірін тыңдайсың, бірін тыңдамайсың. Бала болдық ол уақытта. Жаны ашып балалар мен ересектерді қамқорлыққа алып, аузына сүт қүйып, талай адамдарды құтқарғанмын деп айтып отыратын әкем марқұм. Күндіз бидайды қуырып, өз-өзімізді алдап, кешке быламық ішіп жататынбыз, кешкі уақытта есік-терезені бітеп қойып жүрдік дейтін”, – дейді Күлән апа.
Сондағысы аш адамдардан қорқып, сақтанып жүргендері. Сол уақытты өте қорқынышты кезең деп сипаттайды кейуана.
Айтуынша, зұлмат жылдарында өлген адамдарды жеген жағдайлар да болған.
“Халық сондай хәлге де жеткен. Есек, басқа жануарлардың, адам етін жейтіндей болған. Халық сандалып кеткен ғой. Тауға шығып кеткен. Қазақ халқының тең жартысы ашаршылықта өлген”, – дейді ол.
“Апаларымыз сендер көрмеңдер де, ештеңені білмеңдер дейтін”
Қанбайқызы Мүкәлсін Семей облысы Абай ауданында 1930 жылы туған. Өзінің естеліктерінен сол уақытта әке-шешесі: “Сендердің замандарың тыныш, ашаршылықтың Құдай бетін әрі қылсын” деп айтып отыратын дейді.
“Әкем диқаншы болды, үйде көп отырмайтын. Ашаршылық жайлы шешемнен көбірек естідім. Әке-шешемнің қасында тамақтарын істеп қарайласып жүрдім. Ешкінің сүтінен қара көше істеп беремін. Ол кезде алты жастамын. Әкем мен шешем ашаршылықты көрді. Ішерге ас, киерге киім жоқ болды деп отыратын.
Соның ішінде бір үйлі жан түгел қырылды деген оқиғаны анамнан естідім. Ағалары: “Бәрің әр жерде өлесіңдер ма, одан да бір ғана жерде өліңдер” деп бір үйде қамап кетсе, әлгілер өліп қалыпты. Апам айтып отыратын, бір үйден бір отбасы кетіп қалды деп. Бәрі де болды”, – деп есіне алады Мүкәлсін апа.
“Аш болған соң, қайтеді бірін-бірі жемегенде. “Құдай оның бетін әрі қылсын, сендер көрмеңдер де, ештеңені білмеңдер. Қазіргі замандарың жақсы” деп айтатын шешем”, – дейді апа.
Уәкілдер мас болып, әйелдер мен жас қыздарға зорлық көрсеткен
«Ашаршылық Құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев XX ғасырда қазақ ұлтындай қасірет шеккен халық болмағанын айтады.
“Өткенге көз жүгіртсек, 1917 жылы Түркістанда Кеңес Үкіметі орнады. Осы уақытта Әскери коммунизм саясаты жүргізіліп, қызыл армияны тамақпен қамтамасыз ету үшін халықтың бар мал-мүлкі тартып алынды. Осы саясаттың нәтижесінде 1 млн қазақ аштан қырылды. Ол уақытта Түркістанда 2 млн 700 мың қазақ болатын. Ал 1921 жылы Қазақстанның басқа жерінде Кеңес Үкіметі орнады. Дәл осы саясатпен халықтың мал-мүлкі тартып алынып, 1 млн қазақ аштықтың құрбаны болды. Сол жылдардағы құжаттарда барлығы да келтіріліп жазылған. Тамақпен қамтамасыз етілу үшін зорлық-зомбылықпен тәркілеу қазақ даласында жүргізілді”, – дейді ол.
Рамазан Құрманбаев сол жылдары елде болған келеңсіз оқиғаларды газет архивтерінен келтіреді.
“1929-30 жылдардағы Орталық комитет пен Өлкелік партия комитетінің директиваларын орындауда жіберген қателіктер туралы Қазақ орталық атқару комитетінің хатшысы Абдол Астыбеков, одан кейін Әлеуметтік, халық комиисары болған Нағима Арықова 1930 жылы 19 тамызда ерекше құпия белгісі соғылған баяндамасында сол кездегі келеңсіз оқиғаларды келтіреді. Орал округі орта шаруасы Есеналиев 10 сағатта елу пұт ет тапсыру жүктелген.
Ол үш сиырдың екеуін сойып ет тапсырса, малды қасақана сойды деген айып тағылып, бар мүлкі тәркіленген. Елек ауданында 200 кедей астық өткізгені үшін тұтқындалған. Олар астық өткізу үшін малдарын сатып, астыққа айырбастаса, малдарын сатқаны үшін сотталған. Сол сияқты Ақтөбе облысында Ақкемер аулында Ползунок қазақтарды үйден шығармай, қарсылық көрсеткендердің аузына керасин құйып, өртеп, азаптаған. Жәнібек аулында уәкілдер мас болып, әйелдер мен жас қыздарға зорлық-зомбылық көрсеткен. Оларды өртейміз деп қорқытып, қарға жалаң аяқ жүргізетін. Осындай келеңсіз оқиғалар көп кездеседі”, – дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.
“Қазақтарды атып өлтіріп, қандарын ішкен”
Сөзінше,1929 жылы Қазақстанда 40 миллиондай мал болса, 1932-33 жылдары 4 миллиондай мал қалған.
“Мысалы, Шет ауданында Сычев деген Ішкі істер халық комиссариаты (НКБД) басшысы қазақтарды атып өлтіріп, қандарын ішкендігін құпия құжаттар айғақтайды. Сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы Горюев отырықшыландыруға, кәмпескелеуге қарсы шыққан адамдарды сотсыз атып тастау керек деген бұйрық шығарды”, – дейді ол.
«Ашаршылық Құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы құпия құжаттардан мынадай деректер келтіреді.
“Аштан қырылып, көмусіз қалғандардың моласына айналған Қазақстанға 1930 жылдың 1 ақпанында Ресейден 1 млн адамды қоныстандыру туралы Біріккен мемлекеттік саяси басқару (ОГБУ) төрағасының орынбасары Ягоданың қолы қойылған № 562 дерективасы шықты. Осы жылдың 10 ақпанында Г.Г. Ягода мен ГУЛАГ-тың бастығы Берман 2 млн адамды Қазақстанға қоныс аудару жоспарын қалай іске асырып жатқандықтарын айтады. Осы жоспарда көшіп келгендерге жатын орны, мектеп, жұмыс орны қарастырылған”, – дейді Рамазан Құрманбаев.
Гитлердің соғысы қазақты қыруға тоқтау болды
Бұл фактілер Орталықтың қазақты жою жолындағы жоспарлы саясатын көрсетеді, дейді Рамазан Құрманбаев.
“1937-38 жылдары қазақтың маңдай алды бетке ұстар 20 мың адамды атты. 100 мыңдаған адамдарды Сібірге айдап, солардың көпшілігінің топырағы жат жерден бұйырды. 1941 жылы Гитлер басқынышылық соғысын ашпағанда бұл жағдай жалғаса берер ма еді? Гитлердің басқыншылық соғыс әрекеттері қазақты қыру жөнінде жасаған Мәскеудің саясатының алдына өрт қойып тоқтатқандай болды. Осы сәттен бастап қазақты қыру саясаты тоқтады. Аштан қырылып, бейбіт өмірде қырылған қазақтар ел жетіне жау келген уақытта, Алаштың қаны ойнап оқ болып атылды. Қасым Аманжоловтың өлеңіндегідей әрбір қазақ ұрыс даласында бомба болып жарылды. Қазақтың ер екенін, намысшыл халық екенін бүкіл дүние жүзі мойындады”, – дейді ол.
Қазақтың 70 пайызы аштан қырылған қолдан жасалған алапат ашаршылықты Құрманбаев нағыз геноцид деп атады.
“Халықаралық құқық бойынша геноцид жасаған мемлекет саяси жауапқа, оны орындаушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Мұның барлығына Кремльдің зұлым сасаты кәнілі. Осыған қазіргі таңда жауап беретін – Ресей мемлекеті”, – дейді Құрманбаев.
Ашаршылық құрбандары қоғамдық бірлестігінің белсенділері 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін әртүрлі инстанцияларға бір күнді аза тұту күні деп белгілеу керек деген бастама көтеріліп келеді.
“Осы күні мемлекетімізде демалыс жарияланы, туымыз төмен түсіріліп, азалы музыка ойнап, ашаршылық құрбандарына Құран бағыштап, ас берілу керек деген бастаманы көтеріп келеміз. Депуттаттарға, жоғары кеңеске бірнеше хат жаздық. Ешқандай жауап берілмеді.
Мұндай хатымыздың ең соңғысын 2019 жылы президент Тоқаевқа жаздық. Оған да әлі мардымды жауап алған жоқпыз. Өткенді білмесек, болашағымыз бұлыңғыр. Сондықтан біздің болашағымыз жарқын болу үшін өткенімізді, тарихымызды, қасіретіміз бен қайғымызды болашақ құпақ білуі қажет. Бұл іске барлығымыз атсалысуымыз керек”, – деп қорытындылады сөзін Рамазан Құрманбаев.