1 БӨЛІМДІ ОҚУ
2 БӨЛІМ
Филипп Исаевич Голощекин БК(б)П Өлкелік комитетінің бюросына хатқа қол қойған және соған қатысы барларды шақырып, талқыға салды. ҚР Президенті мұрағатында бюроның мәселені қалай қарағаны жөнінде хаттама құжаттары күні бүгінге дейін бізден нені жасырып келді? Алайда Голощекин бюрода ауылдардағы шаруалардың партия саясатын қызу қолдап, колхоздарға өз еріктерімен кіріп жатқандарын және ұжымдық шаруашылықтар санының уақыт өткен сайын өсу үстінде екенін сандық көрсеткіштермен дәлелдеп, хатқа қол қойғандардың Өлкелік партия комитетіне жала жапқандары үшін деген айыппен партия мүшелігінен шығарылып, қатаң жазаға тартылатындарын айтқан қоқан-лоққысы ҚР Президенті мұрағатындағы (фонд №141, опис 1, ед. хр. № 5233) құжатта сақталған. Хатқа қол қоюшылар мен соған қатысы барлардың Өлкелік комитет атына жазған түсініктемелерінен осы уақытқа дейін белгісіз болып келген көп құпия жайдың астарлы ақиқатын аңғару мүмкіндігі туды. Уақыт — сыншы. Кімнің кім екенін танытып, әркімді өз орнына қояды. Иә, партиядан шықсаң, қызметтен айырыласың. Қылмысың ауыр болса, істі болуың да ғажап емес. 1927 жылғы партия қатарын тазалауда да көптеген ұлт тағдырына жанашырлық танытқан жандар лауазымдарымен қош айтысқан. Соны естеріне алды ма, хатқа қол қойған бесеу Голощекиннің айқайынан жасқанып, табандылық таныта алмай, бірден сынды. Пәрмен қатты, жан тәтті. Олар бірінен соң бірі Өлкелік комитетке келіп, қателіктерін мойындаған өтініштерін беріп, қорғанысқа көшті. «БК(б)П Өлкелік комитетіне Біздің қатысуымызбен өткен БК(б)П Өлкелік комитетінің белгілі кеңесінде құжаттағы (хатты айтып отыр. — К.А.) сауалдарымызға жауаптар мен түсініктемелер алғаннан кейін біздің көзіміз мынаған жетті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында, ең бастысы, мал шаруашылығы қазіргі кезеңде қиын жағдайда дамып отырғанын бір жақты талдап және бағалаған тәсілімізден біздің құжатта бірқатар қателіктерге жол берілген. Қазір біздің көңіл-күйімізді жүдетіп, жанымызға батқан осы бір құжаттан үзілді-кесілді бас тарта отырып, БК(б)П Өлкелік комитетіне мына жайларды мәлімдеуді қажет деп санаймыз. Тұғырнама тәріздес бұл хат-құжаттың пайда болу фактісінің өзі біздің қателігіміз. Өйткені біздің Өлкелік партия комитетіне кез келген уақытта келіп, бізді толғандырған мәселелер жөнінде ауызша түрде барлық қажетті түсіндірмелер мен жауаптар алуымызға болатын еді. Көкейде айтылмаған сөз қалмасын деген ниетпен екі ұшты ұғымның орын алуына жол бермеу үшін БК(б)П Өлкелік комитетінің алдында шынайы ашық болуды жөн көрдік. Қазақстанның бүгінгі жағдайындағы тек қана олқылықтарына ден қоя отырып, бір жақты талдап және баға берген тәсілімізден қателіктерге ұрынған біз кемшіліктерді асыра көрсетудің салдарынан бояуын тіптен қалыңдатып жіберіппіз. Дұрыс емес талдауымыздың нәтижесінде біз Қазақстанда ауыл шаруашылығы төмендеп кеткені соншалық, оны 30-шы жыл деңгейіндегі қалпына келтіру жақын келешекте жүзеге асыру мүмкін емес деген жаңылыс шешімге келген едік. Сонымен бірге біз кемшіліктерді талдауға бір жақты келу салдарынан елдегі ерекше жетістіктерді ауызға алып, жеке тоқтала қоймадық. Ағымдағы жылдың аса қиын жағдайында астық егу жоспарын орындап, қазақ еңбекшілері Одақ пролетариатының басшылығымен капиталистік құрылымды айналып өтіп, социализмге бір жолата өту кезеңінде жергілікті пролетариаттың қалыптасып, Қазақстанды индустрияландыру саласы зор табыстарға қол жеткізгенін де қаперімізге алмадық. Біз Қазақстандағы осы өзгерістердің қиыншылықтарын терең талдап, түсінуіміз керек еді. Әсіресе тап күресі ерекшелігі жағдайына байланысты жақтарын. Оның үстіне бұл қиындықтарды жеңіп шығып, жетістіктерге жетуде кері әсерін тигізген төменгі деңгейлі қызметкер мамандардың біліктіліктерінің жетімсіз жағына жете мән бермедік. Біздің Қазақстандағы нақты жағдайды жан-жақты талдай алмағанымызды былай қойғанда, Өлкелік комитет бұрыннанақ біз қозғаған мәселелер бойынша орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді аша отырып, оны большевиктік жолмен түзетуді көрсетіп берген 4-ші Пленумның көптеген арнайы шешімдерімен жеткілікті түрде таныса алмадық. Біз ұсынған мәселелердің көп бөлігі қазіргі уақытта бұрыннан-ақ кең көлемде жүзеге асырылып келеді екен. Осылай біздің Өлкелік комитетке берген жазбамызда жаңадан ештеңе жоғын, БК(б)П Өлкелік комитеттің алдын ала болжаған шешімдерінде бәрі де көрсетіліп қойғанын және оның шынымен де іс-жүзінде жүзеге асыруда екенін білдік. Біздің кемшіліктерді асыра көрсеткеніміз бұрылысқалтарыстарында партия шанасын аударып тастауға дайын тұрған, ең бастысы, жергілікті ұлтшылдар мен партия ішіндегі біздің жауларымыздың диірмен тасын айналдыруға су құю болып табылудан басқа ештеңе емес екен. Өлкелік комитеттің большевиктік басшылығына қожановша-сәдуақасовша «қазақ халқы» туралы әнін қайталай беруден жалықпай күресуді дағдыға айналдырған Лекеровтің партияға қарсы «ұлтшылдық» көзқарасынан үзілді-кесілді түрде іргемізді аулаққа саламыз. Лекеров бізді оңшыл ауытқушылар мен жергілікті ұлтшылдардың талаптарымен мәні қабысып жатқан құжатпен солардың лагеріне қарай тартса да, біз өз үндеуімізден ақитақи бас тартамыз. Сөз соңында Қуанышев жолдастың Өлкелік комитет кеңесіндегі сөзімен келіспейтіндігімізді мәлімдеуді қажет деп таптық. Оның сөзі партияға қарсы лекеровтік ұлтшылдық нұсқаумен үндес және біздің құжатта баяндалған мәселелерден тіптен де алшақ жатыр. Сондай-ақ бізге Исаев жолдастың Өлкелік комитет бюросының өзге де мүшелерімен болған өзара түсініспеушіліктері жайлы Гатауллин таратқан алып-қашпа сөздері де мәлім емес. Егер сондай сөздер орын алған болса, (ал ол бізге тіптен беймәлім) онда біз оны қайдан шықса да арандату мақсатында айтылған саяси өсек деп батыл түрде айыптаймыз. Біз төменде қол қоюшылар бірқатар қателіктері бар құжатты ұсынғанымызды мойындай отырып, одан бас тартамыз. Қазіргі уақытта Қазақстандағы қиын жағдайды пайдаланып, бас көтерген «солшыл ауытқушылар» мен «оңшыл оппортунизмге» қарсы екі жақты майдан жүргізе отырып, ең басты қауіп ретінде жергілікті ұлтшылдар мен ұлыдержавалық шовинизмге қарсы күрес жүргіземіз. Өлкелік комитеттің басшылығымен қазір де социалистік құрылысты дамытуға бұрынғыдай белсенді еңбек ете отырып, осы қиын жолда Қазақстандағы қиындықтарды жеңіп шығуға бар көмегімізді береміз деп Өлкелік комитетті сендіреміз. Дәулетғалиев, Мүсірепов, Алтынбеков 1. VII. 32 жыл». Өзекті өртейтін ащы шындық. Мұрағаттың сарытап қағаздарынан оқып отырып та, көріп отырып та, елге әйгілі бесеудің бәрінен бас тартқанына сенгің келмейді. Басқаны қойшы, шынымен-ақ «Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын» деп атойлап шыққан Мүсірепов қалай бас тартты? Он емес, жүз емес, тіптен мың да емес, миллиондап аштыққа ұшырап, қазақ қынадай қырылып жатқанда, сол бесеу үшін партбилеттері мен қызмет орындары халқынан қымбат болғаны ма деген ой еріксіз алып қашады екен. Оның үстіне Жоспарлау комитетіндегі құпия мәліметтерді хатқа түсірген Әзімбай Лекеров туралы алдын ала жан адамға тіс жарып, ауыз ашпаймыз деген келісімдерінен тайқып, оны жардың қыл жиегінен терең құзға итеріп жібергендерін қалай түсінуге болады? Бесеудің Ұлт үшін Голощекиннің ығына жығылмай, хаттағы талаптарына жұмылған жұдырықтай табандап, тұрып қарсылықтарын көрсетуі керек еді ғой. Неге сондай тәуекелге бармады? Голощекин ең арысы оларды партиядан шығарып, қызметтен босатар еді. Енді өкініп аһ ұрғанмен кеткен уақытты қайтара алмайсың. Бұған Құдайдың құдіреті жетпесе, еш пенденің қолынан келмейтіні анық. Бұл 1932 жылдың шілдесі. Ал 1937-нің жаппай қуғын-сүргініне дейін әлі бақандай бес жыл бар. Осындай жағдайда Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсыновтың мына өлең жолдары еске оралады. Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны. Ұлтын шын сүйіп, алған беттерінен қайтпай өлімге де бастарын тіккен қайран Алаштың арыстары! Егер бесеуі солардай Голощекиннің алдында қасқайып қарсы тұрғанда, жағдай мүлдем басқаша болар ма еді, кім білсін. Қалай айтқанда да, қызыл билеттері мен қызметтерін жаппай аштықтан қырылып, ауа көшіп, босып кеткен ұлтынан артық көргендері өкінішті. Осы кезге дейін ел басына күн туған аса қиын кезде ұлтына жанашырлық танытты деп бесеудің жазған хаттарын дәріптеп, аттарын ұлықтап келген қазаққа мұрағатта әлі күнге шірімей жатқан осы бір шындықты жеткізу де ауыр екен. «Айтпасаң, сөздің атасы өледі». Ұлт өткен тарихын, қасіретті кезеңнің шындығын білуі керек. Иә, шындық қымбат! Қазақстан Республикасы Жоспарлау комитеті төрағасының екінші орынбасары Л.Атаянец. «Өлкелік партия комитетінің бюросына …Маусым айының соңғы демалыс күндерінің бірінде мен отбасыммен Жоспарлау комитетінің саяжайына бардым. Жобамен бірер сағаттан соң сол жерге Андижанов жолдас келді. Біз бұл кездесу жөнінде жуырда ғана келіскен едік. Онымен бірге Мүсірепов, Қуанышев, Гатауллин, Алтынбеков, Дәулетғалиев және мен танымайтын және біреу келді. Оның фамилиясы қазір есімде жоқ. Оларды мен келеді деп күткенім де жоқ еді. Ал Андижанов та маған ескертпеген. Түскі ас мәзірі кезінде әңгіме саясат тақырыбында өрбіді. Негізінен, Қазақстандағы мал шаруашылығы туралы баса айтылып жатты. Сөйлеушілер мал шаруашылығы жағдайын өте ауыр деп бағалай отырып, Өлкелік партия комитеті тарапынан нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Бірақ олардың бірдебіреуі шындап қандай шаралар жасау қажеттігін көрсетпеді. Менен мал шаруашылығы жағдайына қалай қарайтынымды сұрады. Мен шаруашылықтың бұл саласында жағдай ауыр деп санайтынымды айта келіп, мал шаруашылығының түйінді жағдайын шешу біздің алдымызда қиындықтар тудырып отырғанын, біздің күш-қайратымыз бен іс-тәжірибемізді және барлық саяси әрі шаруашылық білім-біліктілігімізді барынша жұмылдыру керектігін алға тарттым. Мәселе тап қазір не істеу керектігіне келгенде барлығы Өлкелік партия комитеті бюро мүшелерінің біреуімен мал шаруашылығын көтеретін шараларды ұсына отырып, кеңесу қажеттігін ауызға алғандай болған. Қуанышев жолдастың тарапынан болар мынандай да пікір айтылды. Ол «Пленумда бұл жөнінде сөйлеу керек шығар» дегендей болып еді, алайда оның бұл ұсынысы басқалардан қолдау таппаған соң, ол да үнсіз қалды. Ақыры Өлкелік партия комитеті қарауына ұсынатын шараларды ойластыра келіп, оны жазба түрінде Өлкелік комитеттің хатшыларының біріне беру керектігіне тоқталды…». Әңгіме желісінен сезіп отырғанымыз — олар мал шығынын сөз еткен де аштықты, адам қырғыны туралы ауызға да алмаған. «Ата кәсіптен айырылған қазақтар аштықтың азабы мен қасіретін жаппай тартып жатыр» деп біреуі дауыс көтерсейші. Солай десек, ұлтшыл атанып кетеміз деп қорықса керек. Ал аштықтан қырылып, бас ауған жағына босып жатқан — қазақтар. Орыстар тұрып жатқан елді мекендерде ондай аштық болмаған. Мылтықпен қаруланған «тамырлар» әлсіз аш-жалаңаштарды маңдарына да жолатпаса, жалған достық саясаты кімге керек? Осы орайда ҚР Президенті мұрағатындағы «История Казахстана ХХ века в документах» жинағына жарияланған Вера Владимировна Рихтердің сол бір жылдардан жазған естелігінің үзінділеріне зер салайық. «…Біз Нұра өзенін бойлай отырып, Қарқаралы қаласындағы темір жолды бетке алдық. Қалың қар басқан қыстың суық күнінде түйемен екі жүз верст шақырым жол жүруіміз керек. …Мен қолыма бір үзім нан алып, дәлізге шықтым. Қарсы жақ бөлмеден сүйретіліп әзер шыққан арық қазақ қызға нанымды көрсетіп едім, ол маған аса бір жалынышты көзбен қарап, өз тілінде әлденені айтып, әлсіз созды. Ал мен болсам қолымдағы нанымды артыма жасыра қойдым. Сонда мен тіптен одан мерейімнің үстем екенін сезініп, бір сәтке марқайып та қалдым. Менде бар нан онда жоқ. Ал қыз қолын түсірді де қарсы бөлмеге қайта кіріп кетті. Осы әбестігімді неге істедім? Мен жол бойында талай аштан өлгендердің мәйіттерін көрдім ғой. Әлде мен соларды көрсем де тоқтықтан аштықтың қандай қасірет екенін түсінбедім бе? Әлі күнге сондағы ісімді түсіне алар емеспін. …Күн батпай тұрып, орыстар орналасқан үлкен бір елді мекенге жеттік. Көліктердің аяқтарын суытып, жемдеп, өзіміз де демалып алу үшін сол жерде бір жарым тәуліктей кідіруге тура келді. Біз тоқтаған елді мекендерде тұратын жандар аштыққа ұрынбаған екен. Ұраларындағы тыққан азықтары қанша уақытқа жетерін кім білсін. Әйтеуір, қарындары тоқ. Бірақ аштыққа ұшырағандардан қатты қорқып, есіктері мен аула қоршауларының қақпаларын тарс бекітіп тастапты. Бізге аса оң қабақ таныта қойған жоқ. Ел ішіне «Аштар үйлерімізге басып кіріп, барымыздан айырылып қаламыз ба» деген асы- ра айтылған, күдікті сөздер тараған. …Аш-жалаңаштарға Үкіметтен келер көмек жоқ. Олардың көмек беру пейілдері де жоқ. Оның үстіне осыншалық үлкен көлемде ұйымдастыра алмас та еді. Ал там-тұмдап бер- гендері кімді жарылқады дейсіз. Кейін мемлекеттік маши- на аштыққа қарсы тұтастай жұмыс істей бастаған кезде олардың көмегін алар жан болмай да қалды. Үкімет қалайда осы аштықты жасырып, қаңқу сөз жүзінде ғана қалдыруға жа- нын салды. 1939 жылғы халық санағының қорытынды нәтижесі сол жылдары Қазақстанда аштықтан болған жан түршігерлік жай- ды жеткізгендей әсер берді. Бұл жалпы халыққа жасалған «зиянкестік» деп атап, санақ нәтижесі жарияланған жоқ. Менің жолдасым В.С.Н.-нің әкесі 1930 жылдары Орта Азия елдеріне халық санағын жүргізгендердің бірі екен. Оның әкесінен естігені сол аштық жылдары Қазақстан халқының жалпы санының 75 пайызы қырылған екен. Әрине, негізінен, қазақтар». (Аталмыш жинақ 2005 жылы Алматыдан шыққан. 53-56-бет). Енді Л.Атаянцтің үзілген сөзін қайта жалғастырайық. «…Әңгіме ортасында саяжайға Лекеров жолдас келді. Аздап татып алған секілді. Жанымызға отырған бойда сөзге араласты. Ол талқыланып жатқан мәселеге мүлдем қатысы жоқ Қазақстандағы жекелеген басшылардың бітімболмысын келемеждеп, мінездеме бере бастады. Олардың саяси қайраткерлігіне емес, ақыл-алымдарына, қарымқабілеттеріне, сыртқы кескін-келбеттеріне және тағы басқа да қасиеттеріне баға берумен болды. Осындай бағытта бірқатар жолдастарды ауызға алды. Әрине, оның көп бөлігі — қазақ қызметкерлері. Олардың ешқайсысының жағымды жақтарынан тіс жармады. Оның сөзіне ден қойсақ, Исаев жолдасты және сонымен бірге Қожанов пен Сәдуақасовты ғана «ақылды қазақ» деп мойындайды екен. Әсіресе оның Қахиани (Жоспарлау комитетінің төрағасы. Кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы дәрежесіне көтерілген. — К.А.) жолдастың түрі мен пішінін жұдырыққа теңеп айтқаны жөнсіздік. Ал Голощекин туралы ештеңе де айтқан жоқ. Лекеровтің осы қыжытпа мінездемелері мен теңеулерінің мәні басшылыққа, атап айтқанда Өлкелік комитет бюросына шабуылы болып табылады. Оның бұл «ұлтшылдық» ескі ауруының жаңа үлгісін көрсетіп отырғаны және одан арыла қоймағаны осы бір тік мінезінен байқалып тұрғандай. Мен үшін бұл тап қазіргідей анық әрі түсінікті. Маған оның бұл өрескел ісі басқа жолдастар үшін де түсінікті секілді көрінеді. Өйткені мен мұны, Гатауллин мен Дәулетғалиевтің берген түсініктемелерінен анық көрініп тұрғандай, олардың Лекеровтің енді қайтып соңынан ергісі келмейтіндерінен және онымен мүлдем байланысқылары жоғынан байқадым. Біздің өрескел жіберген қателігіміз сол, Лекеров жолдастың басшылыққа қарсы бағыттап айтқандарымен келіспей, мұндай жағдайда большевиктерше бірден және батыл тойтарыс бермегеніміз. Сол жерде-ақ оның теңеулері мен келемеж мінездемелерін әшкерелемегеніміз, басшылық қызметкерлердің сыртқы пішіндері және жеке мінезқұлықтарының, олардың саяси сипаттамаларымен біртұтас екендігін көрсете алмағанымыз. Лекеров жолдастың көпірме сөзінің тасасында басшылықты келемеждеу әрекеттері арқылы олардың жұрт алдындағы беделдерін түсіру екені бізге түсінікті. Біздің қатеміз мынада, Лекеров жолдасқа саяси әрі ісіне қарай партиялық баға беріп, сөйлеуіне еш мүмкіндік жасамауымыз керек еді. Мүсірепов жолдас пен басқалардың арыздары бойынша менің айтарым мынау. Оны жазуға мен қатысқаным жоқ және арызды Голощекин жолдаста болған кеңесте алғаш рет көрдім. Менің хатты толық оқып шығуға мүмкіндігім болмады. Тек аздаған беттеріне көз жүгірттім. Алайда Мүсіреповтің, Дәулетғалиевтің және Қуанышевтің сөздерінің мәні маған маман ретінде саяси қате, партияға қарсы, оның үстіне жете ойланып жазылмаған құжат екенін білдіреді. Біздің елдегі социализм құрылысын табысты жүзеге асыру ісінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығында негізгі капиталдың ұдайы әрі барлық уақытта көтеріліп отырғанын, халық шаруашылығы мен әлеуметтік-мәдени дамуының орасан зор жетістіктерінің мәнін түсінбеуі. Бұл құжаттың саяси қатесін, зиянды әрі партияға қарсы екенін айтуға міндетім деп санаймын. Л.Атаянц 11. VII. 32 жыл». Адам кейде ішкі жан күйзелісін басу үшін аздап ащы судан татып алатын жағдай қай кезде де болған. Лекеровтің аштықтан халқы қырылып, аш-жалаңаш бастары ауған жаққа босып жатқан кезде Өлкелік комитеттің басшылары, бюро мүшелеріндегі қазақ қызметкерлерінің еш әрекетсіз бейғам отырғаны жанына батқаны анық. Лекеров келемеждеген жандар кімдер? Атаянц олардың бірлі-жарымын болмаса, түгел атын атап, түрлерін түстеп айтпаған. Ал Лекеров олардың ұлтынан қызметтерін артық көріп, дәрменсіз отырғандарына ашынғаннан келемеждеген. Иә, Атаянц дұрыс айтады. Үкіметтегі басшылықты келемеждеу арқылы Лекеров әділетсіздікпен күресудің жаңа үлгісін әкеп отыр. Өйткені ол әлемдік әдебиеттің сатира жанрынан да мол хабардар еді. Атаянц қыр қазақтарының аштықтан қырылып жатқанын іштей сезсе де, Лекеровтің ұлтына деген жанашырлығын «ұлтшылдық» деп бағалап, Голощекинге жек көрінішті етуге тырысқан. Неге? Өйткені Лекеров қызметтен кетсе, өзі Жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып шыға келеді. Оның ішкі ойында қазақтарды аштықтан құтқару жолдарын көрсету емес, қалайда Лекеровті қызметтен ығыстырып, орнына отыру. Отқа май құйғаны да содан. Жалпы, мұрағат құжаттарымен танысу барысында және осы бір мәлімдемесіне қарап, хатқа қол қойғандарды және Лекеровті Голощекинге сатқан осы Атаянц секілді деген ойға табан тірейсің. Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің қызметкері М.Андижанов: «Ағымдағы жылы маусым айының демалыс күндерінің бірінде менің тауға барғаным кездейсоқ болды. Біреудің ізі- не түсу ниетім болған жоқ. Сол күні хат жазушылар жолға шығар алдында менімен кездесіп, көлікпен ала кетуімді өтінді. Олармен әңгіме барысында ау-жайларын білген соң, қалаға оралған бетте Құрамысов жолдасқа арнайы барып, мән-жәйді хабарладым. Мен мәлімдеменің мағынасымен таныс емеспін. Алайда Өлкелік комитетте болған талдауда, мәлімдемеде ерекше көңіл қоятын жаңадан ештеңенің жоқ екеніне көзім жетті. Мәселе бір жақты қойылған. Олардың пікірінше, Қазақстан ұйымдары жұмыстарында тек олқылықтар ғана бар екен. Олар біздің өнеркәсіп саласы бойынша жетістіктерімізді көрмейді. Олар ауыл шаруашылығындағы табыстарды да көрмейді. (МТС, МСС және т.б. ұйымдастырулар). Олар Қазақстанның Кеңестер Одағының бір бөлігі екенін, негізінен, Кеңестер Одағында болып жатқан жалпы өзгерістердің бұл жерде де көрініс беріп жатқанын да көрмейді. Олар тек мал шаруашылығындағы бірқатар олқылықтарды өздерінше көріп, мал басының кеміп кеткенін пайымдап көрсеткен. Алайда олар Қазақстанда өткен жылғы астық түсімінің қалай болғанын көрсетпейді. Сондай-ақ олар ауылдарда болып жатқан таптық күресті қаперлерінен шығарған. Осы күрес кезінде байлар мен кулактар малдарды жыртқыштықпен өлтіріп, айдап кетіп, орынсыз шашқан. Бұл мәселе бойынша жаңадан не айтуға болады? Бәрі де БК(б)П Өлкелік комитетінің қаулыларында, нұсқауларында анық әрі нақты айтылған ғой. …Ауылдардағы тап жаулары осы жағдайды тағы да өздерінше пайдалануда. Бірқатар аудандардағы жолдастар тап жауларына дер кезінде тойтарыс берудің орнына, дақпырт сөздерге құлақ асып, қол қусырып қарап отырған. Бұл мәселе бойынша Өлкелік комитеттің қатаң шешімі бола тұра, олар ештеңе қолданбай, қиыншылықпен күреспей, бәрін де өз беттеріне жіберген. …Біздің міндетіміз, коммунистердің міндеті Өлкелік комитеттің шешімдерін жүзеге асыру үшін, қиындықтан қорқып, дақпырттың ығында кетпей, жаулармен аянбай күресу. Шарасыздық таныту – жауларымыздың жағдайды өздеріне пайдаланып кету болып табылады. Мен өз басым бұл жолдастардың мәлімдемелерімен келіспеймін. Мәлімдеме берушілер қиыншылық кезеңді пайдаланып қалу мақсатында Өлкелік партия комитетіне қарсы ұлтшылдық топ екенін байқатып отыр. Мәлімдеменің мәні Өлкелік комитет басшыларын, партияның сара жолын сынауға бағытталған. Олар осы ісімен де ұлтшылдардың қол баласына айналуда. Оңшыл оппортунистердің жолымен жүруде. Міне, сондықтан да мәлімдеме жасаушылар сөзсіз айыпталуы тиіс. Лекеров туралы бірер сөз. Лекеровтің ұстанған мақсатымен мен ешқашан да келіспеймін. Өйткені оның ұстанымы Қожанов пен Сәдуақасовтай ұлтшылдардың мақсаты. Лекеров өзінің әлжуаз сынымен біздің қазіргі басшыларымызға шабуыл жасай отырып және ол сонымен бірге «Қазақстанда Қожанов пен Сәдуақасовтан басқа ақылды адам жоқ»,– дейді. Ол бұл сөзімен не айтқысы келді? Өлкелік партия комитетінің алған бағытын, партияның сара жолын сынағаны ма? Ол осы бір әрекетімен-ақ партия жолымен жанаспайтын Сәдуақасовтың ескі жолын сүйреп әкелгісі келеді. Өз басым Лекеровтің ескі ұлтшылдық идеологиясынан қайтпайтынына әбден сенімдімін. Және ол осы бағытын әлі де жалғастыруда. Мен Лекеровтің бұл бағытын қатаң айыптауға жатады деп санаймын. Мен өз жұмысымда Лекеров секілді ұлтшылдармен ешқашан да бір пікірде болған емеспін және бұдан әрі де онымен бірге болмайтынымды мәлімдеймін. БК(б)П Өлкелік комитетінің алған бағыты үшін, партияның сара жолы үшін, партиялық тәртіпті ұстана отырып, ашық күрес жүргіземін. М.Андижанов, 13. VII. 32 жыл, Алматы қаласы». Андижановтың бұл мәлімдемесі арқылы не айтуға болады? Голощекинге жағымпазданып, «Бесеудің хатын» жоққа шығарып, Лекеровті «ұлтшыл» ретінде айыпқа тартуды ұсынған. Қазақ ауылдарында аштықтан адамдардың уланған шыбындай қырылып жатқанын біле отырып, оны индустриядағы жетістіктермен жауып-жасырғысы келгені көрініп-ақ тұр. Ең сорақысы сол, бәріне көзін жұмып тұрып, социалистік құрылыстың ауылдарда да табысқа жетіп жатқанын мақтанышпен алға тартқаны. Голощекиннің: «Қазақстанда коллективтендіруді тамаша жүргізіп жатырмыз», – деп Мәскеуге бірінен соң бірін жіберіп жатқан ақпараттарын құптап, жағымпаздық жымысқы тәсілмен оның алдында біршама беделін көтеріп алуға тырысқаны айдан да анық. Андижанов секілді шовинистер үшін аштықтан жаппай қырылып жатқан қазақтар Голощекиннің жалған беделі үшін түкке де тұрмайды екен. * * * Дәулетғалиев, Мүсірепов, Алтынбеков жолдастар өз кінәларын мойындай отырып, бір кемеде болған Қуанышевтың Өлкелік партия комитетінде сөйлеген сөзімен толықтай келіспейміз деп мәлімдей келіп: «…Оның сөзі партияға қарсы лекеровтік-ұлтшылдық нұсқаумен үндес және біздің құжатта баяндалған мәселелерден тіптен де алшақ жатыр», – деп одан неге ат-тондарын ала қашты? «БК(б)П Өлкелік комитетіне, Голощекин жолдасқа. Өлкелік комитет бюросы қаперіне мына төмендегілерді жеткізуді Сізден өтінемін. Ағымдағы жылдың 4 шілде күні өткен бюродан кейін бірқатар жолдастардың сөйлеген сөздерінен соң және өзімнің жекелеген басшы жолдастармен пікір алысқаннан кейін, сондай-ақ Өлкелік комитеттің соңғы құжатымен (қаулысымен) танысқаннан кейін, мен бір шешімге келдім. Мен партия жолына емес, махрово-оппорунистік жолға түскен екенмін. Мен оппортунистердің ұйығына батыппын. Өлкелік комитеттің лениндік бағытын (барлық мәселелер бойынша) тексеру жолына түсіп, Өлкелік комитет басшыларына орынсыз шабуылдап, тек «жолға түсті емес-ау» тексерумен тікелей айналыса отырып, басшылыққа жөн-жосықсыз тиісіппін. Менің қателігім – біздің жетістіктерімізді бағаламай, кемшіліктерімізді асыра көрсету және қиыншылықтар алдында дау-дақпыртқа ұрынған өзімнің сөздерімнен-ақ көрініс беруінде. …Менің барлық қателігім – Өлкелік комитет бюросында біздің елдегі жағдайды жете түсінбеушілігімізден болды деп ақталғанымызбен, партия ұйымынан жасырын ұстау әрекетімізден және біздің Өлкелік комитетке титтей де шындықты жазбаған мәлімдемемізден және тағы басқа да жайлардың қабаттаса жүруінен болды. Жоқ, біз бәрін де анық түсіндік. Бірақ партиялық тұрғыдан емес. Менің барлық айтқандарым, жұрт алдында сөйлеген сөздерім және жазған құжатымыз тап жауларына қарсы күресіп, барлық қиыншылықтарды жеңіп шығуда емес, партия мен партияның жекелеген мүшелерін, жұмысшылар мен колхозшыларды әлсіздендіріп, бай мен кулактарды және ұлтшылдарды қаруландырған махрово-оппортунистік тұрғыда болғанын түсіндім. Мен жұртты жұмылдырумен емес, таратумен айналысыппын. Өз қатемді басқадан емес, маған ауылдағы кемшіліктер туралы көпірме көп сөздер арқылы келген кулак-ұлтшылдық идеологияның ықпалымен, ұлтшыл элементтермен (Лекеров) жақындасып, достық байланыста болуым арқылы және жекелеген фактілерге сын тұрғысынан қарамау арқылы жеткенінен көремін. Менің осы қателігімді түсінуге көмектескен Өлкелік комитет оны түзетуге де көмектеседі деп сенім артамын. Мен қол қойған хаттағы жіберген қателіктерімді іс жүзінде бар күш-жігерімді салып түзетуге тырысамын. Қуанышев. 12.VII. 32 жыл».
Көлбай АДЫРБЕК