3 БӨЛІМ
Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті президиумының мүшесі және энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышев теке сақал Голощекиннің алдында осылай етбеттей жатып ақталады деп кім ойлаған? Дәулетғалиев, Мүсірепов, Алтынбековтің онымен келіспеуінің мәні де осында жатса керек. Қуанышевтың мойындауы өздеріне де қатысты болған соң Голощекиннің алдында жағдайларының тым қиындап кетері кәдік. Қуанышев шыбын жаным қайтсем аман қалады деп барлық кінәсіне Әзімбай Лекеровті жазғырыпты. Оны «ұлтшылэлементтер» қатарына жатқызып, Голощекиннің жебелі садағын өзінен соған қарай бұрса не шара. Тек бір Қуанышев болса мақұл-ау, басқалары да хатқа қойылған қолы жоқ Лекеровті сұқ саусақтарымен көрсетіп, оған қара бояуды баттастыра жаққандары қандай адами қасиетке жатады? Батырға да жан керек. Бауыздалып жатқанда қой екеш қой да тұяқ серпиді емес пе. Ол неге үнсіз қалсын. «БК(б)П Өлкелік комитеттің бюросына, БК(б)П мүшесі Лекеров Ә. Мәлімдеме Топтың белгілі құжаты жөнінде Өлкелік комитет атына мынаны мәлімдеймін. Құжат маған белгісіз және оны құрастырғанда қатысым болған жоқ. Авторлардың Өлкелік комитет секретариатында ауызша сөйлеген сөздерінен мен мынандай әсерді бастан кештім. 1. Сөз жоқ, құжат тұғырнамалық мәнге ие. 2. Қазақстанның қазіргі жағдайы және болашағы бір жақты күңгірт түспен көрсетілгендіктен, көзге адамды торықтыратын көңілсіздік көріністерін әкеледі. Иә, осы екі жағдайды да айыптауға болады. Құжатпен жете таныс еместігім мені көтерген мәселе бойынша жан-жақты қамти сөйлеу мүмкіндігімнен айырып отыр. Егер Өлкелік комитет қажет деп тапса, мен кез келген уақытта мұны жасауға дайынмын. Мен секретариат мәжілісінде құжаттың ауыл жағдайы айтылған бөлігіне қатысты сөйледім. Сол секретариаттан кейін Өлкелік комитет тара- пынан маған ауылдағы олқылықтарды түзетуде барлық мүмкіндігі болған шараларды және қайта көшіп келгендерді орналастыруды бұдан бұрын қолға алғандарын жеткізді. Осыдан кейін мен бұл мәселе қаралып бітті деп санағанмын. Басшылық құрамдағы жекелеген жолдастарға айтқан сыным сөзсіз қателік болған екен. Мен оларды жеке-жеке сынға алсам да, алайда сол сындарым ақиқатында қоғамдық саяси сипат алып кетеді деп ойлағаным жоқ. Иә, бұл факті де айыпталуға лайықты. Бұл істе менің жеке ұйымдастырушылық рөлім болғанын мүлдем жоққа шығарамын. Солай бола тұра мен ауылдағы қиын жағдайға байланысты хатқа қол қойған жолдастармен жекелей сөйлесу кезінде ауылдың мүшкіл жағдайын өткір сезініп, соған байланысты наразылығымды айттым. Бұл жөнінде ұзақ ойланудан кейін мен оларға ықпал етіп, осы жолға салып жібердім бе деген тұжырымға да келдім. Мен бұл кінәмді толық өз мойыныма аламын. Осы фактілердің бәрі жиылып келіп, менің ауылдардағы орын алған жағдайды большевиктерше сезіне алмағанымды көрсетеді. Сөз жоқ, бұлардың бәріне менің өткендегілерімнің әсері болды. Осыларға байланысты өзімнің өткенімді және мінез-құлқымды кінәлай отырып, алдағы уақытта дұрыс жолға түсемін деп уәде беремін. Лекеров 14. VII. 32 жыл». Лекеровтің құжат құрылымына қатысым жоқ деп отырғаны оған қол қоюшылармен алдын ала келісімдерінен туындап отырғаны анық. Сол келісім бойынша, Дәулетғалиев, Мүсірепов, Гатауллин, Алтынбеков, Қуанышев қандай жағдайда да Әзімбай Лекеров туралы ауыз ашпауға шарт жасасқан. Сондықтан да Лекеров бесеуіне еш шүбәсіз сенім артып, мәлімдемесін сол келісімді ұстана отырып жазғаны анық. Ол секретариатта мәселенің ауыл шаруашылығына қатысты сөз айттым дейді. Соған қарағанда өлкелік газеттерге жариялаған мақалаларындағы өзара сын үрдісімен Өлкелік комитет жұмысына айтқан сынды қайталағаны кәміл. Лекеров жекелеген басшыларды әжуалап сынағанынан да бас тартқан жоқ. Мойындай отырып, оның қоғамдық сипат алып кеткенін жасырмады. Ең бастысы ол мәлімдемесінде Өлкелік комитетке жіберілген хатқа қол қойған бесеудің өзін «ұлтшыл» етіп көрсетіп, құрбандыққа шалып жіберсе де, солардың бірінің де атын атап, кінә артпаған. Өзін ғана кінәлаумен шектелгені мәлімдемесінен кім екені, жоғары санаттағы азамат екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Адамның адами қасиеті басына іс түскенде, тағдардың қиын кезеңдерінде танылады. Осы тұрғыдан келгенде бесеу кім, Лекеров кім деген ойға батасың. Диктатор Филипп Голощекиннің қулықсұмдығына құрық бойламайтын нағыз әккінің өзі екені жымын білдірмейтін ісінен көрініс беріп жатты. Қазақстанды басқарған алты жылдың ішінде ұлттың сөз ұстар талай марғасқаларын «ұлтшыл» атап, республикадан шеттетіп жіберді. Әрқалай айлакерлік тәсілмен біріне бірін айдап та салды. Нұрмақов, Қожанов, Сәдуақасов секілді білікті басшылардан солай құтылды. Ол 1932 жылдың 4 шілдесінде өткен Өлкелік партия комитетінің бюросында «бесеудің хатын» талқыға салып, соған байланысты бесеуге Лекеровті қоса кінәлап, мойындатып қана қойған жоқ. Сондай-ақ, олардың Лекеровке жала жапқан мәлімдемелерін алып қалумен шектелмей, енді қайтып бастарын көтертпейтіндей етуді және тағы біреулер осындай хатты Сталиннің атына жазып жібере ме деген күдікпен басқаларға сабақ етуді ойластырған. Голощекин оларды 1932 жылдың 15 шілдесінде Өлкелік партия комитеті мен Тексеру комиссиясының біріккен мәжілісінде талқыға салды. Мінберге көтерілген Голощекин қолындағы «бесеудің хатын» парақтап тұрып: «…Хат иелері менің осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда 40 миллион мал басы бар болғанын алға тартып, қазір сол мал аштан қырылып, бар-жоғы 8 мил- лионы ғана қалғанын көрсетіпті, – деп хаттың жеке-жеке бөліктеріне тоқталып, соңғы жағына көз жүгіртіп, дауыстап оқыды. – Қазақ ауданда- рында көрініс алған ашаршылық пен адам өлімі, мал басының жаппай қырылуы үнсіз қалып отыр. Бұл күрделі мәселе партия белсенділерінде кең талқыланып, бюрода және Өлкелік комитеттің IV пленумында қаралуы тиіс». – Ол хатты стол үстіне тастай салды. Залда отырғандарды ала көзімен шола қарап, ағымдағы жылдың өндірістегі табыстарын, ауыл шаруашылығын коллективтендірудегі жетістіктерін тілге тиек етіп, қатқыл үнмен хатқа қол қойғандарды біраз тұқыртып алды. Мінберден Алтынбеков Өлкелік комитетке жазған мәлімдемесін қайталап шықты. Содан кейін сөз алғандар: Дәулетғалиев, Қуанышев, Мүсірепов те бұрынғы жазған мәліметтерін қайталап, қателіктерін мойындап, бәріне Лекеровті кінәлі етіп, өздерін партия мүшелігінен шығармауды өтінді. Сөз кезегінде Әзімбай Лекеров: «Біз Мемлекеттік комитетте екінші бесжылдықтың жоспарына кірісерде, өткен бесжылдықтың қортындысын жасадық. Иә, өнеркәсіп жағынан көрсеткіштер жаман емес. Ал ауыл шаруашылығында алға қойылған міндеттер орындалмаған. Халық саны мен мал басы күрт азайған. Ауылдардың аштықтан өлмегендері көршілес республикаларға, Қытайға жер ауып кеткен. Осының бәрі Өлкелік комитеттегі басшылардың Орталық Комитеттің шешімдерін орындау барысында жіберген қателіктері деп ойлаймын. Мен хаттың ауыл шаруашылығы жөнінде жазылған бөлігін толық құптаймын. Егер ауылдың жағдайын тез арада түземесек, ауылда тұрып жатқан қазақтарды аштықтан жаппай қырып аларымыз хақ. Қазақтардың тіршілік көзі — мал. Сол малын түгел тәркілеген соң аштыққа ұрынып жатыр. Ауыл шаруашылығына келгенде Өлкелік комитеттің ұстанған бағыты мен саясаты дұрыс болмады. Бұл туралы мен бұрын да айтқанмын. Республикада ешқандай да «Кіші Октябрьді» жүргізудің қажеті жоқ еді. Өйткені қазақ жерінде капитализм орнамаған, социализмге феодалдық қоғамнан бір-ақ өтті. Сондықтан мешеу елдің дамымаған таптарымен қандай да бір революциялық күресті жүргізудің қажеттілігі жоқ болатын. Халықты екі тапқа бөліп, бірінің соңына бірін салып қойғаннан ешкім де ұтқан жоқ. Ұтылған — тек социализм құрылысы ғана. Меніңше, басшылар дұрыс шешім қабылдау үшін, Филипп Исаевич, әуелі сіз бастап облыстарға шығып, аудандарды аралап, халықтың күйзелген жағдайын өз көзіңізбен көргеніңізде, қазақ халқының ұлттық ерекшелігімен танысқаныңызда республика мұндай ауыр жағдайға ұшырамаған болар еді. Өкінішке қарай, олай болмады». Лекеровтің осы сөздеріне қарағанда енді шегінерге жер жоқ екенін білген тәрізді. Ауыл шаруашылығындағы қиын жағдайды, жаппай аштықты осы бюрода шындап қозғамаса, мәселе еш қозғалыссыз қала беретінін іштей біліп, Голощекиннің жасамақ болған «Кіші Октябрі» қазаққа аштықтың қасіретін әкелген қателігін бетіне басып, өз ойын батыл әрі тайсалмай ашық айтқаны көрініп тұр. Голощекин екілене сөйлеп жауап қатты. «Владимир Ильич Қазақстанға келмей-ақ немесе Грузияға бармай-ақ Октябрь революциясын басқарып, іске асырды. Бұрынғы патшалық Ресейдің қай жерінде болмасын социализм жеңді». Голощекиннің Лениннен үлгі алған түрі. Кабинеттен шықпай-ақ бұратана халықты оңай басқаруға болады деп ойласа керек. Лекеров: «Филипп Исаевич, Октябрь революциясы мен нақтылы социализмді теңеуге болмайды. Ана жақта қоғам капитализмнен социализмге ауысты. Жұмысшы мен шаруаның диктатурасы орнады. Бұл үлкен саясат. Ал мұнда басқа экономика: аш-жалаңаш халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, тамақтандыру қажет». Ресей капитализм сатысында біраз өркениетке жетті. Лекеров оларды әлі де феодализм сатысында өмір сүріп келген халықпен салыстыруға болмайтынын, мұндағы социализм орнатудың жөні мүлдем бөлек екенін ескертіп, қателік халықты аштыққа ұрындырғанын, енді соларды аман алып қалу жағын алға тартқан. Өлкелік партия комитетінің салалық бойынша екінші хатшысы Құрамысов: «Біз Өлкелік партия комитетінің басшылығымен бірінші бесжылдықты аяқтадық. Жеткен жетістіктеріміз аз емес. Бір ғана Түрксібтің өзі неге тұрады. Бес жылдық жоспар үш жылда аяқталды. Осының өзімен Өлкелік комитет халықты күрделі құрылысқа ұйымдастыра алатынын көрсетіп берді. …Құрылысшылар ағаштан соғылған барактарда, жерден қазылған күркелерде тұрып-ақ көпірлерді салғанда қажетті тастарды ондаған, жүздеген шақырымдардан арбамен тасыды. Нәтижесінде мыңдаған адам жұмысқа тартылды. Оңтүстік пен солтүстіктен тартылған теміржол желілері Айнабұлақта түйісіп, алтын қазық қағылған кездегі халықтың қуанышында шек болған жоқ. Жүздеген үйлер, бекеттер мен деполар салынып, қаншама адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Міне, Өлкелік комитеттің жұмысы! Мұндай мысалдарды Лекеров жолдас көрген жоқ. Өкінішке қарай, республикада болып жатқан осындай игі шараларды көріп тұрып, Мүсірепов жолдастың қалай Лекеровтің үгітіне көніп кеткеніне таңым бар. Филипп Исаевич жолдас Қазақстанға келген бойда-ақ Октябрь революциясының болмағанын айтқан еді. Оның бұл пікірімен партияның Орталық Комитеті де келісіп, қолдаған. Мұнда таптық күрес жүру ке- рек болатын. Оны ұйымдастырдық. Өйткені жаңа қоғам орнату үшін бұрынғы қоғам қажетсіз эле- менттерден тазартылып, қайтадан жаңартылуы керек. Социализмді орнату үшін таза жұмысшы мен шаруадан тұратын қоғам керек. Ал аштыққа ұрынғандар – көшіп кеткен жалқаулар. Жұмыс істейміз десе колхоздарға кіріп, еңбек етіп, тамақтарын тауып жесін. Мысалы, Қарағанды, Түрксібте жұмыс істеймін дегендерге жұмыс та- былады. Лекеров мұны білмеген, білсе де білуге құштарлық танытпаған. Үкімет басшыларының бірі бола жүріп, Өлкелік комитеттің атқарған жұмысын жоққа шығарғаны үшін мен оған «қатаң сөгіс» жариялауды ұсынамын. Әзімбай Лекеров бұған дейін уездерді, губернияларды басқарды. Ауыл шаруашылығын жақсы біледі. Өнеркәсіптен де хабары бар. Өйткені ол Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, Халық комиссарлар лауазымында да болып, Халық комиссарлар кеңесінің мүшесі болды. Лекеров педагогикалық институтта кафедра меңгерушісі, профессор. Сондықтан хаттың авторы — тек Лекеров. Қазақстан экономикасын Лекеровтен артық білетін мұнда жан жоқ. Тағы қайталап айтамын, хаттың авторы — тек Лекеров. Ал Дәулетғалиев пен Алтынбеков Коммунистік институтта істейді. Сондай-ақ Ғатауллин мен Мүсірепов — Қазақ мемлекеттік баспасының қызметкерлері. Қуанышев Жоспарлау комитетінде энергетикалық сектор меңгерушісі ғана. Сіздер қалай ойлайсыздар, осылардың ішінен экономиканы кім жетік біледі? Лекеровтен басқа ешкім де. Сондықтан мен бұл хаттың авторы тек Лекеров қана деп қайталап айтамын. Бұлардың бір қателігі алғашқы келіскен сөздерінде тұра алмағандары дер едім. Міне, хатқа қол қойған бесеу менің атыма жазылған осы хат соңында: «Біздің хатымызды орта партия активі атынан қабылдап, «жоғары лауазымды» адамдардың бұған ешқандай қатысы жоқ деп біліңіздер» деген. Бұдан нені аңғаруға болады? Олардың «жоғары лауазым» деп отырғандары – Лекеров. Олардың соны қорғаған түрі бұл. Ал хатқа Лекеровтің қатысы бар екенін өздері де айтты. Тек Лекеров қана олармен алғашқы келіскен шартын ұстанып, осы кезге дейін тән алмай тұр. Ол осы бюрода да өз қатесін мойындағысы жоқ». Голощекин кадрлар таңдауда қателеспеген. Өзіне қарсыластарын, ақыл-парасаты мен білімбіліктілігі жоғары халықтық сөз ұстар азаматтарды қызметтен ығыстырып, айтқанын екі етпей орындайтын Құрамысовтай жандайшаптарды маңайына жинай білген. Иә, Лекеров жас болса да басшылықтың бірнеше сатысынан өткен, әбден ысылған азамат. Сондықтан да ол ел іші жағдайын Құрамысов айтқандай білмейді емес, өте жақсы біледі. Ал Құрамысовтың өз міндетін білмейтіні «…Аштыққа ұрынғандар, көшіп кеткенде – жалқаулар» деген өрескел сандырағынан өресінің соншалық төмендігі осы сөздерінен байқалады. Алайда оның «…Бұлардың бір қателігі алғашқы келіскен сөздерінде тұра алмады» дегені дұрыс. Хатқа қол қойған бесеуі бірігіп, бір ауыздан Голощекинге қарсы тұрғанда үлкен күш еді. Голощекин: «Хатқа қол қойғандар арасынан тағы кімді жаза алады десек, ол — Мүсірепов. Алайда ол — Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасында бас редактор. Жазушы, осы уақытқа дейін коммунистік идеологиядан ауытқымаған. Мүсіреповтің республика экономикасымен айналысатын уақыты жоқ. Бас редактордың жұмысы басынан асып жатыр». Әрине, кінәсін бірден мойындап, ығына қарай жығылып жатса, Голощекин оған неге қатты келсін. Жазушы халық қамын ойлап, Лекеровке кінә артпай, соның жағында болғанда ғой, шіркін, дейміз-ау біз. Үміт ақталмаса, амал қанша. Комиссия мүшесінің бірі: «Хат жазушылар Өлкелік комитеттің алға қойған бағытымен жөнді таныс емес. Ал социализм орнату үшін маркстік-лениндік теорияны жақсы меңгеріп, іс жүзінде пайдалана білу керек. Осы жағынан келсек, хатқа қол қойғандар да, Лекеров те әлі жетіле қоймаған. Егер соны игерсе, мұндай жолға түспес еді. Қалай айтқанда да осы топтың ұйымдастырушысы Лекеров екені анық. Өйткені хатта көрсетілген цифрлар құпия, оны қарапайым адам білмейді. Тек коммунист Лекеров қана біледі. Сондықтан мен Лекеровті партия қатарынан шығаруды ұсынамын». Әзімбай Лекеров, маркстік-лениндік теорияны меңгермек түгілі, солардың шығармаларын қазақ тіліне аударушылардың бірі. Маркстің «Капиталын» неміс тілінде оқып, Нұрмақов пен Рысқұловқа оның орыс тіліндегі аудармасының ауытқып кеткен тұстарын ескертіп, түзетулер енгізген. «Бесеудің хатындағы» құпия цифрларды берген Лекеров және ұйымдастырушы да сол деуінің қисыны бар. Өлкелік комитеттің бір мүшесі: «Біз коммунистердің ісін қарасақ болды, ылғи да оған күйе жаққымыз келеді де тұрады. Міне, енді бәріміз Лекеровті жығып сап, тұрмастай етіп соққыға алып жатырмыз. Сөйлегендердің бәрі де Лекеровті кінәлап, басқаларын ақтап алуға тырысуда. Олар бала емес қой. Республикадағы жағдайды әр жерден оқып, ес- тіп жатыр емес пе. Иә, Лекеров экономика сала- сында республикадағы жағдайдың бәрін біледі. Сондықтан хатқа қол қойғандардың бәріне де сын тұрғысынан баға берген жөн. Партия тара- пынан сөгіс алғандарды қызметтен төмендетіп, жұмыстан босатып, ісін сотқа беру де бар. Лекеров — республикаға белгілі талантты ма- ман, өз ісіне жетік әрі адал істейтін жан. Міне, менің қолымда Лекеровтің «Экономическая жизнь» газетіндегі «Буржуазные идеи на стра- ницах планового журнала» деген мақаласы бар. Мақала ағымдағы жылдың он екінші ақпанында жарық көрген. Содан бері өткен үштөрт ай бедерінде Лекеровтің партияға деген көзқарасы мүлдем өзгере қалған жоқ шығар. Бұл мақаласында ол Қазақстанның социалистік аграрлық-индустриялық республикаға айналып келе жатқанын, оның КСРО-ның түсті металлур- гия, көмір өнеркәсібі, дәнді дақылдар фабри- касы екенін атап жазыпты. Қазақ мәдениетінің формасы ұлттық, мазмұны социалистік болып даму үстінде деген. Қазақстанды мысалға ала отырып, қоғамның өндіргіш күші және өндірістік қатынастар, жоспарлы экономика және ауыл шаруашылығының ілгерілеуін теориялық жағынан тамаша талқылап берген. Мұндай терең мағыналы теориялық мақалалар республикада жоқтың қасы. Ол — Қазақстандағы санаулы революционерлердің бірі. Сондықтан мен оған жаза қолданғанды жөн көрмеймін». Бұл кім болды екен? Хаттамада неге оның аты-жөні ашып жазылмаған? Кім болса да, арына қарап, әділін айтқан жан. Осы бір жанға қарап, басшылықта да Лекеровтің қадірін білетін және оны бағалай алатын жан да бар екен-ау. Бірақ көп көптігін жасап, бар айыпты Лекеровтің иығына артып жатқанда «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шыққан» ба? Өлкелік комитеттің Тексеру комиссиясының төрағасы: «Жолдас Лекеров — Өлкелік комитеттің кейбір шешімдерімен келіспей тексеру жасағысы келетін коммунист. Республиканың астанасы Қызылордада болған кезде де республика басшыларымен Нұрмақовтың үйінде кездесіп, Өлкелік комитеттің бюро мүшелеріне өздеріне оңтайлы коммунистерді өткізбек болғанын білеміз. Біз Лекеровтің Мәскеуде оқып жүрген кезінде кімдермен кездесіп, республикадағы мәселелерді талқыға салып, өз беттерінше қалай істеу керектігін кеңесіп жүргендерінен хабардармыз. Лекеров Өлкелік комитеттің бағытына да осы бюро мәжілісінде өз көзқарасын ашып айтып берді. Менің хаттың авторы Лекеров болғанына еш күмәнім жоқ. Басқалары көмектерін ғана тигізген. Мен коммунист Лекеровке «қатаң сөгіс ескертумен» жариялансын деген ұсыныс айтамын». Лекеров Мәскеуде оқып жүргенде Нұрмақовпен, Рысқұловпен кездесіп, Қазақстандағы коллективтендіру жұмысының дұрыс жолмен жүргізілмей жатқандары туралы пікір алысып жүргені рас. Голощекиннің жандайшабы соларды меңзеп отыр. Әзімбай Лекеров: «Мен өзімнің бұрынғы айтқандарымда тұрамын. Өлкелік комитет республика ауылдарында аштықтан қырылып, мекенжайларын тастап кетіп жатқан аш-арықтарды, босқындарды тоқтату үшін шұғыл шараларды қолданбады. Колхоздарды техникалармен қамтамасыз етіп, колхозшыларды жұмыспен қамтамасыз ете алмады. Хатқа қол қойғандар менің айтқаныма көніп кеттік деп жатыр. Олай болса, мен қатемді мойындаймын. Маған керегі — республиканың экономикасы өсіп, ауыл шаруашылығы өркендеп, халықтың жағдайы жақсарғаны. Басқа ештеңенің де керегі жоқ». Ұлтын шын сүйген ол өз сөзінде табандап тұра білді. Басына «ұлтшылдық» айыбы тағылып жатса да алған бетінен қайтпай, Өлкелік партия комитетінің жұмысын осылай қатты сынға алды. Бесеуі бірдей құрбандыққа шалып тұрған соң, өзінің хатты ұйымдастырушы әрі жазғанын да еразаматша мойындай білді. Осылай басшылыққа бұрын да ұлт мәселесінде күдікті көрінетін ол осы үлкен жиында да өзінің «ұлтшылдығын» анық танытты. (Біріккен бюро мәжілісіндегі сөйлеушілердің үзінділері Ш.Қалиакбаровтың «Семей таңы» газетіндегі материалдарынан алынды. — А.К.). БК(б)П Өлкелік комитетінің бюросы мен Тексеру комиссиясының бірлескен мәжілісінің №21 Хаттамасы. 15 шілде 1932 жыл. Тыңдалды: Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков, Қуанышев және Лекеров жолдастардың мәлімдемелері туралы. Қаулы етті: Ағымдағы жылы жат құбылыстар, тап жаулары байлар мен кулактар және олардың идеологиялық жетекшілері Кеңес өкіметіне қарсы үгіт пен іс-әрекеттерін күшейтудің салдарынан, көрші аймақтардағы қазақ шаруашылығы күрт төмендеп кеткен. Бұрын партияның сара жолынан ауытқушылық әрекеттері байқалмаған, партияның жекелеген мүшелері – Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков және Қуанышев жолдастар дақпырт сөздерге ұрынып, көңіл-күйлерін босаңсытып алғандықтан солардың ықпалына берілген. Олар өздерінің алаң көңілдерін орнықтыру қаракетімен «оңшылоппортунистік», «ұлтшылдық» элементтердің (Лекеров) ықпалына түсіп кеткен. Бұл олардың 24 маусым күнгі өзара біріккен кеңестерінде сөйлеген сөздерінен және олардың 4 шілдедегі Өлкелік комитетке жазған құжаттарынан көрініп тұр. Қазақстандағы социалистік құрылыстың орасан зор табыстары мен ұлт саясатының барлық жетістіктерін толық жоққа шығарып, Өлкелік партия комитеті жүргізіп отырған барлық бағытты сынап, тек кемшіліктерді ғана ауызға алып көрсететін Сәдуақасов пен Қожановтың ұстанымдарында тұрғандары анық. Өлкелік партия комитеті бюро мүшелерінің 4 шілдеде болған жиналысында аттары аталынған бұл жолдастарға олар жазылған құжат бойынша ашық жағдайда түсіндіру жұмыстарынан соң, бұл жолдастар өздерінің қателіктерін тереңнен түсініп, өздерінің түсінікмәлімдемелерінде жіберген қателіктерін шын- дап, ашық түрде мойындағандарын Өлкелік ко- митет қанағаттанарлық деп бағалайды. Олардың бұл мәліметтерін қанағаттанарлық деп тани отырып, аттары аталған жолдастарға Өлкелік партия комитетінің басшылығымен өздері жат құбылыстардың ықпалдарында болған көңілкүйлерімен іштей белсене әрі олармен ымырасыз күрес жүргізе отырып, қиыншылықтардан қорықпай, жеңіп шығып, Қазақстандағы социалистік құрылысты іс жүзінде жүзеге асыратын жұмыстар жүргізуді ұсыну қажет. Лекеров жолдастың бұрынғы партияға қарсы ауытқушылығынан түзелуіне Өлкелік партия комитеті тарапынан ұзақ уақыт шыдамдылық танытып келді. Лекеров жолдас Қызыл профессура институтын бітіріп келесімен аса жауапты қызмет Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалғанына қарамастан алғашқы күннен-ақ Өлкелік партия комитеті басшылығының жұмысын жоққа шығаратын және сәдуақасовшылардың дұрыстығын дәлелдейтін ағымдағы жылдың барлық теріс фактілерін жинаумен болды. …Өткен 4 шілдедегі Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков және Қуанышев жолдастар тапсырған құжаттың идеологиялық құрылымы Лекеров жолдасқа тікелей қатысты. Лекеров жолдастың өлкелік газеттерде жарияланған мақалалары Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Кахиани жолдастың тарапынан сынға ұшырауы оның марксизм-ленинизм ағымының кездейсоқ бұрмалаушылығы болып табылмайтынын, керісінше, лениндік ілімге қарсы, партияға қарсы тойтарыс берген ұстанымын көрсетеді. Оның бұдан басқа да Өлкелік партия комитеті хатшыларын сынай отырып, сонымен бірге Сәдуақасов пен Қожановты мақтауы Өлкелік комитеттің және партияның Қазақстанда жүргізіп жатқан жұмыстарына қарсы топшылдық күресуді жаңарту элементі болып табылады. Лекеров жолдасқа қатаң сөгіс жариялан- сын. Оның құжатты талқылау барысында бер- ген мәлімдемесіне қарай Лекеров жолдасқа алдағы уақытта өзінің адалдығын дәлелдейтін жұмыспен көрсетуді ұсына отырып, егер ол осы әрекетін қайталайтын болса, Өлкелік комитеттің осы қаулысында көрсетілген нұсқауы бойынша бұдан да қатаң партиялық жаза қолданылатыны ескертіледі. Гатауллин жолдастың осында болмай қалуына байланысты оның мәселесі іссапардан оралғанша кейінге шегеріледі. Ал Бархиевтің арызы бойынша Гатауллин таратқан өсек-жала Өлкелік комитет қарауына тапсырылсын. БК(б)П Өлкелік комитеттің хатшысы Голощекин». Бюро соңында көпшілік дауыспен Лекеровке «қатаң сөгіс», ал хатқа қол қойғандар Алтынбеков, Гатауллин, Дәулетғалиев, Мүсіреповке жай «сөгіс» жарияланды. * * * Халида Лекерова үнсіз отыр. Ойын бөлгенім жоқ. Аздан соң: – Сол күні кешкісін Әзімбай үйге келді. Жайшылықта жайдары көрінетін қоңырқай өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу. Жұмысында бір ыңғайсыз жағдай болғанын ішім сезді. Кітаптары жиналған жұмыс бөлмесіне барып, бейне ауыр жүктен арқалаған жандай орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Ішкі жан күйзелісінен қабағы түксиіп, өң-басы қарауытып барады. Маған ол ашу-ызадан терісіне сыймай, әне-міне жарылып кетерге шақ тұрғандай көрінді. Қарсы алдына отырып, жөн сұрадым. Сол-ақ екен, көз жасына ерік берсін. Булыға сөйлеп, ішін қазандай қайнатқан шер-шеменін қыстыға шығарды. «Лиди, мені бюрода өзім сенгендер сатып кетті. Келіскен сөздерінде тұрмай Голощекиннің алдында қоғадай жапырылды. «Біз Лекеровтің айтқанына көніп, хатқа қолымызды қойдық» деп кінәнің бәрін маған артты. Бар жазығым, қырылып жатқан қазақты қалайда аштықтан сақтап қалу ғана еді. Ана бесеуінің Голощекин алдында мүлдем қауқарсыздық танытып, мені орға итеріп жібергені жанымды күйдіріп барады. Мәскеудің Қызыл профессура институтындағы ұстаздарым қызметке алып қалмақшы болған. Мен мұнда экономикаға жетік мамандар жетіспеген соң, қой Отаныма барып, бір кетігіне кірпіш болып қаланайын деп келіп едім. Енді міне, партияның коллективтендіру саясатын дұрыс жүргізбеудің салдарынан ата кәсіптен айырылған қазақтар аштықтан қырылып жатыр. Қала толы босқын аш-жалаңаштар қоқыс төккен жерді аударып, тастанды талғажау іздеуде. Ал олар үкіметтің берген пайегіне мәз, қарындары тоқ. Өздерінен басқаны ойлар түрлері жоқ. Ал мен жалғыз өзім көппен қалай күресемін, не істей аламын?». – Арқа сүйеген таудай азаматымның еңкілдеп жылағанын алғаш рет көруім. Оның сондағы қатты күйінген бейнесі әлі күнге көз алдымда. Айналасынан мұңын шағар жан таппай, ішін қызқыз қайнатқан ащы шерін маған ақтарды. Мен небәрі он алты-ақ жастамын. Бар болғаны жетіақ кластық білімім бар. Ненің жөнін түсініп, ненің парқын білуші едім. Оны қалай жұбатып, сабасына түсірерімді білмей дал болдым. – Кәрияның көңілі толқып, жанарының жиегінде көлкіген жасты кірпіктерін жыпылықтатып, іркіп қалды. Голощекин араға күн салып, яғни 17 шілдеде Өлкелік партия комитетінің бюросын тағы шақырып, күн тәртібіне «Мемлекеттік жоспарлау комитетіндегі жағдай туралы» мәселені қойды. Бюрода ол «Өлкелік комитетке Мемлекеттік жоспарлау комитетінің 2-ші бесжылдық жоспарын әзірлеу барысында оның кейбір жауапты қызметкерлерінің коммунистер арасында принципсіз өсек-аяңдар тарату элементтері белгілі болғанын жариялай келіп, Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасарлары Лекеров пен Черныйдың мінез-құлқын ерекше атады. «Олар бұл маңызды жұмысқа белсенді қатыспайды, – дей келіп. – Жолдас Лекеровке Маймин жолдаспен тіл табысу ұсынылсын. Егер ол осы шешімді бұза қалған жағдайда, Мемкомда әрі қарай жұмыс істеу-істемеуі туралы мәселе көтерілетіні ескертіледі», – деді қатқыл үнмен сыздана сөйлеп. Бюро хаттамасының соңына БК(б)П Өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин деп қол қойған. Голощекин осылай Әзімбай Лекеровке қысымды барынша күшейтті. Өзінің ықпалындағы Майминнің айтқанынан шығармай ұстауды көздегені анық. Халида апай өткенді еске аларда ауық-ауық сілтідей тынып, әлден соң болған жайдың жібін әрі қарай тарқатып отырды. – Әзімбайдың жаны көпке дейін жүдеп жүрді. Аштық басталғалы қабағы ашылудан қалған. Қызметке көңілсіз барып, көңілсіз қайтады. Тіптен бір жолы: «Лиди, Мәскеуге кеткім келіп жүр. Мына аш-жалаңаш қазақтарды көріп, мұнда жүре алар емеспін», – дегені әлі күнге құлағымда тұр. Солғын тартып, қарауытқан өңі де көз ал- дымда. Солай екі ұдай оймен қатты қапаланып жүргенде Алматының Ыстықкөл көшесінен қос қабаттан тұратын үйден үш бөлмелі пәтер алып, сонда қоныс аудардық. Әзімбайды бұл да қуанта қоймады. Езілген еңсесі бір көтерілер емес. Оның үкіметтен алатын пайегі бар. Қарнымыз аш емес. Көше кезген аштарды көріп жүрген соң, тамақ та батпайды екен. Тартынып ішетін болдық. Анам Нафиса күнде түс әлетінде қазаннан аштарға екі-үш табақ ас салып, сыртта жүрген аштарға беріп келетін. Солай сұрықсыз ауыр күндер өтіп жатты, – деді налыған үнмен.
ЖАЛҒАСЫ БАР